АЙТЫЛУЫ ТИІС АҚИҚАТ

Қазақстандық журналистиканың тәуелсіздік жылдардағы тәжірибесінде БАҚ-қа бақылау жасайтын екі құрылым болған. Бірі – билік, екіншісі – саяси партиялар, сирек жағдайда ғана жеке тұлғалар. Бұрын осы екі тарап бір-біріне қарсы жұмыс істеп, бір-бірінің жұмысын жоққа шығаратын. Билік пен оппозиция басылымдары баррикаданың екі жағындағы жауынгерлер сияқты қазақ баспасөзінің дамуын тежеді, оқырманды екіге бөлді. Яғни, біздің БАҚ-қа әу бастан өзіміз жиі айтатын обьективті көзқарас қажет еді.

Бұның бәрі бірінші кезекте журналистиканың қаржыға тәуелділігін көрсетті. Салыстырмалы түрде біз батыс басылымдары әу бастан мемлекеттен қаржы алмайтынын айтамыз. Әрбір газеттің өз иесі бар. Мысалы, неміс газеттерінің 40 пайыздық үлесі «қожайындыкі» болса, 60 пайызы журналистердікі. Яғни, газет журналистері
ешбір саяси ұйымға тәуелсіз. Сол себепті де олар «қоғамның ғана сөзін сөйлейміз» дей алады. Біздегі біраз құрылымдар мен журналистік мекемелердің кейінгі жылдары сатылып, жекеменшікке өткенімен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Саяси партиялардың қоғамдағы белсенділігі мен беделі әлсіреді, бірақ, сонда да
журналистика өзінің тәуелсіздігін, еркіндігін, сөз бостандығын алған жоқ. Неге? Кәсіби мереке тұсында бұл ақиқаттың ашық айтылуы тиіс шығар. «Айтылмаса сөздің атасы өледі». Сонымен, тәуелсіз БАҚ ұстанымы қазақ журналистикасынан қалай алыстады?
Әлеуметтік желі белсенділігі мен жаңа медианың пайда болуы онсыз да ілдәлдәлап, әр мекемеге жәутеңдеп «әл» жинап отырған дәстүрлі баспасөздің сапасын ғана емес, беделін де одан әрмен төмендетті. Бір «медианың корпорацияларға», «корпорациялардың ЖШС-ларға» айналуы журналистикаға еркіндік, жаңа серпін емес, кеңес өкіметі кезіндегі журналистиканың жаңартылған кішкентай ғана бюрократиялық «модулін» жасап берді. Енді мұндай тұсаулы аттан қандай финиш, қандай алтын күтесіз?!
Есесіне осы кішкене «модуль» журналистерінің әлеуметтік желідегі белсенділігі артты. Және ол қандай белсенділік? Өкінішке қарай, ол кәсіби миссияға адалдық, ақпаратқа бейтараптық, обьективті көзқарас тұрғысындағы белсенділік емес, ол қайраткерлік, жағымпаздық, кәсібін сатып тапсырыспен мақала, көпшік қойып шенеунікке пост жазу тұрғысындағы белсенділік. Кішкене «модуль» басшылары ешкімнің жеке
парақшасындағы еркіндігіне шектеу қоймайды, өзінің парақшасында ол тәуелсіз. Демек, журналист өз кәсібінің «айғайшысы» емес, азат ойдың, тәуелсіз ақпараттың жаршысы екендігін сезіну керек. Оған әр әкімді бір түгендеп, айтулы ханымдардың амандығын тілеген, шенеунікті шірендіріп немесе өзінің «от пен оқтың ортасында» жүрген қандай қаһарман журналист екенін айтып күпінген, я болмаса ғаламның қасіретін
айтып күңіренген дана, дара образы ұнайды.
Журналистиканы жеке мүддесіне пайдаланудың, осындай артық мақтау, мадақ айтудың нүктесі қойылар кез әлдеқашан келді. Бұл әрекетті бүгін қазақ журналистері бастамаса, қоғамдағы ләппайшыл, жалтақтық, әріге тереңдесек, сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа тұсау да салынбайды, журналист беделі де артпайды. Әркімнің өз парақшасына өзі ие екенін айттық, ендеше бұл тұста кәсібін бұлдағыш көп әріптеске базына айту – біздің біреудің жеке кеңістігіне бас сұққанымызбен, кәсіби этика нормаларынан аттағанымызбен бірдей шығар.
