«Заң газетінің» өткен сандарының бірінде «Заңның аудармасына атүсті қарамаған абзал немесе мемлекеттік награда қалай мемлекеттік әшекейге айналды» деген атпен мақала жарық көрген болатын. Мақала авторлары запастағы полиция генерал-майоры М.ҚЫЗЫЛОВ пен запастағы полиция полковнигі Е.СЕРІМОВ жазған мақала Заңнама және құқықтық ақпарат институтының порталында жарияланған Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне берілген түсініктемеге базына айтылған.
«Заңның қазақ тілінде жасалған нұсқасы жиі қолданылмайды деп оны осынша деңгейде қорлауға бола ма?» деп ашынған авторлар реніші орынды. Өйткені, түсініктеме пайдаланушыға жөн көрсетпейді, керісінше шатастырады. Түсініктемедегі «қылмыстық» деген сөз расында «правонарушение» деген сөздің баламасы емес. Бұл біріккен сөз ресми түрде лексиконымызға құқықбұзушылық деп кіргелі қашан. Терминология комитеті де осылай бекіткен. Бірақ түсіндірмені дайындаған жиырма заңгер құжатта «қылмыс» деп бір емес, 816 рет атаған. Сол секілді «награда» деген сөздің де терминологиялық комитет бекіткен «марапат» деген баламасы бұрмаланып, «әшекей» деген атаумен ұсынылған. Біздің мәртебелі заңгерлер қауымы мұны білмей ме, әлде білгісі келмей ме? Әлде расында мақала авторлары айтып отырғандай қазақтілді нұсқасы сирек қолданылады деп ойлай ма? Егер соңғысы болса, шетелден келген қандастар мен ауылдан шыққан отандастарымызды мүлде адам санатынан шығарып тастағаны ғой. «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз» дегендей бұған не айтарымызды білмей тұрмыз. Басқалар осындай шаруа істеп жатса білмеді ғой дерміз. Ал заңгерлердің заңға қайшы әрекетін қалай ақтауға болады? Ең таңқаларлығы, шалажансар түсініктеме мұндай қателікке жол бермеуі тиіс, заңдылықтың сақталуына мүдделі болуы тиіс «Заңнама және құқықтық ақпарат институтының» порталына қалай жарияланған? Қалайша бір сәтте миллиондаған адам кіріп, ақпарат іздейтін портал материалы назардан тыс қалған? Осы сұрағымызды мекеме басшысы Рамазан Сәрпековке қойған едік. Оның айтуынша, бұл түсініктеме Әділет министрі Марат Бекетаевтың басшылығымен атқарылған жұмыс. Яғни, оны порталға осы министрлік жанындағы Заң департаментінің бастығы ресми хатпен жолдаған соң 2021 жылы 12 желтоқсанда жарияланған. Порталға жылына 50-60 түсініктеме жарияланады. Оның базасында қазіргі таңда 1 млн 300 мыңға жуық мәлімет бар. Олардың мазмұнына тек авторлар жауап береді. Қазір осындай түсіндірмелерді олар кітап етіп басып, шығарып, сата алады. Ал Заң шығару және құқықтық ақпарат порталында олар тегін шығарады. Сондықтан бұған Әділет министрлігі де Заң шығару және құқықтық ақпарат институты да емес, авторлар жауап береді.
Алайда, аталмыш түсініктеме кемшіліктері әшкере болған соң порталдан алынып тасталыпты. Бұған да құзырлы орын тарапынан ықпал болды ма десек, мекеме өзі осылай шешіпті. Егер авторлар кемшілігін түзесе, қайтадан жарияланады. Алайда, үш айға жуық уақыт порталда ілініп тұрған бұл түсініктеме ешкім көрмесе, ондағы кемшіліктерді батылы жетіп, ешкім айтпаса әлі де тұра беретіні анық. Мұның өзі жалпы бұл шараның білікті мамандар тарапынан бақылаусыз жүзеге аспау қажеттігін көрсетеді. Яғни, ақпараттар қандай құзырлы мекеме немесе қандай мықты мамандар тарапынан келсе де терең сүзгіден өтіп, кем-кетігі толтырылуы керек. Мұндай талап болмаса онсыз да құқықтық білімі әлсіз азаматтарды шатастырамыз. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетіп, қолданылу аясын тарылтамыз. Өкінішке қарай, түсініктеме жасау редакциясына жетекшілік еткен лауазымды тұлғамен сөйлесу мүмкін болмады. Әлде біздің сұранысымыз ол кісіге жетпеді ме, білмедік. Мүмкін даулы түсініктемеге пікір білдіруден Аслан Түкиев мырзаның өзі бас тартқан шығар? Не де болса бұл жағдай қазақ тілін білмесе де аударма жұмысына жетекшілік етуден жасқанбайтын жандар үшін үлкен сабақ болса дейміз. Өйткені, қазақ тілі осындай жарымжан аудармалар салдарынан түсініксіз тілге айналып бара жатыр.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


