Күн сәулесі терезенің жақтауынан бері өтіп, сұр түсті ауыр матаның арасынан қымсына сығалаған сәтте көзін ашты. Балконда шылымын тұтатып тұрып айналаға көз салды, күз өтпей қырбық қар қонып үлгерген шағын қала әр-әр жерден түтіндеп жатқандай. Енді осыдан мамыр туғанша тоң-торыс мелшиген биік-биік үйлер мен «бір күні біз де сүрілерміз ау» деп өзінен-өзі еңкіш тартып бүгежектеген тоқал тамдарды көкшіл мұнар көлегейлеп тұрарын ойлағанда ақбас шыңды, асқақ біткен тауына тартып кеткісі келер еді. Үйлері «лего» бөлшектеріндей болып жан-жаққа бытырай шашылып түскен сол қаланы сүйетіні өз алдына, сол таудың бауырындағы шағынаудандардың бірінде тұратын қимасы да өзіне қарай тарта береді. Өзіне мәлім құпиясын ішіне бүккен жігіт ағасы өз өмірінде болар бір жақсылықтың жақын екенін сезетіндей.
Жұмыс орнына келіп поштасына түскен ұсынысхатты оқып, ойы онға бөлінді. Коммерциялық құрылымдармен ауыз жаласып, тендерден жеңіп шығуына «жәрдемдесетін» топ көптен бері мұны айналшықтай бастаған. Бұл ұсынысқа елп ете түспеген, бірақ іштей бірнәрсеге алаңкөңіл. Өткен жолы белгісіз көлік мұның көлігіне қарсы келіп соқтығысып, бір құдіреттің күшімен қара тырнағына сызат түспей дін аман қалғанда да дабыра қылмай жылы жауып қоя салғаны бәлелі жерге басын тығудан сақтанғаны еді. Өйткені, жолына кесе-көлденең тап болған кедергілердің де қайдан келіп жатқанын іші шамалаған. Әйтеуір, басы аман ғой. Пайда түсетін жерді алыстан болжайтын әккі таныстар ертеңге маңызды кездесу белгілепті, оларға бұл жолы да алдырмауға айласы жетер ме екен… Отбасылық достарымен шағын ресторанда отырған кезде де мұның ойынан ертеңгі болатын кездесу шықпады.
*** Қанатынан дүниенің желі есіп, кеңістікте еркін қалқыған ұшақ әуежайға қонғанда алып күн қызара батып бара жатқан. Екі сағат бұрын естіген хабары бір сәтте бойын тоңазытып, көзі бұлаудай болып ісіп, тілерсегі дірілдеп әбіржіп кеткен әйел таксимен келіп жетіп, ауруханада күйеуінің жансыз денесін көрген сәтте жүзі топырақ түске еніп, құлап бара жатты.
***- Зара Максимовна, оқиға сіз басқа қалаға ұшып кеткен күні болыпты.
— Ия, есіме түссе өзімді қоярға жер таппаймын. Сол күні ешқайда кетпеуім керек пе еді… Неге ғана қасында болмадым… Неге? Әйел басын төмен салған күйі маңдайын ұрғылай берді.
— Соңғы кездері көңіл-күйі қалай еді? Марқұмның мінез-құлқында өзгерістер байқалды ма? Біреумен ренжісіп, болмаса бір жағдайды уайымдап…
— Бәрі әдеттегідей болатын. Күйеуім жұмыстан шыққан соң ресторанға бардық. Отбасылық достарымызбен отырып кешкі ас іштік, ол мені әуежайға шығарып салмақ болды. Бірақ, өзі аздап ішімдіктен ұрттап отырғандықтан мені әуежайға апарып салу үшін жүргізушісін шақырды.
- Ол кісі мас болып қалып па еді?
- Жоқ, мас болатындай ішкен жоқ, жұмыстан кейін шаршағанын басуға деп аздап қана алатын.
- Ол жаққа не шаруамен бардыңыз?
- Ертеңгі күні бизнеске қатысты бір мәселені шешуге тиіс едім.
- Күйеуіңіздің қайтыс болғанын сонда жүргенде естідіңіз бе?
- Ия, таңертең сағат ондар шамасында полициядан хабарласты.
- Марқұмның ұлы бар екен, оқиға болған күні қайда болды?
- Ол кішкентай кезінен әжесінің қолында тұрады.
- Күйеуіңіз жүрегім ауырады деп шағымданатын ба еді?
- Жоқ. Ол денсаулығын күтетін, спортпен айналысатын адам.
- Сол күні марқұмды жүйкелететіндей не күйзелткендей жағдай болған-болмағанын есіңізге түсіріп көріңізші.
— Ол кісі жұмыстағы жағдайды айта бермейді. Әйел сөмкесінен тағы бір жаңа сулық алып көзін сүртті.
— Отбасы болғасын кейде шыны-аяқ сылдырлайтыны бар, сол күні жанжалдасқан жоқ па едіңіздер?
— Ол күні біз екеуміз де күнұзақ жұмыста болдық, ресторанға жұмыстан шығып келдік, екі сағаттан соң әуежайға кеткенімді айттым. Оның үстіне жанжалдасатындай себеп жоқ.
— Жарайды, айналасында ол кісіні ұнатпайтын, жауығып жүрген адамдары болуы мүмкін бе?
- Ол жағын білмедім.
- Күйеуіңіз көп қан жоғалтқан. Оған сілтенген өткір затты таптық. Ол сіздің ас үйдегі пышақ болып шықты, және ол пышақты әбден тазалап жуып қойыпты.
- Сұмдық ай… Екі қолымен бетін басқан әйелдің екі иығы селкілдеп кетті.
***«Жедел жәрдем» келіп жеткенде марқұм үйде жалғыз болған. Оны орынбасары айтты.
— Сол күні бір жақсы фильм көріп, ұйқыға жай жатып едім. Көбіне ұйықтарда телефонымды сөндіріп тастайтыным бар, бірақ, сол күні өшіруді ұмытыппын. Түн ортасында телефоныма хабарлама келіп түскенде оянып кеттім. «Түн ортасында мазалаған кім екен?» деп телефонды өшірмек болғанымда Сайын Сапаровичтен екенін көрдім. Ол кісі өмірі түн ішінде хабарлама жібермейтін. «Жедел жәрдем. Тез!» деп қана жазылыпты. Не жағдай екенін білейін деп телефон шалғанымда ешкім көтермеді. Сол бойда бригаданы тік тұрғыздым.
— «Жедел жәрдем» жеткенде тірі ме еді?
— Біраз қан жоғалтқан. Тездетіп ауруханаға жеткізіп операцияға дайындадық. Бірақ, болмады ғой… Қандай азамат еді! Өмірге құштар болатын. Басшымын деп кергімей, әрқайсымыздың жағдайымызды сұрап, онша-мұнша еркелігімізді де көтере білетін. Еһ…
***Тергеуші бұл іске көптен байқалмаған ынтамен кірісті. Марқұм бұдан бұрын денсаулығына шағымданды ма, біреу қастандық жасауы мүмкін бе, әлде өзіне қол жұмсады ма, бұрын-соңды өзіне қол жұмсау ойын білдірген бе, өз әйелінен басқа әйелдермен байланысы болды ма, оқиға алдында кіммен кездесті… Сұрақ көп еді. Таңба, саусақ ізі алынып, қанның контурының көшірмесі жасалып, мүрдедегі қанның қалай жұққаны анықталуға жіберілді. Алдымен марқұмның өзіне-өзі қол жұмсағаны негізгі дерек ретінде қаралды. 105 баптың 1 бөлімі бойынша марқұмды осыған жеткізген адамды табуы тиіс болатын. Сол күні марқұм жұмыстан кейін яғни 19:00 шамасында ресторанға барған. 2 сағаттан соң әйелі әуежайға кетеді. Ер адамның өзі түнгі 23:00-ге дейін ресторанда болғанын достары да, ресторан әкімшілігі де растап отыр. Ол жерде аздап қызулау болғанымен ешкіммен сөзге келмеген, үйге жүргізушісі жеткізіп тастаған.
Жергілікті жұрттың көзімен қарағанда қаланың тәуір жерінде орналасқан тұрғын үйге келген тергеуші ауладағы бейнекамералардың бірнешеу екенін байқады. Шлагбаум қойылған, подьезде консьерж де бар. Шашын ақ сұрға боятқан алпысты алқымдаған әйел сөйлесіп тұрған кезде «осы тұрғын үйдің бәріне өзім қожамын» дегендей аяғын талтайтып тұрады екен, өзі сөзшеңдеу көрінді.
— Оқиға болған күні менің кезекшілігім болатын, ұмытпасам түнгі 23:05-те еденді бір сүртіп алып, төсегімді ыңғайлап жатқаным сол еді, есік тарс жабылды. Қарасам, біздің 3-қабатта тұратын тұрғын екен.
— Онымен біреу еріп келмеді ме?
— Жоқ, жалғыз болды.
— Ал, түн ішінде, айталық, 23:30 -дан түнгі 2-лер шамасында бөтен адам кірді ме?
— Сол күні теледидар қараумен болдым. Сағат түнгі 2-ден кете көзім ілінді. Кірген-шыққан басқа ешкімді байқамадым. Сол күні күн күрт суытып кеткені есімде.
— Ол кісі әдетте үйіне жай оралатын ба еді?
— Жоқ, тәртіппен жүретін адам, таңертең ерте жұмысқа кетеді, кеште кешікпей үйіне оралады. Меніңше, ол отбасын жақсы көретін адам. Қашан көрсең де әйелі екеуі жұп жазбай жүреді. Сондай мәдениетті, жарасымды жұп көрінеді.
— Ұлын көрдіңіз бе?
— Жоқ, бір ұлдары бар деп естігем, бірақ, көргенім жоқ.
— Сол күні оқыс шыққан дыбысты не шуды мүлдем естімедіңіз бе?
— Маған шу естілмейді.
Аулада бейнебақылау үшеу болатын, бірақ, олар тек әшейін көзалдау үшін тұрғаны мәлім болды. Оқиға болған күннің ертеңінде марқұмның әйелі тергеушіге күйеуінің кабинетіндегі кейбір коллекциялық заттардың ішінен фарфордан жасалған қымбат статуетка мен жұдырыққа сыйып кететін пілдің мүсіні жоғалып кеткенін айтты. Фарфордан жасалған кішкентай құс, ескі монеталар, өткен замандағы орден, медальдарды арнайы қорапшаға салмауына қарағанда марқұмның өзі осынау дүниелерін сәндік үшін жинап қоятын болу керек. Қаланың екінші шетіндегі антиквариат сататын дүкеннен Үндістаннан әкелінген кішкентай пілдің мүсіні табылғанда жіптің бір ұшын ұстағандай болған. Көзілдірігінің қалыңдығы бір сантиметрге жуықтайтын кәрі кісі өзінің ескілеу сарғыш дәптеріне үңіліп, тергеушіге бұл пілді осыдан көп жыл бұрын әлдебір славян ұлтты адамнан сатып алғанын айтты. «Қайдағы бір фарфор статуетка мен кішкентай ғана мүсін үшін қолын қанға бояуы мүмкін емес, бұл назар аударту, шатыстыру үшін жасалған болуы мүмкін» деп ойлады тергеуші бір сәт. Куәгерлерден жауап алу кезінде клиникалық орталық басшысының осыдан төрт ай бұрын ежелгі танысынан үлкен сомада қарыз ақша алғаны белгілі болды. Бірақ, марқұмның әйелі бұл қарыз ақша жайынан мүлдем хабарсыз болып шықты. Бизнесмен әйелден жауап алынды.
— Марқұмның сізден қарыз алғаны рас па?
— Алды. Бірақ, қайтарды.
— Қанша қарыз еді?
— Жиырма миллион теңгедей болатын.
— Осыдан бір ай бұрын өзіңіздің сенімді адамыңыз арқылы «егер тез арада қарыз қайтарылмаса, арты жақсы болмайды, сотта жолығамыз» деп айтқаныңыз рас па?
— Ондай әңгіме болған емес! Ол кісіні білеміз, сыйлаймыз, қажет болса тағы да біраз уақыт күте тұратын едім.
— Марқұм не мақсатқа деп қарыз сұраған еді?
— Ол жағын білмедім.
***Орталық басшысының аяқ астынан қайтыс болғаны оны танитындар үшін тым тосын жағдай еді. Елуге де толмаған, спортпен айналысатын ер азаматтың өлімін біреулер тынымсыз қызметімен байланыстырды, біреулер мүшел жастың қатері шығар деп жорамалдады. Тергеуші оның орынбасарын екінші қайтара мұқият тыңдап отыр.
— Бірге жұмыс істегендеріңізге қанша уақыт?
- Бастықты он сегіз жылдан бері білемін.
- Ол кісіні ұнатпайтындар бар ма еді?
- Енді жұмыс болғасын әртүрлі көзқарастар болады, пікір қайшылығы дегендей… Ең бастысы — ол әділетті адам еді. Өзінің қарамағындағыларға дұрыс қарайтын. Біреумен жауласып жүр дегенді естімеппін. Тек…
- Айта беріңіз.
- Біреулер оның өлімін тендермен, ақшамен байланыстырады. Бірақ, мен олай ойламаймын, ол кісі заңсыздықтан аулақ жүретін адам. Сайын Сапарович құжат пен ақшаға келгенде өте мұқият.
- Мұндай әңгімені кім шығаруы мүмкін, қалай ойлайсыз?
- Қалай десем екен… Бақталастары болуы мүмкін.
- Мысалы, кім?
Орынбасар өз болжамын айтты. Осының алдында ғана мемлекеттік медициналық мекемелерге құрал-жабдықтар мен химиялық реагенттер тасымалын 30-70 пайыз қымбат көрсетіп, ел бюджетіне залал келтірген басшылардың үстінен іс қозғалған болатын. Бұлардың кейбіреуін марқұм болған клиника басшысы да, тіпті орынбасары да танитын болып шықты. Жебір заманның қулығы мен сұмдығын сауып жүріп, бұйырғанын да, бұйырмағанын да ақшаның күшімен өңкеріп кетіп жүргендер клиника басшысына көбірек пайда табатын жолдар ұсынған. Ал, ол бұл ұсынысқа келіспеген.
- Мұны сізге өзі айтты ма?
- Ия, бірде ойға батып отырып, оңашада сыр ғып айтқан.
Орынбасар бұдан әрі осыдан екі-үш ай бұрын белгісіз көліктің орталық басшысының көлігіне қарсы келіп соқтығысып, бастықтың одан аман қалғанын баяндады, бірақ, бұл туралы еш жерде тіркелмеген. Одан басқа да жағдайлар жүйкесін жұқартты ма, соңғы кезде марқұм ішімдікке үйір бола бастаған.
*** Тергеуші еріншектердің қатарынан емес-ті, дамылсыз ізденісте болған сайын клиника басшысының өліміне қатысты ашылған іс парақтары да қалыңдай түскен. Әдеттегідей жұмысқа көміліп отырған кезінде өзінің қабылдауына шақырған бастығы тергеушіден орталық басшысының өліміне қатысты істі жабуды талап етті.
- Қалайша? Не үшін? Олай болмайды!
- Сіз бұйрықты түсінбей тұрсыз ба?
- Сонда сіз маған жұмыс енді жақсы жүре бастағанда тоқтат деп тұрсыз ғой. Қалайша? Мен түсінбей тұрмын. Тергеушінің ашудан қабағы қызара түскендей.
- Тергеу созылып кетті, бәрібір нәтиже бермеуі мүмкін.
- Тыңдаңызшы, егер қылмыстық іс қозғалса оны жабу ешкімге де тиімді емес. Қаншама жұмыс аяқсыз қалады… Сосын… мен жіптің ұшын ұстаған сияқтымын. Енді келіп сегіз ай бойына құр босқа сандалған болып шықтым ғой.
- Жоқ, бұл іс жабылады. Басқа тапсырма беріледі. Бара беріңіз.
- Сіз… Мені тыңдаңызшы…
- Бара беріңіз!
Мойнында он бес жыл бойы төлейтін несиесі бар тергеуші бастығына қарсы ештеңе айта алмады. Басы салбырап, көңілі пәсейіп шыққан күйі қылмыскердің тасада қалғанын және ықпалды біреу екенін түсінгендей болды. Істі тергей бастағаннан кедергіге тап болғанын қалай аңғармаған? Бастапқыда куәгерлер марқұмның өліміне қатысты өз көрген-білгендерін айтып еркінше жауап бере бастаған еді, ал енді келіп орынбасары да, досы да өздерінің бастапқыда берген жауабынан жаңылып, тіпті қай сөзге сенерлерін өздері де білмейтіндерін, мұны стресс және қайғыдан кейін есте сақтау қабілетінің төмендеуімен байланыстырады. Олардан басқа куәгерлердің айтқандары да жинақталған деректерді теріске шығара бастаған еді.
Төрт күннен соң тергеушіге із-түзсіз жоғалып кеткен адамға қатысты басқа бір жаңа іске қатысты тергеу жүргізу жүктелді.
***Осы бөлмеде ғана уақыт пен шексіздік өзара ұшырасып қалатындай, әйтеуір күндіздің өзінде күңгірт тартып тұратын бөлмеде уақыт тоқтап, тұрып-тұрып барып әрең жылжиды. Бойы тоңазығасын қалың жамылғыны алып оранып алды. Іші-сырты бірдей тоңа беретіні несі? Пәтері де бұрынғыдай жанға жайлы болып көрінбейді, махаббат пен жылу бере алмағасын суық тартты ма… Жайлы болып көрінбейтіні — әр зат әр жерде шашылып жатқаннан шығар, кофе дағына боялған ыдысы да жуылмаған, біреу келіп жуып беріп кетеді деп күте ме, оны өзі де түсінбейді. Бір қолымен шашын тарақтап көзін жұмған күйі кешегі күнді есіне түсіруге тырысты. Өзінен мүшел жас кіші жас жігіттің мұның қасынан айналып-үйіріліп шықпай жүргені құштарлықтан еместігін, қанша шымқап жасырса да бар ойы мұның ақшасына сайран салу екенін жыл жарым уақыт ішінде әбден түсінген. Басы көлкіп басталып, аяғы құрдымға кетіп әп-сәтте суалған жартыкеш сезімнен қалған көңілі жұбаныш іздеп виски ашқызған. Онысын жалғыз отырып тауысқан. Мұның жағдайын білуге бір айда бір келіп тұратын сіңлісінің де тура кеше келмесі бар ма, қолы мен аяғы жан-жаққа шашылып сұлап жатқан мұны ваннаға сүйрелеп кіргізіп, басын суық суға салып, батырып-батырып жібергенде барып санасы ашылғандай болған. Басын көтергенде самайынан сарылдап су ағып тұрғанын ешкімнің көрмегені қандай жақсы болған, сіңлісі ұрысқан, ұялтқан, «көңілдесімен кетіскен жалғыз сен емессің, Зара. Кетсе барсын! Сенің күйеуіңнен артық емес ол!» деген саусағын безеп тұрып.
Қызыл былғарылы креслоның ағаш жақтауына бір қырын шалқалай отырып, бұрынғы көп жұмыс істеп, аз ұйықтаған кездерін ойлады. Ол кезде өзін көп шаруаны шешіп, әлдекімдерге билігін жүргізе алатын керемет көретін, сөйтсе бұның ақылынсыз-ақ реттелетін дүниені басқарам деп құр арамтер болады екен. Ал, қазір есепшотындағы ақшасына өмір сүріп, ештеңе тындырмай күн кеше алады. Ал, үйдің шаруасын әуелден ұната бермейді. Еңкейіп еден сүртудің несі қызық, одан гөрі бизнес-жоба, маркетингтік стратегия жасау оңай көрінетін. Ал, қазір бизнесі де тоқтап тұр, өзінің болса ештеңеге зауқы жоқ. Ұсақ-ұсақ күлгін гүлдері бар жібек халатын киіп, әдемі саусақтарымен жайлап сіңіріп мойнына крем жаға бастады. Айнадағы бейнеге көз тоқтатып ұзақ қарады, соңғы кезде бұғағының терісі жұмсарып, бұрынғысынан созыла түскендей ме ау, көзінің айналасындағы қазтабан әжімдер де айқындала бастаған ба… қызғылт шашы иығын жапқан, жазық маңдай, қалың қасты, қыр мұрынды әйелдің әдемі тұнжыр көзінің аласы көбейген, сабаудай-сабаудай қылып қолдан тізген ұзын кірпіктерінің тасасына тығылып жатқан бір өжет сұс бар. Маңдай үстіндегі ағара бастаған талдарын ызалана жұлып-жұлып тастаған әйел «шаш бояту керек екен» деп ойлаған күйі кілт бұрылғанда комодтың үстіндегі жарықшашқышты иығымен қағып кетті. Тастан қашалған шам сынбай қалды. Соның сынбағанына біртүрлі алабөтен қуанғаны ай. Күйеуі екеуі сонау бір жылдары Египетке барған сапарларында осы шамға ерекше қызығып, алып қайтқан еді. «Бұл жай шам емес, екеуміздің өмірімізге жарығын шашып тұратын шамшырақ десе болады» деген еді күйеуі сонда.
* **Сіңлісі телефон шалды.
— Зара, мен саған күтуші қыз таптым. Елгезек, шаруа екені көрінеді.
— Қажеті жоқ.
— Үйіңді тазалап, ыдыс-аяғыңды жуып-шайып береді, нең кетеді? Тіпті күтуші қылмасаң да анда-санда келіп тазалап берсе де… Соңғы кездері тіптен не үйіңе, не өзіңе қарамайтын болыпсың, бірауық серпілсеңші.
— Қажеті жоқ дедім ғой. Сенен күтуші сұрадым ба? Телефонын басып тастамақ болған, ар жағында сіңлісі әлі сөйлеп жатыр екен.
— Отырамысың солай пәтеріңді шаң басып? Бүгін түсқайта бір рет барып көрсін, ақшасын өзім төлеймін, одан кейін өзің біл.
— Жарайды. Іле-шала мезі болған түрмен қалай күрсініп қалғанын да байқамады. Сіңлісінің мінезі солай, бір қадалса ызыңдап қоймайды, одан да айтқанын істеген дұрыс.
