12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕГІ СОТТЫҢ БЕЛСЕНДІ РОЛІ

Елімізде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексі (бұдан әрі — Кодекс) қолданысқа еніп, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар өз қызметін бастағалы бері төрт жылға жуық уақыт болып қалды.

Кодекс әкімшілік органдардың әкімшілік рәсім жүргізу тәртібін және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін белгілейді.

Кодекс сот төрелігінің әлемдік стандарттарын ескере отырып, әкімшілік сот ісін жүргізуді азаматтық сот ісін жүргізуден оқшаулаудың маңызды қадамын жасады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттерін жүзеге асыруда соттың белсенді ролі қағидатының ерекше орны бар (16- бап).

Соттың белсенді ролі іс жүзінде қалай жүзеге асырылады?

Өздеріңізге белгілі, әкімшілік соттар таразының бір жағы жеке немесе заңды тұлға болып табылатын, екінші жағында әкімшілік орган, екі тарап арасындағы жария – құқықтық қатынастардан туындаған дауларды қарайды.

Әкімшілік орган дегеніміз — Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен осы әкімшілік органдардың жеке, заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруына қатысты әкімшілік рәсім жүргізу нәтижесі бойынша билік ету сипатындағы және құқықтық ауыртпалық түсіретін әкімшілік әрекеттері мен актілеріне дауы қаралады.

Көрініп тұрғандай таразы басы тең емес, бір жағында билік өкілі.

Осы негіздерде, сот (судья) процестің барлық сатыларында соттың белсенді ролін қолдана отырып, талап қоюшы тарапқа процестік жәрдем көрсетеді.

Яғни, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібіне сәйкес сот (судья) істі сот талқылауына дайындау жұмыстарын, яғни дауды шешу үшін қажетті барлық әрекеттерді жасау барысында, алдын ала тыңдау мен сот талқылауын жүргізуде соттың белсенді ролі қағидатын басшылықа алып, жүзеге асырады.

Таратып айтсақ, сот талап қоюшыға келіп түскен талап қоюдың нысанасын нақтылауға, формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттар беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетеді.

Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.

Бұл ретте, әкімшілік процеске қатысушылар сотқа әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдем көрсетуге міндетті.

Сонымен қатар, сот (судья) жауапкерден талап қоюға пікірімен бірге жоғары тұрған органның басшысының дәлелді ұстанымын талап етеді.

Бұл әкімшілік органдардың әкімшілік рәсімдер жүргізуі мен әкімшілік актілер қабылдауының біркелкілігін қалыптастыруға бағытталған.

Себебі, Кодекс әкімшілік органдардың басшыларына біртипті мәселелерді шешу және әртүрлі әкімшілік актілерді қабылдау жағдайлары мен себептерін анықтау үшін нақ сол құқықтық нормаларды қолдану мәселесі бойынша әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілерге талдау жүргізуді, Әкімшілік органдар әкімшілік актілердің үлгілік нысандарын (үлгілерін), бланкілерін әзірлеу және бекіту жөніндегі шараларды қабылдады қамтамасыз етуді міндеттейді (15-1 бап).

Сот әкімшілік іске қатысушылардың құрамын анықтайды, сот актісі өзінің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін тұлғаларды мүдделі тұлға ретінде тартады.

Соттың белсенді ролінің тағы бір көрінісі — сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша басқа мекемелер мен ұйымдардан қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

Мысалы, сот мұрағаттарға, тіркеуші, басқа да органдарға талап қою нысанасына қатысты сұратулар, тапсырмалар береді, іс бойынша маманды, сарапшыны тартады, тағы басқа әрекеттер жасайды.

Сондай-ақ, осы қағидатты жүзеге асыру шеңберінде судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Бұл ретте, сот тәжірибесінде сот процесінің барлық сатысында тараптарға өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтау құқықтарын түсіндіре отырып, нәтижесінде өзара келісімге келумен аяқталған немесе даудың шешілуіне байланысты талап қоюшының өтініші бойынша талап қою қайтарылған істер болғанын айтуға болады.

Менің сот тәжірибемде мынадай іс болды.

Талап қоюшы С. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына (бұдан әрі – тіркеуші орган, жауапкер) жылжымайтын мүлікке құқығын тіркеу, тоқтату бойынша түзету жасау туралы өтінішпен жүгінген, тіркеуші орган бас тартқан. Талап қоюшы соттан жауапкерге сұратылған әрекетті жасауды міндеттеуді сұраған. Сотта іс қарау барысында талап қоюшы жауапкер нақты жылжымайтын мүлікке өзінің құқығын тіркеу, тоқтату бойынша түзету жасауына байланысты талап қоюды қайтаруды сұрады.
Қорыта айтанда, әкімшілік әділет соттарға жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың құқықтарын жан-жақты және мінсіз, тиімді қорғауды, әділ төрелікті қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Ал соттың белсенді ролін қолдану, қағидатты іс арауда сақтау істің мән-жайларын неғұрлым толық анықтауға, дауды реттеу, шешу жолдарын таңдауға және соттың заңды және негізделген шешім шығаруына мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Шымкент қаласының МАӘС судьясы Т.Үмбетова

Сот жүйесіндегі жаңа технологиялар

Сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі жүзеге асып, соттар заманауитехнологиялармен жұмыс жасауды кеңінен қолға алды. Соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды...

Неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар артуда

Расында, өкінішке орай қазіргі таңда неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар...

Құқықтық ликбез — соттан тыс банкроттық

2023 жылғы 3 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем...

Ата Заң – тәуелсіздік тірегі

Тәуелсіздігіміздің тірегіне, азаттығымыздың алтын тамырына айналған Ата заңның қолданысқа...

Соблюдение этических норм – основа независимости судьи

Принятие Кодекса этики судей имеет большое значение для судебной...