12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЖАМАН КӨЛІКТІ «ЖАҚСЫ» ДЕП ЕЛДІ АЛДАУҒА ҚАҚЫМЫЗ ЖОҚ

БҮГІНГІ ҮРДІС, БҮГІНГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ БІЛІМДЕ, ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІС ПЕН ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕКТЕ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ. ӘЛЕМ ЖЕКЕ АДАМНЫҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ ҚАБІЛЕТ-ҚАРЫМЫН МҮМКІНДІГІНШЕ ПАЙДАЛАНУҒА КІРІСТІ. ҒАЛАМНЫҢ ҒАРЫШТЫҚ ЖЫЛДАМДЫҚПЕН ДАМУЫ, ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН АҚЫЛДЫ ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫҢ БӘСЕКЕДЕ АЛҒА ШЫҒУЫ КЕЙ КӘСІПТЕРДЕ ТІПТІ АДАМНЫҢ ҚАТЫСЫН ҚАЖЕТ ЕТПЕЙТІН ДӘРЕЖЕГЕ ЖЕТТІ.

Бүгін қай мемлекеттің әлеуеті күшті, айбыны асқақ екені де білімді жастарымен, олардың адам өміріне қажетті салаларға енгізген жаңалығымен бағаланып жатыр. Әлем негізгі құндылық атақ, жалған мақтан, табиғи байлық емес екенін, негізгі құндылық, адамзатты құтқарушы тетік ақыл-ой, ғылымбілім екенін түсінді. Мұны ертерек ұққан ел инвестицияны да ертерек осы салаларды дамытуға салды. Бізде «білекті – бірді, білімді мыңды жығадының» салмағын сезінгендер аз. Мамандығын табысты кәсіп көзіне айналдыру, жаңалыққа, жаңа бағытқа ұмтылу, өз «нишасын» табу, өз биігін бағындыру сирек.

«Бізге авторитет, бедел маңызды»
Олжас Оқас – мамандығын сұраныстағы кәсіпке айналдыра алған санаулы журналистің бірі. Бүгінде интернет нарығында алдыңғы қатарда тұрған kolesa.kz сайтының қолдауымен QAZ Kolesa.kz жобасын шығарады. Ол хабар көлік нарығындағы ең соңғы шыққан, сұраныстағы жаңа маркалы көліктерге тест-drive жасайды. Олжас Оқастың бұл бағыттағы сараптамалық хабарлары, жеке автоблоктары журналистикадағы қалыптасып қалған қасаң хабарлар сценарийін бұзып, тыңнан түрен салғандай. Қарапайым халықтың түсіне алмайтын, таңдай алмайтын, бірақ қызығушылығы зор, білгісі, көргісі келетін көп салалар бар. Солардың бірі – автомобиль нарығы. Қай сала болмасын, бүгін сапалы контентке зәру. Автомобиль саласына «Қазақ білсін» деген сапалы өнім келді. Ол арқылы қазақ, Олжастың сөзімен айтқанда, Damas-тың «үлкен бизнестің кішкентай көмекшісі екенін», Tesla model 3-тің «дөңгелегі бар компьютерге» жуықтағанын білді, Kia rio, VW Pola Sedan, Hyundai Accent, Hundai Greta, Lexus LX-470, 570, AUDI Q8, Camry 70. BMW X3, BMW X6, BMW X7 секілді, бұлардан өзге де көліктердің адамзат үшін тағы қандай игіліктерге ие екендігінен хабардар болды. Бізде (игерілмей жатқан) журналистер әлі меңгермеген, қызығушылық танытпаған, бірақ өте қажет
делінетін салалар мен бағыттар жайлы сұрағанымызда Олжас Оқас: «Бізге кәдуілгі қолданыстағы тілмен түсіндіретін балалар контенті ауадай қажет. Баспана – қазақтың басты тақырыбы. Ол туралы да ешкім жазбайды, түсірмейді. Қазақстанда саяси журналистика жоқ. Журналистикадағы осындай олқылықтарды жөндеу үшін журналистика факультеттеріне прогрессивті жас қолбасшылар келуі керек», – дейді.
Журналист қазір көлікке қатысты «ең үнемді көлік» немесе «ең қауіпсіз көлік», «ең жылдам, ең қолайлы көлік» жайлы тест жасауын өтінетіндер көбейгенін, қазақ тіліндегі сапалы, түсінікті контент қалыптасып келе жатқанын айтады. «Екі жылда елуден астам машинаға шолу жасадым. Маркалары оннан асады-ау, тіпті есімде жоқ. Жеті мемлекетке бардым. Шығармашылық тобымызда түсірілім кезінде үш адам жұмыс істейді. Мен, оператор, продюсер. Біздің жұмысымыз командалық жұмыс. Қазақстанда жаңа машина сатумен ресми дистрибьюторлар мен дилерлер айналысады. Марканың өнімі жайында оң көзқарас қалыптастыру үшін компаниялар ауқымды жұмыс жүргізіп «пікір лидерлеріне» хабарласады. Біздің қолға да көліктер сондай жолмен түседі.
Алайда «Колеса» қаржылай тәуелсіз болғандықтан, бізге ешкімнің әмірі жүрмейді. Көлік жаман болса, жаман деп айтамыз. Оны «жақсы» деп елді алдауға құқығымыз жоқ. Біз үшін авторитет, бедел маңызды. Тез тараған вирустың кесірінен әлемде автоөндіріс құлдырап, көлік сатылымы нашарлады. Бізде, керісінше, былтырғы жылмен салыстырғанда, өсім байқалады. Өкінішке қарай, теңгенің құнсыздануы ескі көліктердің бағасына әсер етуде. Отыз жыл бұрын шыққан машиналардың құны екі миллионға жетеді», – деген пікірде. Олжас Оқас мамандықты сүю қажеттігін, алайда бүгінгі студенттерде ол махаббаттың жоқтығын былай жеткізеді:

Мамандық та махаббат сияқты
– Мамандық – махаббат сияқты. Жүрекке әмір жүрмейді. Сол сияқты кәсіпте де бүйрегің бұрып тұрған нәрсемен айналыспасаң – жаның, тәнің тыныштық таппайды. Тек, алдымен, не нәрсеге бейім екеніңді білуің керек. Қолыңнан келсе, тауар өндір, бизнес жүргізуге қажетті білім ал. Компьютермен дос болсаң, IT саласына қадам бас. Мықты дәрігер болғың келсе, ұмтылсаң, талаптансаң, бәрі – сенің қолыңда. Ең бастысы – ниет қылып ұмтылу. Таңдаған ісіңде үздік болуға деген құштарлық күнде сені таңертең ұйқыңнан сергітіп оятуы керек. Ешкім бірден танымал бола қалмайды. Танымалдыққа жету үшін танымалдық туралы ойламау керек. Жұмысыңды адал істесең жеткілікті. Ютубтағы қаралымдарымыз екі жылда 20 млннан асты. Тек қазақ тілінде ақпарат тарататын арна үшін жақсы нәтиже. Бұл команда ішіндегі жақсы көңіл күй мен жұмысқа деген икемнің, ізденістің нәтижесі шығар…

Kolesa.kz Жер планетасы болса, Oljas Oqas арнасы оның серігі Ай секілді
Kolesa.kz-ке жарнама туралы ұсыныс көп түседі. Алайда компания ақшаға зәру емес. Менің жеке арнам да көлік туралы болғандықтан, ютубтағы көрерменге екі канал қатар шығады. Осыны түсінген жарнама берушілер өзіме де хабарласады, ішіндегі ең қызық ұсыныстарды қарастырып, жеке арнамдағы Vlog-пен байланыстырамын. Kolesa.kz Жер планетасы болса, Oljas Oqas арнасы оның серігі Ай секілді. Осы салада шыңдалу үшін басқа жұмысқа араласпаймын. Қызметім тек автомобиль журналистикасымен байланысты.

Автобазарлардың құлдырауына уақыт пен технология себеп
Жаңа көліктер жайында әңгіме қозғасақ, қазір «отандық» өнімге сұраныс жоғары. Бюджет сегментіндегі «Лада», «Шевроле» жақсы өтіп жатыр. Олар біздің елде құрастырылып жатқандықтан «отандық» дейміз, әйтпесе қаңқасы мен басқасы – түгел шетелден келеді. Ескі көліктерден Toyota Camry XV 20, VW Passat B3, Audi 100 С4, Opel Vectra, Mercedes-Benz W124 сияқты машиналар сұраныста. Осы модельдердің жаны сірі, бөлшек-саймандары да көп.
Қазір рас, шетелге шығу мүмкіндігі азайды, бірақ тест-драйвтар елімізде өтіп жатыр. Таяуда Шымкентте біреуін түсірдік. Туған жерім Талдықорғанда Тойотаға шолу жасадым. Бір аптадан кейін Қарағандыға бару жоспарланып отыр. Қызық дүние жасаймын деген адамға шекара жоқ. Автобазардың құлдырауына Kolesa.kz емес, уақыт пен технология себеп. Kolesa.kz болмаса, басқасы келіп, мобильді қосымшасын іске қосатын еді. Отандық компания авто саласында көш бастағанына қуануымыз керек. «Колеса» ерте шыққан газетінің арқасында оңай трансформацияланды. 300-ден астам білікті маманға жұмыс беріп отыр.

«Аш болсам да, мықты журналистердің қасында жүргеннен ләззат алдым»
– Қазіргі қазақ журналистикасының халі мүшкіл. Тіпті кейбір журналистерді «журналист» деп айтуға аузым бармайды, көбісі жай аудармамен ғана айналысып отыр. Орыстың материалын қазақшаға аударып, жан бағып жүрген «native speaker»-лер. Оның өзін қатырмайтындары бар. Сайттар түгел қате жазады. Сауатсыздар «қонақжайлықты» «қонақжайлылық» қып алғалы қай заман. Оған ұялып та қоймайды. Кезінде журналистердің ортасына түсу үшін екі жыл «Қазақстан» арнасынан шықпадым. Ақысыз жұмыс істеп, микрофон ұстап жүргендердің штативін көтердім. Аш болсам да, мықты кісілердің жанында жүргеннен ләззат алдым. Қазіргі болашақ журналистерге қайран қалам. Маған бірде-бір ЖОО студенті хабарласып, практика жөнінде сұраған емес.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

СИЛА ПОЛИЦИИ – В ДОВЕРИИ НАРОДА

В ЯНВАРЕ ЭТОГО ГОДА ГЛАВА ГОСУДАРСТВА КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ ПРОВЕЛ...

КАК ЖИВЕШЬ, СЕЛЬСКАЯ ШКОЛА?

Каждый день директора общеобразовательной школы № 2 села Балкашино...

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...