Медицина — тек мамандық емес, ол үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген жанашырлықты талап ететін ерекше қызмет. Медицина қызметкері күні қарсаңында Ұлттық госпитальде еңбек етіп жүрген дәрігерлердің өмір жолы мен мамандыққа деген көзқарасына назар аудардық.

Функционалды диагностика дәрігері Нағима Дәулетияр үшін медицина саласы үздіксіз ізденіс пен білімді жетілдіруді талап ететін өмірлік жолға айналған. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған ол еңбек жолын 2012 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық ауруханасында бастап, терапевт және кардиолог ретінде тәжірибе жинақтады. Бүгінде Ұлттық госпитальде қызмет атқарып, заманауи диагностикалық зерттеулер арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға үлес қосып келеді.
Дәрігердің айтуынша, әрбір зерттеудің артында адамның тағдыры мен денсаулығы тұр. Сондықтан функционалды диагностика саласында дәлдік пен жауапкершілік ерекше маңызға ие. Электрокардиография, эхокардиография, Холтер ЭКГ және басқа да зерттеу әдістері арқылы дәрігерлер көптеген аурулардың алдын алуға және оларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік алады.
Нағима Дәулетияр медицинадағы жаңалықтарды жіберіп алмауға тырысатынын айтады. Оның пікірінше, дәрігер үшін оқу ешқашан тоқтамауы тиіс. Сондықтан ол алдағы уақытта Жапония мен Қытайдың медицина саласындағы жетістіктерімен танысып, кәсіби тәжірибесін арттыруды армандайды.

Ұлттық госпитальдің тағы бір тәжірибелі маманы – жоғары санатты уролог дәрігер Елтай Шілдебаев. Оның медицина саласындағы еңбек өтілі 38 жылдан асады. Урологияға деген қызығушылығы студенттік кезеңде қалыптасқан. Өзінің айтуынша, белгілі ұстаздарының ықпалы бұл мамандықты таңдауға үлкен себеп болған.
Көп жылдық тәжірибесі барысында ол мыңдаған науқасқа көмек көрсетіп, көптеген күрделі оталарды орындады. Дәрігер қазіргі таңда урологиялық аурулармен ауыратын адамдар санының артқанын атап өтеді. Әсіресе бүйрек, қуық, қуықасты безі аурулары мен бедеулік мәселелері жиі кездеседі. Осыған байланысты халықтың, әсіресе жастардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтады.
Елтай Шілдебаев медицинадағы технологиялардың қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бүгінде көптеген оталар заманауи әдістермен жасалуда. Оның арманы әлемнің жетекші елдерінде қолданылып жүрген жоғары технологиялық медициналық жабдықтардың елімізде де кеңінен қолжетімді болуы.
Дәрігер үшін кәсіби жетістікпен қатар отбасы құндылығы да маңызды. Ол бала тәрбиесінде үлкендердің орны ерекше екенін айтады. Өз өмірінде анасының ақылы мен отбасының қолдауы әрдайым күш бергенін жасырмайды.
Қос дәрігердің әңгімесінен ортақ бір құндылықты аңғаруға болады. Ол — адамға қызмет ету, денсаулықты сақтау және өз кәсібіне адал болу. Ақ халатты абзал жандардың күнделікті еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Алайда олардың кәсібилігі мен жанашырлығы мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына әсер етеді.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Ұлттық госпиталь ұжымы денсаулық сақтау саласының барлық мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтайды. Адам саулығын қорғау жолындағы еңбектеріңіз әрдайым абыройлы болып, халықтың алғысына бөлене беріңіздер!


