12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алаш көсемі Әлиханның мүддесі мәңгілік

Қазақтың арғы-бергі тарихында ұрпағы құрметпен еске алатын арда ұлдары көп еді, аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңдер туғанда олар әрқилы тағдырды бастан кешті, өздері бақилық болғаннан кейін де олардың басына төнген қара бұлттың айықпай, төбелерінде үйріліп тұрып алғаны да рас. Көздері тірісінде азапты ғұмыр кешкені аздай, қаншама заман өтсе де, алаштың аймаңдай ұлдарының абыройлы атағының аталуынан қорқатын, қолдарынан келгенше бөгет жасаған теріс пиғыл аз болған жоқ. Әрине, сол ымырасыз қарсылықтардың осы күнге дейін жалғасып келуіне, алаштың бағына жаратылған перзенттерінің жұртымен мәңгілік қауышуына не кедергі, бұған тосқауыл қойып келгендердің көкейін тескен қандай мүдде екендігіне көздері жетпей, санасы сан-саққа жүгіріп, алаш жұртының да бастары қаңғырған, дал болған кезеңдер өтті. Міне, еркін ой айта алатын шақ туғанда, алаштың таусылмас арман-тілегіндей, арыстарымыздың айықпас мұңына айналған тәуелсіздік таңы атқаннан бері көзіміз жете түскендей, қайыспас қара нардай, қайран ерлеріміз  иықтарына зілбатпан ауыр жүк артып, мәңгілік өлмейтін ұлт мүддесін арқалап өмірден өткен екен. Бірақ, ғазиз бастары мейірімсіз, ымыраға көнбес дүлей саясаттың құрбандығына шалынса да, арттарына шынымен де мәңгі-бақилық өлмейтін, өшпейтін ұлы идея- ұлтының азатшыл мұратын өнеге етіп қалдырыпты!

Сондықтан да Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қаһармандарының идеясы халқымен бірге жасай береді, олардың өлмес рухы қазақ даласын кезіп жүр, ұрпақтарын желеп-жебеп, болашаққа әрі қарай да бастай бермек. Өйткені, халқымызға ұлт мүддесінен қымбат идея- одан асқан мақсат-мұрат болуы мүмкін де емес!

Біз барша алаш арыстарымен табысқанда, ұзақ жылдар, тіпті, өмір бойы көрмей келген жанашыр туысымызды тауып алғандай күй кештік, өйткені, кеңестік коммунистік саяси идеология олардың атын ататпауға жанын сала жұмыс істеді. Яғни, сол, «халық жауы» деп жазықсыз, нақақтан-нақақ айып тағылған қалыптарында қалуын қалады. Кеңестік әдебиетте алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектердің есімдері қорқыныш тудыратын құбыжықтай сүйкімсіз сипатталып, өз халқына жаналғыш әзірейілдей бейнесімен танылды. Ал, өмір көшінің дөңгелегі айналып келгенде, алаш ұлдары бірінен соң бірі ақтала бастағанда, әдебиеттегі «ақтаңдақтардың» мәні де ашыла бастады. Өте өкінішті болса да, ақиқаты сол.

Біздіңше, біздің ендігі қазақ әдебиетінің алдында ұлы міндеттер тұр. Ендігі көркем әдебиетімізде алаш арыстарының асыл бейнелері сомдалып, жұрты басына жастанып оқитын шынайы, жасампаз, ғұмыры мәңгілік әдебиет жұртының қолына тиер күн алыс болмас. Нақ, қасиетті  ардақтыларымыздың қайта оралған, халқымен қауышқан қаһармандарымыздың қадірлі есімдеріндей, әдебиетіміз де жалған идеологиядан арылып, жаңаша сипатымен, азатшыл ой-көзқарастарымен нағыз тәуелсіз ұлт әдебиеті қалыптасарына сенімдіміз. Өйткені, көркем әдебиет әрқашан ұрпақ тәрбиесіндегі басты ықпалды орнында қала берері анық. Әсіресе, алаш баласының елі мен жерін сүюдегі, адал қызмет етуіндегі әдебиеттің рөлі айрықша. Оны біз жас Әлиханның қалыптасу кезеңдеріне үңіле отырғанда айқын аңдаймыз.Тіпті, оның алаш мүддесі үшін бел шешіп күрескерлік жолға түсуінде қазақтың ескі салты, халықтың әншілік-жыршылық дәстүрі сақталып, мейлінше өрбіген Арқа өңірінде туып-өскендігінің әсер-ықпалы зор болғандығы оның өмір жолдарынан да, шығармашылық мұраларынан да жақсы аңғарылады. Біз бұл туралы Әлиханның ұлт мүддесі үшін қандай сара жолды таңдағаны, қай сүрлеуге түскендігімен байланыстыра тереңірек тоқталып, оралып соғамыз…

Алаш арман-тілегінің басты қаһарманы, азаттығының бейнесіндей тұлға, қиын заманда тәуекелге бел буып, көшін бастаған көсемі Әлихан Бөкейхан тұлғасы біздің дәуірімізде де өзгеше сипатымен көз тартады. Ешқашан тот баспайтын мәңгілік тұғырымен ол әлі биік, еңселі қалпымен асқақтап тұр.

Әлихан Бөкейханұлына деген халық сүйіспеншілігінің әрқашан толастамағанына үлкен бір дәлел- сол кеңестік дәуірдің өзінде оның ірі тұлға болғандығын танып келдік, әредікте болса да оның саяси- қоғамдық өмірдегі белсенділігі, жан-жақты ауқымды қызметі туралы, зерттеуші ғалым болғандығы айтылмай тұрмайтын. Мысалы, кеңестік дәуірдің қайраткері бола тұрса да, алаш көсемінің биік тұлғасын танып, көзін жеткізген Д.А.Қонаев: «Әлихан Бөкейхан алты алаштың пірі, рухани көсемі» деп жазыпты өз еңбектерінің бірінде. Ондай деңгейдегі үлкен қайраткердің әр сөзі аңдулы заманда тек қана осы сөзі үшін ол кісінің беделі түсіп қана қоймай, жауапқа тартылуы да әбден кәдік жағдай еді. Өйткені, Әлихандай арыстардан ол кезеңдерде «халық жауы» деген жала алынбаған уақыт, пәле іздеген кеңестік саяси идеологтарға бұл таптырмас «ілік» болар еді. Міне, қаншама қысымшылық, тиымдарға қарамастан, ала-құла пікірлердің арасында жарқ етіп, осылайша Әлиханның халық алдындағы зор абыройлы тұлғасы да көрініп қалатын. Өкінішке орай, Алаш көсемі Әлихан көрген ұлы мақсатты империялық мүдде көздеген большевиктік партия да айқын таныды, бірақ, олар мұны, әрине, өз мүдделері тұрғысынан бағалап, коммунизм идеясына төнген қатер деп шошынды, сондықтан да өз халқының азаттығы мен еркіндігін аңсаған алаш қайраткерлерінің қыр соңына түсті. Оларды, тіпті, өз халқына қарсы қойып, нешетүрлі жалалы айыптаулар ойлап тапты, «жапон шпиондары», «ұлтшылдар», «ұлтшыл-буржуазияшылдар», «байшыл- феодализм» туын көтерушілер, пантүріктік, панисламистік бағыттағылар т.б. нешетүрлі атаулар сол тұстарда алаш ерлерін қалың көпшілікке құбыжықтай танытқандығы анық. Тіпті, алаш атауының өзі халыққа кереғар ұғым тудырғаны белгілі.

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының қарыны аш адамнан ғылым мен білім шықпасын, ең алдымен, халықты тойындыруды айтқан ұлағатты мақалалары да «Қазақ» газеттерінде жариялана бастаған. Әлихан Бөкейхан осы халықтық мүдделерді іске асыруға бағытталған арнайы еңбектер жазған, бұл өз алдына үлкен тақырып өзегі. Өкінішке орай, олардың осы елдік, адал мүддесін большевизм партиясы халыққа теріс танытып, байшыл-буржуазияшылдық, феодалистік қоғамды аңсаушылық деп өңін айналдырып, алаштықтарды марксизм-ленинизм мүдделеріне қарама-қарсы бағытта көрсетті. Осы саяси әрекеттер күш алып кетіп, олардың нағыз тұлғаларын тануда, қарама-қайшы пікірлер қалыптастырды, ақыры, «күштінің арты диірмен тартып», алаш қозғалысына қарсылық бел алып, таразының басын аударып әкетті. Ақыры, алаш көсемдерінің қаупі шындыққа айналып, Қазақстанды көп ұзамай аштық жайлаған, және ол көптеген жылдар бойы, яғни, кеңестік тарих көрсеткендей, 1932 жылы ғана емес, тіпті, кейбір деректерде көрсеткендей, 1932-33 жылдарда ғана емес, 1920  жылдардан басталып, он жылдан астам уақыттарға созылған. Тіпті, тарихта Ұлы отан соғысы деп белгіленген екінші дүние жүзілік соғыс басталғанда, Қазақстан сол, ашаршылық пен жоқшылық жағдайынан арылмаған болатын. Бұл жағдайдың туу қаупін алаш қайраткерлері мен көсемдері көрегендікпен болжаған еді. Бірақ,  ол соғысқа дейін де алаштықтардың алдынан тартылар сыбаға, қиындық-кедергілер аз тумаған. Құдыреті күшті жаратылыс олардың маңдайына тек қана азапты жол, сергелдең тағдырды жазып қойғандай еді. Иә, қарақан басының емес, жұртының мүддесін ойлаған қаһармандарымыздың ғұмыры әрқашан «тар жол, тайғақ кешулермен» өткен.Бірақ, азабы мол болса да, тағылымы зор, ұлағатты, мәңгілік идеялы, өшпес өнегелі ғұмыр!

Осы ұлы мұрат көздеушілердің, яғни, алаш мүддесін, өз халқының бақытқа жетуін тілеген күрескерлеріміздің бейбітшіл үнін, ымырашылдықпен білдірген талап-тілегін содырлы, сойқан саясатпен қаруланған, әрі күш-қуаты әлдеқайда басым большевиктер партиясы аяқасты қылып, өздерін қуғын-сүргінге душар етті.

Ал, енді, Әлиханға, ол бастаған алаш зиялыларына «жапон шпиондары» деген жала жабушылықтың да өзіндік негізі болғандығына да кейін көзіміз жете бастады. Енді, міне, алаш ақиқаты алдымызда кең құлашпен айқара ашылғанда, әсіресе, осы Ұлы Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның тағдыры ақыр аяғы кеңестік сұрапыл террорға ұласып, трагедиямен аяқталса да, бай мазмұнды ғұмырымен таныса келгенде, біз бұл тарихи кезеңдер мен оның көсемінің зор тағылымды істеріне, ұлты үшін жанын шүберекке түйе жүріп құрған ұлы жоспарымен таныстық, өзіміз үшін бұлыңғыр болған кейбір түйткілді мәселелер де айқындала түсті.

Жиырмасыншы ғасырдың аяғына қарай, тәуелсіздіктің лебі ескен жылдарда, әрине, бірден кең құлаш жазып кете алмаса да, алаштанушылық пен әлихантанушылыққа арналған там-тұмдаған еңбектер үздік-создық жарияланып жатты, бәрімізді де қызықтырған тақырып болатындықтан қызыға оқып жүрдік. Мысалы, сол заманға жақын жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың естелік мақалаларының өзін қызыға оқитынбыз, қысқа болса да, тартымды зерттеу мақалалар там-тұмдап жарияланып тұратын. Алаш арыстарының жұмбақ тағдырлары, атқарған қызметі туралы тереңірек білгіміз келіп, үлкендерден сұрастыратынбыз. Мұның бәрі, әрине, алаш тарихына шөліркеушіліктен, қызығып-құмартушылығымыздан, білуге деген ынтызарлығымыздан солай сезілген шығар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, белгілі алаштанушы, әрі әлихантанушы ғалым С.Х.Аққұлы Ә.Бөкейхановтың он бес томдық жинағына жазылған алғысөзін «Алаш көсемі Әлиханның 25 жылдық жоспары» деп, айрықша назар аударарлық атаумен атапты. Біз осының өзін әлихантанушылық бағыттағы зор ізденіске жатқызар едік. Өйткені, бұрынды- соңды Ә. Бөкейханов туралы үлкенді-кішілі еңбектерді ақтарыстыра жүргенде әлихантанушылыққа нақ осы қырынан келушілікті аңдамай келіп едік. Не болмаса, көптеген зерттеушілер бұл бағытта терең зерттеулерге бара қоймағандығынан шығар. Сондықтан да болуы керек, ғалымның осы тақырыбы біздің назарымызды аударып, тартып, үйіріп әкеткендей болды. Қызығушылығың оянған соң, өзің де әрі қарай қаузай түскің келеді, нағыз ғалымның ғалымдығы да осы, өзгелердің құлшынысын арттыруында болса керек.

Әлихан Бөкейханның студенттік шақтарынан бастап, орыс демократиясы мен әдебиетіне қызығушылығы, одан Батыс Европаның даму бағытына құмартуы, әрі қарай білімін кеңейте келе, жапондық өркендеу моделіне қызығушылығының, үлгі тұтып, тіпті, зерттеп, оны алаштық мүддемен орайластыруының сыры неде?

Әлихан Бөкейханның ұлы мақсат- мүдделерін тереңірек ашу үшін, сөзіміздің басында мән бере тоқталып, бұл маңызды мәселеге қайта оралатынымызды ескерткеніміздей, ең алдыменен, оның өнегелі тамырына бойлап, тәрбиелік бастау бұлағына үңіле кеткеніміз жөн.

Бұл арада тікелей Әлихан Бөкейханның әуел бастан таңдап түскен сүрлеуі қызықтырады. Бірден айтатынымыз- ол о бастан-ақ үлкен мақсаттарға жаратылған тектілік болмысын бірден танытқан секілді. Оның Ұлы Даланың аңызға айналған қаһарлы билеушісі, садағын сағымға ілген Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы болуының өзі аса маңызды факт. Бірақ, табиғатынан тектілік біткен Әлиханның болмысы қарапайым болған, ешкімге «мен Шыңғыстың ұрпағымын, төренің тұқымымын!» деп кеудесін қақпаған, оның ауызынан тек алаш мүддесі, қазақ ұлтының мұң-мүддесі түспегендігін замандастары сүйсініп әңгімелеген, мақтан тұтқан. «Қазақ баласының төре тұқымында қақысы бар. Тірі болсам, қазақты бақытқа жеткізбей қоймаймын» деп өзі халқы алдында серт бергеніндей, бұл оның кішіпейіл болмысын танытумен бірге, оның қазақ үшін жанын беруге даяр ниетін айқын аңдатқандай. Әлиханның қазақ зиялыларының ішінен ең алдымен суырылып шығып, Абайдың ұлылығының алдында тағзым етіп, ең алғаш рет ғылыми- танымдық зерттеу мақаласын жариялауы да оның өзінің туған халқының әдебиетіне деген зор құрметпен қарап, оның даму көздеріне, аяқ алысына зерделілікпен үңіліп отырғандығына үлкен дәлел. Жалпы Әлиханның әдебиеттанушылық бағыты өз алдына жеке тақырып. Бұл арада, тек қосарымыз, ол жұртының төл әдебиетін сүйгендігіне қоса, өзінің ұлы күрескерлік мұрат жолындағы басты қаруының біріне балап, айнымас серігі еткендігі.

Ол кездегі қазақ баласының деңгейі де, мүмкіншілігі де белгілі, тегі ақсүйек, төре тұқымы болғанымен, оның Санк-Петербордағы дворян тұқымдары оқитын императорлық заң университетіне түсуін оның бірден биікке ұмтылған зор талабы деп бағалаймыз. Орман шаруашылығы саласын таңдауы да оның көпқырлы қасиетін аңғартқандай, келешекте туған өлкесіне осы бағыттан септігі тиеріне сенген шығар. Және ол кездегі қазақ баласына таңдау мүмкіндігі болмаған, ең бастысы- жоғары сапалы білім алу, әрі қарай зерделі жас өзінің табан жолын ажыратып, жүрегі қалаған тарапқа түсері сөзсіз. Дегенмен, жас ұланның түйсігі алдамаған, ол бұл оқу орнында үздік оқымысты ғалымдардан дәріс алған, өзінің табиғи зеректігімен орыс тілін де тез меңгеріп, студент шағынан зиялы қауыммен араласады. Бұл университетте болашақ пролетариат көсемі В.И.Ульяновпен- Ленинмен танысып, жақсы қарым-қатынаста болған. Сірә, осындай ортаның ықпалы болар, ол көп ұзамай, сол кездегі орыс зиялыларының ең беделді өкілдерімен Л.Троцкиймен, Керенскийлермен араласады. Міне, осы байланыстар оның болашақтағы біраз мақсаттарының орындалуына септігін тигізеді. Осы танымалдылық оның кеңестер сьезіне Ә.Ермековпен бірге делегат болып қатысуына жол ашқандай. Мұнда ол алаш мүддесін қорғауға Әлімхан Ермековті дайындап, оның сьезд делегаттарының алдында баяндама жасағандығы, бұған В.И.Лениннің өзі назар аударып, кейін Ә.Бөкейханмен кең ауқымда талдау жасағаны белгілі. Осындай байланыстар арқылы Қазақстанның автономиялық мүдделері ептеп те болса, жұртымыздың пайдасына қарай шешіле бастаған болатын.

