Ақмола облысының денсаулық сақтау саласы жыл сайын дамып келеді, оның ішінде, облыс орталығы, Көкшетау қаласының ауруханалары да жіті назарда.
Қалалық аурухананың гинекология бөлімшесі тәулік бойы халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Стационарда 20 орын, күндізгі стационарда 5 орын қарастырылған. Мекемеде 3 дәрігер гинеколог, 7 медбике, 9 санитар еңбектенуде. Бөлімшеде тәулік бойы шұғыл қызмет жасайтын бір бекет бар, 20 орынға есептелген 10 палата, пост, емшара кабинеті, зарарсыздандыру кабинеті және бірқатар қосалқы үй-жайлар кіреді. Бірінші қабатта қабылдау бөлмесінің жанында ауыр науқастарға арналған палата орналасқан. Гинекологиялық бөлімше, операциялық бөлме, қарқынды терапия палатасы мен шокқа қарсы палаталар заманауи жабдықтар мен аппаратурамен қамтамасыз етілген. Бөлімшенің меңгерушісі, жоғары санаттағы дәрігер Әсел Уахитова қалалық ауруханада сегіз жылдан астам уақыт бойы қызмет етеді, оның ішінде 2017 жылдың қараша айынан бастап гинекология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.
– Мен гинекология бөлімінде 2016 жылдың 5 тамызынан бастап жұмыс істеймін. Жедел гинекологиялық көмек көрсетуде барлық практикалық дағдыларды меңгергенмін. Қазақстан Республикасының гинеколог-эндоскопистер қауымдастығының мүшесімін. Біздің жұмыс аса жауапкершілік пен қызметке деген адалдықты талап етеді. Мен жиі түнгі кезекшіліктерде боламын, кейді өз отбасым мен балаларыма тиесілі назар аударып, уақыт бөлуге мүмкіндік болмай қалады. Бірақ, осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, себебі бұл менің өзім сүйіп істейтін жұмысым. Үйде де, қызметте де бірдей пайдалы болуға барынша тырысып жүрмін,– дейді Әсел Қанатқызы. Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасы әкімшілігінің мәліметінше, кейіпкерімізге пациенттер тарапынан медициналық көмек көрсету сапасына шағымдар түсіп көрген емес. Оған қоса, басшылық оның заманауи технологияларды жетік меңгерген білікті маман екенін мақтан тұтуда. Сонымен қатар, Әсел Уахитова білімін шыңдап, халықаралық семинарларға жиі қатысады.
– Оның ішінде жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу техникасын меңгерген. Алғашқылардың бірі болып COVID-19 ауыр науқастарына медициналық көмек көрсету жұмысын бастады. Өз міндеттерінен басқа пациенттерге психологиялық та көмек көрсетеді. Үйлесімді, тату ұжымның, ақ халатты адамдардың мейірімді жүрегі мен кәсібилігінің арқасында вирусты жеңе алды. Әсел Қанатқызы өзінің кәсіби дағдылары мен біліктілігін үнемі арттырып отырады. Жеке тәжірибесін шеберлік сыныптары мен конференцияларға үнемі қатысу арқылы жетілдіріп отырады. Ультрадыбыстық диагностика бойынша қайта даярлаудан өтті. 2022 жылдан бастап аурухананың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы. Аурухана өміріндегі салтанатты іс-шараларды ұйымдастыруға, медицина қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиадаға, кәсіподақ ұйымының қызметкерлері мен мүшелерін әлеуметтік қолдауға белсенді қатысады, – деп әріптесі туралы пікір білдірді қалалық аурухананың бас дәрігері Сәкен Қалымжанов. Аурухана әкімшілігі берген ақпаратқа жүгінсек, 2023 жылдың 12 айында емделген науқастардың жалпы саны 891 адамды құрады. Оның ішінде, тәулік бойғы стационарда – 885, күндізгі стационарда 473 қала тұрғыны емделді. Мекеме науқастарға барынша тиесілі медициналық көмек көрсетуде. Хирургиялық араласулар заманауи жабдықтарда эндоскопиялық және лапаротомиялық зерттеулерде қолжетімділікпен жүзеге асырылады, сондай-ақ, жатырішілік хирургия, жыныс пролапсы және бедеулік кезіндегі пластикалық операциялар жасалады. Бөлімше қала тұрғындарына тәулік бойы шұғыл гинекологиялық көмек көрсетеді. Оның ішінде: репродуктивті жүйе органдарында аурулары бар әйелдерге медициналық көмек; гинекологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін меңгеру және клиникалық практикаға енгізу. Пациенттер мен медицина қызметкерлерінің ауруханаішілік инфекциялармен сырқаттанушылардың алдын алу және азайту мақсатында санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы режимді ұйымдастыру қамтамасыз етілген. Оған қоса, бөлім меңгерушісі дәрілік заттардың, медициналық жабдықтардың ұтымды пайдаланылуын күнделікті бақылайды.

– Біздің бөлімшеде құрсақішілік хирургияны дамыту, Көкшетау қаласының тұрғындары үшін эндоскопиялық қолжетімділікпен операциялар көлемін кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Акушер-гинекологтың күнделікті тәжірибесіне ультрадыбыстық диагностика еңгізілді. Жоғарыда көрсетілген ұсыныстар есебінен жоспарлы операциялардың, хирургиялық белсенділіктің санын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, медициналық көмек көрсету сапасына клиникалық-сараптамалық бағалау жүргізу, гинекологиялық аурулардың себептеріне талдау жүргізу жіті назарда. Органның немесе оның функциясының жоғалуына әкелетін операциялардың себептеріне статистикалық мониторинг пен талдауды жүзеге асыруды қадағалаймын,– деп Әсел Қанатқызы жұмыс жоспарымен бөлісті. Гинекологиялық бөлімше әйелдер консультациясымен, жедел-жәрдем станциясымен, емханамен, балалар емханасымен, сондай-ақ басқа да медициналық ұйымдармен: туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық, онкологиялық диспансерлермен, АИТВ-инфекциясының алдын алу және оған қарсы күрес орталықтарымен өзара ынтымақтасып жұмыс істейді. Гинекология бөлімшесінде ауыр жағдайларда шұғыл медициналық көмек уақытылы және білікті түрде көрсетіледі. Бөлімшеде әртүрлі патологияларды лезде диагностикалау және емдеу үшін барлық қажетті құралдар бар, материалдық-техникалық база жақсарды. Фармакологиялық тәртіптің – дәрілік заттарды сақтау ережелерінің сақталуына, оларды қатаң есепке алуға, жарамдылық мерзімдерінің сақталуына қатаң бақылау жүргізіледі. Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасында ҚР Үкіметі қойған міндеттерді іске асыруға, адам денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған фактор ретінде салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысу жүзеге асуда.
Бетті дайындаған
Бақыт МАХАМБЕТҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


