Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде интернационалист-жауынгерлерді еске алу күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ғалымжан Балтабаев ардагерлерді атаулы күнмен құттықтап, олардың көрсеткен ерлігі, антқа адалдығы және ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Ахметжанов сөз сөйлеп, интернационалист-жауынгерлердің ерлігі мен олардың жас ұрпақты отансүйгіштік пен Отан алдындағы жауапкершілік рухында тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
— Интернационалист-жауынгерлердің ерлігі – нағыз патриотизмнің, табандылық пен жанқиярлықтың айқын үлгісі. Сіздер ауыр сынақтардан өтіп, ар-намысты, абыройды және әскери борышқа адалдықты сақтай білдіңіздер. Бүгінде сіздердің өмірлік және қызмет жолдарыңыз ҚАЖ жас қызметкерлері үшін өнегелі бағыт-бағдар болып табылады, — деп атап өтті Ғалымжан Балтабаев.
Мерекелік бағдарлама концерттік нөмірлермен жалғасып, одан кейін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. ҚАЖ жүйесінде қызметін жалғастырған ауған соғысының ардагерлеріне адалдығы, жоғары кәсібилігі және белсенді өмірлік ұстанымы үшін алғыс хаттар табысталды.
Өткізілген іс-шара интернационалист-жауынгерлердің ерлігіне деген құрметті және ҚАЖ қызметкерлері мен жастар арасында тарихи жадты сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.



