12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алқабилер соты төреліктің әділ өтуіне ықпалын тигізеді

2006 жылғы 16 қаңтардағы «Алқабилер туралы» заң қабылданып, соған сәйкес 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер соты қолданысқа енгізілді. Ол кезде алқабилер қатысатын сот құрамы облыстық және оған теңестірілген соттарда әрекет етті және аталған санаттағы істерді қарауға екі судья мен тоғыз алқабидің қатысуы тиіс болатын.
Дүниежүзіндегі (АҚШ, Ресей және т.б.) сот алқабилерінің классикалық моделіне сәйкес, алқабилер соты бір судья және он екі алқабиден құралады. Қазақстанда 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттарда алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында да алқабилер сотына баса мән беріп: «Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істер санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократия­ландыруға және қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді» деді.
Судья сотталушыларды, соның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сот­талушыларды және олардың қорғау­шыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып алдын ала тыңдауды жеке-дара өткiзедi. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында, не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.
Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өтiнiшхатын растаса, судья оны қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды. Бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушы ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
Сотталушы істі алқабидің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қарайтынын көрсетедi және сот отырысына шақырылатын алқабиге кандидаттар санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауы тиiс.
Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттарды iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi. Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу Қылмыстық-процестік кодекстің 639-бабының талаптары орындалғаннан кейiн, төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы, өздiгiнен бас тарту туралы, қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу, алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
Сотқа шақырылған алқабиге кандидаттар саны жиырма бестен кем болса, не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын бірыңғай және қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге бірыңғай және қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады. Жалпы тәртіп осындай.
Қылмыстық процестік кодекстің 631-бабының талабына сәйкес,
1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру;
2) бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;
3) террористік және экстремистік қылмыстар;
4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыс­тар;
5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істерді алқабилердің қатысуымен қарайды. Қылмыстық кодекстің 125 (үшінші бөлігінің 1)-тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында)-баптарында көзделген қылмыстарды да сот алқабилердің қатысуымен қарайды.
Алқабилер сотының ерекшелігі – сот төрелігін жүзеге асыруға кәсіби судьямен бірге арнайы құқықтық білімі жоқ, заңда белгіленген шектеу­лерден өтіп, арнайы таңдап алынған қоғам өкілдерінің қатысуынан көрінеді. Алқабилер қатысқан сот процестері, қаралған істер, тәжірибе көрсеткендей өте жоғары деңгейде өтеді. Өйткені, алқаби құрамындағы адамдардың көзін жеткізу үшін мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының уәжі мен дәлелі өте сауатты әрі нанымды болуы қажет.
Алқабилер – қарапайым халықтың өкілі. Халық атынан сотқа қатысып отырғандықтан олардың жауапкершілігі аса жоғары болуы шарт. Алқабилер соты төреліктің әділ өтуіне ықпалын тигізеді, бұл жүйе халықаралық стандарттарға жақын. Сотқа қатысушы тұлғалар құқықтық жағынан барынша қорғалады, сотқа деген қоғамның күмәнді көзқарасы өзгереді. Сонымен қатар, бұл жүйе сот жүйесін одан әрі жетілдіре түседі. Алқабилер институтының қажеттілігі жылдар өткен сайын айқындала беретіні сөзсіз.

А.Сабыров,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Мәміленің жарамсыздығы және мәміленің түрлері

Азаматтық заңнамада мәміле нысанына белгілі бір талаптар бар. Осылайша, екі...

Азаматтық істердің соттылық мәселесі

Бүгінгі күні барлық соттар үшін ортақ болып соттардың азаматтық...

Шарттық даулар

Шарттық даулар – тараптары ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, азаматтар бола...

Сот отырысы хатшысының жұмысы

Сот отырысының хатшысы соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде...

Әкімшілік істегі медиация

Медиация, медиатор деген ұғымдардың елімізде пайда болуына Қазақстан Республикасының...