Бұның үйіне келген сайын жиһаздарға шаң қонып, жуылмаған стакандардың көбейгенін байқайтын сіңлісі келген сайын «саған күтуші керек» дегенді айтатын. Бұл болса оған «иә» не «жоқ» деп жауап қайтарып жатпайтын. Клинингтік компанияларға беретін ақшасы жетіп тұрса да әлдекімдердің мұның үйіне емін-еркін кіріп аралап жүргенін қаламас еді. Оның үстіне кім біледі… Кісі баласына сене алмас көңілі мұның жағдайын білуге айға бір-екі рет соғатын сіңлісінің де тезірек кеткенін қалап тұрады. Әйел орнынан созалаңдай көтеріліп, төрт бөлмелі пәтерін аралап шықты, жалғыз адам орнынан сынық сүйем де қозғай алмайтындай зілбатпан жиһаздар бұрын бөлмелерге айбар беріп тұратындай еді, енді қараса ауасын тарылтып, біртүрлі басып жаншып тұр. Көптен ашылмаған терезені ашып еді, майса самал жібекше желпи бастады.
Ертеңінде әлдекім қоңырау басты, іле-шала бейнеқоңыраудан жас қыздың бейнесі көрінді. Арықша, аққұба қыздың бет-әлпетін бір жерден көрген сияқты болды да, анық қайдан көргені есіне түспеді. Қайдан көріп едім деп ойлануға да ерінгені бар, кездессе кездескен шығар, бір көрген адамыңды өмір бойы кездестірмей кететіндей бұл Мумбай емес, қала шағын, оның үстіне адамға адам ұқсай береді емес пе, бір кезде өзінің тіс емханасына да күніге жиырма адам кіріп-шығатын. Күтуші қыз келе сала осы жұмысты асыға күтіп, аңсап жеткендей кірісіп кетті. Өзімен бірге ала келген қолғап, саймандары, спрейлері де жетерлік екен. Әуелі шаң басқан шаңсорғыштың өзін тазалап алды, шаңын сорғызып бір жеңілдеген кілемдер оралып, кітаптардан сірескен сөрелердегі, ауыр жиһаздардың қуысы мен бұрышындағы шаң атаулыдан түгі қалың сарғыш шүберек ауырлай берді, тап осы сәтте арнайы сұйықтықпен сүртілген паркеттер де рахаттана тыныстап жатқандай. Бірнеше жылғы тозаңынан арылған шамдар да шаңнан құтылғандарына қуанғандай ерекше құбылып, жарығын аямай шаша түседі. Ас үйдегі шыны аяқтар жуылып-шайылып орнына қайта салынған кезде күн де ұясына ентелей түскен.
- Мен жұмысымды бітірдім, ханым, есікті кілттеп алыңыз, — деді қыз жиналып жатып.
Бар-жоғы білінбей жүріп әп-сәтте айналасын жылан жалағандай етіп тазалап, реттеп үлгеретін тазалықшы қыз бұдан кейін де 2-3 рет келіп кетті. Ол келіп-кеткен сайын пәтері ғана емес мұның жан-дүниесі де бір тазарып қалғандай болады. Құлағындағы музыкасын тыңдап жүріп айналасын айнадай жалтыратып шығатын үндемес қызды ішінен жақсы көре бастағандай. Тіпті соңғы келгенде өзі ұяңдау, шаруаға ықтиятты қызға ризашылығын білдіріп, кофе қайнатпақшы болған.
- Айып етпеңіз, ханым, баратын жерім бар, тағы бірде, — деп сыпайы тіл қатқан қыз.
Келесі жолғы келген кезінде тазалықшы қыздың үй жинағандағы әр қимылының ерекшелігін байқады. Есікті сүрткенде екі қолын жоғары созып ширақ қимылдайды, оң қолдағы сулы шүберекпен бір сүртіп, ізінше сол қолдағы құрғақ шүберекпен құрғатып жатқан қимылы биге ұқсайды. Құдды қыз шаң сүртіп емес билеп жүргендей. Қабырғадағы үлкен портреттің шаңын сүрткенде оның көзі бір сәтке бейнеге кідіріп қалғандай көрінді.
- Бұл менің күйеуім, — деді әйел қыз ештеңе сұрамаса да.
- Ханым, ол кісі қайда?
- Жүрегі ұстап қайтыс болғанына екі айдан соң сегіз жыл болады.
- Суретіне қарасаң мейірімді адам секілді, — деді қыз.
- Ия, жақсы адам еді. Әйел күрсінді. Жұмысбасты адамның көбі солай, ең соңғы мезетке дейін ештеңеге қарамай жұмыс істей береді, істей береді. Оның үстіне дәрігерлер… өзгенің өміріне, денсаулығына алаңдап жүріп өздерінің жүйкесі де, жүрегі де ерте тозатынын байқамайды. Жұмыстары тынымсыз, адам сияқты ұйықтамайтыны бар…
Тазалықшы қыз одан кейін де бірнеше рет келді. Зара Максимовна үйін шаң басып үлгермесе де қызды өзі шақырып алатын болды. Қыз келіп-кеткен сайын пәтері айнадай болып жалтырай түседі. Ол кеткеннен кейін де ауада нәзік ноталар аралас әтір иісі қалып қойғаны сезілер еді.
* 135 шаршы метрлік пәтер бір адам үшін тым үлкен. Жалғыз ұлы шетелге кеткеннен сол жақта қалып қойған. Кей-кейде скайппен сөйлесетіні болмаса өзінің томаға-тұйық өміріне сол күйі жұтылған. Ол шешесінің әр бөлмесі 30 шаршы метр боларлық үлкен пәтер ішінен жалығатынын, жалғызсырап, жанына жылу іздегенде іші-сырты бірдей қалтырап тоңатынын, осы абажадай пәтердің ішінен кейде әлдебір құпиясын жасырар қалтарыс іздейтінін білмейтін, тіпті жалғыз шешесін сағына ма десейші. Е-е-е, жалғыз ұлы ғой, аман жүрсінші, тек бұрынғыдай үсті-үстіне ақша сұрамаса болды да.
Күні бойы ұйықтаған адамның ұйқысының берекесі болмай ма, түн баласы омартасы бұзылған ашулы аралардай жан-жақтан анталап келіп талаған өз ойларынан өзі қашып әрі-бері дөңбекшіген күйі басы ауыр тартып шаршап, таң қылаң бере барып көзі ілінер еді. Осы жолы төбеге қарап жатып қалғып кетіпті. Оянған бойда «тазалықшы қыз кетіп қалған ба?» деп ойлады. «Ханым, есікті кілттеп алыңыз» дейтіні бар еді…
Орнына сыбдырсыз тұрып, дәлізге қарай беттеді де кабинеттен бір елеусіз дыбысты құлағы шалғандай болды. Біреу сырт еткізіп суретке түсіргендей дыбыс. Демін ішіне тартты. Шынында да ол жақта біреу бар секілді. Еппен басып жақындап келгенде тазалықшы қыздың теріс қараған күйі әлдебір қағаздарды асығыс ақтарып жатқанын көрді.
— Сен үй жинап бітірдің бе? — деген кезде оқыс дыбыстан қыз селк етті. Бері қарағанда оның көздерінен әлденені жасырып тұрғаны көрініп тұрды.
– Бірдеңе іздедің бе?
— Жоқ. Аа, ия… мына қағаздарды жинастырып жатқан едім, — деді қыз асып-сасып.
Оның күмәнді қимылы мен алақ-жұлақ көзқарасынан секем алған күйі шапшаң барып оның қолындағы қағаздарды жұлып алды. Бұл сөренің ең қиын жерінде тұрған әлдебір керек қағаздар болатын. Мұны әдейілеп іздемесе кез келген адам таба да алмайтын, ал мына қыз…
- Сен бұларды неге ақтарасың? Кім рұқсат берді?
- Мен оларды жинастырып жатырмын, ханым.
- Жоқ! Әйелдің даусы шаңқ етті.
- Ашуланбаңызшы. Оның құжат екенін білмедім.
- Жоқ, бұны әдейі алғансың. Не іздедің, айт?
- Кешіріңізші, мен білмедім.
- Ақталма. Кет бұл жерден! Тез! Жекірген даусы өз құлағына оғаш естілді.
- Неге бұлай айқайлайсыз? Мен басқа ештеңе қозғағаным жоқ. Жинадым.
- Жинама! Кет дедім ғой! Қазір полиция шақырам. Сөмкеңді, бәрін тексереміз. Мүмкін, сен ұры немесе алаяқ шығарсың! Анықтаймыз!
- Жоқ, қажет емес, ханым. Кешіріңізші. Мен білмедім. Қыз шырылдай бастады.
- Мен барлық жұмысты бітірдім, сізге айтайын десем ұйықтап жатыр екенсіз, сосын күттім.
- Менің ұйықтап жатқанымды пайдаланып бірдеңе ұрлап кетпекшісің ғой.
- О не дегеніңіз, ханым, құдай сақтасын, мен ондай емеспін.
- Көреміз қандай екеніңді.
Екі аттап барып күйеуінің антиквариат заттарын қарап шықты, бәрі түгел екеніне көзі жетсе де іші әлем-жәлем. Қайдағы бір тазалықшының мұның заттарын қопарыстырып, әлдене іздегеніне күмәні жоқ. Не іздеуі мүмкін? Өте қымбат әшекей бұйымдарын көрінетін жерге қоймайтыны қандай ақыл болған! Бұл кім өзі? Мүмкін, шынымен алаяқ ұры шығар. Енді осы қызды тықпалағандай қылып үйге келтірген сіңлісіне жыны келді. Сол да бір… қарап жүрмейді, жаны ашығансып… Қайдағы біреуді әкеліп… Тіпті осы үй жиналмай қалса да бөтен адамды кіргізбеуім керек еді ғой. Өзім де бір…
- Полиция шақырмасын десең қазір сөмкеңді көрсет! Және телефоныңды тексерем. Әйтпесе, үстіңнен шағым жасаймын.
Қыз үндемей сөмкесін ұсынды. Бірақ, өзін мәдениетті, сыпайы санайтын әйел қайдағы бір тазалықшының сөмкесін ақтарып жатушы ма еді. Оның сұрланып, өзінен бірдеңе күтіп тұрғанын аңғарған қыз сөмкесін өзі ашып көрсете бастады. Сөмке ішінде пластмасса тарақ, айна мен бет әрлегіш құралдар, далап, қалам, ылғал сулықтар мен үлкен қара әмиян ғана бар екен. Әмиян ішінде екі түрлі банк картасы, шаштараз, сән салондарының визиткасы жүрді. Телефонының галереясын да көрсетті.
- Жарайды, мен кетейін, ханым, есікті кілттеп қалыңыз.
Өте қымбат екені көрініп тұрған былғары сұр бәтеңкесін еңкейіп отырып киіп, бауын байлап болған қыз есіктің тұтқасын ұстағанда әйел қызды манағы әбес қылығы үшін тағы да ақталып кешірім сұрар деп күткен. Қыз үндемеді.
- Жарайды, бар, — деді онымен есептесіп жатып. Жаңа артық ауыз сөйледім… Көптен жалғыз тұрам. Ешкімді кіргізе бермеуші едім. Сіңлім айта берген соң ғана… Сау бол. Және… енді келмей ақ қойсаң болады.
- Енді келмеймін, деп күлімсіреді қыз. Оның жүзінде әлдебір өкпенің болмаса ашудың ізі жоқ еді.
- Негізі бар емес пе… менің сізді көргім келген.
- Немене?
- Жай. Жарайды, сау болыңыз.
Қыз кеткен соң да бұл қайтадан барлық бөлмені түгел қарап шықты. Бәрі орнында сияқты. Ол қыздың ештеңе ұрлап әкетпегенін өзі де көрді ғой, енді несіне көңілі байыз таппай отыр? Сәлден соң көңіліне көлеңке түсіріп тұрған аты-жөні белгісіз күдік-күмәнін ысырып тастап, ептеп көңілдене бастады. Ас үйге барып шай қойды. Қайда қараса да мұнтаздай. Терезелердің өңі кірген. Күміс қасықтарды ас содасымен жуған ба, ерекше жарқырап өңі ашылған. Ішінен «тазалықшы қызды бекер ренжіттім, айына екі рет болса да келіп үй тазалап тұрса жаман болмас еді» деп те ойлап қойды.
***Телефонына хабарлама келіпті. Қаңғып келген видеолардың бірі шығар деп өшіре салмақшы еді. Манағы тазалықшы қыздан екенін көрді.
«Жедел жәрдем» 11 минут ішінде жетті. Сағат түнгі үштен отыз минут кеткенде жарақат алған адамға операция жасалды, бірақ, марқұм есін жимаған күйі қайтыс болып кетті. Тергеу дәптерінде ер адамның кіреберісте жараланғаны айтылған. Бірақ, қан дақтары ас үйден табылды. Марқұмға сілтенген ас үй пышағы мұқият жуылған күйі раковинада жатты, қан тамған еденнің де тазаланып, жуылғаны анық болды. Ер адамның үйде жалғыз болғанын ескерсек, бұл шаруаны кімнің атқарғаны жұмбақ болып қалады. Бірақ, оның қасында біреудің болғаны анық, өйткені, өзі қансырап жатқан адам қан жұққан көйлегін шешіп, пышақты жуып, еденді сүртіп жүрмейтіні белгілі, марқұмның киімі мен ас үй үстелінің жабыны шыққан пакет киім ілгіштің бұрышынан табылған, шамасы сол белгісіз біреу пакетті қоқысқа лақтырмақ болып әзірлеген күйі сол жерде ұмытып кеткен немесе көзден таса жерге жасырмақ болған, полиция пакеттегі заттарды сараптамаға жіберді. Марқұм мойнынан жарақат алған, пышақ оң жақтан сол жаққа қарай жоғарыдан төменге сілтенген. Соққының қатты болғаны сондай, пышақтың жүзі жеті сантиметрге дейін кіріп, қантамырларды қиып кеткен. Марқұмның телефонынан оның орынбасарына хабарлама жіберілген, сонда «Жедел жәрдемді» кім шақырды? Марқұмның өзі ме? Оған шамасы келуі мүмкін бе? Тергеуші бұған үлкен сұрақ белгісін қояды».
Әлдебір құпияға толы қызықты кітап оқығандай қадалған әйелдің әлде таңданыстан, әлде қорқыныштан ба, бойы шымырлап кетті. Бұл не біреудің детектив шығармасы ма? Оны бұған неге жіберген? Егер бұл шығарма болса ойдан құрастырған, жазылуы тым солғын, түкке тұрғысыз бірдеңе екені даусыз. Әлде полицияның бастан кешкені туралы киносценарий ме, олай болса басталуының өзі нашар ғой. Қайдағы бір еріккен біреудің сандырағын ары қарай оқымай осы жерден үзіп тастауға болатын еді. Бірақ, тосын жазба әйелге осыдан сегіз жыл бұрынғы оқиғаға ұқсайтын бір жайды баяндап жатқандай арқасын мұздата тұрып, оқымауға ерік бермеді. Ол тіпті жазбаны қалайша жалғастырып оқып кеткенін байқамай қалды.
«Үйіңізді жинауға барған күннен бастап сіздің ылғи ой үстінде жүретініңізді байқадым. «Ханым, кейбір ыдыстардың орнын ауыстырып жинауға бола ма?» немесе «терезе жабыны тұмшаланып тұра берсін бе, әлде ашайын ба?» деген сұрақтарымды сіз естімейтінсіз. Маған сіз өткен шағыңызда қалып қойғандай, әлденелерді қайыра еске алып жүргендей көріндіңіз. Естелікті ұнатсаңыз сол күнді қайыра еске түсіріп көріңіз.
Сол күні отбасылық достарыңызбен ресторанда отырып, екі сағаттан соң күйеуіңіздің жүргізушісімен әуежайға жеттіңіз. Бірақ, сіздің ұшатын рейстің уақыты басқа еді, екі сағаттан соң таксимен үйге келдіңіз».
Әйелдің қарадан-қарап демі жиілеп, жүзі қабарып кетті. Күйеуінің портретіне көз салғанда ол бұған қарап суық жымиып тұрған еді. Күйеуінің осы көзқарасы ай… ол қайтыс болған алғашқы жылдары үй ішінде жүргенде ту сыртынан бір суық көзқарас аңдып тұрғандай қарадай сескеніп жүретін, уақыт жылжыған сайын ол суреттің баяғыдай «Милая, Зара, слышь» деп күлімдемей, бұның әр қимылын үнсіз аңдып, мысқылдап тұратынына бойы үйреніп кеткен.
Рас, басында бәрі жақсы еді, уақыт өте келе сезімдеріне селкеу түскен. Соңғы кездері сырт көзге тату-тәтті жұптың ролін сомдап жүргендері әшейін ақ еді. Бұл құшағын ашып, құшырлана қысқан сайын күйеуінің бұрынғыдай ери түспейтіні, бойына мұз салып жібергендей жиырыла беретін мінезі жанын жасытты, құштарын өшіріп, әлі жастықтың оты қайтпаған, өрекпіген жігерін ұнтап құмға айналдырды. Сүюге, еркелетуге ғана жаралған жаратылыс екенін білетін әйел өзіне ғана жарасар еркелігімен, тәтті қылығымен баурай түскісі келгенімен күйеуінің мұны сүймейтіні көзіне анық көріне берді. Оңашаланып, құпия жасырып жүретіні, төсегін бөлек салатыны зығырданын қайнататын… осылай екі ортада тұрған алып та биік қарлы шыңның ұшар басынан таралған алапат ызғар іші-бауырына ене берді. Екі арада енді қайтып бір-біріне жуыстырмайтын құрдым пайда болып, екеуін екі жаққа алып бара жатты. Оған ерегескенде деп… өзінен мүшел жас кіші Витямен кездейсоқ танысқан.
Алматыға маңызды кездесуге баратынын күні бұрын айтқанда, өзі жоқта күйеуінің әлдекіммен кездесетініне күмәні болмаған. Күйеуінің жасырған сырының, әлдебір айыбының үстінен түспекші болған ішкі тілегі маза таптырар емес. Күдік тудырмас үшін әуежайға күйеуінің жүргізушісімен кеткен. Оны жол бойы ұшаққа үлгермей қалмайын деп асықтырып болғаны да есінде. Әуежайда Витямен жолығысып екі сағаттан соң үйге қайтып келгенде күйеуі есік ашпады. Күдіктің уыты миын жайлап алған күйі қоңырауды үсті-үстіне басады. Тіпті соңына қарақшы түсіп, жан-дәрмен қуып келе жатқандай сол есікті өші қалғандай дүрс-дүрс ұрғаны ай. Бірақ, есік ашылған бойда құйын секілді екпіндеген арыны басылып қалғандай болды. Күйеуі үйде жалғыз еді. Күдік туғызатын ештеңе байқалмайды. Әйелінің түн ортасында қайтып келгеніне ері түк те таңғалмады. Тіпті мұның келгені не, кеткені не, оған бәрібір секілді.
Ас бөлмедегі үстелде жартылай босаған шөлмек тұр.
- Неге келдің?
- Ұшақтың ұшатын уақытынан шатысып, ерте барып қойыппын, деген бұл.
Күйеуі мысқылдай күлді. – Өтірік! Мені соған сенеді деп ойлайсың ба? Өтірік айту сенің образың ғой, Зара Максимовна.
- Не деп тұрсың? Маспысың?
- Жоқ, мас емеспін. Тек сенің өтірігің… Шаршадым сенің өтірігіңнен! Сен өзіңнің, тіпті менің өмірімді өтірікке айналдырдың ғой. Шыныңды айта салсайшы, мені тексеруге келдің ғой! Ал, өзің ермек қуған әлдебір жігіттің құшағынан жылынып келіп… тағы мені тексересің. Ахх, Максимовна. Білесің бе, жек көрем сені! Күйеуі бұған өшіге қарады.
(Мұның іші қылп еткен, күйеуі мұның басқа жігітпен кездесіп жүргенін қайдан біледі? Әлде, күмәншіл еркектің сандырағы ма?)
- Сен мас болып қалыпсың, душқа түсіп алсаң қайтеді? Салқын бірдеңе берейін бе?
- Ахх, Максимовна… Еркек тағы бір рюмкені ішіп салып аузын сүртті де бұған көзін қадады. – Сені көргім келмейді. Менің ажырасқым келеді.
- Ажырасайық, — деген бұл да ызбарланып. Мен де шаршадым сенен.
- Бірақ, — деді тілі күрмелген еркек бұған қолын безеп тұрып, — осы бастан айтып қояйын, саған өзің айдап жүрген көлік пен былтыр сатып алып қойған бір бөлмелі пәтер ғана қалады. Басқасына таласың жоқ. Бәрі өз еңбегім. Бәрі өзімдікі. Өзімдікі!
- Ұятсыз! Сараң! Ал, ұлға ше? Бұл шарт кетті. Мас адаммен тәжікелесудің абыройсыз шаруа екенін білсе де бір дүлей күш ішін кернеп барады.
- Оның есепшотыңдағы ақшаны мен салғам, ұмыттың ба? Ол аз ақша емес. Оның үстіне… ол сенің ұлың. Неше жылдан бері еститінім осы, ұлға ақша бер, ұлға ақша керек, ақша, ақша! Енді беретінім жоқ, енді өзінің туған әкесі берсін оған. Ал мен… кетем.
- Сонда салынып жатқан коттеджді, мына пәтерді, екі джипті бәрін өзің алмақсың ба? Олардың бәрі менің атымда ғой, бәлем, татырармын саған!
- Қарай гөр! Жылан! Сен… Өмірімді улап біттің! Күйеуі шаңқылдаған әйелге қолын оқыс сермеп қалды. Негізі көздегені мұның бет-аузы болса керек, бірақ, буынын басқара алмай тұрған еркек мүлт кетті де қолы мұның иығына сарт етті.
Ашудан көзі қарайған неменің аяйтын түрі жоқ. Ұрып жатыр, ұрып жатыр. Отасқан он үш жылда осынша ашуы барын байқады ма, байқамады ма, бірақ, ішінен кәдімгідей қорқайын деді. Еркек мұның шашынан алған күйі төменге тұқырта бастады, басын қабырғаға соқпақшы ма? Мұның жұдырығын елейтін емес. Сарт-сұрт төбелесте терісін жыртып шыққан ашу ырық берместен үстел үстіндегі пышақты қолына алып сілтеп қалғанын біледі. Ар жағы… басқа біреудің түсі секілді, соншалықты көмескі, өте алыстағы, тым түсініксіз бірдеңе. Бір сілтеді ме, әлде екі рет пе… Адам бір нәрсені тарс есінен шығаруға, қайтып еске алмауға тырысса оның жады да сол ішкі тілекті түсіне ме, сол оқиғаның кейбір сәттерін ақыры сол күйі есіне түсіре алмай қалды. Әйтеуір, жерге сұлап түсіп қимылсыз қалған күйеуін көргенде үрейден іші қалтырап жүріп, үстелдегі қан тамған жабынды, күйеуінің жейдесін бір пакетке ұмар-жұмар тыға салғаны есінде. Алды-артына қарамастан қол сөмкесін алып безе жөнелмек болды да, сыртқы есіктің алдында 4-5 секундтай кідіріп қалды. Есікті сыртынан кілттеп кеткен дұрыс па, әлде ашық қалдыра ма? Тағы екі секунд өткенде есіне бірдеңе түскендей ішке қайта кірді де, есікті ішінен бекітіп алды. Бетін басып бірер минут тұрғанда ішінде сабырға шақырған белгі беріліп, осы жолы сабырлы қимылдады. Алдымен қолына ваннаны тазалағанда киетін резеңке қолғапты киіп, губкаға арнайы химиялық гельді жағып, қолы тиді ау деген жерді, пышақты, едендегі қан дақтарын, тіпті тұтқаға дейін мұқият сүртіп шықты. Ең соңында бір жағына қисая құлаған күйеуінің телефонын алып, оның орынбасарының номерін іздеді. Телефонды да сүртуді ұмытпады. Сөйтті де көз ілеспес шапшаңдықпен пәтерден шығып, есікті кілттеместен лифт шақырды. Өте қысылтаяң уақыттың ішінде кабинеттен фарфор статуетка мен пілдің мүсінін іле кетіп сөмкесіне салды, жолай кездескен қоқыс жәшігіне салып кетпекші. Өзі есі шығып жүріп те адамның ойына келмейтіні жоқ екен ау деп таңғалады кейде. «Жоғалған мүсіндер де тергеуде роль ойнауы мүмкін, тым болмағанда бұл коллекционерлерге шабуыл жасайтын қарақшылардың ісі деген болжамға көмегі болса да…» деген ойдың қай кезде миына сап еткенін білмейді…
Өткен шаққа ой жібергенде әйелдің құлағы шулап кеткендей болды. Тіпті бөлменің ауасы да тым тарылып кеткендей, орнынан тұрып балкон есігін ашпақшы болғанда үлкен портретке еріксіз көзі түскен. Күйеуінің бейнесі оған тым жабырқау, тым мұңлы көрінді. Көзін тайдырып әкетті. Дәл осы сәтте телефонына тағы бір хабарлама келген еді. Бұл хабарламаның манағы жазбаның жалғасы екеніне күмәні болмады, о бір жылғы айыбын ашар сол ұзын-шұбақ жазуды тап қазір жым-жылас қылып өшіріп тастауға болатынын біліп тұрса да, сол жазбаны оқымауға еркі мүлдем қалмағанын ұқты.
«Түн жамылып өз үйіңізден шығып, көшеден такси ұстап әуежайды бетке алдыңыз. Дәл осы сәтте сіз сұлу келіншектен түн жамылған кісі өлтіргіш қарақшыға айналған едіңіз!
(Мына сұмдық айыптаудан әйелдің өкпесі қысылып кеткендей ышқынып қалды). Бірақ, сұлу әйелді күйеуіне пышақ сілтеп, із жасырып кетеді деп кім ойласын? Ал, қансыраған күйеуіңіз есінен танып жатса да әлі тірі болатын. Сіз әуежайға келіп жеттіңіз, түнгі сағат 01: 50-де рейске отырғызу басталды. Сіздің оқиға болған күні кеште Алматыға ұшып кеткеніңізге тергеушіден басқа ешкім күмәнданған жоқ, сіз бір күнде екі рейске бірдей билет алып, қонақүйден орынды да сайлап, одан басқа да қулық жасадыңыз ба, әйтеуір, бұл шаруаны ешбір күдік тумайтындай қылып реттеп қойғандықтан тергеуші де артық сұрақ қоя алмаған, ал ертеңінде таңғы 9-ға жоспарланған стоматологиялық орталық ашу бойынша жоспарыңыз сәтті болды. Сөйтіп, сіздің басты дәлеліңіз — күйеуіңіздің қайтыс болғанын естірткенде сіз басқа қалада болғандығыңыз. Баспасөз құралдарында орталық басшысының жүрегі ұстап қалғанына қайғырып, көңіл айтып жатты. Жүрегі ұстап қалды деген ақпарат қайдан шықты? Өйткені оның кісі қолынан өлгені туралы сыбыс та таралмады. Ал, оны қол жұмсауға итермелеу бойынша басталған тергеу ісі сегіз айға созылып барып жым-жылас жабылды. Өйткені сіз бұл істі тоқтатудан ақша аяған жоқсыз! Сөйтіп, күйеуіңіз «удай мас күйінде өзіне қол жұмсағандықтан» іс жабылды. Байланыстары да, ақшасы да жетерлік адамдарға бұл кәдімгі көп шаруаның біріндей, тез әрі тиімді шешіледі емес пе! Бірақ, сол күні сізді көрген үш куәгер бар еді. Біріншісі – күйеуіңіздің жүргізушісі. Сіз ұшаққа үлгермей қалмайын деп жол бойы асықтырғаныңызбен барған бетте тіркеу залына өтпей, қабасақал жас жігітпен құшақтасып оңаша кеткеніңізді көріп жүргізуші айран-асыр болған. Сіз ештеңеден секем алмадыңыз, сіз сияқты адамдардың өзінің әр қадамына дейін сенімді болатыны белгілі. Сөйтіп, өзіңізді біреу сыртыңыздан суретке сырт еткізіп түсіріп ала қойғанын, бұл ақпарат сол бойы күйеуіңізге жеткенін білмедіңіз. Жүргізушілердің бастық өздерін іздегенге дейін көлігіне жолаушы мінгізіп, қосымша тиын табуды жақсы көретін әдеті емес пе, оның үстіне қымбат қалада ақша ешқашан артық етпейді. Күйеуіңіздің жүргізушісі де әуежайдан ескі орталыққа дейін ала кететін жолаушы күтіп тұрған кезде сіздің әуежайдан шығып басқа таксиге отырғаныңызды көрді. Бірақ, тергеу басталғанда ол сізді әуежайға өзі апарып тастағанын ғана айтып куәлік етті. Одан өзге ақпаратты жасырып қалды, сізге де керегі осы еді. Көп ұзамай жүргізуші жұмысынан шығып, басқа қалаға көшіп кетті.
Екінші куәгер – консьерж әйел. Сіздің түн ішінде өз үйіңізден мысықтабандап шығып бара жатқаныңызды Марита Павловнаның көргені рас еді. Ертеңгі күні қартаң әйелмен оңаша жолығып, куәгер болудың әурешілігін, тіпті осы жасап жүрген жұмысынан айрылып қалуы мүмкін екенін айттыңыз. Зейнетке әне-міне жетсем деп жүрген әйелмен келісу, оған естен кетпес сыйлық жасаймын деп уәде беріп, сол түні ешкімді көрмедім деп айтқызу сіз үшін жан қиналатын шаруа емес-ті. Бірақ, сіз іс сол күйі тып-типыл жабылғаннан кейін ол әйелді танымай, танысаңыз да не уәде бергеніңізді сол күйі ұмытып кеттіңіз. Ол да сіздің қасыңызға жуымаған. Сіз кішкентай адамдардың мұндай мәселеде тым ұсақтыққа бара бермейтінін білетінсіз.
