Елімізде экономикалық белсенді еңбек адамдарының қатарын көбейту, олардың мәртебесін арттыру және құқықтарын қамтамасыз ету күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелердің бірі. Екі қолға бір күрек таппай сандалған жұмыссыз жандарды жұмысқа орналастыру халықтың әлеуметтік ахуалының да артуына ықпал етеді. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалар арқылы түрлі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін өрге домалатып қана қоймай жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туғызып жатқандары да баршылық. Ақмола облысында да ірілі-ұсақты жеке кәсіпкерлік субъектілерінің пайда болуы жаңадан тұрақты жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізіп жатыр. Өңірдегі еңбек адамдарының жай-күйі мен ұлттық және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысы жайлы Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамединді әңгімеге тартқан едік.
– Ерлан Қыздарбекұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік және ұлттық бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар көмегімен қолдау жөнінде Қазақстан халқына арнаған жолдауларында нақты міндеттер жүктеген еді. Өңірде жұмыссыздар армиясының қатарын азайту жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айта кетсеңіз.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында әрбір 10 мың адамға кемінде 100 мың жұмыс орындарын құру жөнінде индикаторлы нақты тапсырма жүктелген. Президент көтерген мәселені тиісті деңгейде жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысында жыл басынан бері ғана 3945 жаңа жұмыс орны құрылып, бекітілген жоспардың 43,9 пайызы орындалды. Жалпы, басқа салаларды қоса есептегенде жыл басынан бері 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Халықтың жұмыспен қамтамасыз етілуінде Ұлттық жобалар мен еңбек нарығының тұжырымдамасы да ерекше рөл атқаратынын атап өткен жөн. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жоғарыда аталған жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде 2591 жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда бос қалған жұмыс орындарына 6 мыңнан астам адам орналасып жылдық жоспардың 41,5 пайызы орындалды. Бұл да болса халықтың әл-ауқатының, әлеуметтік жағдайының біршама жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Жаңа жұмыс орындарын ашу мемлекеттік бағдарламалар көмегімен кәсіпкерлік субъектілерінің қатарын арттыру бағытында басқа мемлекеттік құзырлы әкімшілік органдар, жұмыс беруші ұйымдар және басқа да мүдделі мекемелермен бірлесіп тиісті шаралар ұйымдастырылып жатыр.
— – Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жұмыссыздықты азайту мақсатында жүзеге асқан жұмыстардың ретін атап берсеңіз.
– Халықты жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалардың алатын орны мен маңызы аса жоғары. Бекітілген жоспарға сәйкес өңірдегі экономикалық белсенді азаматтардың екі қолға бір күрекпен қамтылуына қолдау жасауға барынша назар аударылады. Мәселен, жұмыспен қамтамасыз етуді белсендіру мақсатында 2 мыңнан астам адам жолдама арқылы жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітіріп, әлі жұмыс тәжірибесі жоқ жастардың «Жастар іс-тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріледі. Биыл аталған бағдарлама арқылы 293 жас маман жұмысқа орналасты. Бұл біздегі осы жылға бекітілген жоспардың 44 пайызын құрайды. Халықты жұмыспен қамтуда «Алғашқы жұмыс орны» әлеуметтік жобасының да ықпалы тиіп отырғанын айта кету керек. Аталған жоба шеңберінде биыл 103 адамға жолдама берілді. Сондай-ақ «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде де 10 азаматқа жолдама беріліп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Көп жағдайда зейнет жасына жақындап қалған азаматтардың жұмыссыз қалып жататыны рас. Аталған бағытта «Күміс жас» әлеуметтік жобасының көмегімен биылғы жылдың өзінде 253 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жоба бойынша бекітілген жоспар толықтай 100 пайызға орындалды. «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасының да халықты жұмыспен қамту саласындағы маңызы аса зор. Аталған жобаны жүзеге асыру шеңберінде 323 азамат жұмыспен қамтылды. Жұмыссыз қалған адамдарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы да көп көмегін тигізеді. Жалақы мөлшері біршама төмендеу болғанымен күнделікті нәпақасын табуына көмектеседі. Осы аталған жобамен 1091 адам екі қолға бір күрек тапты.
– Өңірде жұмыс сапасы мен тиімділігін көтеру бағытында қандай да бір жұмыстар жүргізіле ме?
– Иә, халықты жұмыспен қамтамасыз етумен қатар кез келген жұмыс орнында жұмыстың сапалы әрі тиімді түрде жүргізілгені аса маңызды. Сондықтан облысты дамыту шеңберінде жұмыс орындарында KPI енгізуді қамтамасыз етуде баса мән беріледі. Яғни, қаржыландырылатын жұмыс орындарына жолдама берген кезде міндетті түрде KPI-мен былайша айтқанда тиімділіктің басты көрсеткіштерімен қамтамасыз ету қажет. Бұл орайда субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына орналасқан адамдардың үлесін ұлғайтуға назар аударған жөн. Аталған бағыт бойынша өңірдегі жылдық жоспар 65 пайызды құрайды. Жалпы облыс бойынша KPI орындалуы 76,5 пайызды құрап отыр.
– Халықты әлеуметтік қамтамасыз етуде де жұмыс орындарымен қамтамасыз етумен қатар қысқа мерзімде кәсіби білім беру яғни, жұмыссыз азаматтардың жаңа мамандық игеруіне көмектесу де мемлекеттік қолдауға жататыны рас. Сондай-ақ өз кәсібін ашып нәсіп таппақ болған адамдарға мемлекеттік грант беру де халықтың әлеуметтік қамтылуына үлкен ықпалын тигізеді. Бұл бағытта өңірде қандай жұмыстар жүзеге асырылды?
– Әрине, өз кәсібін ашуға ниеттенген адамдарға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолтығынан демеп жіберетін көптеген әлеуметтік жобалар баршылық. Оның ішінде әлеуметтік гранттар көмегімен өздерінің бизнес идеяларын іс жүзінде жүзеге асырып, шаруаларын қысқа мерзім ішінде-ақ дөңгелетіп әкеткен адамдар да бар. Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бекітілген жоспарға сәйкес 246 625 600 теңге сомасында 176 грант беру қарастырылған. Бірінші ағым гранттарын беру 84 грантты құрады. Екінші ағым бойынша 83 грант беріледі. Өтінімдер 15 шілдеден бастап 26 шілде аралығында қабылданды. Мұнымен қоса азаматтарды жұмыспен қамтуда қысқа мерзімді кәсіби оқытуға да барынша назар аударылып келеді. Биылғы жылы 544 адамды оқыту жоспарланса бүгінге дейін 420 адам қысқа мерзімді кәсіби оқытуға жолданды. Бұл азаматтардың бәрі тегін оқытылып, оқу аяқталғаннан кейін сол кәсіби маман болып жұмысқа орналастырылатынын айта кеткен жөн.
– Елімізде мүмкіндігі шектеулі кембағал жандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да жұмыспен қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарламалар көмегімен барынша назарға алынғаны рас. Биыл мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 20 арнайы жұмыс берушілердің шығындарын мемлекетпен субсидияландыру қарастырылып отыр. Бүгінге дейін аталған жоба шеңберінде 3 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 15 пайызын құрайды.
– Бұрын сотталған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға мемлекет тарапынан қандай да бір ықпал ету тетігі қарастырылған ба?
– Иә, түзету мекемелерінде жазаларын өтеуден босатылған адамдар мен пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үшін жыл сайын осы санаттағы азаматтарға жұмыс орындарын кепілдендіретін арнайы квоталар бекітіледі. Биылғы жылы бекітілген квоталар бойынша 86 адамды жұмысқа орналастыру қарастырылған болатын. Жыл басынан бері 46 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде түзету орындарында жазасын өтеп келген 39 адамның қазіргі уақытта 16-сы жұмыспен қамтылды. Пробация қызметінде есепте тұрған 47 адамның ішінен 30 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында еңбекке қабілетті адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге барынша назар аударылмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


