Мектеп – оқушы бойындағы білімнің шырағын жағатын, тәрбие мен тәлімнің бағытын табатын ыстық та, қасиетті мекен. Табалдырығын аттаған әр шәкіртін құшақ жая қарсы алып, қимастықпен шығарып салатын құтты орта. Талай ақын мен әншіні, дана мен дараны, жыршы мен ақылгөйді баптаған ортада талай шығармашылық жұмыстар жүргізіліп, дөңгелек үстелдер мен ашық сабақтар, қызыққа толы кездесулер өткізіліп отырады. Осы орайда № 172 мектеп – гимназиясында 05.02-09.02 аралығында қазақ тілі мен әдебиеті апталығының өткізіліп, түрлі таңқаларлық дүниелер мен тың идеялардың куәсі болдық. Соның ішінде, 9-сыныптар арасында «Әдебиет-ақиқат өмірдің сырлы суреті» тақырыбындағы интеллектуалдық сайыстың ерекшелігі айқындалды.
Сайыстың мақсаты: Оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, олардың дүниетанымын, ой-өрісін кеңейту арқылы таным, білім дағдыларын қалыптастыру.
«Әдебиет- сөз өнері. Сөз өнері –халық даналығының жемісі. Әдебиет –халқымыздың рухани өмірінің айнасы, ана тіліміздің өміршеңдігінің, ұлттығымыздың, халықтығымыздың белгісі дейтін болсақ, сайысқа қатысушы әр оқушының бойына поэзияға деген ыстық ықылас пен шексіз сүйіспеншіліктің отын маздату біздер үшін жеңістің жемісі бола білді.

«Алғырлар», «Ойшылдар», «Зеректер», «Білгірлер» және «Білімділер» топтары сайысқа түсіп, жарыстың көркін қыздырды. Сайыс 3 кезеңнен тұрды. 1-кезең «Поэзия сен менімен егіз бе едің?» деп аталып, жырдан шашу шашылып, поэзия әлеміне қалықтап қайтсақ, 2-кезең «Әдебиет-өмір айнасы» екендігін көрсетіп, ғасырлар тоғысқан қарымды жылдарға сапар шектік. 3-кезең «Даналық ойдан дән ізде» деп аталып, қатысушылардың жүйріктігі мен зеректіктерін анықтауға тырыстық. Әр кезең бойынша топтар өз білімдерін көрсетіп, сайысты қызықты ете білді. Ұшқыр ой мен жан-жақты ізденімпаздық қасиеттердің қарымын байқап, сүзгіден өткіздік. Сайыстың үшінші кезеңінде топтар, үш бидің даналық сөздерінен үзіндіге табан астында көрініс қойып, актерлік шеберліктерін шыңдай түсті.
Әр бала жарық жұлдыз болса, сол жұлдыздың жарқырап, жануына үлес қосу әр ұстаздың еңбегінің жемісі.
Бижанова Динар
Ахмет Жазира
№172 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері


