Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты жолдауы елдің саяси жүйесінде ғана емес, экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірінде көптеген оңды өзгерістердің орын алып жатқанын көрсетті. «Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек». Бүгін Президент ерекше тоқталған осы кезең қалыптаса бастады.
Еңбек капиталының артып, өндіріс қарқынының жаңа сипатқа ойысуы, аймақтағы экономикалық үш белес – инвестиция, инновация мен бәсекенің артуы соның дәлелі. Экономика әртараптанып, еткен еңбегі нәтижелі бола бастаған елдің еңсесі тіктеліп келеді. Жолдау әлеуметтің әл-ауқатын дамытудың келесі стратегиялық мақсаттарын айқындады. Соңғы жылдары жүзеге асып жатқан оңды реформалар халық өсімі мен жаңа инновациялық даму қарқынына ілесе алмай келе жатқан өңірлердің инфрақұрылымдарын қайта түлетті. Биылғы жолдауда да шалғай аймақтардағы азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін кешенді экономикалық өзгерістерге баса назар аударылды. Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы билік алдына қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындау бағытында Панфилов ауданында нақты шаралар жүзеге асырылып, жоспарға сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы өткен жылдармен салыстыра қарағанда жоғары нәтижелерге жетті. Президент «инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды» екенін, «дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара» екендігін жолдаудағы алғашқы басымдықтардың бірі ретінде алға шығарды. Панфилов ауданына 2024 жылы жалпы көлемі 60 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланды. Шілде айында ауданға тартылған инвестиция көлемі 19,9 млрд теңгені құрады. «Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы қажет» екендігін Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі айтып жүр. Бір қуанарлығы, ауданға тартылған инвестиция үнемі өңір экономикасын көтеруге, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, жұмыс орындарының көбейіп, өндіріс түсімінің артуына жұмсалып келеді. Мәселен, өңірге тартылған инвестиция есебінен алдағы уақытта Қорғас Шығыс қақпасы арнайы экономикалық аймағында Standart Stil арматура өңдеу зауыты іске қосылғалы отыр. Жуық арада Панфилов ауданында қатынас мәселесін жеңілдететін аэропорт бекетін салу жоспарланып жатыр, қазір оның сметалық жоба құжаттары рәсімделуде. Панфилов ауданы транзиттік мүмкіндігі зор аймақ екені көпшілікке мәлім. Қазір аудандағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» және «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында сауда-саттық, туризм, өндіріс, көлік логистикасы бағытында кәсіпкерлік нысандары дамып жатыр. «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет». Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуды ежелден мақсат тұтады. Бұл бағытта мемлекет ауыл, аймақ, өңірлерге арқа сүйейді. Жаркент өңірі де аграрлы аймақ қатарында. Осы ретте, Президент айқын басымдық берген аграрлық сектордағы ізденістер ауданымызда нәтижелі жүзеге асып жатыр. Биыл 44 181 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде жүгері, арпа мен бидай, картоп, күнбағыс, көкөніс, қызылша тұқымдық түрі, көп жылдық шөп бар. Тамыз айының соңынан жүгері жинау науқаны басталды. Биылғы жүгері дақылының жақсы өсіміне қарап диқандар мол өнім жиналады деп болжап отыр. Өнімді жақсы алу үшін шаруашылықтар жаңа технологияны, яғни тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдістерін қолданып жүр. Ауданда өсірген жемістер мен көкөністерді ұзақ мерзімге сақтаудың әдістерін табу, оларды жүзеге асыру өңірдегі шаруашылықтардың үлкен ізденістерінің арқасында оң нәтиже беріп жатыр. Қазіргі уақытта 7000 тоннаға арналған көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын 12 қойма бар, оның барлығы тұрақты жұмыс істейді. Президенттің «басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру» ұстанымы осындай үлкен еңбектің нәтижесінде өз жемісін беріп отыр. Мемлекет басшысы «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатын дер шағында алға шығарды. Оның көрсеткіші – халықтың капитализм заңдылықтарын түсініп, адал еңбекке арқа сүйей бастағанынан, шағын және орта бизнесте тың идеялар мен креативті бастамаларға ұмтылып жүргенінен байқалады. Кез келген азаматтың жаңа көкжиектерге ұмтылу мүмкіндігінің аясы кеңіді. Бүгінде «адал еңбекке ұмтылған– адал азаматтың– адал табысқа» жететіні анық. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамытуға басымдық берді. Халықтың тікелей тұрмыстық қажеттілігіне айналған инфрақұрылым бағытын дамыту, санын көбейтіп, сапасын арттыру озық инновация мен жаһандану заманында кезек күттірмейтін мәселе. Баспана қазіргі таңда көп түйткілдің күрмеуін шешеді. Жол қатынасы, су құбырлары, электр желілері, коммуналды қызметтермен қатар айрықша басымдық тұрғын үй құрылысын дамытуға беріліп отыр. 2024 жылы аудан бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 70,0 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде: — Бюджет қаражаты есебінен 8,28 мың шаршы метр; — Жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 70,0 мың шаршы метр тұрғын үй бар. Аудан, ауыл көлемінде инженерлік желілер тарту жобасын әзірлеу, кей ауылдық округтерге әкімшілік ғимарат салуға өтінім беру, тұрғын үйлерге инженерлік коммуникациялық желілер құрылысын салуға бюжеттік өтінімдер жасалды. Автокөлік жолдарының жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады. Панфилов ауданы Ұлы Жібек Жолы бойындағы бүкіл жол қатынасын жалғап жатқан республиканың күретамыры іспетті. Сол себепті де Мемлекет басшысы айтқандай «Мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ». Қазіргі таңда «Жаркент Қорғас» автожолы осы талап үддесінде үлкен жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты» делінсе, «Жайлы мектеп» заман талабы. Білімді ұрпақ заманауи қажеттіліктермен қамтылған, озық технологиямен жабдықталған білім ордаларында сауатын арттырып, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасады. Президент жыл сайынғы халыққа жолдауында мемлекеттің сүйенері білімді жастар екенін айтып жүр. Панфилов ауданында биылғы жылы 2 700-ге жуық бала жаңадан мектеп табалдырығын аттады. Жаркент қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1200 орынды және Талды ауылында 300 орынды мектептер салынып жатыр. Ауданда мектептерге құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компаниялар ұжымы уақытылы, нәтижелі қызмет көрсетуде. Жасыл экономика мен сапалы энергия көздерін арттыру бүгін әлемдік мәселеге айналып отыр. Жаһан үздік жобалар мен тың идеяларға мүмкіндіктер ұсынып, батыл қолданыс тәжірибесіне енгізіп жатыр. Ол тәжірибелердің тиімді жүзеге асып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Бұл ретте, мемлекет басшысы елімізге де сенімді және экологиялық таза қуат көздерінің қажеттігін айтты. Халыққа қажет мол энергияны атом энергетикасының беретінін әлемдік практика көрсетіп отыр. «Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді» – деді Мемлекет басшысы. Жалпыұлттық диалог жаңа қоғамдық-саяси мәдениет пен ұлт тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдаудағы ауызбірлік пен ынтымақтастықтың айқын көрсеткіші. Мұндай елдік мәселеде халық мүддесінен биік мүдде жоқ. АЭС уақыт қажеттілігі тудырып отырған қадам. Сол себепті бұл жерде халықтың саяси белсенділігі де маңызды. Қазір елде энергия тапшылығы сезіледі. Бұл үлкен өндірістердің қарыштауына да кедергі. Ендеше, АЭС ісінде қауіпсіз, таза энергия тартудың әлемдік озық тәсілі мен тәжірибесі зерделеніп, зерттелуі керек. Жауапкершілігі жоғары мәселе де мамандар біліктілігін арттыру да маңызды. Алдағы өзгеріс пен оң нәтиже – уақыт еншісінде.
Марат САҒЫМБЕК, Панфилов ауданының әкімі ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ


