Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Отандастар» қоры Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп «Абайдың асыл сөздері» байқауын ұйымдастыруда.
Оған 12 мен 17 жас аралығындағы шетелде тұратын этникалық қазақ балалар қатыса алады. Үміткерлер 1 сәуірге дейін Абай мұрасына арналған өлеңдер, эсселер, қарасөздеріне талдаулар, әңгімелер және басқа да шығармалар жолдай алады. Қатысушының жұмысы «Word» немесе «PDF» форматында (шрифт Times NewRoman, кегель 14, жоларалық интервал — 1) болуы керек. Оның көлеміне шектеу қойылмаған. Қатысушылар өз жұмысымен бірге мына ақпараттарды жолдауы керек: аты-жөні, мемлекеті, жасы, байланыс телефондары. Үздік 10 қатысушыға «Жас қазақ – 2025» жазғы этнолагеріне жолдама беріледі. Жолдама қатысушылардың 2 апта лагерьде білім алуын, жатын орнын, тамақтануын және әртүрлі іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «АБАЙ» академиялық жинағы сыйға беріледі. Бұдан бөлек үздік шығармалар «Отандастар» қорының «Ұлы Дала» сериясымен биыл басып шығаратын «Абай тағылымы» жинағына енеді. Қазіргі таңда бейресми деректер бойынша әлемнің 50-ге жуық елінде 5 млн-ға жуық қазақ диаспорасы өмір сүреді. Олардың басым бөлігі Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолияда шоғырланған. Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры білім, ғылым және мәдениет саласында тығыз байланыс орнатқан. Атап айтқанда, шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілі мен мәдениетін сақтауы үшін байқаулар мен фестивальдер өткізіп, олардың құрылтай жиындарына қолдау көрсетіп отырады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»