Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметі мен аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп Қасиетті ораза айының қарсаңында жағдайы төмен және көпбалалы 5 отбасыға азық-түлік себетін таратты.
Пробация қызметінің құрылғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Осы қызметтің қызметкерлері жұмысқа кіріскен кезден бастап халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленіп келеді. Осындай алғысқа бөленген Түркістан қалалық пробация қызметінен көмек алған адамдар өздерінің алғыстарын білдірді.
Қайырымдылық — қазақтың қанына сіңген қасиет. Түркістан қалалық пробация қызметі қайырымдылық жасауды игі дәстүрге айналдырған. Пробация қызметкерлері әрбір есептегі азаматтардың жағдайын зерделеп, қадағалап, тиісті әлеуметтік көмек түрлерін көрсетеді. Қалалық пробация қызметінің бөлімінің аға инспекторы әділет капитан Жасұлан Шариповтың айтуынша қалалық пробация есебінде есебінде тұратын азаматтардың отбасыларына жылда Қасиетті ораза айынның қарсаңында азық-түліктей көмек беру дәстүрге айналған.
Есептегі азаматтарды әлеуметтендіру бағытында жергілікті атқарушы органдармен, жеке кәсіпкерлермен көмек көрсетеміз. Жұмысы жоқ азаматтарды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырамыз, кәсіп ашамын деген сотталғандарға құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетеміз, медициналық көмекті қажет ететін азаматтар аудандық ауруханадан тегін медициналық көмек алады дейді әділет майоры. Пробация есебіндегі азаматтардың қайта қылмыс жасамауы үшін пробация инспекторлары күнделікті мекенжайын тексеру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету» ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Себебі, олар көмекке мұқтаж. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз. Осындай қайрымдылық шарасы осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да игі істер жасау жоспарда бар, – деді пробация бөлімінің аға инспекторы Жасұлан Шарипов.
Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық – адамгершілік белгісі. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу.
Мен пробация қызметінің есебіне үстіміздегі жылы тіркелдім. Жұмыссыздық салдарынан қателікке барған жанның бірімін. Бұрын өзім ізденіп жұмыс істемедім. Қай жерге барсам да, жұмысқа орналасатын болсам да таныс керек деп үйде жатып тон пішетінмін. Өзімнің жолым болмағынан өзгелерді кінәлі дейтінмін. «Шайтан азғырды ма?» білмеймін, ақша табудың жеңіл жолы «ұрлық» деп санама түйіп алдым. Сөйтіп ұрлық жасадым. Қазақта «ұрлық түбі — қорлық» деп бекер айтпаған екен. Жеңіл жолмен ақша табамын деп, сотты боолдым. Әрине, өзімнің істеген ісіме өкінемін. Балаларым менен ұялады. Себебі, оларға сыныптастары «ұрлықшының баласы» деп саусақтарын шошайтып көрсетеді. Осы пробация есебіне тіркелгенен кейін, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрдым. Үйде жатып тон пішпей, ізденген адамға жұмыс табылады екен. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ерінбей жұмыс іздеп, еңбек етіп адал нан тәтті болады екен. Пробация қызметінің қызметкерлерінің көрсеткен көмектеріне алғыс айтамын. Менің түзелу жолына түсуіме үлкен септігін тигізді, — деді пробация есебінде тұрған Аслан.


