Ақпанда инфляция 1,1% болды: Қандай тауарлар қымбаттады? 

2026 жылдың ақпан айында Қазақстанда инфляцияның айлық деңгейі 1,1%-ды құрады. Бұл туралы тұтыну бағалары индексінің соңғы деректері көрсетіп отыр. Бағаның өсуі негізінен азық-түлік өнімдері мен ақылы қызметтер есебінен қалыптасты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бір ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 1,3%-ға, ақылы қызметтер 1%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,9%-ға қымбаттаған.

Азық-түлік бағасы қалай өзгерді?

Азық-түлік өнімдері ішінде кейбір көкөністер мен жемістердің бағасы айтарлықтай өскен. Мәселен, қияр 3,9%-ға, басты пияз 3,2%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ апельсиндер 0,9%-ға, тауық еті 0,6%-ға өскен.

Ал кейбір өнімдер керісінше арзандаған. Мысалы, сүйексіз сиыр етінің бағасы 0,2%-ға төмендеген.

Сонымен қатар консервіленген жүгерінің бағасы 8,6%-ға, минералды су 6,8%-ға көтерілген.

Тұрмыстық тауарлар бағасы

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында да баға өзгерістері байқалады. Мәселен, кір жуатын машиналардың бағасы 7,4%-ға өскен. Бұдан бөлек стерильді таңғыштар 3,8%-ға, электр шайнектер 2,6%-ға қымбаттаған.

Ал смартфондардың бағасы 1,7%-ға арзандаған

Тұрмыстық заттар ішінде үтіктеуге арналған тақтай 12,4%-ға, стакандар жиынтығы 8,9%-ға қымбаттаған. Сонымен бірге кір жуу ұнтағының бағасы 1,5%-ға өскен.

Қызмет көрсету саласында да өсім бар

Ақылы қызметтер сегментінде де баға өзгерістері тіркелді. Мәселен, кинотеатр қызметтері 2,2%-ға, фотограф қызметтері 0,5%-ға қымбаттаған.

Жылдық инфляция 11,7%-ды құрады

Жылдық есепте, яғни 2025 жылдың ақпанымен салыстырғанда, инфляция деңгейі 11,7%-ға жетті. Оның ішінде:

  • азық-түлік тауарлары – 12,7%
  • азық-түлік емес тауарлар – 11,6%
  • ақылы қызметтер – 10,8%

Кейбір өнімдер арзандады.

Жылдық көрсеткіш бойынша кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы төмендеген. Мысалы:

  • көк шөптер (көк пияз, аскөк, ақжелкен) – 7,6%
  • кәді – 6,2%
  • күріш – 4,3%
  • қырыққабат – 1,5%

Ал мейіз 8,8%-ға, тәтті печенье 8,5%-ға, бал 7,2%-ға, құрма 5,8%-ға қымбаттаған.

Тұрмыстық және құрылыс тауарлары

2025 жылдың ақпанымен салыстырғанда бірқатар тұрмыстық тауарлар да қымбаттаған. Атап айтқанда, душқа арналған гельдің бағасы 15%-ға, цемент 11,2%-ға өскен. Сондай-ақ жуу және тазалау құралдары 9,3%-ға, түсқағаз желімі 5,7%-ға қымбаттаған.

Қызметтер бағасының өсуі

Қызмет көрсету саласында да жылдық өсім байқалады. Мәселен, киім тазалау қызметтері 14,5%-ға, косметолог қызметтері 12,7%-ға, ал фитнес залдарының абонементі 10,1%-ға қымбаттаған.

Инфляция қалай есептеледі?

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексі ай сайын есептеледі. Баға мониторингі тауарлар мен қызметтердің 537 позициясы бойынша жүргізіледі.

2026 жылдың қаңтарынан бастап тұтыну бағалары индексін есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%-ды, азық-түлік емес тауарлар 28,4%-ды, ал ақылы қызметтер 30,5%-ды құрап отыр.

Сондай-ақ инфляция динамикасын 2018 жылдан бастап көрсететін арнайы интерактивті дашборд арқылы баға өзгерістерін бақылауға мүмкіндік бар.

Әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандады 

Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 42 центке (0,47%) төмендеп, барреліне 88,56 долларды құрады.

Еліміздің 14 өңірінде аптап ыстық болады

13 тамызда бір өңірлерде аптап ыстық болса, тағы бір өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, тіпті бұршақ түседі деп болжанды,

Тоқаев АҚШ-қа барады: Сапар алдында Астана мен Вашингтон келіссөздерді бастады 

Майами қаласында өтетін «G20» саммитіне Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады.

Колумбияда үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды 

10 тамызда Колумбияда болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 230 адамнан асты.

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады 

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам баланың бірінші сыныпқа баруы күтіледі. Қазір олардың 320 мыңға жуығы мектепке қабылданды.