Қылмыстық кодекстің 190-бабының диспозициясына сай, алаяқтық деп бөтеннің мүлкін алдау арқылы жымқыру немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденуді айтады.
Алаяқтықтың басқа қылмыстардан айырмашылығы жəбірленуші күдіктінің қылмыстық жасау тəсілдерін қолдану кезінде, яғни жалған уəде беру немесе шын ақпаратты айтпай, керісінше, жалған ақпарат айту кезінде алдануының себебінен өзіне тиесілі мүлікті күдіктіге өз қолымен беруі мүмкін. Яғни бұл жерде ешқандай күш немесе қорқыту қолданылмайды. Алаяқтық туралы қылмыстар бойынша істі сотта қарау барысында ҚР Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 6 Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы нормативтік қаулысының талаптары басшылыққа алынады. Осы аталған нормативтік қаулының екінші жəне үшінші тармақтарында алаяқтықтың негізгі саралау белгілеріне анықтама келтірілген: алдау – бөтен мүлікті жымқыру немесе бөтен мүлікке құқықты иемдену мақсатында алаяқтық жасау тəсілі. Алдау меншік иесінде немесе өзге адамда мүліктің кінəлі адамға жəне басқа адамдарға берілуінің заңға сəйкестігі туралы қате түсінік туындататын кінəлінің меншік иесіне немесе мүліктің өзге иесіне шындыққа жанаспайтын көрінеу жалған мəліметтерді хабарлаудан не меншік иесіне не мүлік иесіне хабарлануға тиіс шынайы фактілерді жасырудан құрылуы мүмкін. Алдау нəтижесінде жаңылыстырылған меншік иесі немесе мүліктің өзге иесі өзінің мүддесі үшін жасаған əрекеттерінің негізділігіне сенімді бола отырып, кінəлі адамға мүлкін өз еркімен береді; алаяқтықтың тəсілі ретінде сенімді теріс пайдалану кінəлі адамның өзінің жəне меншік иесінің немесе иелігінде мүлкі бар өзге адамның арасында туындаған сенімді қарым-қатынастарды пайдакүнемдік пиғылмен бөтен мүлікті немесе оған құқықты заңсыз алу мақсатында пайдалануына негізделеді. Мүлік иесінің немесе өзге адамның алаяққа сенім артуы əртүрлі мəн-жайларға негізделуі мүмкін: жеке таныстығы, туыстарының жəне өзге адамдардың ұсынымы бойынша, кінəлінің қызметтік жағдайы жəне т.б. Қазіргі таңда, сот тəжірибесіне қарайтын болсақ, жалпы жұмыс жылы ішінде келіп түскен қылмыстық істердің 20-30 пайызы, осы алаяқтық қылмыстармен байланысты істер. Оның ішінде əрбір алаяқтықпен байланысты іс көбінесе бірнеше эпизодты құрайды, яғни бір қылмыстық істің ішінде жүзге дейін немесе одан да көп эпизодтар орын алуы мүмкін жəне əрбір эпизод – шын мəнінде өзінше бөлек бір қылмыстық іс, бүкіл эпизодты тек бір күдікті жасағандықтан, сотқа бір қылмыстық іс ретінде келіп түседі. Егер əр эпизодты бір қылмыстық іс ретінде санайтын болсақ, онда оның барлығы жиынтығында сот өндірісіне жыл бойы келіп түскен басқа қылмыс түрлері бойынша түскен істерден əлде қайда көп болар еді. Бұл тұрғыда, қазіргі таңда алаяқтықпен байланысты қылмыстық істердің өте көп орын алып жатқанын көруге болады. Енді осы қылмыспен байланысты жаза түрлеріне келетін болсақ, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-3 бөліктерінде бас бостандығынан айыру жазасынан басқа да балама жаза түрлері көзделген. Осы баптың төртінші бөлігінде келтірілген залалдың мөлшері жоғары болуына байланысты тек бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген.
Өрнек АБЖАПАРОВ, Павлодар қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы


