12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Абзал ҚҰСПАН, Парламент Мәжілісінің депутаты: «РАҚЫМШЫЛЫҚТЫ САЯСИ ҚҰРАЛҒА АЙНАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ»

– Қоғамда сот жүйесіне қатысты пікір сан алуан. Сауалнамаларда сотқа деген сенімнің артып келе жатқаны көрcетілсе де, оған күмəнмен қарайтындар көп. Депутат ретінде соттың ашықтығы мен тəуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай заңнамалық өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, мəселе заңда емес. Конституциядан бастап, судьялардың мəртебесіне арналған профильдік заңдарымызда да, процестік заңдарымызда да соттарға тəуелсіз жұмыс істеуге толық мүмкіндік берілген. Негізгі проблема – сот жүйесінің ішкі құрылымында, судьяларды іріктеу мен мансаптық өсу тетіктерінде жатыр. Бізге ең əуелі сот корпусын ішкі тəуелділіктен арылтып, судьялардың кəсіби жəне моральдық деңгейіне басымдық беретін ашық жүйе қажет. Мысалы, судьяларды тағайындау мен олардың қызметін бағалау кезінде қоғамдық бақылау элементтерін енгізу, шешімдердің барынша ашық жариялануын қамтамасыз ету маңызды. Бұл қоғамның сенімін арттырады.

– Сізді жұртшылық құқық қорғаушы ретінде жақсы біледі. Енді депутат ретінде адвокаттардың, құқық қорғаушылардың кəсіби қызметін қорғау бағытында қандай бастама көтеруді жоспарлап отырсыз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы жолдауында: «Азаматтардың құқықтарын қорғай отырып, адвокаттардың құқықтарын да ұмытпауымыз керек. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ адвокаттар жұмысына кедергі келтіретін заңсыз іс-əрекеттерге жол берілмеуі тиіс», – деп нақты атап өтті. Көршілес Өзбекстанда адвокатураның қызметіне кепілдік Конституцияда бекітілген. Бізде ондайға барудың қажеті жоқ шығар, бірақ қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекс пен Адвокатура туралы заңға өзгерістер енгізіп, адвокаттардың тəуелсіздігін күшейту, олардың қызметіне кедергі келтірген жағдайларда жауапкершілікті қатаңдату кезек күттірмейді. Осы мəселелерді мен Əділет министрі Ерлан Жақсылықұлымен де, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Жолшыұлымен де талқыладым. Биылғы сессияда осы бастаманы көтеремін.

– Халықтың құқықтарын қорғаудағы басты проблема – бюрократия мен ұзақ рəсімдер. Қарапайым адам өз құқығын қорғау үшін айлап-жылдап жүретін жағдайлар кездеседі. Сіздің ойыңызша, азаматтардың құқығын қорғауды жеңілдететін қандай заңдық тетіктер енгізілуі тиіс?

– Толық келісемін. 2015 жылы үш кодексті – Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстерін жаңадан қабылдағанда жүйені бұзып алдық. Соның салдарынан көптеген рəсімдер шамадан тыс күрделеніп кетті. Өткен сессияда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екі жылдан аса уақыт талқыланған «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы» заңды əзірлеп, аяқтадым. Президент қол қойды, 16 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Бірақ əлі де көптеген мəселелер бар, сондықтан қазір «Қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы» жаңа заң жобасына бастамашылық еттім. Бұл жоба аясында сіз айтқан бюрократияны азайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауды жеңілдетуге, тергеу мен соттағы теңсіздіктерді жоюға күш саламыз.

– Қылмыстық кодекстегі кейбір баптар əділетсіз көрінеді: бір қылмыс үшін тым қатал жаза берілсе, енді бірінде ауыр қылмыс жасағандар жеңіл жазамен құтылып кетеді. Бұл тепе-теңсіздікті жою үшін қандай өзгерістер қажет?

– Бұл – қазірдің өзінде біздің күн тəртібіміздегі басты мəселе. Кейбір баптарда санкциялар тым қатал, ал кейбірінде жазаның жеңілдігі қоғамды да, жəбірленушіні де қанағаттандырмайды. Сондықтан жазалардың əділдігі мен тепе-теңдігін орнату – жаңа заң жобасының негізгі бағыты. Əсіресе жемқорлыққа, зорлық-зомбылыққа жəне қоғамға қауіпті ауыр қылмыстарға қатысты жазаларды қайта қарау қажет. Ал ұсақ құқықбұзушылықтар үшін жазаны жеңілдетіп, оны баламалы шаралармен алмастыру əділ əрі тиімді болмақ.

– Амнистия мəселесіне қоғам екіұдай қарайды. Бір жағынан, оны гуманизм көрінісі деп бағалайтындар бар. Екінші жағынан, ауыр қылмыс жасаған адамдардың жазасын жеңілдету – əділетсіздік деп санайтындар көп. Сонымен қатар бұл шараны саясатпен байланыстырады. Мəжіліс депутаты əрі құқық қорғаушы ретінде сіздің рақымшылық жасауға деген көзқарасыңыз қандай? Егер амнистия қолдану қажет болса, ол қай санаттағы адамдарға қатысты болуы тиіс деп ойлайсыз?

– Рақымшылыққа қатысты пікір ғалымдар арасында да, қоғамда да əртүрлі. Əрине, рақымшылықты саяси құралға айналдыруға болмайды. Қазақстанда кеңестік кезеңнен бастап, тəуелсіздік жылдары да амнистия жүргізудің тəжірибесі бар. Егер бұл шара қолданылатын болса, тек қоғамға қауіпті емес, алғаш рет қылмыс жасаған, əлеуметтік əлсіз топтарға жататын азаматтарға ғана қатысты болуы тиіс деп санаймын. Ауыр қылмыс, əсіресе зорлық-зомбылық пен сыбайлас жемқорлық үшін рақымшылық жасауға мүлде болмайды.

– Соңғы жылдары «Əділетті Қазақстан» қағидаты көп айтылады. Бірақ халық оны заңдардағы жəне нақты шешімдердегі өзгерістер арқылы сезінгісі келеді. Сіз бірінші кезекте қай заңдарды қайта қарауды дұрыс деп санайсыз?

– Менің ойымша, ең бастысы – қылмыстық заңнама. Себебі адамның табиғи жəне конституциялық құқықтары ең алдымен сол арқылы шектеледі. Қылмыстық жəне Қылмыстық-процестік кодекс терді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нəрсенің бəрінен арылу қажет. Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық жəне Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілген. Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуі тиіс. Сондықтан, Қылмыстық жəне Қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Əділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық əлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек. Біз қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өз бастамаммен «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасын қолға алдым. Бұдан бөлек, болашақта «Лоббизм туралы» заң қабылдау қажет деп санаймын. Өйткені ол заң шығару процесінің ашықтығын күшейтеді. Сондай-ақ қазіргі кезде шектен тыс қатайып кеткен жемқорлыққа қатысты баптарды қайта қарап, оларды тиімді əрі əділ деңгейге келтіру керек. Сонда ғана «Əділетті Қазақстан» ұғымы нақты шешімдерде көрініс табады.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

«БАЛ КЛАСТЕРІН ҚҰРУДЫ» ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр елімізде шаруашылықтардың барлық...

Мемлекет басшысы жолдауда не туралы айтты? Ең маңызды жаңалықтарға шолу

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауын жариялады.

Президент бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бір палаталы Парламент құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Жасанды интеллект министрлігін құруды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Жасанды интеллект министрлігін құруды тапсырды.

Екінші және үшінші атом электр станциясының құрылысын қолға алуы қажет — Тоқаев

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында...