Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде департамент қызметкерлері мен ведомстволық бағынысты мекемелер мамандарына арналған ымдау тілінің негіздерін оқыту бойынша семинар өткізілді. Іс-шара қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және мүгедектігі бар адамдармен өзара іс-қимыл жасау дағдыларын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Оқытуды «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Семей өңірлік филиалының ымдау тілі аудармашысы Аида Татыбаева жүргізді. Семинар барысында қатысушылар ымдау тілінің негізгі элементтерімен, есту қабілеті бұзылған адамдармен қарым-қатынас жасау ерекшеліктерімен танысып, тиімді байланыс орнату үшін қажетті практикалық дағдыларды меңгерді.
Семинар аясында ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, денсаулық мүмкіндіктері шектеулі сотталғандардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ мекеме қызметкерлері мен есту қабілеті бұзылған адамдар арасында тиімді өзара қарым-қатынас орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен мекемелерінің шамамен 40 қызметкері оқудан өтті. Қатысушылар практикалық сабақтарға белсенді қатысып, негізгі ымдарды меңгеріп, түрлі қызметтік жағдайларда қарым-қатынас жасау дағдыларын пысықтады.
– Ымдау тілін үйрену қызметкерлерге қосымша қарым-қатынас дағдыларын меңгеруге және есту қабілеті бұзылған сотталғандармен өзара іс-қимыл сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай білімдер мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін жақсырақ түсінуге, олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тиімді байланыс орнатуға ықпал етеді. Осындай оқыту іс-шараларын өткізу қолжетімді мәдениетті дамытуға, персоналдың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге және адамның физикалық ерекшеліктеріне қарамастан әрбір тұлғаға құрметпен қарау қағидаттарын нығайтуға бағытталған, – деп атап өтті Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Айдын Уваисов.
Оқу курсын сәтті аяқтаған барлық қызметкерлерге семинарға қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды.


