
— Бүгінгі күні нашақорлық мәселесі мен есірткі қылмысы қаншалықты өзекті?
— Қазіргі уақытта нашақорлық мәселесі де, есірткі қылмысы да өзекті болып тұр. Біздің қоғамды ғана емес, нашақорлық қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың бірі. Есірткі және оның жағымсыз салдары дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың өміріне елеулі әсерін тигізуде. Бұл есірткіге тәуелді отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қайғысы. Ең өкініштісі, әлеуметтік желілерде, интернет порталдарда ақпараттың шамадан тыс көп болуы жастарға оң ықпалмен қатар, елеулі қаупінде төндіруде. Әсіресе, жастар арасында интернет желісі арқылы синтетикалық есірткі мен психотроптық заттардың таралуы белең алып отыр. Синтетикалық есірткі саудасының ерекшелігі — дилерлер жастардың аудиториясына жұмыс істейді. Олар хабарландыруларды тарату үшін мессенджерлерді, крипто-әмияндарды, боттарды белсенді пайдаланады. ҚР ІІМ мәліметінше, өткен жылы елімізде есірткі дилерлерінің 3 мыңнан астам түрлі сайттары мен Telegram-дағы 1300 интернет-дүкендері құрықталған. Сонымен қатар, бүгінде дәрі-дәрмектердің қол жетімді болуына байланысты ересектерге қарағанда жасөспірімдер нашақорлықтан көбірек зардап шегіп жатыр.
— Нашақорлықтың қалай алдын алуға болады? Қандай əдістері тиімді деп санайсыз?
— 2022 жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауында Мемлекет басшысы синтетикалық есірткінің таралуын ұлт денсаулығына төнетін басты қатерлердің бірі деп атады. Сондықтан Президент синтетикалық есірткімен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін нақты айтқан болатын. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары да әзірленген еді. Ал жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс, Орталық Еуропа және Орталық Азия елдерінің есірткіге қарсы саясаты жөніндегі комиссиясының төрағасы Александр Квасьневскийді қабылдап, кездесу барысында нашақорлықтың және есірткі бизнесінің белең алуына қарсы күреске қатысты ақпарат алу, үздік тәжірибелерді насихаттау бағытында Комиссиямен қарым-қатынас жасау мәселелерін талқылаған болатын. Жалпы, мұның бәрі есірткіге тәуелділіктің алдын алу және есірткіні заңсыз таратуға қарсы күресу үшін жасалынып жатқан жұмыстар. Қазіргі уақытта «Нашақорлыққа жол жоқ!» деп ұрандатып, нашақорлықтың алдын ала алмайсың. Себебі, жастар арасында нашақорлықтың жалпы өсуінде процеске жасөспірімдерді, тіпті балаларды тарту үрдісі байқалады. Бұл қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр және бірлесіп шешу қажет проблемаларды көрсетеді. Демек, мектеп жасынан бастап балаларға есірткінің зияны, синтетикалық өнімді өндіру, сақтау және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні туралы айту керек. Осы тақырып аясында өткізілетін іс-шаралар санын арттыру қажет. Сондай-ақ, бала тәрбиесіне мектеп, университет, орта ғана емес тікелей ата-ана жауапты екенін баланың әкесі мен анасы да терең ұғынып, балаларының немен айналысып жүргенін жіті қадағалау керек. Сонымен қатар, жасөспірімдерге ғана емес, олардың ата-аналарына да есірткіге қарсы ақпараттық-профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.
— Ал елімізде наркологиялық диспансерлер мен оңалту орталықтары жеткілікті ме?
— Білуімше, елімізде 20 психикалық денсаулық орталығы бар. Екі қызмет бір қызметке біріктірілгендіктен қазір олар осылай аталады. Сонымен қатар, қалалық амбулаториялық-емханалық ұйымдар деңгейінде 80-ге жуық бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, аудандық деңгейде 205 психикалық денсаулық кабинеті бар. Республикалық деңгейде психикалық денсаулықтың ғылыми-практикалық орталығы Алматыда орналасқан. Соңғы жылдары медициналық-әлеуметтік оңалту орталықтарын құру жұмыстары күшейе түсті. Бүгінде мұндай орталықтар көптеген өңірлерде бар.
— Елімізде есірткіге қарсы заңның қауқары қандай? Заңсыз есірткі саудасымен айналысқандарға қандай жаза қолданылады?
— ҚР Қылмыстық кодексінің 11-тарауы «Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталады. Бұл тараудың 296-303 баптарында осы есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестерді сату, өткізу, сақтау, тасымалдау, ұйымдастыру, жасырумен байланысты қылмыстар қаралады. Ал есiрткiнi сақтау, өткiзу, өндiру немесе тасымалдау үшiн қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады. Есірткіні сақтаушылар немесе тасымалдаушыларға 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, қандай да бір форумдарда есірткі туралы оң пікірлер білдіріп, үгіттеушілер үшін жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Дегенмен нашақорлыққа қарсы заңдарды қатаңдату керек деп ойлаймын. Қазіргі қолданыстағы 2020 жылғы 10 қаңтардан бастап қылмыстық заңнамаға есірткі қылмыстары үшін «Электрондық коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып» жаңа саралау белгісі енгізілді. Бұл құрам бiрқатар баптар бойынша есiрткiнi сату, оларды дайындауға арналған туындылардың айналымы, есірткі тұтынуға тарту көзделген. Қылмыстар өмiр бойы бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзiмдерi белгiленiп, ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Есірткіні жарнамалау және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл бап бойынша жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Десе де, қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру жазасының мерзімін ұзартса дұрыс болар еді. Себебі, кейінгі жылдары есірткіге әуес жастар мен жасөспірімдер саны едәуір көбейді.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы


