-Абай Сейдірұлы,Әдеп Кодексінің жалпы қоғамда атқаратын рөлі қандай?
-Қазақстан Республикасы Президентінінің арнаулы №153 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» бекітілген болатын. Осы кодекстің 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің функционалдық міндетін атқаруы оларға қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Әдбетте, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылатынын да білген дұрыс. Әдеп кодексінің нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-нормаларды қатаң сақтауға, мемлекеттік қызметшілердің имиджін аттыруға және өзінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сындарға себепкер болмауға тиіс. Жалпы кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық көрсету секілді бейәдеп жағдайларының алдын-алуға бағытталған.
-Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары және негізгі міндеті не?
-Әдеп жөніндегі уәкіл қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдармен қатар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын бұзуларының алдын алу шараларын қамтамасыз етіп, жүзеге асырады және өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді. Негізгі міндеті мемлекеттік қызметкерлерге конституциялық тұрғыда көмек көрсету, қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруды жүзеге асыру болып табылады.
— Әдеп кодексінің нормаларын қатаң сақтау талап етіле ме?
-Әрине, қатаң талап етіледі. Құқықтық мәдениетті, яғни заңнаманы біліп, сыйлап, құрметтейтін мемлекеттік қызметші осы сауалдың Әдеп кодексінің 10-тармағында анық жазылғанын жақсы біледі.
Халыққа мемлекеттік қызметтің сан саласы бойынша қызмет көрсететін әрбір мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс, бос уақытында жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын қатаң ұстануға, кішіпейілділік танытуға міндетті.Сонымен қатар қандай да бір қажеттілігі үшін тиісті орындарда көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық қызметінін, мүмкіндіктері мен қолжетімді жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластық танытып, әділ де заңды шешімдер қабылдауы, жалған ақпар таратпауы, сын айтқаны үшін біреуді қудаламауы және мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалануы қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісіне жол бермеуге, қол астындағыларды кемсітпеуге және қызметкерлердің барлығына теңдей қарап, құрмет көрсетуі тиіс.
-Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді. Осы құндылықтың ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз?
-Жаңа Әдеп кодексі жалпы қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болатынын айдан анық.
Жаңа Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану.
Кодекстің жаңа редакциясында «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және Мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған. Сонымен қатар, қызметтік әдеп стандарттары көзделген. Яғни, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын маңызды моральдық-адамгершілік талаптар, әріптестермен және азаматтармен қарым-қатынастағы талаптар айқындалған. Олар мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға бағытталған.
Жаңа редакцияда кезектен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану талаптары сақталған.
-Жалпы жаңа Әдеп кодексінде өзгерістер көп пе? Енгізілген өзгерістерге тоқталып өтсеңіз?
-Нақтырақ айтсақ, аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің мақсаты мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін қарау және әдепті сақтауы мәселелері бойынша заңнама нормаларын жетілдіру болып табылады. Жаңа редакцияда орын алған өзгерістерге сәйкес, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу, тәртіптік комиссияның материалдарды қарау және тәртіптік жаза қолдану ережелері реттелген. Қызметтік тергеп тексеру тағайындауға уәкілетті лауазымды тұлғалар нақтыланды. Сонымен қатар, қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау, тәртіптік комиссияның отырысында материалдарды қарау және тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссиясына жекелеген саяси қызметшілер мен «А» корпусы адамдарының мемлкеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны және қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағайда жауаптылығын қарау өкілеттігі берілді.
Әдеп кодексін жаңа редакцияда әзірлеу себебі, Кодекстің құрылымы да, оның мазмұны да бұрынғы редакцияға қарағанда толық өзгеріс әкелді деп айтуға болады. Нақтырақ айтатын болсақ, Кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметте парасаттылық атмосфераны құруға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшінің моральдық бет бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлу – оның іскерлігін ғана емес, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін, мәдениетін арттырады.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрбол Әлдібаев,
заңгер-журналист.