Мәди Алдабергенов — Қазақстандағы бірен-саран тектанушылардың бірі, дәрігер-невропотолог. Осы бағытта Польшада “Recall Healing” институтында білім алып, Мәскеуде семинарлардан өткен. Айтуынша, қазір өзіне келген пациенттер бір-екі сеанстан соң дерттерінен арылып, ұзақ уақыт бас ауру болған проблемаларының шешімін табады. Stan.kz тілшісі тектанушымен ата-баба синдромы, тектанудың адам өміріндегі маңызы жайлы сөйлесті.
Тектану дегеніміз не және ол Қазақстанға қашан келді?
2004-2006 жылдары алғаш рет тектану ұғымы Қазақстанға енді. Ресей мемлекетіне 1996-1997 жылдары келді. Шетелде бұл “психогенеология” деп аталады. Бұл ұғымды Анн Анселин-Шутценбергер енгізді. Қазір Қазақстанда тектану ғылым ретінде дамып жатыр. Жақында ғана елімізде басқа да тектанушылар бар екенін білдім. Алайда олардың бәрі әртүрлі бағытта жұмыс істейді, десе де, жұмыстарының негізі бір.
Бізде қазақтарда «әке жақтан жеті атамызды білуіміз керек» деп ауыз толтырып мақтанамыз. Алайда осы сияқты әйел жағынан да арғы ата-бабаларын білу керектігіне көп адам бас ауыртпайды. Адам ағзасында 46 хромосома бар. Оның 23-і — анасынан, 23-і — әкесінен. Демек, ана жақтың да арғы тегін білу керек.
«Ата-баба синдромы» бойынша Анн Шутценбергер адам өзінің кем дегенде төрт атасын білу керектігін айтады. Тек әкесі жағынан ғана емес, анасы жағынан да. Себебі осы бабаларымыздан ұрпақтарына мінез-құлықтың, кейде, тіпті, тағдырының қайталануын байқаймыз. Кейде “нағашыға тартып кеткенсің”, “ағаңа ұқсап кеттің” деп жиі айтып жатады. Бұл нені білдіреді? Бабаларының тағдырын қайталаған адам — өз өмірін сүрмейді. Ол басқа адамның өмірімен, уайымымен өмір сүреді.
Бұл ақпарат бейсаналы тұрғыда генінде, жазылып қойған. Кейде белгілі бір адамдар заңгер мамандығын саналы түрде таңдайды, осы салада жақсы жетістіктерге жетеді. Оның себебі — арғы тегінде біреу заңсыз сотталған болуы мүмкін. Осы арқылы ол өзінің тегін қорғамақ. Себебі ол кезде оның ата-бабасын ешкім қорғамаған. Мұның бәрін адам өзі сезбейді, мән бермей істейді.
Кей адамдар түрлі тренингтерге, семинарларға қатысады, өздерін таппай жүреді. Бірақ көп жағдайда адамға өзінің тегін танып білу керек, себебі мәселенің бәрі сонда жатады.
Біздің, адамдардың, ДНҚ бойынша горилладан — 2%, иттен — 5%, бананнан 50%-ға ғана айырмашылығымыз бар.
Адам ең біріншіден биологиялық ағза сондықтан оған биологиялық түйсік тән. Ең басты биологиялық түйсік — өзін-өзі қорғау түйсігі. Маған келген пациенттер 1-2 сеанста шағымдарының себебін анықтап, жазылып жатады.
Барлық нәрсе өмірде қайталанып тұрады, мұны — цикл дейді. Біз осы нәрселерді биологиялық цикл негізінде қарастырамыз.
Адамға тегіндегі, арғы ата-бабаларындағы белгілі бір мәселелер, проблемалар жайлы ауызша айтып, түсіндірген кезде оның миы осы ақпаратты қабылдайды. Адамның миы өзі білетін нәрсені қайталайды; қайталанатын нәрсені біледі. Демек, бұл — циклдық сақина. Осылайша, кармадан шығу керек дегенді түсінуіміз керек. Карма дегеніміздің өзі — белгілі бір құбылыстың екінші құбылыстың болуына әсер ететін себеп-салдарлық байланыс.
Текті адам деген — өзінің тегін білетіндер, ал білмейтіндер — тексіз
Текті біле отыра, көп нәрсенің себеп салдарын анықтауға болады. Осы жерде мына нәрсені де айта кету керек. Тек орыс тілінде «аристократ» деп те аударылады. Демек, адам өзінің тегін білмесе, орыстар айтпақшы «чернь» болады.
Мәселен егер жасы келген, тұрмысқа шықпаған әйел медициналық мекемеге бала көтеру үшін ЭКО әдісіне жүгінеді. Содан кейін балаға жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келгенін айтпайды. Осылайша, бұл бала өзінің шығу тегін білмейді, демек шежіресін, тегін білмейді. Осы бала тексіз боп саналады. Мұндай жағдайда бала басқа ата-бабалардың тізбегіне қосылып кетеді. Себебі өзінің шыққан тегін білмейді. Табиғи ұрықтандыру кезінде баланың жаны әйелдің не еркек жақтан келеді, ал жасанды ұрықтандыруда баланың жаны басқа тектен келуі әбден мүмкін.
Тек адамның бай болуына әсер ете ме?
Әрине, жетістікке жетуіне, бай болуына әсер етеді. Ол үшін адам өзінің тегін білуі керек. Әр адамның бойында белгілі бір бағытқа туа біткен жақындығы болады. Біреуінің айы оңынан туады, бірінің мүмкіндігі аздау. Шығу тегіңді, ата-балаларың жайлы білген өте маңызды. Сенде қаржыға немесе шығармашылыққа, қандай нәрсеге болмасын қабілетіңнің болуы текке байланысты.
“Алмастырушы бала”
Тектің өмірімізге әсер ететінін білдіретін бірнеше оқиғаны мысалға келтірейін:
Маған келген пациент әйел ер адаммен қарым-қатынаста болып, жүкті екенін білген. Кейін жүктілігін аборт арқылы тоқтатқан. Аборт — бұл адамдардың ойлап тапқаны. Жануарлар әлемінде, табиғатта аборт деген ұғым жоқ: олардың балалары қатып қалады немесе түсіп қалады. Әйел аборт жасап, біршама уақыттан соң басқа адамға тұрмысқа шығады. Осы некеде дүниеге келген бала «алмастырушы бала» болып саналады. Себебі егер ол бірінші баланы босанғанда, мына сәби дүниеге келмейтін де еді.
Адам өміріндегі ең қиын жағдай — баланың өмірге келіп, әке-шешесі оны қолдарында ұстап үлгеріп, бірақ оның қайтыс болып кетуі. Келесі дүниеге келген бала да 100% «алмастырушы бала» боп есептеледі.
«Ата-бабалар» синдромы бойынша әке-шешесі баланың қазасына 2-3 жылда мойынұсынып, толықтай одан арылу керек.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға, бір туысым бірнеше рет үйленіп, әр некесі сәтсіз болып жүрді. Шынына келгенде, оның өзінен бір жасқа үлкен туған әпкесі болған. Ол жас кезінде қайтыс болған. Бұл дегеніміз алмастырушы баладан кейін дүниеге келген бала бақытсыздыққа душар болады дегенді білдіреді.
Баласының өлімі әке-шеше үшін үлкен қайғы, бұл мұң мен қайғы балаға беріледі. Бала ата-анасының эмоциясын көшіріп алады. Осындай алмастырушы бала өмірде көп жағдайда сәтсіздіктерге ұшырап, бизнесте өзін дамыта алмайды, қарым-қатынасы да ауыр.
Ата-баба синдромы — оқиғалардың қайта қайталануы
Бәріміз ұрпақтар тізбегіндегі буынбыз, кейде ата-бабаларымыздың өткен өміріндегі “қарыздары” біздің мойнымызға ілінеді. Буын арасындағы көзге көрінбейтін ерекше байланыс бізді жағымды жағдайларды немесе қайғылы оқиғаларды бейсаналық тұрғыда қайталауға итермелейді. Біз өзіміз ойлағандай еркін емеспіз, бірақ отбасы, буындағы күрделі байланыстарды түсіну арқылы бостандығымызды қайтарып, осылайша, қайталанатын оқыс, қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндігіміз бар.
