АБАЙ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Инновацияларды дамыту және ғылыми кадрларды даярлау департаментінің директоры
Баймбетова Гулзада Айтжановна

Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, композитор, ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толып отыр.

Абай мұрасы – белгілі бір тарихи кезеңнің ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың қайнар көзі. Ойшылдың білім мен ғылым, еңбек пен әділет, ар-ұят пен адамгершілік туралы тұжырымдары қазіргі қоғамның рухани және зияткерлік дамуында да өзектілігін сақтап келеді. Абайдың «Толық адам» ілімі тұлғаның интеллектуалдық, адамгершілік және рухани кемелденуін біртұтас қарастыратын дүниетанымдық жүйе ретінде ерекше мәнге ие.

Ұлы ойшылдың есімін иелену – Abai University үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осыған орай университет қызметінде Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оны білім беру мен тәрбие үдерісіне енгізу және халықаралық ғылыми-мәдени кеңістікте насихаттау маңызды стратегиялық бағыттардың бірі ретінде қалыптасқан.

📚 Білім беру бағытында университет «Абайтану» пәнін жоғары білім беру жүйесіне енгізіп, студенттерге жүйелі түрде оқытуды алғаш қолға алған жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде Абай мұрасы әдебиеттанумен ғана шектелмей, философия, педагогика, тарих, ұлттық тәрбие және құндылықтар жүйесі тұрғысынан пәнаралық негізде зерттелуде.

🔬 Ғылыми-зерттеу бағытында гранттық және университетішілік қаржыландыру аясында, Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Олардың бірқатары сәтті аяқталып, алынған нәтижелер ғылыми айналымға енгізілді. Бұл зерттеулер абайтанудың теориялық және әдіснамалық негіздерін кеңейтіп, ойшыл мұрасын заманауи ғылыми тәсілдер негізінде жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік береді.

🎓 Абайтану саласындағы ғылыми сабақтастықты қамтамасыз етуде магистранттар мен докторанттардың зерттеулеріне де ерекше мән беріледі. Диссертациялық жұмыстар аясында Абай шығармашылығының әдеби-философиялық, педагогикалық, тарихи-мәдени және дүниетанымдық қырлары зерделеніп, оның идеяларының қазіргі білім беру, тәрбие және қоғамдық даму үдерістеріндегі орны ғылыми тұрғыдан талдануда. Бұл бағыт жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттырумен қатар, абайтанудың жаңа зерттеу бағыттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен бірге, Абайдың білім мен ғылымға ұмтылу идеясын жалғастыру мақсатында университеттің үздік білім алушыларына «Абай» шәкіртақысы тағайындалады. Бұл дәстүр академиялық жетістігі, ғылыми ізденісі және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленетін жастарды қолдауға бағытталған.

🌍 Абай мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу де университет қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Университет бастамасымен шетелдік жоғары оқу орындарында Абай атындағы ғылыми-білім беру және мәдени орталықтар құрылып, олар ойшылдың мұрасын әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікке танытатын маңызды алаңдарға айналды. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Қытай, Вьетнам, Түркия, Ресей, Польша, Өзбекстан және басқа да елдерде қызмет атқарады.

Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде 2024 жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы базасында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды. Орталық Абай мұрасын зерттейтін ғалымдар мен ғылыми ұйымдар арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

🔬 Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген тағылымы университеттің қазіргі ғылыми-инновациялық даму ұстанымдарымен де сабақтасады. 2016 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркі университеттің ғылыми әлеуетін шоғырландырып, зерттеу идеяларын ғылыми және инновациялық жобаларға айналдыруға қажетті орта қалыптастырып келеді.

Университеттің заманауи дамуында цифрлық трансформацияға да басымдық берілуде. 2024 жылдан бастап білім беру, ғылыми, әкімшілік-басқару, кадрлық және инфрақұрылымдық үдерістерді цифрландыруға бағытталған Abai Digital кешенді платформасы кезең-кезеңімен дамытылуда. Жоба университеттің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыруға, ақпараттық жүйелер мен деректерді ықпалдастыруға және басқару шешімдерінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

📖 Абай мұрасын ғылыми және қоғамдық кеңістікте дәріптеу мақсатында университетте халықаралық конференциялар, ғылыми семинарлар, дөңгелек үстелдер, әдеби-танымдық кездесулер мен жастарға арналған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Abai University ұйымдастыруымен республикалық деңгейде Ғылым декадасы өткізілді. Декада аясындағы ғылыми және ғылыми-ағартушылық іс-шаралар академиялық қауымдастықтың өзара тәжірибе алмасуына, жас зерттеушілердің ғылыми белсенділігін арттыруға және университеттің ғылыми әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ғылыми, мәдени және ағартушылық бағыттағы бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, абайтанушы ғалымдардың жаңа зерттеу еңбектері жарық көрді. Олардың қатарында «Абайдың Толық адам ілімінің негіздері» және «Ұлы Абаймен үндесу» еңбектері бар.

Бүгінде Абай мұрасын дәріптеу тарихи-мәдени мұраны сақтау міндетімен ғана шектелмейді. Ойшыл идеяларын қазіргі заманның ғылыми және қоғамдық сұраныстарымен сабақтастыру, оларды жаңа әдіснамалық тұрғыдан зерделеу, білім беру мен тәрбие жүйесіне енгізу және цифрлық кеңістікте кеңінен таныту университеттің маңызды міндеттерінің бірі.

Абайдың ғылымға, білімге, еңбекке, әділет пен адамгершілікке негізделген дүниетанымы ұлттық сананың рухани тірегі және болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беретін құндылықтар жүйесі.

Абай күні құтты болсын!

Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде Абай күніне арналған әдеби кеш өтті

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде...

Би әрі дала заңгері болған – ұлы Абай атамыз!

Бүгін ұлы Абай Құнанбайұлының туған күні. Ғұлама Абай – қазақ...

Большинство обладателей государственных грантов выбрали ЕНУ

Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева и в этом...