Дегенмен, орыс зиялыларымен кең ауқымды байланыста болуы Әлиханның болашақ жұмыс жоспарларына көп ықпал еткендігін байқаймыз. Ол орыстың демократиялық даму арналарына үңілді, Чернышевский, Герцен шығармашылықтарын терең зерттеді. Сондай-ақ, орыстың демократиялық үрдісте дамыған көркем әдебиетін құмарта оқыды, оған, әсіресе, орыс әдебиетінің алыбы Л.Н.Толстой шығармалары қатты әсер етіп, ой салды, кейін, аудармашылықпен айналысқанда, әсіресе, оның әңгімелері мен мысалдарына көп көңіл бөліп, қазақ ортасына таныстырды. Сөйтіп, болашақтағы алаш көсемі орыстың демократиялық адамзаттық гуманистік ізгі бағытынан көп өнеге алып, ұлт мүддесімен орайластыра пайдалана білді. Және орыстың ізгі мақсат көздеген зиялыларымен байланысын үзген жоқ. Бұл оның алаш мұраты үшін күресте сыңаржақ бағыт ұстанбаған кең ауқымдылығын, сансалалы, жан-жақты ізденіс аясын танытты. Осы байланыстар  оның Батыс Европалық саяси-экономикалық даму үрдісіне қызығушылығын оятты, ол осы бағытта үлкен ізденістерге қол жеткізді, мемлекеттік мүддеде ойлай алатын биік деңгейге көтерілді. Жапон моделіне қызығушылығы да оның осы кең тарапты ізденіс аясында пайда болды. Әрине, бұл әрекеттерінің бәрі кейін өзіне жалалы қасырет болып алдынан шығарын ұлы жүректі ұлтының жоқшысы сезген-сезбегені маңызды емес, ең бастысы- ол бәрібір қалай болған күнде де өзінің алдына қойған мақсатынан бас тартпасы анық еді. Ол  жаңа заман талабына сай Алаш- Қазақ мемлекетін құруды көздеді, осы мүддемен Батыс Европа, жапон тәжірибелеріне сүйеніп, елінің ширек ғасырлық даму жоспарын дайындады. Оны, әсіресе, аз уақыттың ішінде дамудың биік сатысына көтерілген Жапония мемлекетінің жетістігі қатты қызықтырды. Жапон жұрты өзінің даму бағытындағы жеңісіне қалайша өзінің төл мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне арқа сүйей отырып жетсе, қазақ та неге осы жолды негіз етіп алмасқа деп қиялдады ол. Өйткені, қазақ жұртының да ұлттық негізі осал емес, сан ғасырлардан бері қалыптасқан, оған дәлел- оның ұлттық ұланғайыр қазынасы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, көл-көсір бай фольклорлық ауыз әдебиеті мұралары, елдікке тән биік қасиеттерінің ерте қалыптасқандығы, және тарихи тамырының тым тереңде жатқандығында деп санады ұлт көсемі. Халқының осы баға жетпес рухани байлығын сақтай отырып, ұлттық үлгідегі даму жоспарын құрған Әлихан онымен қоса Ресей империясы шегіндегі түркі-мұсылман федерациясын құру мәселесін көтерді. Бұл оның ұлт мүддесін Ресейдің империялық мүддесімен бірге құруға болмайтындығына көзі жеткендіктен туған ойлары болатын. Өзінің жас шағында масон қоғамына да кірген, одан кейін кадет партиясына да кіріп көрген, марксшілдердің де сойылын соғып байқаған Әлихан олардың бәрі де өз мүдделері үшін өмір сүретінін, олардың құрамында жүріп, ұлт мүддесін қорғамақ түгілі, сөз етудің өзі артық екенін жақсы түсінгендіктен, ендігі жерде алаш өз арнасын, өз бағытын таңдау керектігін ұқты. Ол Ресейдегі империялық мүдденің ықпалының басымдығына тіпті, ертерек көзін жеткізген болатын. Әлихан Санкт-Петербор университетін тәмамдаған соң, Омбыға келіп, осында «Степной маяк» газетінде қызметке алынады. Оған себеп,- бұл кездегі баспасөздің саяси білімділікке деген жоғары талабы, және ең бастысы- алынған қызметкердің марксистік білім деңгейінің жоғарылығы болатын. Газет басшылығын Әлихан осы тұрғыдан қанағаттандырды. Бірақ, дәл осы газетте жүріп, Әлихан Ресейдегі марксшілдердің қандай мүдде көздейтінін жақсы ұқты. Бұл туралы Ә.Бөкейханның көптомдығына жазылған алғысөзінде әлихантанушы-ғалым С.Аққұлы былай деп терең байыптапты: «…Студент кезінде марксизм идеясын терең меңгерген Әлихан, қазақ қоғамын төл мәдениетінің ерекшелігі, әлеуметтік құрамы жағынан да, шаруашылығы тұрғысынан да тап-тапқа- еңбекші және капиталист-буржуаға бөлу тұрмақ, шаруа және феодал, яғни, езуші және езілуші таптар деп жіктеуге болмайтынына көз жеткізіп, марксизммен біржола қош айтысты. Мысалға, 1917 жылдың қазан айында Томск қаласында өткен Жалпы Сібір сьезінде сөйлеген сөзінде ол: «Халықтарға Маркс бойынша емес, дайын формулалар арқылы емес, өздерінің қалауы бойынша өмір сүру құқығын беру керек»- деп мәлімдеді…». /Ә.Бөкейхан шығармалары. «Алаш көсемі Әлиханның 25 жылдық жоспары.» Алғысөз.С.Х.Аққұлы.2016.Астана. «Сарыарқа» баспасы./

Біздіңше, бұл пайымдамадағы ғалымның зерделеуіне ден қойсақ, Әлиханның марксизм идеясымен қош айтысып қана қоймай, өзінің болашақтағы халқы үшін атқарар істерінің жоспарын да бағдарлап, белгілеп алғандай. Олай дейтініміз, оның бұдан кейінгі қолға алған істерінде Әлихан нақ сол қазақ халқының жер-суы, тұрмыс-тіршілік мәселелеріне, шаруашылық түрлеріне көп көңіл бөле бастаған. Сондай-ақ,  төл мәдениетінің ерекшелігіне, әлеуметтік құрамын, жалпы ел мен жер мәселелеріне, оның тәуелсіз болуына, өз несібесі өзіне бұйыруына байланысты өзекті ойларын білдірген ауқымды зерттеулері жариялана бастаған, сонымен бірге, осы толғанысты ойларын өзінің нақты күрескерлік мұрат-мақсаттарына айналдырған.

Ал жапон сүрлеуіне ынтығушылығы 1904-1905 жылдардағы жапон-орыс соғысы кезінде оянғанын ол 1910 жылы С-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» атты очеркінде баяндаған. Әлихан жапондық сүрлеуі туралы ой-көзқарастарын былайша тарқатады: « Орыс-жапон соғысы басталды…Жеделхаттар жапондардың үзіліссіз жеңістері туралы хабарлар жеткізіп тұрды. Исламның жиһанкез насихатшысының аузынан бар жақсылық пен әділдік тек исламнан шығады деп еститін және оған орыстандыру саясатының тәжірибесі арқасында исламнан тыс еш жақсылық болмайтынына әбден көз жеткізген Дала халқы «жапондар- қазақтармен ұлттық туыстығы бар мұсылмандар ғой» деген аңызға оп-оңай сеніп қалды. Портреттердегі жапондар мен қазақтардың бет-жүздерінің ұқсастығы ол аңызды растағандай болды. Міне, мұның бәрі оларды қатты қызықтырды…».

Қарапайым қатардағы дала қазақтары ғана емес, сол кездегі  елден мойны озып шыққан оқығандары да сол тұстарда жапон тақырыбына зор ден қойғандығын кейбір деректер де растайды. Мысалы, Санкт-Петербордың императорлық әскери-медицина академиясына оқуға түскен Халел Досмұхамедұлы 1904 жылы қазан айында Қазан қаласындағы мал дәрігерлік институтында оқитын досы Ғұбайдолла Бердіұлына былай деп жазыпты: « өзіңнен басқа ондаған, тіпті, жүздеген қазақ баласы жоғары білім алып жатқанын көріп, бұл халық та еңбекке, ілгері дамуға қабылетті, кім біледі, бір кезде ол да әлемдік үстемдікті құрметті орындардың бірін алар, ол да  екінші Жапонияға айналар дегендей небір ойға келесің».

Міне, осы сықылды, сол кезеңдерде оқыған қазақ жастарын жапонның даму үрдісі қатты қызықтырған. Ал жиырмасыншы ғасыр басындағы оқу-білімге құлшынған нақ осы толқынның халқын биікке алып шығам деп талпынып, тізе қосып, қатар түзеп еңбек етіп, ұлтын көгертем деп белсеніп, күрес жолына шығып, Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылғаны, сол талаптарының империялық дүлей саясат қысымына ұшырағаны да рас.

