spot_img
spot_img

Айдана Отыншиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультеті, Халықаралық құқық кафедрасының доцент м.а., PhD докторы: Жас ғалымдардың жағдайын жасауға арналған көптеген шаралар қолға алынып жатыр

Ғылым саласына қалай келдіңіз, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз? Қазіргі таңда қандай жұмыстармен шұғылданып жатырсыз?

— Ғылым саласына мектеп жасымнан жақын болдым. 7-сыныптан бастап неше түрлі олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Мектеп қабырғасында жүріп, Қарқарадағы 1916 жылғы көтеріліске зерттеу жасадым. Зерттеу барысында көптеген деректерге, тарихи фактілерге көз жеткіздім. Ал 10-сыныпта республикалық ғылыми конкурстың жеңімпазы атанып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетіне грантқа оқуға түстім. Университетке түскеннен кейін заң саласына қатысты ғылыми жобаларға қатыса бастадым. Магистратураны «Болашақ» бағдарламасымен Англияның Ньюкасл университетінде оқыдым. Ол жерде халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алып, халықаралық коммерциялық арбитраж мәселесін тереңірек зерттедім. Ал докторантурада адам құқықтары мәселерін, оның қорғалуын, азаматтық институттарын Ұлыбритания мен АҚШ ғалымдарымен бірлесе зерттедім. 2021-2022 жылы Болашақ бағдарламасының екінші рет стипендиаты атанып, АҚШ-тың Пенсильвания штаты университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келдім. Кейіннен Англиядағы Миддлсек университетінен де тағылымдамадан өттім. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының «Білім және қоғамдық ғылымдар» бөлімшесінің жас ғалымдар қатарындамын. Одан бөлек ДСҰ және халықаралық сауда құқығы орталығының директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінде Жас ғалымдар кеңесінің төрағасымын.  Сондай-ақ, Франциядағы Гавр университетінің постдокторанты, Пенсильвания штаты университетінің шақырылған профессорымын. Әкем — мықты заңгер, мемлекеттік қызметкер. Анам — тарихшы, педагог, білікті ұстаз. Ата-анамның тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңесі, болашағыма, біліміме салған инвестициясының нәтижесінде бүгінгі жетістіктерге қол жеткіздім деп айта аламын.

Қазіргі ғылым саласына қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?

— Ғылымның дамуы – мемлекет дамуын айқындайтын көрсеткіштің бірі саналады ғой. Дамыған мемлекеттерде шетелге жіберген барлық кадрлары оқып, білім алып болған соң, өз еліне жұмыс істеуге қайтып оралады. Ал бізде көбіне қайтып келмейді. Осы мәселе мәжілісте қаралған болатын. Дегенмен жас ғалымдардың жағдайын жасауға арналған көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Бүгінде жас ғалымдарға арналған конкурстар мен стипендиялар саны артып, ғылымға бөлінетін қаржыландыру бірнеше есеге өсті. Бұрын үш жылда бір рет ғылыми жобаларға конкурс жарияланатын еді. Қазіргі уақытта министрлік тарапынан жыл сайын конкурстар өтіп жатыр. Бұрын жалпы конкурс ұйымдастырылса, ал қазір жастарға, яғни жас ғалымдарға жеке конкурстар өткізілуде. Дегенмен бізге қазақстандық жетекші ғалымдардың, жас ғалымдардың арнайы портфолиосын жасап, тізімдерін құру керек деп ойлаймын. Сосын докторантурадан кейін жас ғалымдардың ғылыммен ары қарай да айналысуына мүмкіндік беретін платформа қажет. Ғылыми жобаларды ұтуға қолжетімділігін дамыту керек.

Қазіргі таңда ғылымға ақшасына, қиындығына қарамай, қызығушылық танытатын жастар бар ма? Сіздің ойыңызша, мемлекет ғылым мен жас ғалымдарды қолдау үшін тағы қандай қадамдар жасауы керек?

— Мұндай жастар бар. Мемлекет тарапынан ғылымға көп көңіл бөлінген сайын, ғалымдардың саны да жылдан-жылға артуда. Енді тек соның сапасына көңіл бөлу керек. 2022 жылы ғалымдардың жалақысы екі есеге өсіп, ипотекалық бағдарлама енгізілген еді. Бұл ғалымдар үшін алғашқы үй сатып алудың тамаша мүмкіндігі болды. Одан өзге «500 ғалым» жобасы аясында «Болашақ» бағдарламасымен жыл сайын жүздеген ғалымдар шетелдің ТОП университеттерінде тағылымдамадан өтуде. Дегенмен, ғалымдардың қаржылай гранттарға ие болу мүмкіндігі қиын. Мәселен, біз, бесінші жыл қатарынан грантқа ие бола алмай келеміз. Одан бөлек университетте ғалымдар тек ғылыммен айналысқаны дұрыс деп есептеймін. Себебі, ғылыммен де, сабақ берумен де айналысатын мамандар көп. Сондай-ақ жас ғалымдардың ғылыми көзқарастарын, ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттауда әлі де көп жұмыс істеу керек. Осыған байланысты ғылыми қызметті танымал ету үшін БАҚ құралдарын тарту қажет деп санаймын.

Ғылымды дамытудың жаңа жолы қандай?

— Елдің бәсекеге қабілетті болуы көп жағдайда оның ғылыми әлеуеті мен ғалымдарына байланысты екені сөзсіз. Жалпы кез келген саланы дамыту үшін оған білікті мамандар қажет қой. Сол себепті елімізде ғылымды дамыту, ғылыми кадрлардың әлеуеттерін артыру үшін жыл сайын бірнеше ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларында тағлымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуларына жағдай жасалып отыр. Бірақ ғылыммен айналысу үшін энтузиаст болуың керек.  Арнайы көңілің мен уақытыңды арнауың қажет. Бізде ғылымға деген қызығушылық көбіне энтузиазммен ғалымдардың, ұстазының, осы жолда жүрген жақындарының жұмысын көріп, туындайды, ғылым жолына түседі. Бұл уақытша болуы әбден мүмкін. Ертең отбасын құрып, бала-шағаны бағу керек болған кезде ақшасы көбірек жұмысқа ауысуға мәжбүр болады немесе өзге мемлекетке кетеді. Сондықтан ғылымды дамыту үшін, ең бірінші ғылым қызметкерлерін қолдау қажет.  Елдің дамуы, ғылымның өркендеуі үшін түрлі фундаменталдық, қолданбалы зерттеулер жасалу керек. Шетелдің ғалымдарымен коллаборация қажет. Халыралық ынтымақтастықты көптеп жүзеге асыру, кей тұстарда олардан үлгі алу керек деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы

Сотталғандар арасында діни сауаттылықты арттыру

2024 жылы 14 қараша ҚАЖ Департаменті #3 мекемесіне Дінді...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

Сот ісін жүргізудегі қазақ тілінің қолданысы

Мінекей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30...

Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі

Ағымдағы жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне...

Пробация есебіндегі жастар арасында үстел теннисінен жарыс өтті

Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар...