Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жастардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі — жастар арасында дене шынықтыру мен спортты кеңінен дамыту. Алматы қаласы – еліміздің ірі мегаполисі ретінде бұл салада да көш бастап тұр. Алайда спортты құқықтық тұрғыдан қолдау, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және заңнамалық тетіктерді жетілдіру — әлі де өзекті болып отырған мәселелердің бірі.
Қазақстан Республикасында «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң 2014 жылы қабылданған болатын. Бұл құжат дене тәрбиесі мен спортты дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, уәкілетті органдардың қызметін және азаматтардың құқықтарын реттейді. Заңға сәйкес, әрбір азаматтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуға құқығы бар, ал мемлекет бұл салаға қолдау көрсетуге міндетті.
Алматы қаласында бұл заң аясында көптеген нақты шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, жастар спорт мектептері, балалар мен жасөспірімдер спорт клубтары, университетаралық турнирлер, аулалық спорт бағдарламалары, сондай-ақ дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған қайта даярлау курстары – осының дәлелі.
Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы мен Спорт басқармасы біріге отырып, жастар арасында спорттық белсенділікті арттыру бағытында кешенді бағдарламалар жүзеге асырып келеді. Қала бойынша жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуы үшін 2023 жылы «Салауатты Алматы» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында түрлі спорттық акциялар да ұйымдастырылып, қала тұрғындарына спорттық жаттығулар мен мастер-кластарға тегін қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл бағдарламада:
— Аула ішіндегі спорт алаңдарын көбейту;
— Мектеп пен колледждерде спорттық секцияларды тегін жүргізу;
— Университет студенттері үшін жеңілдікпен спортзалдарға кіру жүйесін енгізу;
— Бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру көзделген.
Алматының спорт инфрақұрылымы да ерекше дамыған. Алматы Арена, Халық Арена, Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Орталық стадион сияқты заманауи нысандар халықаралық деңгейдегі спорт шараларын қабылдауға дайын. Мысалы, 2023 жылы Алматыда алғашқы рет Almaty Open атты халықаралық теннис турнирі өткізілді. Жеңімпаз Карен Хачановтың алғашқы жаттықтырушысы алматылық маман Игорь Биценко болды. Сонымен қатар, Алматы спортшылары Париж Олимпиадасында да жоғары нәтижелер көрсетті.
Жастардың дене шынықтырумен айналысуы – тек денсаулық кепілі емес, сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың бір тетігі. Себебі салауатты өмір салтына бет бұрған жас азамат заңсыз әрекеттерден бойын аулақ ұстайды, тәртіпке бейім болады, қоғамдық өмірге белсенді араласады.
Соңғы жылдары Алматы қаласында жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында спорттық жобалар ұйымдастырылып жүр. Мәселен, полиция департаменті мен спорт басқармасы бірлесіп, «Жастарға спорт – есірткіге жол жоқ», «Таза өмір» секілді акцияларды өткізуде. Бұл жобалар заң талаптарын насихаттап қана қоймай, жастарды спорт арқылы жауапкершілікке тәрбиелейді.
Алматы қаласында жастар арасындағы спортқа қолжетімділікті арттыру барысында әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет тарапынан берілетін спорттық гранттар, тегін спорт секциялары және мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған арнайы бағдарламалар — инклюзивті спортты дамытуға бағытталған нақты қадамдар.
Дегенмен кейбір сарапшылар қазіргі қолданыстағы заңнамада жастар спортындағы әлеуметтік теңсіздік мәселелерін шешуге арналған нақты механизмдердің толық пысықталмағанын алға тартады. Бұл ретте, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға қосымша толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы әлеуметтік бағыттылықты күшейту ұсынылады.
Жаңа буын жастары цифрлық ортада өмір сүріп жатқандықтан, электронды спорт (e-sports) және онлайн фитнес платформаларда ерекше назарда. Алматыда жастар арасында киберспорт түрлері кеңінен танымал. Бұл салада құқықтық реттеудің әлі де болса жетілдірілуі қажет. Сарапшылар бұл бағытта арнайы заң немесе қосымша нормативтік актілер қабылдануы керек деген пікірде.
Алматы қаласында жастар арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту — тек әлеуметтік емес, құқықтық маңызы бар мемлекеттік міндет. Бұқаралық спортқа, жастардың спортқа еркін әрі тегін қол жеткізуіне жол ашу – салауатты қоғам құрудың алғышарты.
Ақбота Ерболқызы


