Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі және трансшекаралық саудасын дамытуға бағытталған Agromarket цифрлық агроазық-түлік платформасы (https://agromarket.asia) іске қосылды. Ол өндірушілерді, сатып алушыларды, банктерді, логистикалық компанияларды, қоймаларды және талдау сервистерін біріктіретін трансшекаралық аграрлық сауданың цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған. Еуразиялық даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаны «Қазақтелеком» АҚ құрамындағы «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС әзірледі.
«Agromarket – жай ғана маркетплейс емес. Біз фермер өз ұсынысын орналастырып, өнім көлемін көрсетіп, сауда желілері, базарлар немесе қайта өңдеу кəсіпорындары арасынан сатып алушылар таба алатын агроплатформа жасап жатырмыз. Сонымен қатар сатып алушылар да өз қажеттіліктерін жариялап, өнім жеткізушілерді таба алады. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын нарықтың барлық қатысушысы үшін барынша қарапайым, ашық жəне қолжетімді ету», – дейді «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС департаментінің директоры Инкар Хусаинова. Оның айтуынша, қазіргі уақытта платформада Қазақстан мен Тəжікстанның өнім жеткізушілері өз тауарларын орналастыруда. Жақын арада Өзбекстан мен Қырғызстаннан қатысушыларды қосу, сондай-ақ басқа да шетелдік нарықтармен ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр. Бұл платформа жұмысы аясында тəжікстандық жеміс өндіруші – «Камол-Ходжи» шаруа қожалығы мен қазақстандық Arbuz.kz онлайн-супермаркеті арасында балғын жүзім жеткізу жөніндегі алғашқы келісімшарттарға қол қо йылды. Сонымен қатар Agromarket.asia арқылы еліміздегі ең ірі көтерме сауда нарықтарының бірі – «Шарын» базарына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісім жасалды. Қол қойылған келісімшарттардың жалпы сомасы 1 миллион АҚШ долларынан асты. Қазір бұл платформаға қытайлық қатысушылар да қызығушылық танытып отыр. Қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізуді ұйымдастыру мəселелері бойынша сауда жəне салалық ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар тауарларды орналастыру жəне бірлескен сау да тетіктерін дамыту бағытында Өзбекстан, Пəкістан жəне Италия серіктестерімен келіссөздер жалғасып жатыр. Жалпы бұл платформада пайдаланушылар тауарларын, сұраныс пен ұсыныс туралы хабарландыруларын орналастырып, өнім жеткізу бойынша серіктестер тауып, логистикалық компаниялардың қызметтерін пайдаланып, мəмілелерді цифрлық форматта рəсімдей алады. Ол импорттаушыларға ғана емес, қазақстандық экспорттаушыларға да жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


