2022 жылы Алматыда 278 пәтерлік 32 апатты үй бұзылады. Бұл туралы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұйымның ресми ақпаратына сәйкес, Алматыда 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында 708 ескі үйді бұзу және 683 тұрғын үй салу жоспарда.
«Бағдарлама бекітілген кезде Алматыда 1427 екі қабатты тозығы жеткен үй болған. Мұндай тұрғын үйлердің басым бөлігі Түрксіб, Бостандық және Жетісу аудандарында орналасқан. 2021 жылы Жетісу ауданында (111 пәтерлі 13 үй),
Түрксіб ауданында (42 пәтерлі 3 үй), Бостандық ауданында (32 пәтерлі 4 үй) барлығы 20 апатты үй бұзылды.
2022 жылдың қаңтарында жеке құрылыс компаниясы Бостандық ауданында тағы бір апатты үйді бұзуды аяқтады», — деп хабарлады ӘКК.
Осылайша, Алматы қаласында 1406 апатты үй қалды.
2022 жылы жеке құрылыс салушылардың жоспарына сай, 278 пәтерлі 32 апатты үй бұзылады.
«Қазір жеке инвесторларды тарту арқылы жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қалада инвестициялық тартымды емес жер учаскелері, атап айтқанда, қызыл сызықта, санитарлық және су қорғау аймағында орналасқан және аумағы жеткіліксіз жеке тұрған апатты үйлер бар», — деп қосты «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан.
«Алматы» ӘКК мәліметінше, аталған учаскелер бойынша бағдарламаны жүзеге асыру бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта бюджеттік қаржыландыру мәселесі пысықталуда.