Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты максималды қауіпсіздік мекемесінде «ЛУЧ» оңалту орталығы мамандарының қатысуымен сотталғандарға арналған «Тәуелділікті түсіну: ой – эмоция – қолдану – салдары» тақырыбында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – сотталғандардың тәуелділік мәселесіне саналы көзқарасын қалыптастыру, оның пайда болуындағы психологиялық себептерді түсіндіру, сондай-ақ психоактивті заттарды қолданудың адам өміріне тигізетін зардаптарын ұғындыру болды.
Іс-шара барысында орталық мамандары тәуелділіктің қалыптасу механизмі туралы жан-жақты ақпарат беріп, адамның жағымсыз ойлары мен эмоционалдық күйзелістері тыйым салынған заттарды қолдануға итермелейтінін түсіндірді. Сонымен қатар мұндай әрекеттердің ауыр салдарға, әлеуметтік байланыстардың үзілуіне, заң алдындағы жауапкершілікке және өмірлік құндылықтардың жоғалуына алып келетіндігі айтылды.
Кездесу барысында адамның эмоционалдық жағдайын бақылау, күйзеліспен күресу, өз ойын басқару және дұрыс шешім қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ашық диалог форматында өткен жиында сотталғандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар сотталғандар арасында жүргізілетін тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл өз кезегінде қайта қылмыс жасаудың алдын алып, заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шараға қатысқан сотталғандардың бірі мұндай кездесулер адамның өз өміріне басқаша қарауына мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Бұрын тәуелділіктің қалай қалыптасатыны және оның адам өмірін қаншалықты өзгертетіні туралы терең ойланбадым. Бүгін бәрі адамның ойы мен ішкі күйінен басталатынын түсіндім. Өмірімдегі көптеген қателіктер осыған байланысты болды. Енді өзімді бақылауды, ойымды өзгертуді және бостандыққа шыққаннан кейін өмірді жаңадан бастауды қалаймын, — деді сотталған.
— Тәуелділіктің алдын алу жұмыстары тәрбиелік бағыттағы негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Біздің мақсатымыз – сотталғандарға өз әрекеттерінің себептерін түсінуге көмектесу, өмірлік қиындықтарды тыйым салынған заттарсыз еңсеруге үйрету және оң өзгерістерге деген ынтаны қалыптастыру. Адам тек өз қатесін түсініп, ішкі жан-дүниесімен жұмыс істеген кезде ғана қоғамға бейімделіп, жаңа өмір бастай алады, — деді мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, оңалту орталықтарымен және профильдік мамандармен бірлескен жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Себебі мұндай кездесулер сотталғандардың рухани және психологиялық тұрғыда оңалуына, қоғамға қайта бейімделуіне оң әсерін тигізеді.


