Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде, кәмелетке толмаған балаларға алиментті сот ата-анадан ай сайын: бір балаға – ата-ана табысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі, екі балаға – үштен бір бөлігі, үш және одан да көп балаға – тең жартысы мөлшерінде өндіріп алатын алимент мөлшерін айқындау моделі көпшілікке мәлім.
Бұл туралы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 139-бабының 1-тармағында көрсетілген.
Алимент мөлшерін айқындаудың бұл моделі кеңес заманында, барлық азаматтардың табысы бірдей деңгейде болған, ең төменгі жалақы, орташа айлық жалақы, аса жоғары табыс деген ұғымдар болмаған кезде жасалған.
Орташа және жоғары табыс кезінде үлестік арақатынас балалардың базалық қажеттіліктерін жеткілікті түрде қамтамасыз ету құқықтарын бұзбайды, алайда табыс ең төменгі деңгейде болғанда, заңның қолданыстағы редакциясы жосықсыз алимент төлеушілер тарапынан теріс пайдалануға жол ашады.
Мәселен, ерлі-зайыптылар некені бұзғаннан кейін сот кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент өндіріп алған сәтте, мұндай төлеушілер нақты табыстарын жасырып, 85 000 теңгені құрайтын ең төменгі жалақысы бар жұмысқа орналасады.
Тиісінше, балаларды асырап-бағуға арналған алимент мөлшеріде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болып шығады.
Бұл ретте ең төменгі жалақыдан (бұдан әрі – ЕТЖ) төленетін алимент сомасы мынадай тәртіппен қалыптасады: ЕТЖ 85 000 теңге – 8 500 теңге (10% зейнетақы жарналары) – 1 530 теңге (2% МӘМС) = 74 970 теңге (алимент есептелетін сома). ЕТЖ-дан жеке табыс салығы төленбейтінін ескеру қажет.
Көрсетілген ЕТЖ сомасына үлестік тәртіппен есептелетін алимент орта есеппен бір балаға – 18 743 теңгені, екі балаға – 24 990 теңгені, үш және одан да көп балаға – 37 485 теңгені құрайды.
Жоғарыда аталған үлестік тәртіппен өндірілетін алимент мөлшері кәмелетке толмаған балалардың өмір сүруі мен денсаулығына қажетті жағдайлар жасауға теріс әсер етеді, олардың мүдделеріне қайшы келеді.
Ал мемлекет белгілеген бір адамға шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 2026 жылы – 50 851 теңгені құрайды.
2026 жылы ювеналды соттарға алимент мөлшерін өзгерту және алиментті тұрақты ақша сомасында өндіру туралы берілген талап-арыздардың көлемі бірнеше есе артты.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 141-бабының 1-тармағына сәйкес, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін айқындауға құқылы.
Соттар осы санаттағы істер бойынша тараптардың материалдық жағдайын анықтау мақсатында белсенді рөлді ұстанады: тіркеуші органдардан жылжымалы, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы мәліметтер сұратады, банктер мен зейнетақы қорына ұйғарымдар жолдайды.
Сот практикасы көрсетіп отырғандай, алимент төлеуден жалтаратын жосықсыз төлеушілердің басым көпшілігінде ресми ең төменгі жалақысы бола тұра, банктік шоттарында қомақты, кейде миллиондық айналымдар анықталады. Бұл сотқа алиментті тұрақты ақша сомасында өндіру туралы талап-арыздарды қанағаттандыруға немесе ішінара қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
1-мысал: Алимент төлеуші 500 000 теңгеден астам жалақымен педагог болып жұмыс істеген, некені бұзу туралы сотта бұрынғы жұбайына «Жақсы алимент күтпе» деп қоқан-лоқы көрсетіп, туған ағасының пластик терезелер шығаратын фирмасына 85 000 теңге жалақымен жұмысқа орналасқан. Тиісінше, егер ол педагогтың табысынан екі балаға – 166 000 теңге төлеп келсе, ең төменгі жалақыдан шамамен 25 000 теңге алимент төлей бастаған. Балалар үйреншікті өмір сүру деңгейін жоғалтқан, алайда алимент төлеуші Вьетнамға демалысқа барған сапарын әлеуметтік желілерге жүктеуден ұялмаған.
Бұл ретте, талап қоюшының өзінің ай сайынғы табысы 350 000 теңгені құрайды, ол балаларымен бірге тұратын баспанасы үшін ай сайын шамамен 100 000 теңге ипотека төлейді, үлкен баласының ұзартылған күн тобына ай сайын – 35 000 теңге, кіші баласының балабақшасына – 14 000 теңге төлейді, күн сайын тамаққа қаражат жұмсайды, маусымдық киім-кешек, дәрі-дәрмек, оқу құралдарын сатып алуға шығынданады, сондықтан істің мән-жайларын ескере отырып, сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына балаларды асырауға сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап және олар кәмелетке толғанға дейін ай сайын әрбір балаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тұрақты ақша сомасында алимент өндірген.
2-мысал: Алимент төлеуші мектепке 0,5 ставкамен аула сыпырушы болып мектепке жұмысқа орналасқан, яғни оның ай сайынғы табысы – 42 500 теңгені құрайды, бір балаға өндірілетін алимент мөлшері – 9 700 теңге. Дегенмен, мұндай табыс оған жоғары өмір сүру деңгейін көрсетуге кедергі келтірмейді.
Алимент төлеушілер тарапынан өз құқықтарын осылайша теріс пайдалану жаппай сипат алғанын ескере отырып, ата-ананың жалақысына және (немесе) өзге де табысына үлестік қатынаста алимент өндіруге қатысты «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 139-бабына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады деп есептеймін.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 139-бабының келесідей конструкциясын ұсынамын:
- Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде және өндіріп алушының өтініші бойынша кәмелетке толмаған балаларға алиментті сот олардың ата-аналарынан ай сайын: бір балаға – ата-аналардың жалақысының және (немесе) өзге де табысының төрттен бір бөлігі, екі балаға – үштен бір бөлігі, үш және одан да көп балаға тең жартысы мөлшерінде өндіріп алады.
- Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және назар аударуға тұрарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, азайтуы немесе көбейтуі мүмкін.
- Өндіріп алушы алиментті үлестік тәртіппен өндіріп алуға қарсы болған жағдайда, кәмелетке толмаған балаларға алиментті сот олардың ата-аналарынан ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланыстыра отырып, ай сайын: бір балаға – бір ең төменгі күнкөріс деңгейі (қазіргі уақытта – 50 851 теңге), екі балаға – 1,5 ең төменгі күнкөріс деңгейі (76 276,50 теңге), үш балаға – 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі (101 702 теңге), төрт балаға – 3 ең төменгі күнкөріс деңгейі (152 553 теңге), бес балаға – 4 ең төменгі күнкөріс деңгейі (203 404 теңге), алты және одан да көп балаға – 5 ең төменгі күнкөріс деңгейі (254 255 теңге) мөлшерінде өндіріп алады.
Аталған ұсыныс түпкілікті ақиқат емес, дегенмен алимент мөлшерін айқындаудың жаңа моделін құру қажеттілігі туғаны даусыз факт деп санаймын.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы З.Ш.Смағұлова


