Халықтың заман талабына сай болуы үшін қарапайым қажеттіліктер мен игіліктердің болуы аса маңызды екені сөзсіз. Көп жағдайда ауыз су, жол, кәріз, жарық сияқты әлеуметтік мәселелердің сын садағына ілініп жатқанымен мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобалардың арқасында біртіндеп болса да іс жүзінде жүзеге асырылып, пайдалануға беріліп жатқанын атап өткен жөн. Бюджет қоржынынан бөлінген қомақты қаражаттың арқасында Ақмола облысында да инженерлік инфрақұрылымдық және тұрғын үй-коммуналдық саладағы жобалар рет-ретімен шешімін тауып жатыр.
Аймақты жылдар бойы алаңдатқан аса өзекті жайлардың бірі – ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі. Қазіргі таңда өңірдің қалалық аумақтарында ауыз сумен қамтылу біршама өсіп 97,8 пайызға жетсе, ауылды елді мекендердің 95,2 пайызы ауыз сумен қамтылыпты. Әсіресе, ауылдағы қарапайым ағайынға орталықтандырылған судың үйіне дейін жеткізілуі аса зор қуаныш. Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше бүгінге дейін облыстағы 589 ауылдың 393-і орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, әлі де болса тасымал суға күні қарап отырған ауылдар да баршылық болып тұр. Сондықтан су құбырларын жаңарту және жаңадан тарту мақсатында биылғы жылы өңірдің бюджет қоржынынан 31 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 66 бірдей сумен қамту жобалары қолға алынған. Аталған жобалардың ішінде 42-сін осы жылы аяқтау көзделіпті. Қалғаны келер жылға қалмақ. Ауыз сумен қалалы жерлерді де қамту жайы аса күрделі мәселе. Биыл өңірдің қалаларында суға қолжетімділік көрсеткішін 99 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Аталған мақсатты жүзеге асыруға жалпы сомасы 9,9 миллиард теңге қаражат бөлінген үш жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Жобаларды толықтай аяқтау үшін республикалық бюджеттен 2,1 миллиард теңге бөлінген. Ал ауылды аймақтарда сумен қамту жайы едәуір күрделірек. Дегенмен облыстың 16 ауылын сумен қамту жайы осы жылы шешімін табады деп күтіліп отыр. Аталған мақсатқа бюджеттен 10,1 миллиард теңге бөлініп, алтын бесік ауылды мекен еткен 7 мыңнан астам тұрғын сумен қамтылатыны мәлім болды. Бұл жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жобаларды соңына дейін аяқтауға биыл республикалық бюджеттен тағы 3,6 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ өңірдің 48 ауылында тұрып жатқан 6,4 мыңнан астам тұрғынды биыл блок-модульды сумен қамтамасыз ету жоспарланыпты. Жалпы өңірдің 141 ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін сумен қамту нысандарының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алу көзделген. Атап айтқанда, 45 ауылда сумен қамту желілерінің құрылысы басталмақ. Мұның ішінде 32 ауылға су тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп қойған. 25-і бойынша құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Сондай-ақ жеті жобалық құжаттама республикалық бюджет қоржынынан қаржыландыруды қажет етсе, 13 жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.
Мұнымен қоса 96 ауылда келер жылға дейін кешенді блок-модульдер орнату көзделіп отыр. Осылайша өңірде 2025 жылы халықты толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аймақта электрмен қамту мәселесі де біртіндеп болса да шешімін тауып келе жатқанын атап өткен жөн. Биылғы жылы электр желілерінің құрылысын жаңғырту бойынша 9 жобаны жүзеге асыру көзделіп, оған 2840,2 миллион теңге сомасында қаражат бөлінген. Сондай-ақ, Целиноград ауданына қарасты Тайтөбе ауылы, Қосшы және Көкшетау қалаларында 3 жобаны жүзеге асыру арқылы 56 шақырымнан астам электр желілерін тарту көзделіп отыр. Өңір елдімекендерінде көшелерді жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл аталған мақсатқа 366,7 миллион теңге қарастырылған. Бөлінген қаражатпен Ерейментау, Бұланды, Жақсы аудандарында 13 жоба арқылы 48 шақырым электр желілерін тарту мақсаты қойылған. Аймақта тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жайы біртіндеп болса да жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы Елорданың айналасында орналасқан Целиноград ауданына қарасты Қоянды, Ыбырай Алтынсарин, Қаражар, Қараөткел, Қызылсуат ауылдарын, сондай-ақ, Қосшы қаласын, Аршалы ауданының орталығы Аршалы кентінде 211 шақырым газ желісінің құрылысын жүзеге асыру жоспарланған. Аталған елді мекендерде 102 мыңнан астам халық тұрады. Жалпы ұзындығы 1539 шақырымды құрайтын газ құбырларын тарту көзделген жобаның жалпы құны 29,5 миллиард теңгені құрап отыр. Жоғарыда аталған ауылдарға газбен қамтитын 7 жобаның құрылыс жұмыстарына «Самұрық-Қазына» қорынан 7,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер компаниялармен келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше бүгінге дейін жоспардың 32 пайызы орындалып, бөлінген қаражаттың 2,6 миллиард теңгесі игерілген. Сөйтіп, 211 шақырым газ желісінің 3 жобасы бойынша Ыбырай Алтынсарин және Қоянды ауылдары мен Қосшы қаласында 54 шақырым газ құбырлары салынған. Биылғы жылғы жоспарға сәйкес Ыбырай Алтынсарин және Аршалы кентіндегі 2 жобаның құрылысын аяқтау көзделсе, 5 жоба келер жылға қалдырылмақ. Осылайша аталған елді мекендерде тұратын 3,6 мыңнан астам абонент орталықтандырылған газ жүйесімен қамтамасыз етілмек. Қазіргі уақытта облыста көп қабатты тұрғын үйлерді топтық резервуарлық қондырғылар арқылы орталықтандырылған газбен қамту тек облыс орталығы Көкшетау қаласында ғана жүзеге асырылған. Шаһарда қазіргі уақытта 246 газ тарату қондырғылары бар. Оның ішінде 114-і қалпына келтіріліп пайдалануға берілген. Коммуналдық меншікке тиесілі 101 газ тарату қондырғысының 43-і пайдаланылады. Қалған қондырғы өкінішке орай бұзылған жарамсыз күйінде жатыр. Газ тарату қондырғыларының негізгі бөлігі яғни 145 бірлігі «Көкшетау ТрансГаз» компаниясы мен жеке кәсіпкер М.Темерхановтың жеке меншігінде. Дегенмен, бұл қондырғылардың да тек 81-і пайдаланылып келеді. Бұған дейін облыс орталығында 598 көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын 35 мыңнан астам пәтер қамтамасыз етілсе, бүгінгі күні 285 тұрғын үй яғни тек 15 мыңға жуық пәтер ғана орталықтандырылған газбен қамтылған. Аймақта жылу жүйелерінде де түйткілді мәселелер аз емес. Дегенмен біртіндеп шешімін тауып жатқандары да бар. Үкіметтің резервінен Көкшетау, Атбасар және Степногорск қалаларындағы жылу көздеріне жөндеу жүргізу үшін 7,2 миллиард теңге сомасында қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда барлық келісімшарттар жасалып, жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Көкшетау қаласында 3,7 миллиард теңге қаражат бөлініп оның 2,3 миллиард теңгесіне күл үйіндісінің бөгендерін нығайту және пульпоөткізгіштердің тарату жүйесін жаңғыртуға жұмсалған. Келісімшарт «РИКАЗ» компаниясымен жасалып, бүгінде диаметрі 400 милиметрлік пульпоөткізгіштердің тарату жүйесі бұзылып, бөгенді өсіру үшін негізін әзірлеу жұмыстары 45 пайызға орындалған. Сондай-ақ шаһарда жылу желілерін жөндеуге 559 миллион теңге қаражат бөлінген. Тиісті жұмыстарды орындауға «ПромЭнергоНаладка» ЖШС-мен келісімшарт жасалып бүгінге дейін 2,6 шақырым желілерді м о н т а ж д а у ж ұ м ы с т а р ы аяқталған. Өңірдің Көкшетау, Атбасар, Щучинск және Степногорск сияқты ірі қалаларында жылу көздері мен желілеріне қомақты көлемде қаражат бөлініп жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Көзделген жоспарға сәйкес біртіндеп түйткілді мәселелердің бәрі шешіліп қалар деген үміт басым…
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


