Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», — деп атап өткен болатын.
Осыған орай Алматы облысында «Балалар жылы» аясында да бірқатар қайырымдылық іс-шаралары өтті.
Бұл турасында «Жетісу Медиа» ақпараттық алаңында «Балалар жылы: білімдегі басты бағыттар» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова:
«Президентіміз бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде ғана емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау керектігін тапсырды. Бұл ретте ҚР Үкіметінің қаулысымен 7 бағыт бойынша («Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Bala QORGAY». «BALA_TIME.KZ») іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл балалардың сапалы білім алуына, толыққанды қосымша оқумен қамтылуына, денсаулығын нығайтуға, құқықтарын іске асыруға, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Облысымызда Балалар жылын өткізу аясында 5 мыңнан астам іс-шара қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 миллиардтан астам қаржы бөлінді», – деді өз сөзінде Айжан Маманқызы.
Сондай-ақ, балалар игілігі үшін биыл 13 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Орталықта нейро-ортопедиялық, церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілген. Жыл соңына дейін 600 баланы қабылдау жоспарланған.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды уақытылы сауықтыру үшін Нұр-Сұлтан қаласының «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығына» 58 бала жіберілген. Наурыз айында «Қайырымды ұлт» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Айналайын» балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының 200-ден астам тәрбиеленушісі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік концерт және дастарқан ұйымдастырылған. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің 210 тәрбиеленушісіне ойыншықтар, спорттық инвентарлар және басқа сыйлықтар табыс етілген.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайлары мен музейлерге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан жеткіншектерге тегін көрме-экскурсиялар ұйымдастырылуда.
Жыл басынан бері Б.Римова атындағы драма театры 860 балаға қайырымдылық қойылымдарын ұсынды. «Айналайын» және облыстық №1 балалар үйлерінің 194 тәрбиеленушісі үшін демеушілер тарапынан мерекелік дастарқан ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етілді, бұл шараға 2 миллионнан астам қаражат жұмсалды.
Балалар құқықтарын жүзеге асыру, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында сурет, мәнерлеп оқу, плакат, патриоттық әндер байқауы, ашық сабақ, тәрбие сағаты, акция, әдеби оқылым, мұражайларға экскурсия, көрме, фестиваль, слет, ата-аналардың қатысуымен «дөңгелек үстел», кездесулер өтті.
Іс-шаралар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, демеушілер, меценаттар, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ұйымдастырылуда. Бұл аталған шаралар «Балалар жылы» аясында жыл соңына дейін жалғасын таппақ.