Үшінші куәгер – сізге қарсы есікте тұратын 10 жасар ұл болатын. Жанбағыс қиын қалада ата-аналар балаларын жалғыз қалдыруға мәжбүр, әкесі басқа қалада вахталық жұмыста жүрген баланың дәрігер анасы да сол күні түнгі кезекшілікте болған. Есікті қатты тарсылдатып, өші кеткендей бар күшімен гүрс-гүрс ұрған дыбыстан шошып кеткен бала есіктің көзшесінен сізді көрген. Ол тіпті сіздің үйден қатты шыққан дауыстарды да естіген еді. Бірақ, тергеу кезінде одан жауап алған ешкім болмады. Енді мен сіз білмейтін бір жайды ашайын. Сіз күйеуіңіздің басқа әйелге аңсары ауғанын байқадыңыз ба, жоқ па… Не де болса бір қызы бар, жасы отыздар шамасындағы келіншекті көрмегеніңіз, танымай кеткеніңіз жақсы болды, әйтпесе, кім біледі, оның да түбіне жетер ме едіңіз…
Жасым он үшке толған күні шешем маған тосын сый жасады. Расымен, ерекше сый! Мен дүниеге келмей тұрып шешеммен жолы екі айырылған әкеммен таныстырған еді. Әкеммен! Бұған дейін анамды ғана білетін мен үшін аяқ астынан әкемнің пайда болғаны қыс ішінде терек гүлдеп, ақ түтек боран арасында жаз орнағандай әсер еткенін, ғайыптан сопаң етіп пайда болған адамды не жақсы көре алмай, не жек көре алмай екіұдай күй кешкенімді айтып жатпайын. Бірақ, он төрт жыл бұрын шешем екеуі үйленеміз деп жүргенде араға түскен әзәзілге еріп кете барған әкем мен елестеткендей тым жаман адам емес екен, үйіп тастайтын сыйлықтарын да, туған күніме сыйлаған қымбат телефонын да қойшы, онсыз да шешем мені ештеңеден кенде қылмаған, менің балаң жүрегіме бататыны – сол ер кісінің менің әр қылығыма елжіреген кейпіне бауыр басып, менімен сөйлесуге ынтық әкелік махаббатын енді сезінгенімде… сол болмашы бақытымды түсініп үлгермей жатып сол күйі жоғалттым. «Менің де әкем бар, мені де әкем жақсы көреді» деген сезім көкірегімде бүршік атқаны сол еді, оны көргенім, танығаным, қас-қағым сәт арасында қайта жоғалтқаным маған әкесіз жүрген кезімнен де сұмдық аянышты әрі ауыр болды. Ол маған екінші рет сатқындық жасады деп білдім. Бәрінен бұрын шешемнің қайғырғаны батты. Қақ маңдайдан балғамен оңдырмай тосын соққы алғанда адам қандай күйде болады? Осымен екінші рет жесір қалған бақытсыз әйел әкемнің өзіне қол жұмсағанына сене алмады. «Ол біреудің қолынан кетті, кім болса да қасындағы адамдардан» дей берді. Осы сөз менің көңіліме қонақтап, әбден орныққаны сондай, әкем туралы түс көретін болдым. Мен кейде түсімде қалың жыныс орман ішінде әкемнен адасып, қасқырлар қамауында қалып, айқайлап шошып оянатынмын. Ал әкесі бар мұңсыз бала болып, әке мейіріміне анық бөленген бақытты бала болып оянған кезім сирек».
Әйелдің бұдан әрі оқуға әл-дәрмені қалмағандай. Телефондағы ұсақ әріптерге ұзақ үңіліп отырғаннан ба, әлде жан-дүниесінде қопарылыс жүріп жатқаннан ба, әйтеуір, шаршап-шалдыққан күйде отырып тазалықшы қызды алғаш көргенде оның сәл қысыңқы көзі мен жымиысын бір жерден көргендей болғанын есіне алды. «Бәсе, әлдекімге ұқсатқандай болғаны тегін болмағаны ғой». Ары қарай оқымаса да болады. Бірақ, мұның қолы телефонға жабысып қалғандай…
«Бұл іс сол күйі ашылмай кетуі де мүмкін. Қулығы терең, құрығы ұзындар біреудің алдында төменшіктегенді, баяғыдағы бір оқиғаға бола өкінгенді ұнатпайды ғой. Бірақ, сіз шындықтың ерте ме, кеш пе, бір күні ашылатынын, біреу болмаса біреу ақыры білетінін естен шығардыңыз. Біздің әбден іріген, ашқылтым күлімсі иісі тонадайдан қолқаны қабатын жемқор қоғамның тегершігін адалдықтан алыс, арынан ақшаны биік қоятындар айналдырып отырған кезде сізге заң соты жүрмейтінін білгендіктен де бала кезімнен өзіме-өзім жүктеген қиын тапсырманы мойныма алдым. Мен сізді ар сотына салғым келді. Сіз айыпкерсіз! Естисіз бе, ар соты! Өмір бойы екі иығыңыздан ауыр ойлар басып тұратын болады.
Осы істе маған ненің қиын болғанын білесіз бе? Бір кезде істі жақсы бастап, орта жолдан қарсылыққа ұшыраған тергеушіні тауып жолығу, әкемнің өліміне қатысты іс жабылған бойда басқа қалаға көшіп кеткен жүргізушісін табу, сіздің жеті жыл бұрын қоныс ауыстырған көршіңізге сұрау салу да машақаты көп шаруа болғанмен сонша қиналдым демеймін. Зейнетке шыққаннан кейін онкологияға шалдығып ауруханада жатқан консьерж әйелді сөзге тарту да ауырлау болса да соншалықты бейнет емес еді. Мен бәрінен бұрын әкемнің екіқабат күйдегі анамды тастап кетіп таңдағандағы әдемі әйелінің осындай іске барғанына сенбей қиналдым. Маған сіздердің араларыңызда кешірмейтіндей өшпенділік болмағандай көрінеді. «Сонда әкемді өлімге қиятындай не жағдай болды, қылмысты жасыру үшін осынша сұмдыққа ақылын сарқыған қандай адам?» деп бас қатырдым. Ал, сізді көргенде сырты жаңалау болғанмен іші әбден көнерген, тозған құмыраны көргендей болдым. Көне құмыра көрсек ерекше құпияның, белгісіндей көрінетіні бар ғой, сіз де кезінде көздің жауын алып үйдегі ең көрнекті жерге қойылып, уақыт өте ешкім көз салмайтын, түбіне талай сыр жасырған көне құмыра секілдісіз. Сіз ішіне у құйылған қауіпті құмырасыз!
Айтпақшы, үй тазалаушы болғаным — сізді жақыннан көрудің одан басқа жолын таба алмағанымнан еді. Шынына келсек, мен тергеушімін!»
*
Сала құлаш сөйлемдері шұбатылып, бітпестей көрініп, адамның төзімін сарқып барып аяқталған жазбадан басын көтергенде бөлме бір сәт қараңғыланып кеткендей болды. Әлде көзінің алды қарауытты ма… тәлтіректей басып қабырғаны алып тұрған портретке жақындаған. Бұл жолы портреттегі бейненің жүзінде жымиыстың ізі тұрғандай көрінді. Әлденеге көңілі толған, әлденеге риза болған жымиыс…
Жадыра ШАМҰРАТОВА
[ratings]