Бірақ қалай десек те, бұл құбылыстардан бүгінгі журналистикадағы біз санамалаған адами да кәсіби өлшемдерге қарсы мінездердің салтанат құрғанын көре беретініміз өкінішті. Егер журналистика, журналистер БАҚ-та, әлеуметтік желіде осындай кәсібилікке жат, жағымпаз, тәуелді санадан арылмаса, жаңа медиа сипатына өте алмайтыны, бәсеке көшінде шаң қауып қалатыны, содан соң алақан жайып, сауын айтумен отыра беретіні анық. Мемлекеттік қызметкердің, тиісті орган шенеуніктерінің журналиске тапсырыспен
есептік немесе науқандық, ұраншыл мақалаларын жаздырту – негізі журналистиканы мәртебе көретін қоғамда нонсенс болуы керек-ті. Журналистикаға қалай десек те, жаңа серпін, жаңа көзқарас, жаңа бағыт керек. Одан қазақ журналистикасы дәстүрлі медиа сипатынан айырылып, журналист ақпаратты тарату міндетінен жаңылып қалмайды.
Журналистикада «идеологиялық соғыстың негізгі жауынгері», «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ», «журналистикадағы жанкештілік» дейтін логин сөздердің де сіңірі әбден созылды. Шерхан Мұртаза ағамыз журналиске алтын арқалату мен жантақ жегізуді мәңгілік ұранға айналдыру үшін айтпағаны анық. Жаңа медиа ондай жасампаз, өзімізді алдаусырататын жауыр ұрандарға емес, жаңашылдыққа бет бұрды. Рас, бүгінгідей қиын жағдайлардан ақпарат, хабар таратып журналистер елеулі еңбек сіңіріп жүр. Журналистиканың әуелгі міндеті де осы. Қандай жағдайда да халыққа шынайы, бұрмалаусыз, анық ақпаратты ұсыну. Ендеше, аузымызды толтырып алып, айналаға өкпе арта беру артық. Журналист еңбегі ресми орындардың марапатымен, статус белгілеуімен емес, қарапайым халықтың шынайы ақпарат көзі ретінде
тануымен, бейтарап медиа, тәуелсіз журналист ретінде бағалап, танып, сыйлауымен өлшенеді. Бүгінгі тәуелсіз ел журналистикасы осындай әділетті бағаға ие болу үшін еңбек етуі керек.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Алатау – жаңа даму нүктесі: Қазақстан не үшін жаңа қала құрып жатыр? 

Қазақстанда әкімшілік-аумақтық құрылымды реформалаудың жаңа кезеңі басталып отыр. Бұл мемлекет басқару жүйесін қазіргі экономикалық және демографиялық сын-қатерлерге бейімдеуге ұмтылысын көрсетеді.

Елімізде пәтерақының жартысын мемлекет төлеп береді: Көмекті кім ала алады? 

Қазақстанда 2022 жылдың сәуірінен бастап жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы жұмыс істеп келеді.

Қазақстанның үш аймағында жаңа су электр станциялары бой көтереді

Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр.

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін тексеріс күшейді

Алматыда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері, соның ішінде түнгі жарыстар көбейгені анықталған.

Елімізде жаңа арзан ипотека бағдарламасы іске қосылады 

Үкімет елдегі көмір электр станцияларын дамытуға арналған 7,5 трлн теңгелік бағдарламаны бекітті.