Алматыдағы №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасы емдеу процесіне жаңа үрдістерді тұрақты түрде енгізіп отырады. Сөзімізге қазанның 13 мен 16 аралығында аурухана базасында балалар ортопедиясы бағытында өткен халықаралық шеберлік класы дәлел. «Жамбас буынының жүре пайда болған және туабітті кемістіктеріне жасалатын реконструкциялық оталар» тақырыбындағы шара «Милосердие» еріктілер қоғамы» қоры мен «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шеберлік класына балалар ортопедиясы саласындағы жетекші маман – профессор, медицина ғылымдарының докторы Шенол Бекмез (LIV Hospital клиникасы, Түркия) қатысты.
«Шеберлік класы барысында Қазақстанда алғаш рет қимыл-тірек жүйесінің ауыр кемістіктеріне шалдыққан балаларға бірегей оталар жасалды. Білікті маман сүйекке күрделі реконструкциялық операцияны қажет ететін алты балаға ота жасады. Оған қоса, профессор 30-ға жуық кішкентай пациентке ортопедиялық кемістіктерге қатысты жеке консультация берді», — деп атап өтті№2 ҚКБА директоры Марат Рабандияров.
Күрделі бірегей оталар МӘМС қаражаты есебінен жасалды.
Аурухананың Травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалиннің айтуынша, науқастардың біріне нәбәрі 1 жас 8 ай. Ұршықтың септикалық артриті және эпифизиарлы остеомиелитімен ауырған бүлдіршін жамбасының мойыны мен ұршығы толығымен еріп кеткен. Профессор Шенол Бекмез №2 аурухана травматологтарымен бірлесіп бірегей ота жасап, ұршықты қайта жасап шықты. Қазақстанда алғаш рет өткен операция сәтті болды, қазір баланың жағдайы қалыпты.
Науқастардың бірі – 3 жаста. Қыз бала жамбас бөлігінде өте сирек кездесетін проксималды жетіспеушілік дертіне шалдыққан. Іште жатқанда жамбас сүйегі толық қалыптаспаған баланың жамбас буыны қалпына келтіріліп, тізе буындарының қызметін реттеуге бағытталған хирургиялық манипуляция жасалды. Бұл да біздің елімізде тұңғыш рет жасалып отырған отаның бірі, дейді Ерлан Садырбалин.
Ал, 9 жастағы пациент анасынан туғанда оң жақ аяғының асықты жілігі болмаған және табан пішіні толық өзгеріске ұшыраған. Ұл баланың аяғына Қазақстанда алғаш рет «Орто-СУВ» деп аталатын инновациялық аппарат орнатылды. Математикалық гексапод компьютерлік есептің көмегімен аяқ кемістігін асқан дәлдікпен үлгілеп, коррекция жасауға мүмкіндік береді.
Шеберлік класы барысында отандық медицина ұйымдарында еңбек ететін 10 дәрігер-ортопед, травматолог және хирург маман түркиялық процессордан дәріс алды. Олар іште жатқанда жамбасы шығып кеткен, ұршық некрозы, туабітті жамбас кемістігі сынды дерттерге шалдыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталған заманауи хирургиялық техникаларды меңгерді. Осылайша, бұл шара ауыр дерттерге шалдыққан балаларға операция жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға көмектесті.