ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті қызметкерлері арасында Самбо күресінен өткен X чемпионатында Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі Департаментінің атынан қатысқан үш бірдей ҚАЖ қызметкері жүлделі орындарды қанжығасына байлап қайтты.
88 кг салмақ дәрежесінде жүлделі І орынды жеңіп алған ҚАЖ департаментінің кадр саясаты бөлімшесінің аға инспекторы әділет майоры Қалам Абдуалиев ішкі істер органдарында 14 жылдан бері қызмет етеді. Қазақ күресінен және Самбодан спорт шеберлігіне үміткер спорттық атағы бар Қалам, 25 жылдан астам уақыт спортпен шұғылданып келеді.
«Самбо және қазақша күрес өзіме бала кезімнен жақын. Самбодан өткен республикалық чемпионаттан жүлделі орынмен оралуды мақсат қылғандықтан, дайындығымыз да жоғары деңгейде болды.
Жалпы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үнемі кәсіби даярлығы жоғары болуы керек деп есептеймін»,- дейді ҚАЖ департаментінің кадр саясаты бөлімшесінің аға инспекторы әділет майоры Қалам Абдуалиев.
Самбо күресінен жүлделі ІІ орынды иеленген ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің инспекторы әділет капитаны Данияр Нуралин де осы салада қызмет етіп келетін 10 жылдан астам уақыт самбо күресімен айналысады. Осы уақыттың ішінде Жауынгерлік самбодан спорт шеберлігіне үміткер және Самбодан спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болған Данияр, қоян- қолтық спорт түрімен де айналысқанды ұнатады.
+98 кг жоғары категориясы бойынша ІІІ орынды қанжығасына байлаған ҚАЖ департаментіне қарасты Әйтеке би аудандық пробация қызметінің инспекторы әділет капитаны Азамат Бақтыбаев, қызмет етіп келетін 14 жылдың ішінде ҚАЖ қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын республикалық турнирлерде бірнеше рет қазақша күрес пен қоян- қолтық ұрыстарда жүлделі І орындарды иеленіп жүрген спорт саңлағы. Қазақ күресінен Спорт шеберлігіне үміткер спорттық атағы бар Азамат Бақтыбаев, спорт түрімен жұмыстан тыс уақытта үнемі шұғылданатынын және кез келген құқық қорғау қызметкері өз- өзін қорғау үшін бос уақытын жаттығу залында өткізу керектігін айтады.
«Ақтөбе облысының ҚАЖ қызметкерлерінің республика чемпионатынан қатарынан бірнеше жеңіспен оралуы – олардың тамаша дайындығы мен жоғары кәсіби шеберлігінің көрсеткіші болумен қатар, барлық жеке құрам үшін үлкен мақтаныш. Олардың бұл жетістіктері жеке құрамға рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да шабыт сыйлайды. Өз кезегінде спортшыларымызды осынау жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да спорттық жетістіктер тілеймін!»,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары әділет полковнигі Бақытжан Илюпов.