Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сот алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстар туралы істерді қарайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116 (екінші және үшінші бөліктерінде), 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 146 (үшінші және төртінші бөліктерінде), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 249 (екінші бөлігінде), 317 (төртінші бөлігінде), 335 (төртінші бөлігінде), 337 (төртінші және алтыншы бөліктерінде), 345 (төртінші бөлігінде), 345-1 (төртінші бөлігінде), 346 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында) баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істерді де сот алқабилердің қатысуымен қарайды.
Бірақ, аса ауыр қылмыстар туралы істердің кейбір құрамдары аталған тізімге енгізілмеген, оларға төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру (1), бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар (2), террористік және экстремистік қылмыстар (3), соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар (4), қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар (5) және соңғысы кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы (6) аса ауыр қылмыстар туралы істер.
Тағы бір ерекшелік, егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхат мәлімдесе, соттың оны алқабилердiң қатысуымен қарауы барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодесінің 11-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, жасалғаны үшiн аталған кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
Яғни, бір қылмыс бойынша жазаның түрі он екі жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген болса, немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер орын алатын болса, ондай істерді, жоғарыда аталған ерекшеліктерді сақтай отырып, алқабилердің қатысуымен қаралуы мүмкін.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабында көрсетілген жазаның түрі, яғни бас бостандығынан айыру жазасының мөлшері жағынан, аса ауыр қылмыстардың санттарына жатқызылып ондай істер бойынша сот процесі алқабилердің қатысуымен қаралуы мүмкін.
Ал егер, бұзақылық ниетпен екi немесе одан көп адамды өлтіруге қатысты қылмыстық іс бойынша үш сотталушының бірі істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат келтірсе, онда қалған екі сотталушының істі жалпы түрде қарау туралы өтініштері, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 361-бабының үшінші бөлігінің негізінде, қанағаттындарусыз қалдырылып, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралуға жатады.
Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқабилердiң қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заң ол «Алқабилер туралы» 2006 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы.
Алқабилерді іріктеу процесіне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесі және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады.
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынуға міндетті.
Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді.
Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар, өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар, алпыс бес жастан асқан адамдар және дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.
Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге міндетті.
Азаматтың дәлелсiз себептермен келмей қалуы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен заңға тиісті мөлшерде сыйақы төлейдi.
Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi.
Сонымен қатар, алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады.
Ал алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде, оның негiзгi жұмыс орны сақталады.
Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi, осы себептермен сот алқабилерді іріктеу сатысында алқабиге кандидаттың жұмыс орны туралы ақпаратты толығымен сұратып алады, себебі кейбір қызметкерлер, жұмыс орнын тастап кете алмайтындай жағдайлары болып жатады.
Сотта мiндеттерiн атқару кезiнде алқабидiң тәуелсiздiгi сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен және сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидiң қызметiне кiмнiң болса да араласуына жауаптылық қаупi арқылы тыйым салумен қамтамасыз етiледi.
Ал алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Дархан Бейсов
Ақмола облысы, қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы


