Бүгінгі күні өзгеге жақсылық жасап, оны әлеуметтік желіге жариялауға асығатындардың саны артып барады. Жақсылықты әркім өзі үшін жасайтындығы, оны жария қылудың қажеті жоқтығын айтқанда, өзгеге үлгі болу басты мақсат екендігін алға тартады. Әрине, ол әркімнің өз таңдауы. Алайда, көптің алдында болып жатқан іс-әрекет ешқашан жасырын қалмауы керек. Сонымен қатар, блогерлер де қоғамда алатын орындары болғандықтан, заң аясындағы шектеулерге бағынуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар бойынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте блогерлердің келісімшарт жасасуы жөнінде мәселе қозғады. Ал бұл мәселеге қатысты қоғам арасында пікірлер әртүрлі.
Динара БОЛАТ, блогер, қоғам белсендісі: «Блогерлер халықты адал табыс табуға үйрету керек» Шынымен соңғы жылдары әлеуметтік желі бойынша және сондағы оқырмандар арқылы қайырымдылық жасау шаралары көбейіп кетті. Алайда, оның заңдылығын, қаржының көзделген мақсатта жұмсалып жатқандығын тексеріп отырған ешкім жоқ. Мен де блогермін. Блогер болғандықтан әртүрлі жағдайларды басымыздан кешіп жатамыз. Осы қаржылай көмек жасау бойынша, әсіресе дертке шалдыққан балаларға байланысты ұсыныстар көп келеді деп айта аламын. Сол кезде өз басым баланың құжаттарын толық тексеріп шығуға тырысамын. Кейде диагноз қойған дәрігердің өзін ғаламтор арқылы табу қиынға соғады. Ондай кезде ол ұсыныстан бас тартамын. Жалпы соңғы уақытта мен бұл көмектердің санын азайтып жатырмын. Себебі, мен онколог дәрігермен сөйлестім. Оның айтуынша, егер емдеп жазуға болатын дерт болса, оның емі Қазақстанда да бар екен. Ал емдеуге келмейтін дертке шалдыққандар соңғы үмітін уысына түйіп алып, еміне қаржы сұрайтындығы жөнінде айтты. Жалпы, блогерлер ауқымды науқан (акция) ретінде тікелей эфирлер жүргізіп, минут, сағат санап ақша жинап баспана алып беретін қор ретінде өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Естуім бойынша, бұл шараны өткізіп бергендігі үшін жиналған қаражаттан алатын өздерінің үлесі де бар екен. Сол үшін менің ойымша, бұл іс-әрекеттерді заңдастырып, тексеру қажет. Сонымен қатар, біз халықты дайын асқа, жеңіл ақшаға үйретіп жатқанымызды байқамаймыз. Мұның артында «кез келген блогер мәселемді шеше алады, сұрасам қаржы береді» дегендей үміт пен жалқаулық араласқан бір ой болады. Ал негізінде, біз – блогерлер, халықтың көзін ашып, табыс тауып, еңбекпен нан табу жолдарын көрсетіп, өз бетімен әрекет етуге үйретіп отыруымыз керек. Әрине әркімнің басында болуы мүмкін жағдайлар бар. Нағыз көмек көрсету қажет сәттер де кезігеді. Алайда, қандай жағдай болмасын барлығы заң жүзінде орындалуын құп көремін.
Гүлмира ҚАРАСАЙ, қаржылық істер бойынша заңгер: «Жеке тұлға қайырымдылық үшін деп ешкімнен ешқандай ақша жинай алмайды» Жалпы, қайырымдылыққа ақша жинау бар және жиналған ақшаны біреуге көмек ретінде беруде бар. Яғни, бұл жерде екі азаматтық құқықтық қарым-қатынас туындайды. Бірінші азаматтық құқықтық қарым-қатынас – ақша жинайтын блогер мен сол блогерге қайырымдылық ретінде ақша жіберетін адамдар (оқырмандары) арасындағы қарым-қатынас. Заң бойынша қайырымдылыққа қаражат жинауды жүзеге асыру – тек қана заңды тұлғаға рұқсат етілген. Яғни, заңға назар аударатын болсақ, жеке тұлға қайырымдылық үшін деп ешкімнен ешқандай ақша жинай алмайды. Заң бойынша бұл ҚР Әділет департаментінде тіркелген заңды тұлға, қайырымдылық қор болуы тиіс. Тіркелген соң оның БИН нөмірі (бизнес идентификациялық нөмір), мекенжайы және міндетті түрде заңды тұлғаның банктегі есепшоты болады. Ал блогердің есепшоты физикалық тұлға (жеке тұлға) ретінде бөлек. Егер блогер қаржы жинайтын болса, ең алдымен заңды тұлға ретінде қайырымдылық қор ашып, оны компания ретінде тіркеген соң ғана сол заңды тұлғаның есепшоты ашылады. Оқырмандардан түсетін ақша блогердің жеке шотына емес, осы қайырымдылық қордың заңды тұлғаның есепшотына түсуі керек. Ал екінші қарым-қатынас – блогермен немесе осы қайырымдылық қор мен мұқтаж адамның (баспанаға, емге) арасында туындайды. Бұл қарым-қатынастың басты талабы – қайырымдылық қордың яғни заңды тұлғаның есепшотына түскен қаржыны сол мұқтаж адамның есепшотына аудару керек. Оның қолына қолма-қол беруге болмайды. Сонымен қатар, бұл жерде екі тұлғаның арасында келісімшарт болады. Жалпы көп жағдайда қаражат баланың еміне жиналады. Мысал ретінде келісімшарт үлгісі мынандай болады: «*** қайырымдылық қоры жиналған 100 млн. теңгені *** жылы туған, ИИН нөмірі: ************баланың еміне берді». Бұл қаражат баланың еміне арналып, оның ата-анасының біреуінің шотына түскен соң, ол адам қаражатты басқа біреудің еміне, баспана, көлік алуға қолдана алмайды. Қаражат тек қана сол баланың еміне ғана қолданылады. Еміне не нәрселер жатады? Оған: дәрі-дәрмек алу, ақылы дәрігерлік қызметтерге жүгіну, шетелге емделетін болса жолға жұмсау, жататын орнына төлеу, емханаға қаралғанына төлеу сынды әртүрлі қызметтер жатады. Сонымен қатар, тағы бір есте ұстайтын дүние: әр сатып аларда төленген заттың квитанциясын алып отыру керек. Яғни, сол қаражатты мақсатты түрде жұмсау керек. Жоғарыда айтылған бірінші қарым-қатынасқа (блогер мен оқырман арасындағы қарым-қатынас) қайта оралатын болсақ, осы тұста барлығы анық, еш жасырусыз көрініп тұруы үшін, оқырман блогерден немесе қайырымдылық қордан есеп талап ете алады. Сондықтан қайырымдылық қор өзінің қызметін ашық көрсетуі тиіс. Елімізде көптеген қайырымдылық қордың сайттары бар және ол жерде белгілі бір уақыт аралығындағы қанша қаражат жиналғандығын, жылдық есепті нақты сандармен көрсетеді. Қандай балаға қанша қаражат жиналып, жалпы еміне қаншасы жетпей қалғандығы жөнінде де үнемі ақпарат беріліп отырады. Ал енді блогерлердің өзінің каспи голдына ақша жинауына тоқталатын болсам, бұл нәрсеге мен түбегейлі қарсымын. Бұл біріншіден, заңға қайшы. Екіншіден, блогерге деген оқырмандар тарапынан сенімсіздік туындауына әсер етеді. Кейбір блогерлер өз шотына ақша жинап, мұқтаж жандарға баспана алып беріп жатыр, бірақ сол іс-әрекетін жариялап салған постының астына әртүрлі пікірлер жазылады. Сол себепті, өзіңнің ар-намысыңа ешқандай кір келтірмес үшін, әр іс-әрекетті ашық көрсеткен жөн. Яғни, қайырымдылық жасағыңыз келсе заң аясында қайырымдылық қорын ашып, соның есепшотына қаржы жинау керек. Сонымен қатар, кейін салық комитеті, прокуратура тексерген уақытта, жасалған істер жөнінде есептеріңіз дайын тұрады. Бұл заң алдында да, халық алдында да арыңыз таза екендігіне дәлел болады. Тағы бір айта кететін маңызды жайт – қайырымдылық қор өзінің жұмыс жасайтын бағытын, миссиясын, атқаратын қызметін анық көрсетуі тиіс. Мысалы, қайырымдылық қорда жарғы (уставка) болады, сол жарғыда «Баспанаға мұқтаж отбасыға көмектесу», «Жастардың кәсібін ашуға көмектесу», «Аутизммен ауыратын балаларға көмектесу» немесе «Жалғыз басты аналардың кәсібін бастауға, аяққа тұруға көмектесу» деген сияқты дәл осы әлеуметтік мұқтаж топтың қайсысына және қалай көмектесетіндігі туралы миссиясы әрбір қайырымдылық қордың жарғысында көрсетілуі міндетті. Яғни, бұл қор туралы ақпарат баршаға белгілі болуы керек. Осы қайырымдылық қор туралы ақпарат салық комитетінің және қордың өз сайты болса сол жерде көрсетіліп тұруы қажет. Мысалы, «Көпбалалы аналардың балаларын оқытуға көмектесу» деген қызметтегі қайырымдылық қор екендігі жарғысында көрсетілген болса, демек көпбалалы ана осы қайырымдылық қорға өтініш жазып, жүгінуге құқылы. Өтініш үлгісі бойынша: «Өтінемін, менің осындай жастағы балам колледжге немесе осы университетке грантқа түсе алмай қалды. Оның оқуына ақшалай көмек беруіңізді сұраймын» деп жазу керек. Бұл жазылған өтінішті қайырымдылық қордың басшысы қарайды. Егер қордың есепшотында қаржы бар болса, онда ол сұраған адамға көмектесуі қажет. Әйтпесе, қазіргі таңда қаржыны өз есепшотына жинап және кімге көмектесу керек деген сауалға жауапты блогердің өзі беріп отыр. Негізінде бұл нәрселер заң бойынша шешілуі керек. Кімге көмектесу керектігін блогер емес, қайырымдылық қор өзінің жарғысында жазылғаны бойынша анықтауы тиіс. Сонымен қатар, қайырымдылық қорда басшы ғана емес, өзінің кеңесу мүшесі бар. Ол мүшеге кіретін белгілі бір адамдар көрсетіледі. Кеңестегі мүше адам саны кемінде үшеу болуы керек. Олар бірігіп шешім қабылдайды және қор көмектесетін не көмектеспейтін өтініш берушілерге оның негізгі себебі көрсетіледі. Төменде көрсетілген 15 және 16-баптар бойынша, қордың нақты көмек беретін сферасы мен шешім қабылдайтын қамқоршылық кеңесі болуы керек. Қамқоршылық кеңестегі адам саны екі адамнан көп болуы керек. Мысалы, үш немесе бес адам. Олар өзара ақылдасып, көмек беретін адамның құжаттарын тексеріп, шешім қабылдайды. Ал мұны жалғыз блогер атқара алмайтындығы айтпаса да түсінікті. Жалпы қайырымдылық қорды тіркеп, қаржыны соның есепшотына жинау блогер үшін де, қаржыны жіберген адам үшін де тиімді екенін ескеру қажет. Өйткені, біріншіден қаржылай көмек беруші адам беріп жатқан қаржысының қайда кетіп жатқанынан хабардар болады. Екіншіден, «қаражаттың жартысын өзіне алып алды» дегендей артық әңгімелер болмайды. Қарапайым мысал: блогер өткен айда қайырымдылыққа қаржы жинап, осы айда шетелде демалып жүрсе, «жинаған ақшаға демалып, қыдырып жүр» деген алып қашпа әңгімелерден ада болатын еді?!
P.S Блогерлердің қателігі немес заңбұзу әрекеттері: Блогерлердің көп жіберетін қателігі деп мына дүниені айтар едік. Мәселен, кофейняға барсаңыз, «Мен бүгін 5 мың теңге салдым, кешке дейін 20 мыңға айналдырып аламын. Егер қызықтырса сілтемеге өт» деп жарнама жасап тұрады. Сол сілтемеге кірсеңіз, онлайн ойындар шыға келеді. Еілімзде лоторея ойнату үшін және казино қызметін қаланың сыртында орналасқан, арнайы компания ашып, салық төлеп, тек қана рұқсатпен жұмыс жасауға болады. Ал өкінішке орай, бізде онлайн казинолар бар және оны жастардың өздері жарнамалап жүр. Әсіресе, 16-25 жас аралығындағы жастар осындай өрескел қателік жіберіп жатыр. Жалпы, осындай лоторея мен онлайн казиноларды жарнамалағаны үшін блогерлерді жауапқа тарту қажет деп есептеймін. Оларға мұның дұрыс емес екендігін айтқанда: «Мен білмей қалдым, жарнамаға ұсыныс түскен соң жарнамалай салдым» дегендей ақталуларын айтады. Алайда оқырманына жариялаған 16 жастағы жасөспірім сол жарнамасымен өзге 16 жасар балаларды құмар ойынға тартып отырғанын түсінуі керек. Заң ортақ. Қарапайым жасөспірімді жалған ақшамен қызықтырып, құмар ойындарына, әртүрлі заңсыз табыстарға итермелеу, олардың психикасын бұзу адам ретінде де, заң шеңберінде де үлкен қылмыс, ауыр күнә. Осы жауапкершілікті табысты блогер, пиарщиктер түсінетін күн туды. Интернет беттері мен әлеуметтік желілерде оларға заңмен тыйым салу, құқықтық жауапкершіліктерге тарту дер кезінде, орынды қозғалып жатқан мәселе. Тек көп ұзатпай бұл жағдайдың барлық қырлары заңмен реттелуі қажет.
Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
БІЛГЕН ЖӨН: Қайырымдылық туралы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 402-V ҚРЗ. 8-бап 2. Қайырымдылық ұйымы: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға; 2) өз мүшелеріне (қатысушыларына) олардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен және шешімдермен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге; 3) өз мүшелеріне (қатысушыларына) мүліктің түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге міндетті Қайырымдылық ұйымының жарғысы 1. Қайырымдылық ұйымы жарғының негізінде әрекет етеді. 2. Қайырымдылық ұйымының жарғысында: 1) қызметтің атауы, нысанасы мен мақсаты көрсетілуі тиіс 16-бап. Қайырымдылық ұйымының басқару органдары 1. Қайырымдылық ұйымының жарғысында көзделген тәртіппен қалыптастырылатын алқалы орган — қамқоршылық кеңес қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органы болып табылады. 2. Қамқоршылық кеңес қайырымдылық ұйымының атқарушы органын тағайындайды, қайырымдылық ұйымы қызметінің оның жарғысының мақсатына сай болуын бақылауды, сондай-ақ жарғыда бекітілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.