Қазақта “өлі разы болмай, тірі байымас” деген мақал бар. Біз көбіне ата-бабаларымыз, туыстарымыз жайлы айтқанда бақытты, жетістікке жеткендерді ғана айтамыз. Ал бақытсыздарды, өмірі сәтсіздікке толы болғандар жайлы жасырамыз. Алайда дәл осы адамдардың жаны жай таппайды және өзін еске салу үшін қайта оралады.
Ата-бабалар синдромында “мерейтой синдромы” деген ұғым бар. Бұл құбылыстың мағынасы — бір ұрпақтардың отбасы мүшелерінде бір жасында бірдей оқиғалар болады.
Нұр-Сұлтан қаласында мынадай оқиға болды. Бір жігіт сеансыма келіп, белінің ауыратындығына шағымданды. Тексерістер мен қойған сұрақтарымнан кейін оның денесінен өткір соқырішектің ізін байқадым. 15 жасында одан соқырішек табылған екен, бір қызығы, туған ағасы да 7 жасында осы соқырішектен қайтыс болған. Белгілі болғандай, бұл жігіт әкесінен туған екінші бала, ал оның әкесі де отбасындағы екінші бала.
Ал оның марқұм ағасы — отбасындағы бірінші бала екен. Олардың әкелерінің туған ағасы 7 жасында суға батып өлген. Осыдан шығатын қорытынды: егер әкесі баласына осы ақпаратты жеткізгенде, ағасы 7 жасында қайтыс болмас па еді?..
Текті тану процесінде біз туыстар, туғандар ішінен трагедиялық жолмен қаза болғандарды, ауырып өлгендерді, ішімдікке салынып кеткендерді, ұрпақ қалдырмағандарды анықтауымыз керек.
Маған келген адамдардың көбі бұл ауру, бақытсыздық, сәтсіздіктер қалай беріледі деп сұрап жатады. Себебі бала логикалық тұрғыда ата-анасының бойында болып жатқан жағдалардан бейхабар. Осы кезде, мен адамдарға баланың миы Wi-fi сияқты, ол ата-анасының эмоционалдық қалпын, сезімін, уайымын өзінің миына сіңіріп, көшіреді деп түсіндіремін.
Мысалы, көп халықта, қазақтарда да бала бір жасқа келгенде той жасайды. Бұл — биологиялық цикл, Жердің Күнді бір жылда айналуы. Бір жасқа дейінгі болған жағдайлар мен оқиғаларды бала санасына көшіріп отырады, бұлар өзі үшін жаттығу, аман қалу жолындағы сәтті тәжірибе ретінде сақтайды да, өмір бойы қайталайды.
Текті қалай анықтайды, деректерді қалай біріктіреді?
Ең алдымен, ата-анаңыз — бірінші буын. Ата-әжеңіз — екінші буын екенін есте сақтаңыз.
Осы кісілерден олардың ата-анасы жайлы сұрап, білесіз.
Осылайша, үш буынды біліп алсаңыз болады. Сондай-ақ, өз немере туыстардың да жолын білген жөн.
Ата-баба шежіресін жасау үшін мынадай ақпараттар қажет болады:
Отбасы мүшелерінің жас мөлшері; есімдерін, тектерін өзгерткендері; олардың немен ауырғандары; алкологизм не наркоманияға душар болулары; бас бостандығынан айырылуы; дүниеге келген және қайтыс болған жылдары; қайтыс болу себептері; үйленген жылдары; отбасындағы бала саны, нешінші бала екені; некенің ұзақтығы; ажырасу кезіндегі балалардың жас шамасы; кей туысқандардың жоғалып кетуі, қайтыс болуына байланысты аңыз-әңгімелер; аборт, баланың түсіп қалуы.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА