12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ерекшеліктері

Қазіргі жағдайда мемлекеттік билік органдары мен азаматтар және ұйымдар арасындағы қатынастарды құқықтық реттеудің маңызы артып келуде.

Осы маңызды және күрделі мәселелерді зерттеуді соның ішінде әкімшілік рәсімдер ұғымын құқық ғылымы мен Қазақстан Республикасының заңнамасы тұрғысынан анықтаудан бастау керек.

Әкімшілік рәсімдер дегеніміз – мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың мемлекеттік функциялар мен лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде шешімдер қабылдау және орындау тәртібін рәсімдеу, соның ішінде мемлекеттік аппарат жұмысын ұйымдастыру, азаматтардың құқықтарын іске асыру жөніндегі өтініштерін қарау рәсімдері және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін әкімшілік қорғау.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (әрі қарай – ӘРПК) қабылдануына байланысты «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңның күші жойылып, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңның күші жойылды, Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда мамандандырылған әкімшілік соттар құрылды. 

Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

ӘРПК әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырумен байланысты қатынастарды реттейді.

Құқық тұрғысынан алғанда, әкімшілік рәсімдер – бұл әкімшілік істерді қарау және шешу, сондай-ақ әкімшілік істер бойынша шешімдерге шағымдану және қайта қарау негіздерін, шарттарын, реттілігі мен тәртібін айқындайтын заңнамалық актілермен белгіленген регламенттік нормалар.

Әкімшілік рәсімдерге ықпал ететін негізгі жалпы құқықтық қағидаттар – заңдылық, әділдік (қисындылық, адалдық) және пропорционалдылық (өлшемділік) қағидаттары.

Әкімшілік рәсімдер бірнеше кезеңнен тұрады:

1-кезең: Әкімшілік рәсімді қозғау. 

Әкімшілік рәсімді қозғау үшін жеке тұлға немесе әкімшілік органның өтініші қажет.

Мемлекеттік органға түскен кез келген өтініш міндетті түрде қабылданады, тіркеледі, есепке алынады және қаралады. Кемшіліктер немесе дұрыс рәсімделмеген жағдайда, әкімшілік орган бұл кемшіліктерді түсіндіреді және оларды түзету үшін уақыт береді. Бұл ретте кемшіліктерді түзету мерзімі өтінішті қараудың жалпы мерзіміне қосылады. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

Өтініштер жазбаша нысанда, электронды түрде, қолма-қол немесе оларды қабылдаған лауазымды адам жеке хаттамаға енгізу арқылы ауызша берілуі мүмкін.

Өтініш жеке тұлғадан немесе ұжымнан түсуі мүмкін.

Өтiнiш, арыз, шағым осы өтiнiштi қарау құзыретiне кiрмейтiн әкiмшiлiк органға түссе, ол үш жұмыс күнi iшiнде әкiмшiлiк рәсiмге қатысушыны бiр мезгiлде хабардар ете отырып (хабарлама) уәкiлеттi әкiмшiлiк органға жiберiледi.

2-кезең: Әкімшілік істі қарау.

Әкімшілік рәсімнің қаралым мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. Мерзімді ұзарту әкімшілік орган басшысының негізделген шешімімен жүзеге асырылады. 

Әкімшілік іс жүргізу мерзімін негізсіз ұзартқаны үшін шешім қабылдауға уәкілетті тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәртіптік және өзге де жауаптылыққа тартылады.

Әкiмшiлiк орган әкiмшiлiк iстi дұрыс қарау үшiн маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi тергеп-тексеру жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi (зерттеу принципi).

Әкімшілік орган немесе лауазымды адам әкімшілік істің нақты мән-жайларын анықтау үшін өз бастамасы бойынша дәлелдемелерді жинауға құқылы.

Әкiмшiлiк орган немесе лауазымды тұлға әкiмшiлiк рәсiмге қатысушылардың берген өтiнiштері мен құжаттарын қараудан бас тарта алмайды.

Азамат өз iсiн өкiл арқылы жүргiзуге (ӘРПК-нің 68-бабы), шағым беруге (ӘРПК-нің 67-бабы), тыңдауға (ӘРПК-нің 73-бабы), әкімшілік істің материалдарымен танысуға, үзінді көшірмелер мен толық көшірмелер жасауға (ӘРПК-нін 75-бабы), әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы түсініктеме алуға, іс жүргізу, әкімшілік актіне шағым беруге (ӘРПК 91-бабы), ӘРПК-де әкімшілік актіні сотқа дейінгі тәртіпте міндетті түрде шағымдануды қамтамасыз етуге, егер іс жүргізу оның өтініші бойынша қозғалған болса, әкімшілік іс жүргізуді тоқтатуға (Кодекстің 89-бабы), әкімшілік іс жүргізу тәртібінде өз ана тілінде немесе өзі сөйлейтін тілде сөйлеуге, жауап беруге немесе аудармашының қызметін пайдалануға құқылы.

Лауазымды тұлға қатысушыға әкiмшiлiк iс бойынша алдын ала қабылданған шешiм бойынша өз позициясын бiлдiру мүмкiндiгiн беруге мiндеттi, ол туралы әкiмшiлiк процеске қатысушы алдын ала, бірақ әкiмшiлiк актi қабылданғанға дейiн үш жұмыс күнінен кешіктірмейхабарланады.

Әкімшілік процеске қатысушыны сот отырысына шақыру, оның ішінде бейнеконференцбайланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы, ақпараттық жүйелерді, әкімшілік процеске қатысушыға өз ұстанымын айтуға мүмкіндік беретін басқа да байланыс құралдарын пайдалана отырып тыңдау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Алайда, егер: әкiмшiлiк орган немесе лауазымды тұлға басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қозғамайтын қолайлы әкiмшiлiк актiлердi қабылдаса, атқарушылық iс жүргiзу жүргiзiлсе, Қазақстан Республикасының заңнамасында әкiмшiлiк iс жүргiзу үшiн үш күннен кем мерзiм белгiленсе, азаматтың әкiмшiлiк және заңды түрде құқықтарын қорғау актiсi талап етiлсе, егер әкімшілік процеске қатысушы өтініш білдірсе, жеңілдетілген әкімшілік іс жүргізу жүргізілсе, тыңдау сатысы қолданылмайды, сондай-ақ автоматтандырылған процесті жүзеге асыру кезінде әкімшілік іс бойынша сәйкесінше шешім шығарылады.

Әкiмшiлiк процеске қатысушы әкiмшiлiк iс бойынша шешiмге ол келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей қарсылық бiлдiруге құқылы.

Әкiмшiлiк процеске қатысушы өзiнiң қарсылығын ауызша бiлдiрген жағдайда, әкiмшiлiк орган немесе лауазымды тұлға тыңдалым хаттамасын жүргiзедi.

Хаттама жасалған жағдайда лауазымды тұлға әкімшілік процеске қатысушыға тыңдалым хаттамасымен танысу мүмкіндігін беруге міндетті.

Қатысушы хаттамамен танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде сот тыңдалым хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.

Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.

 Оңайлатылған әкімшілік рәсімді мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға және олардың лауазымды адамдары ӘРПК-нің 87 бабында белгіленген тәртіппен, ерекшеліктермен жүзеге асырады.

Мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға және олардың лауазымды адамдарына хабарлама, ұсыныс, үн қосу немесе сұрау салу жіберген тұлға арыз иесі деп түсініледі. 

Қайталама хабарламаларда, ұсыныстарда, үн қосуларда, сұрау салуларда жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтiрiлмесе, ал алдыңғы хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың материалдарында тексерудiң қажетті материалдары болса және арыз иесіне белгiленген тәртiппен жауаптар берілсе, хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың авторын анықтау мүмкін болмаса, арыз иесінің қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы болмаса, оларда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер туралы және олардың құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдарға дереу жолдануға жататын мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда, хабарламада, ұсыныста, үн қосуда, сұрау салуда мәселенің мәні баяндалмаса, оңайлатылған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.

Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімді хабарламаны, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.

Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосу мен сұраныстарды арыздар мен шағымдардан ажырата білу қажет. Арыздар мен шағымдар азаматтар мен ұйымдар үшін белгілі бір құқықтық салдарларды тудырады. 

3-кезең: Әкімшілік акт қабылдау

Әкімшілік акт – бұл біржақты тәртіпте қабылданатын және жеке немесе заңды тұлғалар үшін құқықтық салдар (құқықты жүзеге асыру немесе белгілі бір міндеттер жүктеу түрінде) туғызатын шешім.

Қолайлы әкімшілік акт азаматтың жағдайын жақсартады, мысалы, ол әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын жүзеге асырады немесе оған жүктелген міндетті тоқтатады.

Ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт, керісінше, азаматтың жағдайын нашарлатады, мысалы, оның құқығын жүзеге асырудан бас тартады, шектейді, әкімшілік іс жүргізуге қатысушының құқығын тоқтатады немесе оған міндет жүктейді.

Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қараудың нәтижелері бойынша жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру, назарға алу, оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.

Хабарға, ұсынысқа, үн қосуға, сұрау салуға жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде жолданады.

4-кезең: Әкімшілік актінің күшіне енуі. 

Әкімшілік акт қабылданған сәттен бастап күшіне енеді, егер қабылданған актте басқа мерзім көрсетілмесе.

5-кезең: Әкімшілік актіге шағымдану. 

Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

Егер әкімшілік орган, лауазымды адам ӘРПК-те белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.

 Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам жүргізеді.

Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.

Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.

Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, әкімшілік актінің күшін жою туралы, әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы, әкімшілік әрекетті жасау туралы, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы, әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы немесе шағымды қараусыз қалдыру туралы шешімдердің бірін шығарады. 

Әкімшілік рәсімдерді оңтайлы басқару және азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында елімізде жоғарыда аталған әкімшілік рәсімдердің барлық кезеңдері автоматтандырылған E-otinish арнайы онлайн платформасы құрылған.

E-otinish Қазақстанның мемлекеттік органдарына азаматтардың өтініштерін беру және қарау процестерін жеңілдетеді және автоматтандырады.

Платформа өтініштерді, шағымдарды және ұсыныстарды мемлекеттік органдарға бармай-ақ электронды форматта жіберуге мүмкіндік береді.

Азаматтар нақты уақыт режимінде өз өтініштерінің күйін бақылап, олардың қалай қаралып жатқанын көре алады.

Платформа сұраныстарды өңдеу уақытын қысқартуға және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді жақсартуға көмектеседі.

Платформаның мақсаты – мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл процесін ыңғайлы әрі қолжетімді ету, қағаз айналымын азайту.

Платформа үкімет қызметінің ашықтығын және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Қорытындылай келе, мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара тиімді әрекетін қамтамасыз етуде әкімшілік рәсімдер шешуші рөл атқаратынын атап өтуге болады. Олардың басты мақсаты – билік органдарының іс-әрекетін оңтайландыру және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру. Өтініштерді беру мен қарауды жеңілдету сияқты әкімшілік рәсімдерді жетілдіру азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімін арттыруға көмектеседі және шешім қабылдауды тездетуге сонымен қатар сапасын арттыруға көмектеседі.

Автор:

Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы

Қанат Зарықұлы Естай

Медеу ауданының демалыс орталықтары: жастардың дамуына арналған кеңістік

         Алматы қаласындағы маңызды жастар жобаларының бірі – 100 демалыс орталықтарының...

Сотқа жүгіну механизмдері

Азаматтар құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгінеді....

Волонтёры Алматы поздравили ветеранов МЧС с Днём гражданской обороны

         1 марта отмечался Всемирный день гражданской обороны, и в  этот день...

Алматы волонтерлері ТЖМ ардагерлерін Азаматтық қорғаныс күнімен құттықтады

         1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні  Алматы қаласының волонтерлері Төтенше...

Победы досугового центра «Турксиб» на Открытом чемпионате Алматы по дзюдо

         Ученики досугового центра «Турксиб» приняли участие в Открытом чемпионате...