– Нүркен Ысқақұлы, жас ғалымның бірі ретінде ғылым саласының бүгінгі жай-күйі туралы көзқарасыңызды білсек.
– Отандық ғылым саласында 2012 жылдан бері қызмет етіп келемін. Онда бұрынғымен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Жас ғалымдар белсенділігі артып, гуманитарлық, техникалық және медицина мен физика, химия салаларында әлемдік деңгейде патенттелген жаңалықтар ашылып жатыр. Алайда, олардың барлығы көп жағдайда қолданысқа ене бермейді. Жаңалықтар болсын, алынған ғылыми нәтижелер болсын, қолданысқа енгізілуі әлі бір жолға түспеген. Біз де өзімізде қаншама ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырамыз, олардан алынған нәтижелерді жоғарыға ұсынамыз. Алайда, олар қайда кетіп жатыр, қолданысқа түсе ме, түспей ме ол жағы беймәлім.
– Ғылыми кадрлар мәселесі шешілді ме?
– Шетелде жүрген талантты жастар жеткілікті. Олар түрлі трансұлттық компанияларда, жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда қызмет етіп жүр. Олардың арасында өзін шетелде мойындатқандары да аз емес. Оларды Қазақстанға тарту әлі де үлкен мәселе деп айтуға болады. 90-жылдары басталған «Brain drain» (Ақылдылардың ағылуы) көші әлі жалғасып жатыр. Өйткені, бізде ғылым саласын қаржыландыру мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Ғалымдар өте төмен жалақы алады. Қазіргі жағдай бұрынғыдан тәуір дегенмен, ғылымды тастап бизнеске кету, шетелге кету тенденциясы тоқтаған жоқ. Соңғы 5 жылда Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылыми-зерттеу жобаларына қаржы бөлу, грант, жобалар саны жылдан жылға артуда. Ол қуантарлық жағдай. Сондықтан жастардың қызығушылығы ақырындап өсіп келе жатыр. Дегенмен, әлемдік деңгейге жетуге әлі ерте. Өйткені, жастардың алатын жалақысы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Ол әлемдік стандартқа сай емес. Бұл бір. Екінші, отандық ғылым саласында шешімін таппаған күрделі мәселелер көп. Мысалы, ғылыми кадрлар қартайған. Буын арасында үлкен айырмашылық бар. Ғылымда өзін танытқандардың көбі зейнет жасындағылар. Олардың алды 80-90 жаста. Орта буын жоқ. Олар 1990 жылдардағы дағдарыс уақытында ғылымды тастап бизнеске кетіп қалған. Жас буын соңғы 5 жылда университет бітіріп, ғылыми жұмысын қорғап келгендер. Кеңес дәуірінен келе жатқан кадрлардың тәжірибесі мол, жаңадан келген жастардың тәжірибесі аз, сондықтан жастар аға буынды қуып жете алмай келе жатыр деуге болады. Ол ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында қатты сезіледі. Техникалық және физика, ядролық физика, химия, медицина сияқты салаларда ашылып жатқан жаңалықтар ғалымдарға біршама пайда әкеледі. Оны жеке компаниялар қаржыландыруы мүмкін және олар өздерінің ашқан жаңалықтарын нарыққа шығарып сата алады. Сұраныс бар. Соның бір мысалы қазақстандық өнім – «Сергек» жүйесі. Оған жеке компаниялардан болсын, мемлекет тарапынан болсын сұраныс көп. Ковид кезінде қазақстандық биологтар Казковид деген вакцина шығарды. Ол өз ішімізде қолданысқа енді, шетелдерге де жіберілді. Ал әлеуметтану, философия, саясаттану, филология сияқты әлеуметтік-гуманитарлық салаларда ашылған жаңалықтар нарыққа жол тарта бермейді. Оған сұраныс беретіндерді табу өте қиын.
– Соңғы уақытта мемлекет осы мәселені көтеріп жүр ғой.
– Әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласындағы ғалымдар да өздерінің өнімін нарыққа шығарып сату керек дейді. Ал оған сұраныс әзірше мемлекет тарапынан ғана, сондықтан қаржыландыратын тек мемлекет. Мемлекет грант бөлгеннен кейін ғалымдарды барынша өзінің пайдасына жұмсауға тырысады. Ғылыми институттар мемлекеттен бөлінген үш жылдық грант шеңберінде қаржыландырылады. Сондықтан көбінде ғалымдарды мемлекет саясатын үгіттеп-насихаттауға, бір сөзбен айтқанда мемлекеттік идеологияға қызмет етуге жегеді. Яғни, өзінің мақсатына барынша пайдаланып қалуға тырысады. Оның қарым-қатынасы былай: «бізден ақша алып отырсың, бізге пайдаңды тигіз!» деген мақсатпен мемлекет ғалымдарды әлеуметтік-гуманитарлық саланы дамытып жатыр деп ойламайды. Қоғамның түрлі саласын дамыту бойынша пайдалы ғылыми ұсыныстар беріп жатыр деп оған сұраныс жасамайды. Ғалымдарға тек ақпараттық машинаның бір бөлшегі ретінде ғана қарайды. Сондықтан, ғалымдар тұрақты түрде мемлекеттік саясатты насихаттауға мәжбүр. Билікті халыққа оң жағынан көрсету үшін жолдау, жарлық, бағдарлама, Президенттің сөйлеген сөздерін халыққа түсіндіруге ғалымдарды жегіп қояды. Тіпті, кей жағдайда құзыретті орган өкілдерінің интернетте жарияланған мақалаларының астына жағымды комментарийлар қалдыруға да итермелеп жатады. Мәселен, наурыз айында өтетін Мәжіліс сайлауына жарыса пікір жазып, оны апта сайын талқылауды бастап кеттік. Бұл мемлекет тарапынан фундаментальды ғылыми зерттеу саласына деген көзқарастың жоқтығын көрсетеді. Бірінші кезекте ғылыми сала бізде дербес емес. Дамыған елдің бәрінде ол керісінше. Ғалымдар ешкімге жалтақтамай өз бетімен зерттеу жүргізеді, обьективті түрде ізденіспен айналысады. Біздегі ғалымдар мемлекетке жалтақтайды.
– Ғылым қарыштап алға дамуы үшін ғалымның мәртебесі жоғары болу керек қой.
– Біздің қоғамда ғалым мен педагогтың мәртебесі әлі күнге дейін төмен. Ғалымдардың және университетте сабақ беретін педагогтардың мәртебесін көтеру керек. Мысалы, 2-3 жыл бұрын Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып тұрғанда мектептегі мұғалімдердің жалақысын көтеруге көп көңіл бөлді. Университеттегі педагогтар назардан тыс қалып қалды. Университетте сабақ беретін мұғалімдердің біріншіден, жалақысы аз. Екіншіден, оларды сабақ беруге де, ғылыммен айналысуға да мәжбүрлейді. Олар екі жаққа да үлгеруге тырысады, сол себепті білім беру мен ғылыми жұмыс жазу сапасына көп жағдайда нұқсан келіп жатады. Өйткені, оған тиісті жағдай жасалмаған. Оқытушылардың көп уақыты бюрократиялық жұмысқа, сабақ беруге кетеді. Қазақстан қоғамында ғылыммен айналысатын адамның жалақысы күнкөріске жетпейді. Сондықтан ол университеттерде қосымша сабақ алып, қосымша табыс табуға мәжбүр. Зерттеу институттарында істейтін көп ғалымдардың ғылыми жұмыспен қатар, жоғары оқу орындарында сабақ беретіні осыдан. Бұл ғылыми жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді. Ғалым өзінің зерттеу жұмысымен күнделікті айналысуы керек. Олар ғылыммен тұрақты айналысқанда ғана үлкен нәтиже болады. Күнкөріс қамымен жүрген ғалым ғылымда да, білім беруде де жақсы көрсеткішке жетпейді. Яғни, олар жарытып білім де бермейді, ғылымда да жарытып жаңалық ашпайды. Еуропа елдерінде ғалымдар мен педагогтарға барлық жағдай жасалған. Ғылыми жоба шеңберінде көптеген зерттеу жүргізіп, баратын жеріне емін-еркін барып, далалық зерттеулер жүргізіп үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Оған мемлекет тарапынан да мүмкіндік жасалған. Яғни ғалым мен педагогтың қоғамдағы мәртебесі бірінші кезекте оның беделімен есептеледі.
– ҚР Ұлтық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қоғамда қызу талқыланған тақырыптың бірі болды. Бұл мәселеге қатысты пікіріңіз қандай?
– Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтаған кезде ҚР ҰҒА-ға мемлекеттік мәртебе беру, академиктерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру, оларға қайтадан өмірлік стипендия беруді көтерген болатын. Содан қоғамда бұл ұсынысты белсенді азаматтар мен жас ғалымдар қызу талқылап, бірі қолдап, бірі қарсы шықты. Қолдаушылар ҰҒА маңайында жақын жүрген адамдар болса, қарсы шыққандар негізінен жас буын мен жаңа көзқарастағы азаматтар болды. Шындығында ҚР ҰҒА кеңес дәуірінде атағы жер жарған ұйым еді. 2002 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев оны таратқан соң қоғамдық бірлестік ретінде ғана қалды. Оның құрамына кіретін 40-қа жуық ғылыми-зерттеу институттары Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтті. Содан бері ҰҒА-ның қоғамдағы мәртебесі күрт төмендеді. Ықпалды адамдар академик, болмаса корреспондент-мүше деген атақтарды оңай ала бастады. Олардың арасында нағыз ғалымдармен қатар, бұрынғы шенеуніктер де толып жүр. Атап айтқанда, Парламент мүшелері, депутаттар, бұрынғы әкімдер, ректорлар да аз емес. Бұл ҰҒА абыройының қоғамда өте қатты әлсірегенін көрсетті. Қоғам белсенділері академияны мемлекет тарапынан қаржыландыру пайдасы жоқ тірлік деп санайды. Яғни ҰҒА-ны мемлекет тарапынан қолдап-қолпаштағанмен, ол ғылымға пайдасы жоқ ескірген кеңестік ұйым болып қала береді. Оған мемлекеттік мәртебе беру де бұрынғы деңгейіне жеткізбейді. Өйткені, Кеңес дәуірінде ғылымның барлық баспалдақтарынан өткен нағыз академиктердің саны бүгінгі күні азайып, селдіреп қалды. Ал ғылымға қатысы жоқ адамдар арқылы оның мәртебесін көтергенмен, ҰҒА-ның жақын арада бұрынғы атақ-абыройын қайтарып алуы екіталай.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»