Алаш көсемі Әлихан болса, өз мақсатын жүзеге асыру үшін, әлеуметтік-экономикалық жағынан қазақ еліне ұқсастық тауып, жапонның  «Мэйдзи төңкерісі» тәжірибесін бағыт етіп ұстанды. Бұл бағдарлама Жапонияда «Мэйдзи исин», яғни, «Мэйдзи жаңғыруы» деп аталған. Осы бағдарлама арқылы, жапон елі артта қалған аграрлық елден небары 21 жылдың ішінде әлемнің жетекші алдыңғы қатарлы елдерінің біріне айналдырған. Жапонияда 1868-1889 жылдар аралығында іске асырылған осы саяси әскери және әлеуметтік-экономикалық реформа жиынтығы сол «Мэйдзи жаңғыруы» деген атауымен тарихқа енген. Мэйдзи саяси бағдарламасының нәтижесінде қазіргі кезеңдері дүние жүзі елдерін тамсандырып отырған жапон ұлттық мемлекеті мен жапон ұлты қалыптасқан. Сірә, сол ерте кезеңнің өзінде Әлихан Бөкейханды қызықтырған, одан барша алаш қайраткерлерінің арманды тілегіне айналған осы  жапондық даму үрдісінің өміршеңдігі және баянды болуының дәлелі сол, Жапония мемлекеті де сол кезеңдерден қазірге дейін түрлі қиындықтарды бастан кешіп, соғыстарға душар болса да, міне, жиырма бірінші ғасырда да сол көтерілген биігінен түспей, тіпті, одан әрі дами түскендігіне сіздер мен біздер куә болып отырмыз. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін АҚШ мемлекетінің Жапонияның екі үлкен қаласы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастап, күл-талқан етіп, бұл елге орасан шығын келтіргенін  әлем жұртшылығы жақсы біледі. Оның үстіне, жапон жерінде табиғи апаттардың да жиі орын алатыны белгілі. Осыларға қарамастан, өзінің даму сүрлеуін жаңылыспай тапқан жұрт екендігін олар әлемге дәлелдеумен келеді. Демек, Алаш көсемі Әлиханның бұл таңдауының негізі бар. Жапонияда сегундар үстемдік еткен мемлекеттік биліктің самурай жүйесінен тікелей императорлық билік пен ол жасақтаған үкімет басқаратын жүйеге көшті. «Мэйдзи жаңғыруы» іске асырылған жылдары жапондардың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі түбегейлі өзгерістерге ұшырап, елде жедел түрде батыс өркениетінің жетістіктері енгізілді. Тұрақты армия құрылып, қару-жарақ пен соғыс техникасының ең үздік үлгілерімен қаруланды. «Мэйдзи жаңғыруы» реформасы жапон қоғамының әлеуметтік, жер, қаржы салық, ағарту-білім беру салаларын қамтып, ұлттық экономиканы дамытудың ең үздік технологияға негізделген өнеркәсіптік өркендеу жолына түсті. Демек, өз елі үшін пайдасы тиер болса, жапондықтар  түбегейлі өзгерістерден- реформалық батыл шешімдер қабылдаудан қаймықпайтын ел. Және бұл шешімдер уақыт озған сайын үнемі жаңаша ізденістер тілейтін, қоғам, орта жаңарған сайын реформалар жасау қажеттілігі туындайтын саясат пен экономикаға байланысты туындап отыр. Бірақ, осындай қуатты қоғамдық құбылыстар кезеңінде де, түбегейлі мемлекеттік саяси-экономикалық өзгерістер жағдайында да жапондар өздерінің халықтық бітім-болмысын сақтай алды, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына адал болып қалды. Ұлтын өртене сүйген, елінің сан ғасырлық тарихын құрмет тұтқан алаш қайраткерлеріне-  Әлихан мен оның мүдделес серіктестеріне осы жапондық мызғымас берік ұстанымның әсер етпеуі де мүмкін емес еді. Міне, осы, «Мэйдзи жаңғыруы» тарихын әбден зерттеген Әлихан өз елінің даму бағытында дәл осы үлгіні айнытпай қолдануды жоспарлаған жоқ, олай етудің мүмкін болмасын да жақсы түсінді. Ол екі ел тарихын салыстыра отырып, өзінше қорытынды жасады. Ол  «жапондар 1868 жылға дейін қазақ елі сияқты артта қалған аграрлық ел болса да, тәуелсіз дербес мемлекет болып, жоспарлаған реформаларын сыртқы күштердің ықпалынсыз іске асырғандығына, ал Қазақстанның Ресейдің империялық  езгісінде отырғандығына назар аударып, осы тұрғыдан салыстырма жасады. Сондықтан да Әлихан құрған алаш бағдарламасында европалық  елдердің де, жапон елінің де реформалардың  өнегесі көрініс тапқанымен, оны ешбір елдің көшірме үлгісі деуге болмайтын еді. Демек, Әлихан олардан , яғни, өзге мемлекеттер тәжірибесінен үйрене отырып, оқып-іздене отырып, өз елінің даму бағытында соны, тың жол іздегенде,  қазақтың ескіден келе жатқан, тамырласқан арналарына, елдік негізіне көбірек арқа сүйеді дегеніміз дұрысырақ болар. Осы тұрғыдан келгенде, өзінің күрес жолындағы әуелгі әрекеттерінде ол орыс демократиялық күштеріне көбірек арқа сүйеген болатын. Ол басқарған ұлттық қозғалыстың мүддесі, әсіресе, 1905 жылы жарияланған әйгілі «Қарқаралы петициясынан» көбірек көрініс тапқан болатын. Сірә, ел мүддесі жолындағы аса ірі кесек әрекет ретінде осы петицияның жариялануын атағанымыз жөн болар. Өйткені, нақ осы патшалық билікке жолданған петицияда Әлихан бастаған алаш қайраткерлері, әсіресе, жер мәселесін батыл көтерді, сөйтіп, столыпиндық реформадан кейін қауырт үрдіспен өрши бастаған Қазақстанға Ресейдің ішкі аймақтарынан переселендердің жаппай қоныс аударуы онсыз да ушығып тұрған империялық астамшылық бағытты одан әрі өрбіте түскендігіне ел атынан наразылық білдірді, мұндағы ең басты көтерілген мәселе- жер болатын. Бірақ, алаштықтардың осындай әділеттілікті талап еткен наразылықтарына қарамастан империялық озбырлық одан әрі жалғасып, кеңінен етек жая түсті…

Дегенмен, алаш қозғалысы да тоқталмастан, ел ішінде реформалық жоспарларын іске асыра берді. Өзінің «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында Әлихан Бөкейхан былай деген еді: « Қияметке дейін қазақ- қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзінің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып, «Қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан, «Қазақ әдебиетін» тұрғызып, сақтамақшы.»

