2024 жылдың 13 қыркүйегінде Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты «Сапалы білім беру» аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика» кафедрасының «6В04205 — Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша 1 курс 106 топ студенттері үшін өткен кезекті тәлімгерлік сағатында университеттің ішкі ережелері мен тәртіп саясатына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Тәлімгерлік сағаттың басты тақырыбы — университетте білім алатын студенттердің тәртібін реттейтін маңызды құжат «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің ар-намыс кодексі» болды. Бұл кодекс студенттерге білім мен тәртіпті ұштастырып, олардың жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Тәлімгерлік сағаттың мақсаты: Ар-намыс кодексі: университеттің ішкі тәртібі мен тәрбие негізі. Топ эдвайзері, кафедра аға оқытушысы С.Ш. Даубасова студенттерге арнайы бекітілген «Студенттің ар-намыс кодексі» туралы толық түсіндірме беріп, оның университет студенттеріне қойылатын талаптар мен міндеттерді нақтылайтынын атап өтті. Ғылыми Кеңес шешімімен бекітілген құжат студенттердің оқу орнында өздерін дұрыс ұстауы, тәртіпті болуы және жоғары академиялық стандарттарды сақтауы үшін маңызды негіз болмақ. Кодекс студенттердің моральдық және кәсіби құндылықтарына баса назар аударуды көздейді. Сонымен қатар, университетке қабылданған әрбір студенттің өзіне қойылатын талаптарды орындауға, университет имиджін қорғауға және білім алуда жоғары жауапкершілікті болуға міндетті екені түсіндірілді. Бұл құжат әрбір студенттің университеттік өмірде өзін қалай ұстауы керектігін анықтайды.
Тәлімгерлік сағат барысында С.Ш. Даубасова сонымен қатар, университеттің «Академиялық саясат» және «Академиялық адалдық саясаты» туралы да түсіндірме берді. Бұл саясаттар студенттерге академиялық жетістіктерге қол жеткізу үшін қажетті жолдарды айқындап, оқу барысында адалдық, тәртіптілік және әділдікті сақтау туралы ережелерді нақтылайды. Академиялық адалдық студенттердің бір-біріне құрметпен қарауы, сондай-ақ оқу тапсырмаларын әділ орындауы керек екенін талап етеді.
Сондай-ақ, С.Ш. Даубасова студенттерге Білім туралы Қазақстан Республикасының Заңын таныстырып, оның университет жүйесінде оқу процесін ұйымдастырудағы рөлін түсіндірді. Заң талаптарына сәйкес студенттер оқу орнында білім алу кезінде өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінуі қажет. Бұл құқықтар мен міндеттер академиялық саясат пен кодексте көрсетілген талаптармен толық сәйкестендірілген.
Топ студенттері өздерінің түсінбеген сұрақтарын қойып, оқу процесі мен университеттің тәртібі туралы көбірек мәлімет алды. Сұрақтар негізінен студенттің академиялық қарыздары, оқыту процесіндегі әдіс-тәсілдер мен оның академиялық адалдыққа сәйкестігі туралы болды. Әрбір студент өзінің білім алу жолында адал әрі тәртіпті болуға шақырылып, академиялық жағынан да, жеке адам ретінде де дұрыс бағытта дамуын жалғастыру керек екені айтылды.
С.Ш. Даубасова өз сөзінде студенттерге білімнің тек академиялық қана емес, жеке тұлғаны дамытуда да үлкен маңызға ие екендігін ерекше атап өтті. Ол студенттерді өз білімдерін одан ары дамытуға, түрлі ғылыми ізденістерге қызығушылық танытуға және оқу барысында үлкен табыстарға жетуге ынталандырды. Сондай-ақ, білім алу жолындағы дұрыс тәртіп пен ұйымшылдықты сақтау барлық студенттердің үлкен жетістіктерге жетуіне негіз болатынын ескертті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студентінің ар-намыс кодексі, академиялық саясат пен адалдық саясаты — студенттердің оқу орнында сапалы білім алуына және жоғары моральдық-этикалық құндылықтарды сақтауға бағытталған маңызды құжаттар болып табылады. Бұл шара студенттерді тек білім алуға ғана емес, сонымен бірге тәртіпті, жауапкершілікті және адал болуға тәрбиелейді. Тәлімгерлік сағаттың мақсаты — студенттерге оқу орнында қандай ережелер мен тәртіптердің сақталуы қажеттігін түсіндіріп, олардың білім жолында дұрыс бағытта дамуын қамтамасыз ету болды.
1 курс 106 топ студенті А.Сариева, топ эдвайзері Даубасова С.Ш.


