Тəуелсіз Қазақстанымыздың қалыптасып, ілгерілеп дамуына, Қазақстанда қылмыстық құқық, криминология мен криминалистика ғылымдарының негіздерінің нық қалануына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген ғылым мен техника қайраткері, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигi, заң ғылымдарының докторы, профессор Елеген Қайыржановтың елеулі еңбектерін атап өтпеу мүмкін емес.Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы жыл сайын халықаралық деңгейде Е.І.Қайыржановтың құрметіне «Криминологиялық оқулар» конференциясын өткізеді. Елеген Ізтілеуұлы қылмыс объектісінің мәні мен құрылымын анықтау арқылы қылмыстық құқық теориясына елеулі үлес қосты. Әдістемелік тұрғыдан ол Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі нормаларды әлеуметтік құнды игіліктер – қоғамның, мемлекеттің, жеке адамның мүддесі түріндегі қорғалатын объект позициясынан құру қажеттілігін негіздеді. Өз заманында бірқатар заңнамалық актілерді, Қазақстан Республикасының кодекстерін, «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңын және т.б. Заң шығару, конституциялық құқық, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық ағарту мәселелері бойынша ірі халықаралық форумдарда еліміздің атынан қатысты. Шет ел заң ғалымдары мен зерттеушілері Елеген Ізтілеуұлының өзіндік ерекшеліктерімен, криминогендік процестерді терең түсінуімен ерекшеленетін еңбектерін негізге алуда. Атап өтер тағы да бір дәлел, Елеген Ізтілеуұлы Санкт-Петербург криминологиялық клубының мүшесі. 2012 жылдың 27 қыркүйегінде кафедра меңгерушісі з.ғ.д., профессор Джансараева Рима Еренатовнаның ұсынысы бойынша заң факультетінің ғимаратында Е.І.Қайыржанов аудиториясы(425 кабинет),ғалымның атына мемориалды тақта ашылған болатын.
Ғылым мен білім саласында Қайыржанов Е.І. шамамен 50 жыл жұмыс атқарды. Оның ғылыми жетекшілігімен көптеген танымал қазақстандық ғалымдар докторлық диссертация қорғады, 50-ден астам шәкірті заң ғылымдарының кандидаты болды. 250-ден астам ғылыми еңбектер оған тиесілі. Ғалымның артында қалған өшпес ғылыми құндылықтары, өнегелі ұстаздың шəкірттерінің қоғамның түрлі салаларында — Қазақстан Республикасының Парламентінде, Үкіметте, Жоғары сотта, Бас Прокуратурада, Ішкі істер мен Əділет Министрліктерінде, басқа да құқыққорғау органдарында, қоғамдық ұйымдарда, жоғары оқу орындарында жауапты қызметтерді атқарып жатқандығы оның тамырының терең, кең жапырақ жайғанының дəлелі сынды. Елеген Қайыржановтың заң саласында қалдырған құнды еңбектері, адамзат жүрегіндегі ыстық жылуы халық жадында мəңгі сақталмақ.
Мухамадиева Гүлжан Нүсіпжанқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к
Атаханова Гульзагира Махатқызы- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры,з.ғ.к
Шалхарова Сара-заң факультетінің студенті