Әрбір мемлекет өзінің демократиялық қалыптасу жолында заңдық базасы мен құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеп дамытады. Біздің еліміз де осы мақсатты нық ұстанған.
Мысалы, бұған дейін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің үш түрі болса, бүгінде төртінші түрі – билік органдарымен дауда әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет іске қосылды. Соған сай, әкімшілік істер бойынша заңнамалардағы ең ірі өзгеріс ретінде ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануын айрықша атауға болады.
Аталған кодекстің басты артықышлығы мұнда азамат әлсіз тарап болып саналады, сондықтан, ол сотта өз талабының дұрыстығын дәлелдемейді, дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органға жүктелген.
Егер мемлекеттік органдар өз шешімінің заңды және негізді екенін дәлелдей алмаса, осы іс бойынша жеңіліске ұшырайды. Сонымен қатар, сот мәлімделген талаптармен шектелмей, талапкерге арыздағы талаптарын дұрыс көрсетуге, тіпті, оның түрін өзгертуге дейін көмектесе алады. Бұл заң судьяларға жаңа өкілеттіктер беруімен, яғни, құзыретті кеңейтуімен құнды. Бұған қоса әкімшілік орган, лауазымды тұлға ел заңдарында белгіленген шекте әкімшілік қарауды жүзеге асыруға міндетті.
Айта кетерлігі, әкімшілік істер арыздың 4, яғни, даулау, мәжбүрлеу, іс-әрекетті жасау және тану туралы түрлері бойынша қаралады. Осы кодекспен процестік мәжбүрлеу шарасының бірі ретінде ақшалай өндіріп алу қарастырылған. Процестік мәжбүрлеу шарасы сот талаптарын, сот актісін орындамағандар, сондай-ақ, сот шақыртуына келмегендер, т. б. үшін көзделген.
Меморгандардың дау кезінде тараптармен татуласу мүмкіндігі бар. Соттар өз шешімінің орындалуын бақылап, қамтамасыз етеді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс органдар мен қарапайым азаматтар арасында туындайтын дауларда теңсіздікті жоятындықтан, бұл өзгерісті сот ісін жүргізудің жаңа нысаны деуге болады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жұмыс істегелі бірнеше өзгеріс енгізілді. Солардың ішінде жаңадан қосылған 43-2 және 43-3 баптарына қысқаша тоқталып өтуді жөн санап отырмыз. Бұл баптар заман ағамына сай енгізілді. Мысалы, деректерді басқару ұғымы 43-2-бабында – деректерді айқындауға, құруға, жинауға, жинақтауға, сақтауға, таратуға, жоюға, қолдауға, сондай-ақ, олардың талдауын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты процесс екені көрсетілген.
Ал, деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган деректерді басқарудың мемлекеттік саясатына басшылықты жүзеге асырып, оның іске асырылуын қамтамасыз етеді. Бюджет қаражаты есебінен жасалатын, жинақталатын және сатып алынатын, сондай-ақ, ел заңдарында белгіленген өзге де тәсілдермен алынған деректердің меншік иесі мемлекет екені осы баптың 3-бөлігімен айқындалды.
43-3-бабына қатысты айтсақ, мемлекеттік органдар цифрлық трансформацияны Үкімет бекіткен цифрлық трансформациялау қағидаларының негізінде жүргізсе, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган салааралық үйлестіруді жүзеге асырады. Ал, Үкімет айқындаған заңды тұлға мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды ұйымдастырушылық және әдіснамалық тұрғыда қолдап отырады.
ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтар құқығының заң аясында жан-жақты қорғалатынына кепілдік береді.
Мұхит Мұқашев,
Маңғыстау облыстық мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы