Әкімшілік сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің маңыздылығы ерекше. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты белгіленеді, яғни сотқа арыз қай тілде берілді, әрі қарай іс сол тілде жүргізіледі. Дегенмен, істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы. Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Жалпы, әкімшілік сотта, сот тәжірибесінен әкімшілік іс бойынша құқықтық көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды көбіне орыс тілінде әзірлейтіні байқалады. Содан кейін сотқа келген арыз беруші сот процесі кезінде орыс тілінде ойын еркін жеткізе алмай жататын кездері кездесіп жатады. Сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту құқығы бар екенін түсіндірсе де, көп жағдайда азаматтар өздерінің бұл құқықтарын қолдана бермейді. Сондықтан, кәсіби құқықтық көмек көрсетуші заңгерлер сотқа берілетін арызды талап қоюшының өзі жетік меңгерген тілде әзірлесе деген тілек бар, егер сотқа арызданушы азамат қазақ тілін жетік меңгерген болса, талап қоюды неге қазақ тілінде бермеске? деген сұрақ туады.
Осы орайда, әкімшілік соты өз тарапынан мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған шараларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Жуырда «Әкімшілік сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысына сот судьялары және Ақтөбе облысының адвокаттар алқасының бірқатар адвокаттары мен заң кеңесшілері қатысты. Шарада сот жүйесінің өкілдері әкімшілік сот ісін жүргізуде туындайтын мәселелерді көтеріп, сотқа қазақ тілінде берілетін әкімшілік талап қоюлардың санын арттыру жөнінде тілек білдірді. Өз кезегінде адвокаттар мен заң кеңесшілері пікірлерін ортаға салып, тіл мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Ақтөбе облысының
мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының бас маман — сот отырысының хатшысы А.Төлеу


