Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (АПК) татуластыру рәсімдеріне тараптарды татуластыру, процестің барлық кезеңдерінде дауды реттеуге жәрдемдесу үшін шаралар қабылдау жөніндегі сот үшін талапты бекітетін жеке 17-тарау бөлінген.
Талап қоюшы мен жауапкер дауды, өзара талаптарды толық көлемде не бір бөлігінде бітімгершілік келісімді, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасу не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалану арқылы реттей алады.
Талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін не қосымша процестік әрекеттерді жүргізу қажеттілігі болмаған кезде сот кеңесу бөлмесіне шығарылғанға дейін жазбаша өтініш беру жолымен талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға құқылы.
Бұл ретте талап қою нысанасы мен негізін бір мезгілде не кез келген ретпен өзгертуге дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған жағдайда ғана жол беріледі.
Бітімгершілік келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бұған жол бермейді, мұндай жағдайларда АПК-ның 169-бабында көзделген ереже қолданылады, талап қоюшының жаңадан талап қоюын және талап қоюшының бұрын берілген талап қоюдан бас тартуын білдіреді, бұл бұрын берілген талап қоюмен іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғады.
Судья медиацияны жүргізген кезде немесе медиатордың қатысуымен Тараптар жасаған келісімді бекіткен кезде басты ережені есте ұстаған жөн: келісім басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді. Бұл ретте келісім жазбаша нысанда жасалады және тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген келісімді жасасуға өкілеттігі болған кезде қол қояды.
Сот келісім бекітілгенге дейін оны жасасудың құқықтық салдарын тараптарға міндетті түрде түсіндіреді. Қарау нәтижелері бойынша сот келісімді бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сотқа дейінгі хаттама ұғымы пайда болды. Бұл дауды сотқа дейін шешудің қосымша мүмкіндігі. Оны жүзеге асыру мақсатында татуластырушы-судьялар институты енгізіліп, татуласу үшін жағдайлар жасалуда.
АПК-нің 73-бабы 1-бөлігіне сай дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі делінген. Яғни татуластырудың көкжиегін кеңейту мақсатында сотқа дейінгі хаттама жасалған жағдайда талап қоюды қабылдау он бес жұмыс күніне ұзартылды.
Татуластырушы судьяның басты мақсаты – тараптардың арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтап, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен шешу болып табылады. Татуластырушы судьяның қарауына тек қана талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюлар бөлініп беріледі.
Судья оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен немесе жалпы тәртіппен қаралатын талап қоюлар бойынша тараптарды шақыру қағазын, сотқа дейінгі хаттама нысанымен бірге талап қою түскен сәттен келесі жұмыс күнінен кешіктірмей тараптарға жолдайды.
Бұл ретте бірнеше әңгімелесулер өткізілуі мүмкін екені ескеріле отырып, татуластыру рәсімі үшін – 10 (он) жұмыс күні, сотқа дейінгі хаттама жасалған кезде – 15 (он бес) жұмыс күнінің ішінде әңгімелесу күні тағайындалады.
Шақыртуда тараптардың белгілеген уақытқа дейін (күніне) дейін соттың қатысуынсыз дауды келісім, сонымен бірге сотқа дейінгі хаттама толтыру арқылы медиатордың, адвокаттың нотариустың қатысуымен бітімгершілік рәсімінде шешу құқығы түсіндіріледі.
Қорытындылай келе, дауды соттан тыс шешудің бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, экономикалық. Мемлекеттік бажды төлеудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, егер дау сотта басталса, бірақ бітімгершілік келісіммен аяқталса, баж тараптарға қайтарылады. Екіншіден, тараптар дауды, жанжалды бейбітшілікпен шешкен кезде, олар жеке өмірінің немесе кәсіпкерлік қызметінің кейбір тараптарын жариялаудан аулақ бола алады, құпиялылықты сақтай алады. Үшіншіден, татуласу рәсімдерін қолдану кез-келген жағдайда дауды соттарда қарауға қарағанда аз уақытты алады.
Жоғарыда аталған татуласу тетіктерін қолдану арқылы дауды жылдам, ең бастысы екі тарап үшін де қолайлы келісімге келу арқылы аяқталуына қол жеткізуге болады.
З.Абылайқызы
Қызылорда қалалық сотының судьясы