Бір айқын байқалатыны- Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қай кездегі әрекеттерінен болсын, балаңдық байқалмайды, ол бірден, тіпті, сонау студенттік жас шағынан бастап саналы түрде туған халқы үшін күрескерлік жолға түсерін аңдатқан. Айтайын дегеніміз, тіпті, әуелгі күрескерлік бағытында масондықтар құрамына қабылдануында да, кадет партиясына да кіруінде де адасушылық болды деп айтуға болмас еді, мұның бәрі елі үшін туған ердің жанталаса жүріп, тығырықтан шығудың жолын іздеген ізденіс жолдары болатын. Оның бұл ой-көзқарастарына орыстың демократияшыл өкілдері де құрметпен қарап, түсіністікпен қабылдады. Әлиханның орыстың зиялы қауымына ертерек танымал болып, зор беделге ие болуының да сыры осында деп ұғуға тиіспіз. Осылардың бәрін сараптай келгенде, Әлиханды екі қоғамның да, патшалық Ресей мен кеңестік дәуірдің де қайраткер тұлғасы деп танимыз. Бірақ, айырмасы сол, ол екі қоғамның да біржақты империялық мүддесін қорғаған емес, сол отаршылдық үстемшілік жағдайында жүріп, ұлтына қызмет етуінен ешқашан бас тартпаған, империялық саясатпен алыса жүріп, туған халқының болашағы үшін күрескен, үнемі тығырықтан шығудың жолын іздеумен, іс-әрекет үстінде елі үшін жанын пида еткен ұлы қайраткеріміз, шын мәнінде бас бола білген көсеміміз деп мақтан тұтамыз.

Әлиханның осы ұлы мақсаты- оның 1904 жылдан бастап, туған жұртына өзін-өзі басқару жүйесін- земствоны енгізу үшін жасаған іс-әрекетінен де байқалады. Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған Әлихан ең алдымен, осы земство жүйесін енгізу талабын алға тартқан екен. Яғни, осы земстволық жүйе арқылы, қазақ иеленіп отырған жерді қазақтың қауымдық меншігіне беру, қазақты әскери қызметке тарту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ жеріндегі мектеп, медреселерде ана тілінде оқыту талаптарын билікшіл үкімет алдына мәселе қылып көтерген. Және ол еліне земстволық жүйе енгізу арқылы , қазақ жеріне дендеп еніп, жайлап бара жатқан келімсектер ағынын тоқтату мақсатын көздеген болатын. Осы мақсатына жетер алдында, және ең бастысы, үлкен күрес, талаптарының нәтижесінде алаш автономиясы жарияланар алдында ол баспасөзде осы жеңістердің маңыздылығы жайында былай деді: «Алдымызда үлкен той. Жалпы жұрт жаңа болатын земствоға кіріспек. Земство- жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды. Земство қолға алып қылатын істің бір зоры- бала оқыту. Земство мектеп школ салады…».Осындай ел қамын жеген мақалалары «Қыр баласы» деген атпен жарияланып, қазақ даласына кең тараған, сол кездегі қазақ елі бұл мақалаларды ынтыға күтетін болған, яғни, алаш көсемінің үні- ел-жұртының сөнбейтін үміт шырағына айналған…Әрине, Әлихан Бөкейханның халқына жасаған көпқырлы қызметін тегіс қамти алмасақ та оның туған халқы үшін орны қандай болғандығына өзімізше талдау жасап, талпынып көрдік.

Сол кездегі алаш жұрты Әлихандай көсемін қалай сүйіп бағаласа, сол жұртымыздың бүгінгі ұрпағы да оған деген сол сүйіспеншіліктен суымайтындығына, айнымайтындығына күмәніміз жоқ. Әлиханның өзі айтқандай, қазақ-қазақшылығынан айнымайды, қай заманда болсын , халық нағыз ерлерін бағалай біледі, сүйеді, бір өзгермейтін, суымайтын сезім болса, ол- жұртының нағыз Әлихандай адал перзентіне деген махаббаты. Осы тұрғыдан келгенде, 1917 жылғы аласапыран кезінде Әлиханның ел-жұртымен қауышқан сапары туралы жазылған мақала айрықша әсер етті. Бұл- халқының  нағыз адал перзентін қалай сүйіп, бағалайтындығына дәлел болғандай жүрекжарды ықылас кернеген, әрі өте қызықты, тартымды мақала болған екен, сол қауымның өз көсемдерін қалай қарсы алған көңіл-күйлері дәл қазіргі сәттің қуанышындай адамды толғандырады, үңіліп көрейікші: «Кешке жақын Семейде 12-қазанда, бұрынғы жандарал мекемесі, Бостандық үйіне қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет, курсистер, мұғалімдер бір рет, тұрғын саудагерлер, қырдан келгендер де бар, сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұр. Бір-біріне жолыққанда, қуаныштан амандасуды ұмытып, сөздері: «Поезд қашан келеді?» деу ғана еді. Бұлар кімді тосады? Бұлардың поезд келген-келмегенінде не ісі бар? «Генерал-губернатор келеді, даяр болыңдар» деп жандарал әмір берді ме? Онда осындай қуана ма? Онда жалмауыздың жалғыз көзіндей маңдайы жарқырап, қазақтарды жолдан былай тұр деп, қойша үйіріп, сабап жүретін пристав-стражниктері қайда? Онда, «жұмысқа керек» деп, жиылған қазақтардың астарынан аударып алып жататын аттары қайда? Онда етектері далиып, мойындарына бір-бір сары жездерін салып алып, ерсілі-қарсылы шауып жүретін болыс, ауылнайлары қайда?

Жоқ, мұның бәрінен де 27-ші ақпаннан бері қазақтың арқасы босаған, аяғы шешілген. Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз, «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес. Ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері:

Елі үшін құрбандыққа жанын берген,

Бит, бүрге, қандалаға қанын берген,

Ұрыдай сасық ауа, темірлі үйде,

Алаш үшін зарығып бейнет көрген.

