Қаңтар оқиғасы, қаңтар қасіреті. Бұл 30 жыл бойына қордаланып-жиналып келген әлеуметтік теңсіздіктің, ел тұрмысының нашарлығына қарамастан санаулы топтардың шексіз байлыққа бөгіп, биліктің бар тұтқасын ұстағандардың, халықтың талап-тілектерінің мүддесінен шыға алмай келгендерін көрсетті. Әрине, халық наразылығын өз пайдасына жаратып, өздерінің арам пиғылдарына жүзеге асыруға тырысқан, соның арқасында билікті басып алуға тырысқан топтардың анықталғандығы күтпеген жағдай болды. Соның бәрін анық көріп, бағалап, батыл қимылға барған Президенттің шұғыл шешімдері болмағанда, жағдай одан әрі күрделеніп, үлкен дағдарысқа ұрынармедік кім білсін…
Қираған дүние орнына келер, бір-ақ қазір болған жағдайдың салдарымен емес себебін терең зерттеп, болашақта мұндай сатқындыққа, мемлекет пен халықтың мүддесі емес, өз мүдделерін ойлаған жемқорлық пен топ құрушылардың жымысқы әрекеттерін болдырмауға қарсы күрес ашу қажет. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, жастардың оқуына, еңбегі мен тұрмыс-тіршілігіне мемлекет тарапынан қамқорлықты күшейту керек деп ойлаймын. Қамаудағы жастардың, экстремисттік топтарға қатысы жоқ, бейбіт шеруге деп шыққандары мен былай қолға түсіп қалғандарды анықтап, жеңілдік жасаған жөн. Елдің бірлігін ойлап, болашағын ойлап, ұлтымыздың қадір-қасиетін кетірмеуге күш салайық. Билікке, құқық қорғау органдарына халықтың сенімін қайтару керек. Иә, олардан да зардап шеккендер бар, бірақ соны кек тұтып, жазықсыздарды жазалап тым қатігездікке жол бермеу керек деп ойлаймын, — деп Еркін Нұразхан мырза (cуретте) жауапты қысқа қайырды.
Ғани Еркінұлы