12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты:«ӘКІМДЕР АУЫЛДЫ ДАМЫТУ ҚАБІЛЕТІНЕ ҚАРАЙ БАҒАЛАНУЫ КЕРЕК»

Ақылбек Қажығұлұлы, ауылға қатысты мәселені бір кісідей зерделеп, саралаған жансыз. Уақытында Ауыл шаруашылығы министрі болдыңыз, еліміздегі аграрлық жоғары оқу орындарының бірін басқардыңыз. Қысқасы, ауылдың бүкіл тыныс-тіршілігінде сізге беймәлім жайт жоқ. Ауылдың бүгінгі жағдайы қалай?
– Ауылдан түгел үдере көшіп кетпесе де ондағы халықтың саны, оның ішінде экономикалық белсенді санаты жылдан жылға азайып барады. Егер 2011-жылы біздегі жалпы ауыл халқының үлесі 45,4 пайызға тең болса, қазір бұл көрсеткіш 41,3 пайызды құрайды. Алаңдатарлығы да сол, ауылда еңбекке жарамды адам саны күрт азайып кеткен. Мәселен, соңғы 10 жылда ондағы еңбекке қабілетті адамның саны 4,1 миллионнан 3,8 миллионға кеміпті. Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді. Өткен жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаларға қоныс аударған. Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әлдеқайда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті.
– Әрине, «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар»? Ондағы қауымның күнкөріс көзі бес-алты уақ малы болса, олардың өзін ұстау қиындап барады. Жайылым жоқ, жем-шөп дайындау қиын. Одан қалды, мал ұрлығы бар. Ауыра қалса баратын ауруханасы да жоқ. Бұл қауымның қаланы төңіректемеске шарасы да жоқ көрінеді.
– Иә, статистика мәліметтері бойынша, 2019-жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына – 35 349 теңге. Айта кету керек, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 миллионы
немесе 56,2 пайызы ауылдарда тұрады. Сондай-ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылардың көбі ауылдық жерлерде. Олар барлық ауыл тұрғындарының 6,6 пайызына тең. Бұл қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Осылайша, еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді-мекендерде тұрады. Ауылдық елді-мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйіне келер болсақ, онда алғашқы медициналық көмектің өзіне ауыл тұрғындарының барлығы бірдей қол жеткізе алмайды. Алдағы уақытта ауылда 150 жаңа денсаулық сақтау нысандарын ашу қажет. Ауылдық жерлерде дәрігерлерге қажеттілік 900-ден астам адамды құрайды, бұл ретте қалада 10 мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда тек қана 16 дәрігер немесе 3,5 есе аз.
– Ауылдағы тұрақты табысы барлар мұғалімдер ғана шығар. Десе де, ондағы білім сапасы қаладан әлдеқайда төмен деген әңгімені жиі естиміз. Бұл педагогтар әлсіздігінен бе әлде материалдық база төмендігінің салдары ма?
– Екеуінің де салдары. Ауылдық аймақтарда мектеп жетіспейді. Бар мектептің 32-сі апатты жағдайда, 86-сы үш ауысымда жұмыс істейді. Бүгінде ауылға 312 мектеп қажет. Сонымен қатар педагогтарға сұраныс жоғары болып тұр. Қазіргі таңда ауыл мектептерінде 2 240 педагогтың орны бос. Бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75 пайызын құрайды. Әсіресе, ауыл мектептеріндегі білім беру мәселелері қатты алаңдатады. PISA нәтижелеріне сүйенсек, қала мен ауыл арасындағы білім сапасында 22-ден 37 баллға дейінгі алшақтық бар. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша, ауыл мектептерінің түлектері қала оқушыларынан орта есеппен 5-6 баллға артта қалып отыр. Ауылдық жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен көптеген дарынды балалар мемлекеттік гранттан қағылуда. Еліміздегі 22 ауданда, тіпті, колледждер де жоқ. Осылайша, ауыл жастарының бір бөлігі жоғары және кәсіптік білім алудан тыс қалуда, ал мемлекет өзінің басты байлығы – адами капиталды дамыта алмай отыр.
– Мұндай жағдайда ауылдағы қауымның мәдени-рухани қажеттілігі жайлы айтудың өзі ыңғайсыз болар. Естуімізше ауыл кешін көңілді етіп тұрған клубтардың көбінің бүгінде орны да жоқ. Ал, кітапханаларды ел көлемінде жабу қажет деген әңгіме туып жатыр. Спорт алаңдары ауыл балалары үшін қашаннан ен дала еді ғой. Интернеттің де аты бар болғанымен, заты жоқ.
– Ең өкініштісі, бізде ауылдың мәдени-спорттық инфрақұрылымын дамыту көрсеткіштері әкімдерді бағалау өлшемдеріне кірмейді екен. Бұдан соң ауылда қандай даму болады? Бүгінгі таңда 550 ауылда мәдени нысандар, спорт залдары жоқ, 150-ге жуық ауылда кітапхана жұмыс істемейді екен. Ауылдық елді-мекендердің тек 64 пайызы ғана орталық құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген, жергілікті маңызы бар жолдардың жартысына жуығы жөндеу жұмыстарын талап етеді, ауылдық елді-мекендердің тек 20-сы ғана газбен қамтылған. Бізге белгілі ақпарат бойынша ауылдардың 69 пайызы ғана интернет желісіне қосылған. Бірақ тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы көрсеткендей, барлық респонденттер интернет сапасының төмендігіне шағымданыпты. Олардың ешқайсысы да ауылда интернет жақсы істеп тұр деп жауап бермеген.
– Бір қарағанда ауылды дамыту үкіметтің үнемі назарында тұрғандай. Небір тамаша бағдарламалар түзілді. Мәселен, «Дипломмен ауылға» атты бағдарламаға сай ауыл нағыз гүлденген, көркейген құт мекенге айналуы керек еді. Алайда, ол үміт ақталмады. Мұның да себебі өзіңіз айтқандай, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың төмендігіне байланысты. Ауыл расында өркениеттің барлық игілігінен тыс қалып отыр. Қайтпек керек?
– Ауылдағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық қой. Осының салдарынан қазірдің өзінде еңбекке қабілетті адамдардың 40 пайызы болашақта қалаға көшуге бел байлап, буынып, түйініп отыр. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса, біздің ауылдарымыз бос қалуы мүмкін. Мұның салдары елдің экономикасы үшін оңайға түспейді. Ауыл қашанда тоқшылықтың қайнар көзі. Осы тұрғыда іске қосылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы бізді қатты алаңдатады. Егер аграрлық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттармен оқыған түлектердің жыл сайын тек 30 пайызы ауылға жұмысқа орналасатынын ескерсек, онда бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқауға болады. Сондықтан біз жас мамандарды ауылға тарту үшін жаңа тиімді механизмдерді қолдануымыз керек. Ресей мен Беларусь мемлекеттері сияқты ауылға қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салуды қолға алу қажет. Білім беру гранттарындағы ауылдық квотаны 30 пайыздан кем дегенде 50 пайызға дейін көбейту керек. Сонымен қатар, басқа елдердегідей, агроқұрылымдардың студенттерді университеттерде оқытуға жұмсаған қаражат шығындарын субсидиялау өте маңызды. Аграрлық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, олардың 72 пайызы ауылдық жерлерге жұмысқа барғысы келмейді. Басты себептері: қаладағыдай жағдайдың болмауы, жалақының төмендігі және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі.
– Айпақшы тағы «Ауыл – ел бесігі» атты жоба іске қосылды емес пе? Бұл шарадан ауыл қандай игілік көріп жатыр? Әлде ол да көп бағдарламаның күйін кешіп аяқсыз қалды ма? Жалпы осындай басы таудай болып басталатын шаруалардың аяғы неге сиырқұйымшақтанып кетеді?
– Иә, қазіргі уақытта ауылдық аймақтарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында реттеледі. Сөзсіз, оны жүзеге асыру барысында ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Дегенмен, біздің сараптамалық талдауымыз көрсеткендей, бұл жобаның біраз кемшіліктері бар. Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары нақты үйлестірілмеген әрі бұл процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтар тартылмаған. Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйе іс жүзінде жоқ. Бұл жұмыста дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену орынды. Өйткені бізді күтіп тұрған мәселелерді ол елдер әлдеқашан бастан өткерген. Біріншіден, олардың пікірінше, мұндай бағдарламалар федералды министрліктер әзірлеген «кабинеттік шешімдерге» негізделмеуі керек. Бұл мемлекеттерде ауыл тұрғындары елді-мекенді дамытудағы басым бағыттарды өздері белгілейді. Екіншіден, мемлекеттік органдар жергілікті бастамаларды іріктейді және бірлесіп қаржыландырады. Тек, жергілікті биліктің осындай белсенділігі мемлекеттің осы аумақты дамытуға қатысуына негіз бола алады. Үшіншіден, мұндай бағдарламалардың көпшілігінде жұмыс орындарының болуы және оларды құру мүмкіндігі ауылдардың әлеуетін бағалаудың басты критерийі болып табылады. Бұл – олардың бізге қарағанда ауылдық аймақтарды басқарудағы артықшылықтары.
– Биік мінберлерде айтылатын әңгімелерден түйгеніміз, бізде көп кемшіліктер мүдделі мемлекеттік органдар іс-қимылындағы үйлесімнің жоқтығынан туындап жататын сияқты. Расында әлі күнге ауылдағы қауымның ауыз суға жарымай отырғанын қалай ақтауға болады?
– Дұрыс айтасыз, бізде жобаны бірыңғай үйлестіруде мәселелер баршылық. Нақтылап айтсақ мемлекеттік органдардың жұмысында алшақтықтар орын алған, олардың әрқайсысы өз жұмыс учаскесіне ғана жауап береді. Біз бүгінде Ұлттық экономика министрлігі, салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ұсынған статистикада айтарлықтай айырмашылық барын байқап отырмыз. Мәселен, жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 55 млрд теңге – Ұлттық экономика министрлігі бекіткен критерийлер бойынша даму әлеуеті жоқ ауылдардың инфрақұрылымын қаржыландыруға жұмсалған, 2019 жылы республикалық бюджеттің 4,2 млрд теңге көлеміндегі қаражаты қолданыстағы ауыл нысандарын жөндеуге бағытталған. Мысалы: стадион трибуналарын жөндеуге, жағалауларды абаттандыруға, тротуарларды, ғимараттардың фасадтарын жөндеуге, яғни ұсақ, жергілікті бюджеттен қаржыландыратын жұмыстарға жұмсалған. Оны Есеп комитетінің тексеру нәтижелері дәлелдеп отыр. Бағдарламаны іске асыруда жүйеліліктің жоқтығын мына мысалдан да аңғаруға болады. Айталық, 2010- жылы 183 ауылдық жерлерге ауыз су тасымалдау арқылы жеткізілген болатын. Арада 10 жыл өтіп, ауылды дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлінгеніне қарамастан, бүгінгі таңда әлі де болса 105 ауыл ауыз сумен бұрынғыдай тасымалдау арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Сол сияқты осындай олқылықтар «Ауыл – ел бесігі» жобасының қаржылық бөлігін әзірлеудегі кемшіліктерден де туындаған. Ол контурлы түрде, тек болжам бойынша жасалған. Себебі оны дайындау кезінде ауылдық елді-мекендердің санаттары бойынша ешқандай терең зерттеу жұмыстары жүргізілмегенжәне мұндай жұмыстар тек келесі жылға жоспарланған.
– Енді бұл кемшіліктерден арылу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Нақты ұсыныстарыңыз бар ма?
– Аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру керек. Нақтылап айтар болсақ, біріншіден, үкімет ауылдарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылды дамыту бағытын жеке құжатпен ұлттық жоба ретінде қабылдаған жөн болар еді. Екіншіден, ауылды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде – Канада, Австралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Үшіншіден, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қағидаттарын түбегейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту процесіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор. Төртіншіден, ауылдық елді-мекендерді жіктеу кезінде өндірісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі басты көрсеткіш болуы тиіс. Ауылшаруашылық өндірісті, ауылды дамыту үшін ауыл бизнесін қолжетімді әрі ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету өте маңызды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері біріккеннен кейін, олардың басты қызмет ету нысаны ауыл мен
ауыл шаруашылығы болады деген үміттеміз. Ол үшін жаңа қаржылық жүйенің акционері Ауыл шаруашылығы министрлігі болуы керек деп санаймыз. Қосалқы шаруашылықтардың
кооперациясын, ауылдағы мал басын жайылым және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешкен маңызды. Биылғы Жолдауында Президент осы сұрақтарға қатысты және 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты түрде көтеру туралы нақты тапсырма берген болатын. Бесіншіден, ауылды дамытудың стратегиялық бағыты цифрлық технологияларды енгізу болып табылады: телемедицина, қашықтан оқытудың заманауи түрлері, онлайн консалтинг пен қызмет, ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру. Бұл Қазақстандағы ауылдардың көптеген әлеуметтік және коммуникациялық мәселелерінің оңтайлы шешімі болмақ. Сондықтан, осы бағыттар жаңартылған «Ауыл – ел бесігі» жобасының құрамдас бөлігі болуы тиіс. Қорытындылай келе, ауыл әрқашан халқымыздың тілі, мәдениеті мен руханиятының бесігі болып қала беретінін атап өткім келеді. Елбасының сөзімен айтқанда: «Қазақтың діні де, тілі де, ділі де – ауылда». Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, ал оның рухани өмірі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Ал бұл міндеттерге сәйкес біз ауылды дамытуды мемлекеттің басым бағыты ретінде қарап, оған керекті қаржыны бірінші кезекте бөлуіміз қажет.
– Сұхбаттасуға уақыт тауып, пікір білдіргеніңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...