Төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын арттыру мақсатында Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өрт сөндіру қызметі өкілдерінің қатысуымен бірлескен өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Іс-шараға Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының және 5-өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығу барысында Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы 5-өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Санжар Әділетұлы Мұратов мекеме қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және қауіпсіздік техникасы қағидалары бойынша нұсқама өткізді.
Атап айтқанда, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәртібі, жабдықтарды қауіпсіз қолдану, өрт шыққан жағдайда дабыл беру, қызметкерлердің жедел әрекет етуі және адамдарды эвакуациялау тәртібі түсіндірілді.
Мекеменің режим және қадағалау бөлімінің бастығы, әділет майоры Думан Бексолтанов өз сөзінде:
«Мұндай оқу-жаттығулар мекемедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әрбір қызметкер өрт туындаған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін білуі, өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалана алуы және төтенше жағдай кезінде сабыр сақтауы тиіс. Ең бастысы – барлық іс-қимыл уақытылы әрі үйлесімді орындалуы қажет», – деп атап өтті.
Осындай іс-шаралар қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
Мекеме аумағындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі.


