«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі», «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем» деген сөздердің мағынасы тереңде жатыр. Келісесіз бе?
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7- бабымен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп бекітілген.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4- бабына сәйкес мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы болып табылады.
Осы аталған Заңның 13- бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
Десе де, Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, осы Кодексте айқындалады.
Егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданылады.
Ал, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі — АПК) 14- бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.
Сонымен қатар, сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының талап қою берілген тілді жеткілікті деңгейде білетін-білмейтінін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетін-түсінбейтінін анықтай отырып, сот талап қоюшыдан жазбаша өтініш түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығара алады.
Осылайша, әкімшілік сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі сот процесіне қатысатын адамдардың, оның ішінде талап қоюшылардың өз құқықтары мен бостандықтарын пайдалану еркіндігіне тікелей байланысты.
Әкімшілік талап қоюлар көп жағдайда талап қоюшылардың өкілдерімен, яғни заң көмегін көрсетуші адвокаттармен және заң консультанттарымен орыс тілінде дайындалып, сотқа жолданады.
Мысалы, 2023 жылдың 11 айында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына түскен талап қоюлардың жалпы саны — 1574, өткен жылдан қалдық істермен қосқанда (+212) 1786 болса, оның ішінде мемлекеттік тілде берілген талап қоюлар саны — 644.
2024 жылдың 11 айында түскен талап қоюлардың жалпы саны — 1895, өткен жылдан қалдық істерді қосқанда (+ 91) 1986, оның ішінде мемлекеттік тілде берілген талап қоюлардың саны 665, сот талқылауына дайындық барысында сот ісін жүргізу тілі өзгертілген істер саны -8.
Бұл мәліметтерден мемлекеттік тілдегі әкімшілік талап қоюлардың саны сотқа түскен талап қоюлардың жалпы санының жартысын да құрамайтыны көрініп тұр.
Сот мемлекеттік тілде іс жүргізуге мүдделі.
Алайда, әкімшілік істерді сотта қарау барысында не байқалады?
Талап қоюшы мен жауапкер де және басқа іске қатысушылар да өз ұлтымыздың өкілдері, мемлекеттік тілді толық меңгерген адамдар.
Алайда, талап қою орыс тілінде беріледі, осы себепті сот ісін жүргізу тілі — орыс тілі деп белгіленеді және жүргізіледі.
Көп жағдайда, іске өкілдер (адвокаттар мен заң консультанттары) қатысады, заңда көзделген құқықтарды пайдалануға ерік білдірмейді, сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы өтініш берілмейді.
Мәселе — сот өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерте алмайды.
Сот ісін жүргізу тілін бұзбау, яғни талап қою берілген тілде істі қарау – соттың міндеті болып табылады.
Ендеше, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің аясын кеңейтудің шешуші тетіктерінің бірі – сотқа талап қоюларды мемлекеттік тілде беру деп көремін және адвокаттар мен заң консультанттарын мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге өз үлестерін қосуға шақырамын.
Мемлекеттік тіл — ұлттың жан дүниесін, рухани негізін, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі екенін әр уақытта назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Шымкент қаласының МАӘС судьясы Т.Қ.Үмбетова