12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке невиновного ребенка»

Федор Достоевский

Қайсар жастық шағынан ұшқыш болуды армандайтын. Сол кезеңде, ауылда туып, қазақ мектебінде тәлім-тәрбие алып жүрген бозбалаға, Авиация, Космонавтика, Восток, Спутник, Романтика — деген  мәні оған онша түсініксіз де, таңсық та болған сөздер, нәзік жүрегін  тербей, жан-сезімін билеп алатын. Ауылының төбесінен ұшатын кішкене ұшақтарға («Кукурузник» — деп аталып кеткен Ан-2 ұшағы) телміре қарай, мен де осындай темір құстарды бағындыра, көк аспанда самғасам дейтін.

1961 жылғы сәуір айының 12-шы жұлдызында, Әлемнің азаматы Юрий Гагарин адамзат тарихында, Восток ғарыш кемесінде, тұңғыш рет жер-шарын айнала ұшып, аман-есен жерге оралғаны туралы, әйгілі диктор Левитанның радиодан саңқылдаған хабарын есіткен кездегі, Қайсардың жан-күйінің қандай болғаны тек өзіне ғана тән болатын.

Қайсар алдын сол ауыл төбесінен ұшып өтетін кішігірім ұшақтарды басқарсам деген ниеті, ғарышты бірінші рет бағындырған Юрий Гагариннің әскери жойғыш ұшқышы (летчик-истребитель) екенін білгесін, енді ол тек әскери ұшқыш болуға бел буды. Алтыншы сыныпта оқып жүрген шағында, қолына – Ұлы Отан Соғысында ерекше ерлік көрсетіп, фашистердің 61 ұшағын жойған, Кеңес Одағының үш дүркін Батыры атанған ұшқыш – ас Иван Кожедубтың «Отаныма қызмет етемін» — деген кітабында келтірілген ұшқыштың ерліктері де, оның әскери ұшқыш болсам деген арманын одан әрі шыңдай түсті. Әсіресе, кітаптағы кеңестік: И-16; По-2; Як-3; Ла-1; Пе-3; МиГ-3, сондай-ақ неміс-фашистердің: «Мессершмидт-109; «Юнкерс-110»; «Хейнкель-111» — деп аталатын әскери ұшақтарының үлгілері, «гашетка», «ұшақтардың силуэттері», «парашют», «прицель», «шлем» және тағы басқа авиацияға ғана тән терминдері оларды басқара жүріп, жау ұшақтарына қырғидай тиген ұшқыштарды көз алдына келтіретін. Ал, оның балауса бала көңілі де, сондай ұшақтарды басқара жүріп, жау ұшақтарын ойсырата жойып жүрген күйге жетелейтін.

Қайсар мектепті ойдағыдай аяқтап, аудан орталығындағы әскери комиссариатқа жолығып, қандай әскери ұшқыштар дайындайтын арнайы оқу орындарымен танысты. Олардың арасынан – Волгоград қаласының маңайында жайласқан – әскери жойғыш ұшқыштарын дайындайтын: Кача атындағы жоғары әскери командалық авиация училищесін таңдады (Качинское высшее военное командное авиационное училище летчиков). Ол кезеңде, мұндай әскери оқу орнына түсу оңай шаруа емес, бір орынға 20-30 талабан бәйгеге түсетін.

Армандау да бір қиял, ал оның орындалуы да сағым сияқты — түсіңе кіреді де шығатын дүние. Әскери ұшақты басқаруға тиіс тұлғаның денсаулығы мүлтіксіз, сауаты өте жоғары болуға тиіс. Арнайы әскери медициналық комиссиядан өткенімен, ауылда қазақ мектебінде оқыған, орыс тіліне шорқақ Қайсар емтихандардардан төмен баға алғандықтан, оқуға қабылданбады.

Осылайша, жас Қайсардың ұшқыш боламын деген арманы көкке ұшты! Оның алдына, енді не істеуге болады деген сансыз сұрақ мазалағаны да шындық. Әскери борышын орындайтын жасқа да келіп қалды.

Осындай тұңғиық ойда жүріп, қаладағы жазғы демалыс паркіндегі орындықта аяғын тындырып отырды. Орындықтың сол жағында бір жаюлы газетке көзі түсіп, бос отырғанша уақтымды босқа өткізбейін деген ниетпен, ондағы жазылғандарға көз жүгірте бастады. Газеттің соңғы бетіндегі: «Могилев қаласында (Беларусь республикасы) КСРО (Кеңес Социалистік Республикалар Одағы) ІІМ-нің (Ішкі істер министрлігінің) орналасқан екі жылдық арнайы орта милиция мектебіне тыңдаушылар қабылданады» — деген хабарлама көзіне оттай басылды. Онымен таныса сала, дереу қала орталығында орналасқан – облыстық ІІБ-ның кадрлар бөліміне хабарласты. Аталған оқу орнының шарттарымен мұқият танысып, оған қабылдануға келісімін берді. Соңынан оқу орнына қажет болған тиісті құжаттарды тапсырып, қабылдау емтиханын тапсыру үшін Могилев қаласына жол тартты.

Милиция мектебінің жатақ-жайына орналасып, медкомиссияның: «ІІО-на қызмет істеуге денсаулығы жарамды» — деген оң қорытындысын ала сала, қабылдау емтихандарына тиянақты дайындалды. Екі емтиханды да «жақсы» — деген бағаға тапсырды. Мектептің қабылдау комиссиясының: «оқу орнының тыңдаушысы ретінде қабылданды» — деген шешімі Қайсардың  қолына тиді.

Бұл арнайы оқу орны — Одақтағы осындай ІІМ-не қарасты жоғары және орта оқу орындарынан көп өзгешеліктерге ие екеніне Қайсар соңынан, оқу барысында танысты. Атап айтқанда, КСРО аумағында, ерекше және өзгеше орын алатын: Жол-қатынастары министрлігіне (МПС – Министертство путей сообщения); Азаматтық авиация министрлігіне (Министерство Гражданской авиации) қарайтын – көлік мекемелерінде жасалған қылмыстарды ашу, олардың алдын алу, жою іс-шараларымен айналасатын милиция қызметкерлерін дайындайтын арнайы оқу орны болатын.

Екі жыл бойы, Қылмыстық, Қылмыстық процестік және қызмет барысында қажет болатын басқа да кодекстерді, криминалистика пәнін, арнайы курстардан дәріс алды. көліктерде ерекше орын алған қылмыстарды ашу тактикасын, жолдарын, тәсілдерін жіті үйренді.

Мектептегі теориялық, практикалық оқу-тәжірибе құралдарымен қатар, Қайсар оқу орнының қоғамдық, тәрбиелік жұмыстарына, соның ішінде, спортқа көп көңіл бөлді. Өйткені, спорттың денсаулығына, болашақ қызметіне берері зор екенін милиция қызметкерлерінің тәжірибесінен талай куә болған.

Ауылда өскен – күрес десе делебесі қозатын қарадомалақ қазақтың шымыр да, алғыр да баласы емес пе, мектепте оқып жүрген кезінде-ақ, өзінің қатарластарын, олардан да ересек балаларды алып та жығатын, шалып та жығатын. Қайсар милиция мектебінің қабырғасында оқи жүріп, талай рет КСРО Ішкі істер орта және орнайы оқу орындары арасында жылда өтетін жарыстарға қатысып, жүлделі үштікке енген кездері аз болмады. Еркін күрес бойынша, республика деңгейінде өткен жалаулы жарыста, осы елдің өкілінен ғана финалда жеңіліп, екінші орынды иеленсе, ал Могилев қаласындағы, осы спорт түрінен – жеңіс тұғырына көтеріліп, кеудесіне алтыннан медаль тақты. Осы спорт түрінен Қайсар спорт шеберлігінің кандидаты болды (кандидат в мастера спорта).

Сонымен бірге, Қайсар волейбол бойынша, милиция мектебінің құрама командасында да өнер көрсетіп, бірнеше жарыстарды жүлделі орынға ие болды, бірінші разрядты волейболшы нормативін орындады.

Оқу мерзімі де қас-қағым сәтте өте шықты. Бітіру емтихандарын жақсы бағаларға тапсырып, Мемлекеттік комиссияның қорытындысымен: «орта білімді заңгер» — деген арнайы диплом мен оған қоса: «милиция лейтенантының погоны», төс белгісі, мектепте өткен салтанатты жиналыста Қайсарға табыс етілді.

«N» қаласында жайласқан ІІМ-не қарасты — «Х» станциясының желілік Ішкі істер бөлімінің (Линейный отдел Внутренних дел на станции «Х») көліктегі қылмыстарды ашу бөліміне жедел  уәкіл қызметіне бұйрық алып, сол күннен жұмысқа кірісті.

Аталған желілік Ішкі істер бөлімінің құрылымдарының басшыларымен, сондай-ақ өзі қызмет жасауға тиіс – көліктегі қылмыстарды ашу бөлімшесінің қызметкерлерімен танысты.

Арнайы оқу орнында оқу барысы кезінде-ақ, Ішкі істер органындағы қызметтің қаншалықты қиын да, күрделі болатынынан, күндіз-түні дамыл таппай, таңға дейін көз ілмей, қылмыстарды ашуға жан таласатындарынан хабары болатын.

Қайсардың бойдақ, әлі үйленбеген нағыз бабына келген, қызу қанды жастық шағы, оны әй-шәйға қаратпай ыстығы да, суығы да мол қызметтің бәйгісіне қосып жіберді. Осы станция арқылы өтетін он шақты жолаушы пойыздарында ашылмай жатқан ұрлықтардың, тонаушылықтардың, қарақшылықтардың, арақ ішіп бұзақылық жасағандардың және өзге қылмыстардың саны едеуір артқан. Ал, станция аймағынан өтетін жүздеген жүк пойыздарындағы жүктердің ашылмай жатқан — ұрлықтардың санын айтудың өзі қорқынышты.

Мұндай статистика Қайсарға үрей тудырмады десек қателескен болар едік. Әрбір – жүк, жолаушы пойыздарында орын алған жүктерді ұрлау фактілері бойынша, қылмыстар ашылмай жатса, оған тек жедел уәкіл өзінің жеке басымен жауап беретінін Қайсар да бір кісідей білетін.

Қайсар, қанша мұрнынан шаншыла, тиісті жедел іс-шараларын алып барғанымен, көліктерде болып жатқан, көптеген қылмыстар ашылмай жататыны да шындық болатын. «Х» станция аймағынан өтетін жүздеген жүк пойыздарынан жол-жөнекей жүктердің ұрланған фактілері анықталып, темір-жол қызметкерлері тарапынан коммерциялық актілер (коммерческие акты) – деп аталатын ресми құжат жасалып, ұрлық жасаған қылмыскерлерді нақты анықтау үшін желілік Ішкі істер бөліміне (ЖІІБ) жолданатын. Жалпақ тілмен айтқанда, ЖІІБ-не тіркелген (егер тіркелген болса) әрбір коммерциялық акті жасалған қылмыс туралы нақты арыз болатын.

Осындай қиюуы келіспей – ашылмай жатқан ұрлықтарды ашу мақсатында, өзінен тәжірибесі мол жедел уәкілдермен де кеңесетін, ойласатын, ақыл сұрайтын. «Бақсам – бақа», ақыл береді деген «тәжірибелі  жедел уәкілдердің» мұндай қылмыстарды заң талаптарына сай ашудың орнына, жасалған қылмыстардан оңай құтылу, әдейі жасыру жолдарын айта бастағанда, төбе шашының түк тұрған кездері да аз болмаған.

Олардың айтуынша, ЖІІБ-не тіркелген коммерциялық актілерден оңай құтылу жолдарын білген милиция қызметкеріне онша қиындық тудырмайды екен. Мысалы, күн сайын ЖІІБ-не тіркеліп жатқан он шақты коммерциялық актілерді темір-жол торабының арнайы байланыс бөлімшесі арқылы, бұл ұрлық бізде емес, ал жол-жөнекей станцияларында орын алған деген жалаң фактілерді келтіріп, өзге ЖІІБ-не формально түрде жолдап отырған. Екінші заңсыз жолына сай — ЖІІБ-не келіп түскен — коммерциялық актілер, заң талаптарына сай тіркелудің орнына, олар қасақана тексерілместен жойылып отырған.

Ал, негізінде, мұндай заңсыз әрекеттері үшін, милиция қызметкерлері тек тәртіптік жаза немесе лауазымынан айырылып қана қоймай, Қылмыстық кодексінің арнайы бабына сәйкес – қылмыстық жауапкершілікке тартылып, темір тордың әр жағынан бір-ақ шығып жатқандарын талай рет есітіп те, көріп те жататын.

Осыған қарамастан, кейбір ЖІІБ-нің жедел уәкілдерді өздерінің заңсыз іс-әрекеттерін қасақана жалғастырып, жасалған қылмыстарды ашу көрсеткіштерін жасанды түрде көтеріп отырса, ал мұндай заңсыздықтардан хабары бар ЖІІБ-нің басшылары оларға көз жұма қарайтын.

  Сол «тәжірибелі  уәкілдердің» арасынан, Қайсардың тікелей басшысы, «М» есімді милиция майорының заңсыз әрекеттерге барудың нақты жолдарын есітсе де, мұндайға жан-тәнімен қарсы бола білді. Осы принципиал әрекеттерінің салдарынан — Қайсар талай рет таяқ та жеп, тоқсан сайын берілетін сыйақылардан, қызметтік пәтерге  тұру кезегінен қағылған, келешек берілуге тиіс шендерінен негізсіз айрылған кездері де аз болмады.

Керісінше, ««М» есімді тәжірибелі  уәкілдің» арбасы өрге жүріп, сыйақы да, шен де соған беріле бастады. Мұндай заңсыздықты, сорақылықты, бассыздықты көре тұра, ЖІІБ-ның басшылары олардың жолын кесудің орнына, білмегендей сыңай танытатын. Басшылардың ішкі есептері бойынша, қарауындағы жедел уәкілдердің  нақты атқарған жұмыстары әр тоқсан, жарты, жыл аяғында өтетін жедел жиналыстарда қорытындалып, оларға тиісінше баға берілетін. Мұндай бағаның ең негізгісі — жедел уәкілдердің  қылмыстарды ашу көрсеткіштері болатын. Қанша пайыз қылмыстарды ашу фактісі зерделеніп, комиссия тарапынан тиісінше бағаланып жататын.

Осылардың салдарынан, басқа «тәжірибелі  жедел уәкілдердің»   қылмыстарды ашу көрсеткіштерінен, Қайсардың деңгейі өте төмен болып жатқандықтан, ол ең соңғы орындарға табан тірегеніне әріптестері таңданбайтын. Ыңғайсыз осындай сәттерде, Қайсар мен бірге қызмет жасап жүрген — пысықай ««М» есімді «тәжірибелі аға жедел уәкіл» Қайсарға менің ақылымды тыңдамадың, міне салдары осындай болады дегендей мұрнының астынан  мысқылдай күлетін.

Даудан да, жаудан да қорықпаған Қазақтың бір туар Батыры Бауыржан Атамыздың: «Шындық шырылдап жетем дегенше, өтірік, өсек-аяң жер жарын он рет айналып шығады», «Ақиқат кеш болса да, жетеді» — деген ұлағатты сөздерін еске ұстап, тәрбиеленген Қайсардың салы суға кетпеді. Іштегі мұңын, жан сырын еш бір жанға жақ жармады, қанша жүйкесі құрып тұрса да, айға қарай ұлыған арлан қасқырша, сабыр сақтады, әліптің артын күтті. Сол кезеңдегі Қайсардың жан-күйін тек Алла және өзі ғана білетін! 

«Аққа – Құдай да жақ!»  — деген сөзді кемеңгер Қазақ бекер айтпаса керек! Келесі бір есептік жылдың басында, облыс орталығында жайласқан барлық көлік объектілерін, көліктегі құқық қорғау органдарын, соның ішінде, Қайсар қызмет жасайтын — «N» қаласында жайласқан: «Х» станциясының желілік Ішкі істер бөлімін тексеру үшін Бас Прокурор мен Ішкі істер министрі тарапынан құрылған тексеру бригадасы аспаннан түскендей топ ете қалды. Тексерушілер әй-шәйға қарамай, келе сала, көліктегі қылмыстармен байланысты болған — барлық материалдар мен қылмыстық істерді, коммерциялық актілерді дереу алдырып, мұқият тексере бастады.

Тексеру қорытындысы бойынша, Бас Прокурордың орынбасарының төрағылығымен — көліктегі барлық құқық қорғау органдарының басшыларының, жеке құрамдарының, көлік прокурорларының қатысуымен кеңейтілген үйлестіру (координационное) жиналысы өтті. Бас прокуратураның көліктегі заңдылықты бақылау басқармасының жетекшісі өзінің баяндамасында өрескел заң бұзушылықтар фактілерін жиналғандарға бір-бірлеп оқып жеткізіп жатқанда, залда шыбын ызылы есітілмеді десе де артық болмас!

«Әр асқанға – бір тосқан» — дегендей Бас прокуратураның кеңейтілген үйлесітіру жиналысының қорытындысымен – облыстың көліктегі ІІБ-ның генерал шеніндегі басшысы мен бірнеше ЖІІБ-ның басшылары, көлік прокурорлары лауазымынан айырылса, ал Қайсардың тікелей басшысы, болған — «М» есімді милиция майоры мен қатар, сол секілді қызметкерлері жасалған қылмыстарды әдейі жасырғандары үшін оларға қатысты материалдар тергеу органдарына берілді. Соңынан сот үкімдерімен оларға қатысты айыптау үкімдері қабылданып, темір тордың әр жағынан шығып жатты.

Сонымен қатар, Қайсар секілді өзге де принципиал қызметкерлерінің де жұмыстары тиісінше оң бағаланып, оларға қатысты көтермелеу шаралары қолданылды. Солардың ішінде, Ішкі министрінің арнайы бұйрығымен – Қайсарға кезексіз: «милиция капитаны шені», үш жалақы көлемінде сыйақы, темір-жол шағын-ауданынан екі бөлмелі қызметтік пәтер беру туралы бұйрықты қолына алғанда, қашан да қатал, қандай жағдай болмасын, көзіне жас алуды білмейтін, бірбеткей, боркемір жастарды жан-тәнімен жек көретін — Қайсар көзіне жас алмады десек шындыққа қиянат жасаған болар едік!!!

Осылайша, Могилев арнайы милиция мектебін, аяқтап Ішкі істер органында жұмыс жасаған кезден бастап, арадан 5-6 жылдың қас-қағыс сәтте зу ете ете қалғанын Қайсардың өзі де байқамай қалса керек. Енді ғана қызметке араласқан, әлі оң-солын байқай бермейтін, жиырма жастағы балғын лейтенант емес, енді ол Ішкі істер органының ыстығына күйіп, суығына  тонған – иығында майор шеніндегі – аға офицерлер құрамына кіретін, «N» қаласында жайласқан ІІМ-не қарасты — «Х» станциясының желілік Ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінің білдей бастығы лауазындағы – ҚАЙСАР болатын. Қызметін табысты жасай жүріп, Қарағанды қаласындағы – ІІМ-нің жоғары милиция мектебін де сырттай оқып, аяқтады. ІІМ-нің кадрлар қызметі комиссиясының арнайы шешімімен – Қайсар кадрлар резервіне алынды.

Ішкі істер органдарының қызметкерлерінің жұмыстарды ойдағыдай болу үшін, олардың жанұя жағдайларына көп көңіл бөлінетін. Күндіз — түнгі дамылсыз, мұрын сіңбіруге де уақыты жоқ, бітпейтін шабыс қанша мықты болсаң да адамның жүйкесін құртатыны да шындық. Осындайда Қайсардың жанынан – жан жары Хадиша табылатын,  оның барлық жағдайын жасауға күш салатын. Хадишамен ол мектепте бірге оқыды, алғашқы да соңғы махаббаты. Екеуінің қосылғанына да, міне он бес жылдың жүзі болыпты. Дүниеге екі шекесі торсықтай үш ұл мен бір қызбала дүниеге келді. Екі ұлы әке жолын қуып, Ішкі істер органдарында жұмыс жасаймыз деп құлшынып отырса, қызы анасы Хадиша сияқты дәрігер болуды армандайды. Ал, Қайсардың сүткенжесі – Арман тек Қазақтан шыққан төртінші ғарышкер (Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар атасы сияқты) боламын — деп қояды мұрнын тартып. Оны есіткен Қайсар – баяғы балаң шағындағы ұшқыш боламын деген арманын, осы тентегі ғана жүзеге асыратынына ешбір күмәнданбайды. Тентегінің әкесі ретінде, құлыншағының ниетін Алла қабыл етсін — деп дұға етуден шаршамайды. Біз де Әумин деп қояйық!

Ішкі  істер органында, ұзақ жылдар қызмет жасау кезінде, Қайсар қаншама қылмыстарды ашуға белсене қатысты, талай қылмыс жасаған әккі рецидивистердің жасаған не бір қитұрды әрекеттерін әшкере еткенімен, олардың бәрі есте қалуы мүмкін емес, әрине.

Еліміз енді ғана Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, тарихта бірінші мәртебе әз-Наурызын ұлт көлемінде бүкіл халық болып тойлауға кірісіп жатқан бір сәтте, облыс халқын дүр сілкіндірген, яғни жас бейкүнә нәрестенің өліміне қатысты болған жантүршігерлік  оқиға, міне арадан жиырма бес жылдай уақыт өтсе де, Қайсар оны  ұмыта алмайды.

  Бұл аса ауыр қылмыстың орын алған минутынан және ол бойынша сот үкімі түбегейлі заңды күшіне енгенге дейін бас-аяғында болып, оның қалай өрбігеніне, ашылуына зор үлес қосқан, қазіргі таңдағы отставкадағы полиция полковнигі, Қазақтан Республикасы ІІО-ның үздігі, бірнеше ведомствалық медальдардың иегері – Қайсар ағамыздың өз аузынан есіткенді жөн санадық:

«Наурыз айының 20-шы жұлдызынан 21-ші қараған түні, локомотив депосында, екі жұмысшы уланып қайтыс болды деген ЖІІБ-ның кезекшісінің хабарламасына сай оқиға орнына дереу бардым. Депо аймағындағы қалдық майларды құятын құдықтың маңайында, екі жансыз дене жатыр, ал үшіншісін ауыр халде жедел жәрдем алып кеткенін білдім. Екі адам өлімінің себебіне депоның басшыларының үш жұмысшыны қоқысқа толған құдықты тазалау үшін он литр күкірт қышқылын (серная кислота) құйдырған екен. Соңынан құдықты тазаламақшы болып, бірінші жұмысшы құдыққа түспекші болған бойда уланып, оған құлаған, оны көрген екіншісі құтқармақшы болғанда, ол да ішіне түсіп кетіпті. Тек үшіншісін дер кезінде, басқа жұмысшылар құдықтан суырып алғасын ғана, ол аман қалғанын, жедел жәрдем алып кеткендерін, сұрастыру нәтижесінде анықталды.

Осы оқыс оқиғаға байланысты болған іс-шараларды тексеріп, оған қатысы болған депо жұмысшыларынан түсініктеме алып, жинақталған барлық құжаттарды ЖІІБ-ның кезекшісіне қолын қойып тапсырдым. Үйіме таңғы бестерде келіп, балғын ұйқыда жатқан балаларым мен жан-жарым Хадишаның тәтті ұйқысын бұзбайын деген оймен, аяғымды жәй басып, асүйде бір-екі аяқ шәй ішпекші болдым. Газ плитаға шәйнекті қойып, орындыққа отыра сала, кірпігім енді ілініп кеткен бір сәтте, бір жұмсақ алақанның иығымды жәй аялай сипалап отырғанын байқадым. Оянып кетпесін деп екі иығымды аялап отырған — Құдай қосқан жарым Хадишаның аяулы алақаны екенін менің сезбеуім мүмкін емес еді!!! Сол бір ыстық сезім, бірімізді-біріміз сөзсіз, қабағымыздан ғана ұғатын екі жүрек лүпілі бір арнаға түскендей болды.

Жарымның аяулы алақаны мені бірден сергітті. Хадишамның түйенің сүтін қатқан қара-күрең шәйін сораптай ұзақ іштім, жаным жадырап, маңдайым тершіді, шаршағаным шыққандай болғасын, енді ертеңгі әз-Наурызға дайындалуым қажет деп жатын бөлмесіне кірдім. Дем алмақшы болып, кереуетіме аяғымды созып, енді көсіле бергенім сол, бас жағымда тұрған қызмет телефонның ащщы дауысы шар ете қалмасы бар ма?!  Хабарласып тұрған ЖІІБ-ның кезекшісі екенін дауысынан таныдым және одан тағы не оқыс болып қалды деп сұрай бастағанымда, ол: «№ 2136 санды жүк пойызының локомотив бригадасы, осы күнгі таңғы сағат 05-терде «А» станциясы мен «Қ» станциясы темір-жол кезеңінің (железно-дорожный перегон) 361-ші шақырымының 9-шы темір-жол пикетінің жанынан өтіп бара жатқанда, екі темір-жол рельсінің ортасында, бір жас ер баланың (немесе қыз бала да болуы мүмкін) өлі денесі жатырғанын хабарлағанын жеткізді. Болған тосын оқиғаны тексеру үшін ЖІІБ-ның жедел-іздестіру тобына, криминалист-экспертіне, сотмедэкспертіне, көлік прокурорының тергеушісіне хабарланғанын. Маған да тез жетіп, сол топпен бірге оқиға орнына баруым керек дегесін дереу жиналып, ЖІІБ-ның ғимаратына жеттім.

Көлік прокуратурасы тергеушісінің қызметтік кабинетінде жедел-іздестіру тобының мүшелері  бас қосып, сол жерден оқиға орнына дереу жөнеліп кеттік. Мұндай төтенше және адам өлімдерімен байланысты болған оқиғаларды тексеретін және алдын-ала тергеу амалдарын алып баратын тек прокуратура органдарының тергеушілері ғана болатын.

Жедел-іздестіру тобы оқиға орнына келгенде, наурыздың таңғы арайы жер-шарына нұрлы сәулесін тарата, Ана табиғатты ғажап бір күйге бөлеген әдемі көрінісі болатын. Осы табиғаттың адам санасын, көңіл-күйін  тербететін тамаша суреті мен оқиға орнындағы — балғын пәк денесі пәршә-пәршә бөлінген, періштедей нәрестенің өлі денесі, мына пәни өмірдің қаншалықты жалған және қатыгез екендігін — жедел-іздестіру тобының өкілдеріне, соның ішінде, маған да оқытпай-ақ дәлелдеп тұрғандай болды!

Алланың бұйрығымен – адамзатқа түскен бірінші Адам (СҒС) Пайғамбарымыздың тұңғыш ұлы Қабылдың пасық нәпсі салдарынан өзінің туған інісі Абылды өлтіргені Әлмисақтан белгілі жәйт. Абыл – жер жүзінде жазықсыз қаны төгілген бірінші бейкүә адам. Ал, содан бері қаншама бейкүнә адамдардың қаны төгілгені, әлі болашақта қанша жанның ажалын өзі тектес екі аяқты айуандардан табатынын тек Жаратушының Өзі ғана білетін  шығар!!!

Оқиға орнына келген жедел-іздестіру тобының мүшелерінің және менің көз алдыма қорқынышты фильмдердегі сұмдық көріністер емес, ал нағыз шындық екендіктерін көріп, төбе шаштарымыз тік тұрды.

Статистердің қатысуымен оқиға орнын көзден өткеру барысында, төмендегі мән-жайлар анықталды, яғни:

-екі темір-жол шойын рельсінің ағаш ұйықтаушы (шпалдардың) дәл ортасында: жүздеген жүк вагондар мен рельстің ортасында жаншылып, пәрше-пәрше болып бөлінген, үстіндегі киімдері жыртылған, шамамен бес — алты жастағы қанға бөленген қызбаланың балғын денесі;

-оның қанға бөленіп, жыртылған киімдері;

-сол кезде енді ғана дүкен сөрелерінен сатыла бастаған – халыққа да, әсіресе балаларға да таңсық болған үш-төрт «MARS», «Snikers» шоколадтары;

-шоколадтардың босаған екі-үш жылтырауық қаптамалары табылды және олар заң талаптарына сай рәсімделіп, қылмыстық іс-материалдарына дәлелдемелер ретінде тіркелді. Қызбаланың денесін сараптамадан өткізу үшін аудандық мәйітханаға жөнелтілді.

Мен нәрестінің мәйітін, сотмедэксперттің қатысыумен және бір рет мұқият көзден өткердім. Қызбаланың ішкі тіз киімі оң аяғының тізесіне дейін шешілген күйінде салбырап тұрғанын байқадым. Нәрестенің ішкиімінің оң аяғының тізесіне дейін түсуіне, мәйіттің үстінен өткен бірнеше вагондардың әсері немесе басқа себеп болды ма, ол кезде оны сарапшылардың қорытындысыз нақты анықтау мүмкін болмайтын. Бірақ,  менің көңіліме белгісіз қанішердің, нәрестені кәмпит беріп, оқиға орнында немесе сол маңайда зорлап, соңынан жасаған қылмыстық ізін жасыру мақсатында, темір-жолдың үстінде оны айуандық өлтіріп, рельстің үстіне әдейі тастап кетпеді ме екен деген күдік ұялаған еді. Талай жылдар бойы қалыптасқан менің бұл ішкі түйсігімнің (версиямның) бұл жолы да қателеспегенін соңынан тергеу барысында қуатталды.

Өйткені, бес-алты жасар қызбаланың елсіз мекен-жайға келіп,  өтетін темір-жолға, өзге адамның көмегінсіз келуі, пойыздың  астына кездейсоқ түсуі ақылға сыймайтын дүние. Бұл тек белгісіз қанышер, қаныперездің іс-әрекеттінен ғана болуы мүмкін деген менің сол кездегі версиямның расталатынына, шындығы керек, ол кезде менің ойыма да кіріп — шықпайтын болатын.

Оқиға орын алған аймақтан 15-20 шақырымдай радиусінде бірде-бір елді мекен немесе темір-жол объектілері орналаспаған. Тек 15 шақырымдай аралықта «Қ» темір-жол станциясы мен  «А» ауданының орталығы жайласқан.

Бес-алты жасар қызбаланың мұндай елсіз  мекен-жайға қалай жалғыз өзі келгені, жанында нақты кім болғаны, оның бөлшектенген денесі рельстің ортасына қалай түскені және басқа да құпияларды ашу, мұндай жантүршігерлік қылмысты жасаған айуанды іздеу, табу, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту енді жедел-іздестіру тобың мүшелерінің еншісіне тиді

Алдын-ала тергеуді көлік прокурорының тергеушісі өз өндірісіне қабылдады, ал қылмысты дереу ашу, оған байланысты болған – барлық жедел-іздестіру тобын басқару жеке маған тапсырылды. Талай күрделі болған қылмыстарды ашуға белсене қатысқан мен үшін мына сұмдық қылмысты  ашу оңайға соқпайтынын мен бірден ұқтым. Себебі тырнақ ілінердей бірде-бір дәлелдеме жоқтың қасы болатын.

Аса ауыр болған қылмысты ашуға бағытталған  жеке жедел-іздестіру жоспарын жасадым. Өзімнің қарауымдағы үш жедел уәкілді жинап, олардың әрқайсысына, қандай іс-шаралар алып барулары керектігін жеке-жеке тапсырдым да, өзім дереу оқиға орнынан 15 шақырымдай аралықта орын тепкен —  «Қ» темір-жол станциясы мен  «А» ауданының орталығына жөнеп кеттім.

Бірінші, аудандық ІІБ-нің  бастығына жолығып, оған темір-жол бойында бір жас нәрестенің бөлшектенген мәйіті табылғанын айтумен қатар, бұл аса ауыр қылмыс жасаған қанышер осы аудан тұрғыны болуы әбден мүмкін екендігін баса айта отырып, оны ашуға көмек беруін;

-Екінші, ауданда қылмыс жасап, сотталғандардың тізімін беруін;

-Үшінші, қылмыс жасап, ІІБ-де арнайы әкімшілік есепте сотталғандың нақтылауды;

-Төртінші, аудандағы тұрғын халық саны, олардың ұлттық құрамын анықтауды;

-Бесінші, Наурыз тойы тойланған алаңда мерекелік іс-шараға қатысқан тұрғындардың, солардың ішінен ерекше, бес-алты жасар қызбалардың санын анықтауды, сол орталықтың участкелік инспекторына тапсыруды сұрадым.

Сондай-ақ,  аудандық ІІБ-нің  бастығынан — Наурыз мерекесі тойланған күні, осы аудан тұрғындарының арасынан бес-алты жасар қыздың үшті-күйлі жоғалғаны туралы арыз келіп түскені жайлы сұрағанымда, мұндай шағым тіркелмегенін айтты.

Аудан ІІБ-нің бастығы менің айтқан өтініштерімді толық орындаймыз, қылмысты ашуға қолдан келген көмек қолын созамыз деген уәдесін, соңынан мүлдем орындамағанын іздестіру барысында көзім жетті. Әріптестерімнен мұндай сорақылықты күтпеген мен, енді тек өзіме және қарауымдағы қызметкерлеріме ғана сене отырып, бар күш-жігерімді белгісіз қанішер қылмыскерді іздеуге, табуға кірістім.

Болашақ көрсеткендей – егер аудан ІІБ-нің қызметкерлері, менің заңды әрі негізді өтініштерім бойынша бірлесе қимыл жасағанда, сол елдің тұрғыны жасаған бұл аса аыр қылмыс, сол кезеңде-ақ ашылған болатын еді

Өкінішке орай, ІІБ-нің қызметкерлерінің кінәсінен — аудан тұрғындарының арасынан қылмыс жасап, сотталғандардың және ІІБ-де арнайы әкімшілік есепте тұрғындардың нақты тізімі болмаған. Соңынан анықталғандай – қызбаланың өліміне тікелей қатысы болған – бұрын осы тектес аса ауыр қылмыс жасап, ұзақ мерзімге сотталған жалмауыздың анасы мен бірге аудан орталығында жасап келгені анықталды.

Жас та болса, болашағынан көп үміт күттіретін, енді ғана арнайы милиция оқу орнын аяқтаған, лейтенант шеніндегі «Т» есімді жедел уәкілімнің – мәйіті табылған қызбалаға ұқсайтын нәрестенің ата-анасын таптым деген хабарын есіткенде, қуанғанымды жасыра алмаспын. Ең бастысы, қайтыс болған қызбаланың екі-үш суреттерін де бірге алып келгенін көргенде және оларды белгісіз қызбаланың  мәйітімен салыстырып, күмәнім сейілгенде, мен оған іштей өте ырза болдым. Себебі,  күрмеуі шешілуі қиын болып тұрған мәселенің бір ұшы, тоннельдің арғы бетіндегі жылтылдаған сағым сияқты көрінгендей болды.

Қызбаланың ата-анасы оның жоғалып кеткендеріне,  осы кезге дейін неге аудан ІІБ-не хабар бермегені және басқа сұрақтарды да, жас жедел уәкіл сол жерде анықтапты. Яғни, олардың айтуы бойынша, қызының туған інісінің балалары мен бірге ойнап, көбіне соның үйінде түнеп қалатынын, ал сол күні де Наурыз мерекесіне інісінің балаларымен бірге кеткенін. Сол күнгі оның үстіндегі киімдері, мәйіті табылған қызбаланың киімдеріне дәл сәйкес келетіндерін айтты.

Темір-жол бойында мәйіті табылған белгісіз қызбаланың нақты сол ата-ананың баласы екеніне күмәнім толық сейілді, енді мұндай аспаннан түскендей, тосын  қайғылы хабарды оларға қалай жеткізу, мына қылмысты ашудан да қиын соғатынын сездім. Мұндай қайғылы хабарды тосыннан есіткен – ата-ананың, бауырларының қайғыдан қан жұтып, жүйке ауруларына шалығып жататындары да, тарихтан белгілі. Кемеңгер Қазақ осындай қайғылы хабарды нәзік жолымен жеткізе білген.

Мәселен, егер тұңғыш ұлым Жошының өлімін жеткізген адамның көмейіне ерітілген қорғасын құямын — деген дүниені тітіреткен Шыңғыс ханға – оның киік аулай жүріп, қайтыс болғанын домбыраның «Ақсақ күйімен»; ғұлама Абайға — баласы Әбдірахманның (Әбіштің) мезгілсіз қазасын; Шыңғыс сұлтанға аққан жұлдыздай өмірден өткен – Мұхаммед-Ханафияның (Шоқанның) өлімін қалай жеткізгенінен тарихи кітаптардан жақсы хабарым бар болатын, енді осы мәселені де шешуді ойластыра бастадым. Тікелей қызметіме қатысы болмаса да, мұндай қайғылы хабарды Шариғат жолымен шешу мақсатында, орталықтағы мешіттің имамына, ауылдың екі-үш ақсақалдарына хабарласып, олардың кеңесін алдым. Қайғылы хабарды жеткізу үшін аталған кісілердің басын қосып, олармен бірге қайтыс болған қызбаланың үйіне бардық және қайғылы хабарды оның ата-анасына жеткіздік.

Қылмысты ашуға тырнақ ілінетіндей мұндай жаңалықтардан кейін, мен күндіз-түні дамыл татпай, жеке өзім және жедел уәкілдеріммен бірге, қайтыс болған қызбаланың ата-анасын, туған-туыстарын, бірге ойнайтын құрбы-құрдастарын, ерекше Наурыз мерекесіне қатысқан аудан тұрғындарын, солардың ішінде, сол күні онымен бірге болған құрбыларын анықтап, көлік тергеушісінің тапсырмасына сай – олардан куә ретінде жауап ала бастадық.

Алып барылған жедел-іздестіру амалдары да өз жемісін бере бастады. Көптеген куәлар да, онымен бірге болған құрбылары да, Наурыз мерекесі күні: «жасы шамамен 35-40 жастағы, азиат ұлтына тән, бірақ көбісінің айтуынша, бет-әлпеті қазақ ұлтына тән емес, керісінше түркі ұлтының өкілдеріне көбірек ұқсайтын, бас киімін (шапкасын) көзіне түсірген, үстіндегі көк түсті курткасының жағасын құлағына дейін көтерген, бет-әлпетін толық көрсетпеу үшін мойнындағы шарфымен бетін тұмшалаған белгісіз адамның, қайтыс болған қызбаламен сөйлесіп, тұрғанын, қолындағы бірнеше «MARS», «Snikers» шоколадтарын оған беріп, оның қолынан жетектеп, өзімен бірге алып кеткендерін көрсетті. Жауап берген куәлар, белгісіз адамды танымайтындарын, бұрын көрмегендерін де баса айтты.

Осындай құнды мәліметтерден кейін, мамандардың көмегімен күдіктінің ауызша портреті (словесный портреті) жасаланып, оны анықтап, тану, жедел ұстау үшін барлық Ішкі істер органдарына жолданды. Алайда, бірде-бір жауап мені қанағаттандырмады.

Аудан ІІБ-і берген деректеріне қарағанда, аудан тұрғындарының саны отыз мың шамасында, тоқсан бес пайызы қазақ ұлтының, 7-8 тұрғын түркі тілдес елдің, 20 шақты славян халқының өкілдері екендігі анықтадым.

Қылмыскердің қазақ ұлтынан емес, ал керісінше, бізге туыс болып келетін түркі тектес ұлттың өкілі екенін, этикалық жағдайға байланысты нақты көрсетпей отырып, осы мән-жайға ерекше назар аудардым. Қазақ ұлтының өкілдері барымта, бұзақылық, қыз ұрлау деген сияқты ұсақ-түйек қылмыстарды жасауға бейім тұратынымен, бірақ мынадай нәрестенің өлімдеріне мүлде бармайтынын тарихтан да, өзімнің ұзақ жылғы тәжірибемнен де жақсы білетінмін.

Осы және өзге де дәлелдемелер жиынтығын мұқият зерделей келе, белгісіз қылмыскердің ауданда жасаушы 7-8 түркі тілдес өкілдерінің арасынан болуы әбден мүмкін деген күдігім одан әрі ұлғая түсті. Оған  мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде, тәжік елінің белгілі жазушысы, классигі, академигі Садриддин Айнидің (соңынан белгісіз себептермен ұлты өзбек болып жазылған) кітабындағы осы кезге дейін миыма гранит тасқа қашалып жазылған күйіндегі мына бір оқиғаның әсері болғанын баса айтуым қажет.

Яғни, сол кітапта Бұқара, Қоқанд хандары, елді билеп төстеген бай-шонжарлары гаремдеріндегі жүздеген кәнизектеріне де (мүмкін олардан әбден жеріген де, тойынған да болар) қанағат тұтпай, әдемі балғын қыздар мен жас ер балаларды жарты жалаңаш күйде ортаға алып, шапалақ сала билеткендері, содан ләззәт алған суреттері есімде қалған еді. Жас балаларды ортаға алып билете, боққарын бай-шонжарлардың бірлесе айтқан мына: «Мә дигә — дигә, дигә, Шиксангиз гурсинг минә…» — деген бір шумақ өлеңі де есіме түсті («гурсиси» — балалар шығып билейтін подиум болуы әбден мүмкін)  

Өзімнің осы версиямды мұқият тексеру, белгісіз қылмыскерді анықтау үшін бар күш-жігерімді 7-8 түркі тілдес өкілдерінің арасынан іздеуді мақұл көрдім. Іс бойынша жинақталған — басқа да дәлелдемелерге сүйене отырып, олардың арасынан, жасы жетпістер шамасындағы, түркі тілдес елдің ұлтынан болған, жалғыз басты кемпірге ерекше назар аударуды жөн көрдім. Өзімнің жеке және құпия агенттерімнің деректеріне қарағанда, кемпір шынында жалғыз өзі қаланың сырт жағында тұратынын, көршілерінің айтуынша, оның ешкіммен араласпайтынын, бір баласы болғанын, бірақ оның не жұмыс жасайтынынан, қайда тұратынынан хабарларының жоқ екендерін, көп жылдың жүзі болды, оны мүлдем көрмегендерін, ал қызығып сұраған көршілеріне, ол жақ ашпайтынынан хабардар болдым.

Егер қызбаланың өліміне сол кемпірдің жалғыз баласы қатысты болса, оның үйіне бір рет болса да соқпауы мүмкін емес деген оймен, үйді құпия тексеру үшін күндіз-түн бақылауға алдық. Арнайы мамандардың көмегімен, кемпір үйінде жоқ кезде, үйдің барлық бөлмелеріне арнайы суретке түсіретін құндырғылар орнатылды.

Күндіз бұл үйді өзімнің жедел уәкілдерім бақылауға алса, ал мен өзім жеке өзім кірпігімді де ілмей, түні бойы засадада отырдым. Сегізінші тәулікке қараған түні бір ересек белгісіз адамның жан-жағына сезіктене қарай, жәй есікті қаққанын, артынша кемпірдің үйдің жарығын жарқырата ашып, есікті ашқанын байқадым. Басқа бөлмелердегі жарықтар да бірінен соң жанып, соңынан сөнді.

Таңның атқанын асыға күтіп, мен барлық жедел уәкілдерімді, мамандарды жинап, кемпірдің үйінің бөлмелерінде арнайы орнатылған  құндырғылар түсірген суреттерді мұқият тексердік. Суреттерде бейнеленген белгісіз адамның бет-әлпеті, дене бітімі, үстіндегі киімдері, куәлар суреттеп берген белгісіз адамның ауызша портретіне дәл келгенін көріп, енді қылмыскердің нақты кім екендігіне менің ешбір күмәнім қалмады.

Бұдан әрі, қылмыскердің әрбір басқан қадамы қатаң бақылауға алынды, бірақ оны ұстап, қамау үшін оны қосымша жалтартпайтын дәлелдемелер жинақтау қажет болды. Солардың ішінде, тергеу әрекеттеріне құнды болған мәліметтерді қылмыскердің анасы болған – жалғыз басты кемпірден аузынан есіту қажеттігі туындады. Қылмыскердің үйінен жырақ жерде болып, бірақ жедел уәкілдің тұрақты түрде бақылауында жүрген бір мезгілде, мен жеке өзім кемпірдің үйіне келіп, онымен сөйлеспекші болдым. Екі қолыммен амандастым, хал-жағдайын сұрай отырып, менен секем ала бастаған кемпірдің, әрі-қарай ойлануына мұрша бермей, қызметтік куәлігімді көрсеткенде, кемпір тұрған орнынан сылқ ете отыра қалды. Қай ана ақ сүт берген баласының болашақта қылмыскер болғанын қалайды дейсің?! Әңгіменің төркінін бірден ұққан кемспір ана емес пе, бетін жауып, аңырай жылай бастады. Мен кемпірге су бердім, сабыр сақтап баласы жөнінде жауап беруін өтіндім. Байғұс кемпір, өксігін әрең басып: «Шындығында, анадағы түнде үйіне келген өзінің жалғыз ұлы екендігін растады. Осыдан он бес жылдай бұрын да, кәмелет жасына толмаған қызды зорлағаны үшін он бес жылға сотталғанын. Наурыз байрамын тойламастан, он шақты күн бұрын жазасын өтеп, үйіне келгенін. Енді оның соттылығы сабақ болар, қартайған шағымда келін түсіріп, немере сүйдірер деп ұлынан қатты үміттенгенін. Алайда, ұлының жүріс-тұрысын, істеген істерін, басқан қадамдарын көріп үміті бірте — бірте сөне бастағанын. Соңғы үмітінің дәл Наурыз мерекесі өткен түні күл-талқан болып көкке ұшқанын. Түнде үйіне есалаңдай кірген баласы, бөлмесіне кірген бойы қайта шығып, үстіндегі киімдерін шешіп, мұқият жуғанын көріп, ана жүрегі тағы бір сұмдықты сезгендей: «Әй, малғұн! Сен тағы бір қылмыс жасап келгеннен сау емессің ғой! — деп жаны шырылдай айқайлағанына да, мүлдем мән берместен, тұнжыраған күйі, жатын бөлмесіне кіре, қорылдаған баласын қарғай-қарғай азанға дейін кірпік ілмей ұйықтамағанын. Арадан бір-екі күн өткенде, көршілерінің арасында, темір-жол бойында, пәрше-пәрше болған қызбаланың өлі денесінің мәйіті табылғанын, оны зорлап, қасақана өлтірген белгісіз жауыз қылмескер сырттан емес, аудан тұрғыны екен — деген өсек-аяң сыбыс кемпірдің де құлағына жеткенді. Жалғыз ұлға деген үміт мәңгіге сөнумен бірге, бұл жантүршігерлік аса ауыр қылмысты, тек өзінің жалғыз жалмауызының жасағанына, енді оның күмәні де қалмағанын» — көрсетті.

Осылайша, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болып, әрең күнін көріп жүрген жалғыз басты байғұс ананың қаніперез жалмауызының кесірінен, тоқтыдай өмірінің соңы, мұндай тозаққа айналатынын кім болжап білген дейсіз?!

Осы аса ауыр қылмыс негізінде, өзімнің жедел іздестіру тобы тарапынан жинақтаған дәлелдемелерін, жедел іздестіру құпия материалдарын, қылмыстық іске дәлелдемелер қатарында тіркеу, оларды процессуалдың заң талаптарына сай рәсімдеу үшін — көлік прокуратурасының тергеушісіне тапсырдым.

Сонымен бірге, осы қылмыстық іс бойынша, арнайы прокурорлық бақылау алып барған – көлік прокурорының қабылдауында болдым және оған бейкүнә қызбаланы зорлап, соңынан қылмыстық ісін жасыру мақсатында, бейкүнә сәбитті аса қатыгездікпен азаптап, қасақана өлтірген қаскөйді күдікті ретінде ұстауға, ал кейнінен оны қамауғаі санкция беруге толық мүмкіндіктер бар екендігін жеткіздім.  

Көлік прокурор да менің келтірген дәлелдемелер жиынтығыма заң тұрғысынан объективті баға бере отырып, қаныперез қылмыскерді күдікті ретінде жедел ұстауды тапсырды.

Өзім басшылық еткен жедел оперативті топты басқарып, түн ортасында алаңсыз ұйықтап жатқан қаскөйді жылы төсегінде, қолына кісен салдық, тапжылтпастан ұстап, сол жерде тиісті процессуалдық құжаттарды заң талаптарына сай және оның қорғаушысының қатысуында рәсімдедік. Күдікті ретінде одан жауап алып, ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына апарып қамадық. Күдіктіні қатаң бақылауға алуды, егер бір келеңсіз жағдай орын алып жатса басымен жауап беретінін  изолятор басшысына жеке ескерттім.

Осы орайда, жедел-іздестіру қызметкерлерінің осы секілді ауыр да, күрделі де қылмыстарды ашқаннан кейін, өздерінің арасында қалыптасқан – жазылмаған заңы болатын. Осы жазылмаған заң негізінде, мен жедел уәкілдерімді жинап, төрт қырлы стаканға ақ арақты мөлдірете құйып, сіміре салғанымыз да шындық. Қанша дегенмен, бір ай бойы, белімізді шешпестен, күндіз-түні дамыл таппай, бала-шағамызды көрмей қызмет жасап, қылмыстың ашылуына орай – жүз грамм ішкеніміз үшін бізді кінәлай алмассыңдар!!!

Қаскөйдің күдікті ретінде ұстау мерзімі аяқталғасын, көлік прокурорының тергеушісі және күдіктінің заңды мүддесін қорғаушы адвокатымен бірге көлік прокурорынан оны қамауға санкция алу үшін  көлік прокурорына арнайы келдік. Көлік прокуроры, өз кезегінде, жоғарыда аталған лауазымды тұлғалардың қатысуымен, күдіктіден мұқият жауап алды. Көлік прокурорына күдікті «Б» өзінің жауабында, болған оқиғанының майын тамызып баян етті, яғни: «Наурыз мерекесі тойланып жатқан алаңға ерте барғанын, мерекелік күнгі халықтың күйі қаншалықты қуанышты болғанымен,  «Б»-нің көңілі алаңда асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндерге ауа берді. Оның бүлдіршіндерге деген нәпсісі қоза түсіп, оны тоқтатуға мұршасы келмей, керісінше оның қылмыстық ойын қалай болмасын жүзеге асыру үшін жоспар құра бастады. Осы ниетпен қасқырдың қызыл түске боянған көзі бүлдіршіндердің арасында ерекше көзге түскен 5-6  жасар қызбалаға түсті. Арамдың нәпсі құмарын жүзеге асыру үшін оны сөзге тарта басқанда, өзінің әкесіндей адам оған жамандық жасайды деген ой келместен, оның қойған сұрақтарына жауап бере бастады. Қаскөйдің оған әдейі  көрсету үшін қолына ұстаған – жылтырақ орағыштары бар бірнеше «MARS», «Snikers» шоколадтарына қызыға қарағанын көріп, бейкүнә сәбиге осы тәттілердің бәрін саған беремін және үйімде осындай шоколадтар және ойыншықтар көп, егер алғың келсе менімен бірге үйге барасың ба дегенде, бейкүнә сәбидің оған келіскенін де білмей қалды.

Қаскөй бейкүнә сәбиді қылмыстық оқиға орын алған темір-жол маңайындағы — адамдардың көзі түсе бермейтін, жабайы шөптердің арасына апарып, оған қатысты зорлық әрекеттерін жүзеге асырғанын. Бейкүнә сәбидің шырылдай жылап, үйге алып кетші — деп аяғына  екі қолымен оралып, жабысқанына қарамастан, өзінің қылмыстық әрекеттперін жасыру үшін, оны есінен танғанша ұрып — соққанын, соңынан бейкүнә нәрестені қолымен жоғары көтеріп, басын шойын рельске бірнеше ұрғанын. Нәрестенің ақтық демі біткеніне көзі жеткен кезде ғана,  жалмауыз оның өлі денесін екі рельстің ортасына тастап, дым болмағандай үйіне қайтқанын» — көрсетті.

Осылайша, бейкүні нәрестінің қанын мойнына жүктеген қаскөй анықталды, көлік прокуратурасының тергеушісі тарапынан алдын-ала тергеу амалдары жүргізілді, оған Қылмыстық кодексінің тиісті баптарына сай айып тағылды, айыптау қорытындысы бекітіліп, іс негізінен қаралу үшін облыстық сотқа жолданды (ол кездегі заң талаптары бойынша, осы тектес аса аур қылмыстарды, соттылығы бойынша, облыстық соттың үш мүшесі қарайтын.

Облыс сотының үкімімен — «Б»-нің жасаған қылмыстары алдын-ала тергеу барысында жинақталған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденіп, Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша, ең ауыр – өлім жазасы белгіленді. Жоғарғы Соттың қаулысымен – «Б»-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз, облыстық соттың үкімі өзгертусіз қалды. Арадан бір жылдай уақыт өткесін – сот үкімімен «Б»-ға қатысты тағайындалған өлім жазасының орындалғаны туралы тиісті хабар да келіп жетті.

Бейкүнә сәбидің өліміне себепкер болған «Б» заң талаптарына сай жазасын алды, енді оған қатысты қозғалған қылмыстық іске үлкен нүкте қоюға болатын секілді. Бірақ, бізді мазалайтын көп сұрақтарға жауап іздеп, Қайсар ағамызға жолығып, тағы да бірнеше сұрақтарға жауап беруді өтіндік, атап айтқанда:

-«Аталмыш қылмыс бойынша, өзіңіз күндіз-түні, дамыл таппай, беліңізді шешпестен, қылмыскерді жедел іздеу шараларын басқардыңыз, нәтижесін өзіміз көргендей – аса аур қылмыс ашылды, қаскөй тиісті жазасын алды. Осындай аса ауыр қылмыстарды ашуда, ұзақ жылғы жұмыс тәжирибеңізден басқа да қандай іс-шаралардың көмегі тиеді» — деген сұрағымызға Қайсар ағамыздың жауабы»:

«Сіз айтқандай – мұндай қылмыстарды ашуды жедел уәкілдің тәжірибесінің маңызы зор екені белгілі жәйт. Сонымен бірге, менің жеке пікірімше, жедел уәкілдің  стандартты ойлауға бейім емес тұжырымдары мен (не стандартное мышление) белгісіз ішкі түйсіктері, көп жағдайда, осы тектес қылмыстарды ашуға жәрдемін тигізгеніне өзім талай куә болғанмын.

Біз Нострадамус, Ванга, Шерлок Холмс, Вольф Мессинг сияқты көріпкелдердің жасаған ғажайып болжамдарына аузымыздың суы құрып таңдана жүргенімізде, оларды шаңына да ілестірмейтін – өзіміздің Мөңке би  атамыздай көріпкелдің бар екенін білмей жатамыз. «Логика», «Индукция», «Дедукция» — деген түсініктерден мүлдем хабары жоқ, осыдан 360 жыл өмір  сүрген – Тілеуұлы Мөңке бидің жасаған болжамдарын оқып, жағаңды ұстамаға мүмкін емес!

Мөңке би өз заманында «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би», келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығының көрінісі іспетті ой-тұжырымын тағылымды поэтикалық жырға айналдырған жырау ретінде танылды. Оның философиялық толғаулары, риторикалық сұрақ-жауап, болжау, билік, кесім, шешім түріндегі мұралары өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Көшпелі тірліктің тіні бұзылмаған қоғамда заман аңысын аңдап, оның келешек кескін-кейбетін дәл болжай білу Мөңке би шығармашылығының басты белгісі,

Қазақстан Республикасының Орталық ғылыми кітапханасында Мөңке туралы мынадай әңгіме сақталған. «Бірде әкесі Тілеу сегіз жасар Мөңкені ашамай ерге мінгізіп, тайының басын жетелеп, жолға шығады. Олар қалың тұман түсіп, бағыттарынан адасып қалады. Келесі күні жалғыз үй қонған жұрттың үстінен шығыпты.

Сол үйдің көшкен сүрлеу ізіне түсіп жүре беріпті. Келе жатып бала Мөңке:

–Мына үйдің он ешкісі бар екен, бір үлкен көк серкесі бар екен, қара шолақ иті бар екен, – депті. Кішкене жүргесін:

–Ата, мына үйдің жалғыз түйесі бар екен, оң көзі соқыр екен, – депті. Біршама уақыттан соң:

–Мынау үйдің әйелі екі қабат екен, айы-күні жақын, – депті.

–Шырағым, осы сен не айтып келе жатырсың? – депті әкесі.

Сонда бала: «Mына көшкен үйді айтып келе жатырмын», – деп жауап қатады.

Көп ұзамай көшкен үйді қуып жетіп келсе баланың айтқанындай, он ешкісі, бір көк серкесі, бір қара шолақ иті, оң көзі соқыр түйесі бар екен. Әйелі екіқабат күні жетіп отыр екен.

Тілеу сегіз жасар баласының білгірлігіне таңырқап:

–Балам мұның бәрін қайдан білдің? – деп сұрағанда, былайша жауап беріпті:

–Үйдің қонған жерінде ешкінің жатқан орны он екен. Қақ ортасында маңайына ешкімді жолатпай көк серке жатыпты. Оның серке екенін ізінен білдім. Жүнінің көк екенін орнында қалған қылшығынан білдім, – депті.

–Иттің шолақ екенін қайдан білдің? – депті әкесі.

–Ит құмда шоңқайып отырған екен. Отырған жерінде шолақ құйрығының ізі түсіп қалыпты және орнында қара қылшық жатыр, – депті.

Әкесі:

–Түйенің оң көзі соқыр екенін қайдан білдің? – депті.

–Жолшыбай жолдың сол жағындағы шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимепті, сонан білдім, – депті.

–Әйелдің жүкті екенін қайдан білдің? – дегенде:

–Ол түзге отырған жерінде екі қолын тіреп отырған екен. Екіқабат, күні жақындағанын содан білдім, – деп жауап беріпті Мөңке».

Біз мектеп табылдырығында жүрген кезімізде, Шерлок Холмстың, Лев Шейниннің «Тергеушінің жазбалары» («Записки следователя») — деген кітаптарындағы — таңғажайып, шым-шытырақ хикаяларға толы қылмыстарды семешкі шаққандай ашқандарын оқып, таңданатынбыз, солардай болуды армандайтынбыз, ал өзіміздің Мөңке бабамыздың, жоғарыда көрсетілгендей, тапқырлығына қалайша тәнті болмассың. «Алтынның қолда барда қадыры жоқ» — деген сияқт өзгенің таңсығына қызыққанша, Мөңке би атамыздай кемеңгерлерден үлгі алу қажет-ақ» — деген Қайсар ағамыздың тұжырымы мен қалай келіспессің, ағайын!!!

Ыбырай қажы Мәтібаев

Қазақстан Республикасы

Прокуратурасының құрметті

қызметкері, бұрынғы Оңтүстік

Қазақтан облыстық сотының

экс-судьясы

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...