Заманда басқан аяқ кері кеткен,

Жасымай алашына қызмет еткен,

Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен,

Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір басы үшін жалданбаған,

«Қайткенде алаш көркейер» деген ойдан

Басқа ойды өмірінде малданбаған-

Ғалихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. / «Ғалиханның Семейге келуі». «Сарыарқа». 1917 жыл. 13 қараша./

Міне, баспасөзде Семей қаласында алаш көсемі Әлиханды қарсы алуға жиналған жұрттың көңіл күйі осылайша сипатталады. Мұндағы айтылған тілектерде, жұртының оған деген сағынышты ілтипат, махаббаттарында шек жоқ деуге болар еді. Оның бәрін келтіріп жатпай, жалпы халықтың Әлиханға деген құрметінің қаншалықты екенін аңғартатын, осында оқылған жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңінен үзінді берсек те жарар:

 «Көш бастаған еріміз, Қуанышта еліңіз. Төбеміз көкке жеткендей, көкіректен бүгін кеткендей, Сізді көріп шеріміз. Еліңіздің көріп бұл шағын, Алаш туын һәм бағып, көзбен көріп төленді, көптен бергі теріңіз. Алаш туын қолға алған, қараңғыда жол салған, Арыстаным, келіңіз!»./сонда/.

Барша халқының көсеміне деген қылаусыз сүйіспеншілігі осы жолдарға сиып кеткендей.

Осы халықтың зор құрметіне, шексіз ықыласына Алаш көсемінің дәл осы кездесу үстінде қайтарған жауабы, тіпті, таңдандырады: «Халық! Бұлай  құрмет көрсетулеріңе лайықты еңбегім сіңді деп мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын». Бар болғаны осы.

Әрине, бұл жерде Әлихандай ұлы жүректі ұлтының асыл перзенті сөз таппай сасқаны дегеніміз білместік қана болар еді. Бұл тек халқына қызмет етуден өзге ештеңені ойламаған таза көкіректен шыққан халқының адал ұлының шынайы пейілі екендігі сөзсіз. Неткен қарапайымдылық! Не деген кішіпейілділік! Бұл нағыз данышпанға бітер айрықша қасиет болар. Абайдың даналығын алғаш таныған ұлы жүрек, сол кездің өзінде, өзінің де кемеңгер бітім-болмысынан хабар бергендей болған екен-ау деген ойлар иектейді осындайда.

Кейін осы бір ғажайып әсерлі кездесу туралы, көздерімен көріп, куә болған бірталай қазақ зиялылары баспасөз беттерінде жазып, ойларын бөлісіпті. Солардың бірі Сәкен Сейфуллин осы кездесу туралы: «Семейде Әлекеңді ел құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады»- деп жазыпты. Кейбіреулер «большевик-революционер болған» деп қаралайтын С. Сейфуллин ел тілегімен қоса, өзінің де Әлиханға деген зор құрметін аңдатып отыр емес пе? Кейде, тырнақ астынан кір іздеп, шолақ ой түйетіндерге не айтарыңды білмей, санаң шарқ ұратыны болады…

Жалпы ұлылардың бір-бірін өзгелерден көш ілгері байқауына еріксіз таңданасыз, Семейдегі көсеммен кездесудегі толқулы жұртының көңіл-күйін дөп басқан Сұлтанмахмұт ақынның осы 1917 жылы, бірақ,  Семейдегі Әлиханды қарсы алудан сәл кейінірек, 17 желтоқсанда оны Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағалығына сайланғанда, тағы да ең алдымен жұртының жүрекжарды тілегін жеткізіп, былайша ағынан жарыла жыр жолдарын төккен екен:

 «Ассалаумағалейкүм, данышпаным, қамын жеп мұсылманның алысқаным, көп айдың көрмегелі жүзі болды, жүрмісің, аман-есен, арыстаным!».

Жалпы қай заманда болсын, ел тілегін жеткізер ақындар болғанына дау жоқ. Жиырмасыншы ғасырдың басында Абайдың ақын серіктерінің бірі Көкбай Жанатайұлы Әлиханға деген ел махаббатын былайша сипаттаған екен: «Қарағым, жалғызымсың қазақтағы, ұл тумас сендей болып аз-ақ тағы, өгіз өліп, болмаса арба сынып, өмірің өткен жансың азаптағы…»

Сұлтанмахмұт ақын алаш көсемін «алаш туын қолға алған көш бастаған еріміз» деп жырға қосса, Сәкен Сейфуллин Әлиханды «елдің құдайдан сұрап алған жалғызы» деп сипаттаса, Көкбай ақын «қазақтың жалғызы» деп дараласа, бұл  жыр жолдарының ұлт көсемі Әлиханға берілер ең әділетті баға екеніне  осы күнгі ұрпақтың да келісері кәміл. Ұлт көсемінің әрбір ісі мен бастамалары, алаш мүддесін көздеген мазмұнды  сөздері, ұлтшыл жүрегінен шыққан жалынды лебіздері біздің заманымыз үшін де маңызын жоймақ емес.

Досжан Әмір,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.

Мәміленің жарамсыздығы және мәміленің түрлері

Азаматтық заңнамада мәміле нысанына белгілі бір талаптар бар. Осылайша, екі...

Азаматтық істердің соттылық мәселесі

Бүгінгі күні барлық соттар үшін ортақ болып соттардың азаматтық...

Шарттық даулар

Шарттық даулар – тараптары ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, азаматтар бола...

Сот отырысы хатшысының жұмысы

Сот отырысының хатшысы соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде...

Әкімшілік істегі медиация

Медиация, медиатор деген ұғымдардың елімізде пайда болуына Қазақстан Республикасының...