ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2023 жылдың 14 қаңтарына белгіленіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. Оның мәтінінде: ҚР Конституциясының 44-бабының 2-тармақшасына, «ҚР Сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі заңның 69-бабына, 69-баптың 2-тармағына сәйкес 2023 жылы ҚР Парламентi Сенаты депутаттарының мерзiмi аяқталуына орай ҚР Парламентi Сенаты депутаттарын сайлауды 2023 жылы 14 қаңтарда өткізу туралы қаулы етемін», – делінген.
Құжат негізінде үкіметте Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдеріне депутаттар сайлауын ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету шараларын қабылдау тапсырылды. Бүгінде осы кезекті саяси науқанға қатысты қоғам тарапынан әртүрлі пікірлер туындап жатыр. Жалпы, бұған дейін де жоғарғы заң шығарушы ұйымның қос палатадан тұруына қатысты да сынды жиі еститінбіз. Бар болғаны 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін 160 депутаттың тым көптігі, олардың екі топқа бөлініп бірбірінің жұмысын қайталап отырғандығы жайлы аз айтылмайды. Жоғарғы Палата, Сенат артық құрылым, онда тек зейнет жасына жақындаған немесе зейнет жасындағылар депутат болып отыр дейтіндер де бар. Тіпті, сенаторлық қызметтен кетуге мәжбүр болғаны үшін берілетін тақ, яғни жұбаныш сыйлығы деп келемеждеп жатады кейбір замандастар. Енді оған өңірлерден қос-қостан депутат сайлау ақылға сыймайтын, тек қана бюджетке қосымша шығын әкелетін бос әурешілік деп жатыр осы қауым. «Халық айтса, қалт айтпайды» десек те, қанша адам болса, сонша пікірдің болуы заңды. Сонымен қатар, олардың барлығын нақты жағдайдың бейнесі, ақиқат деуге де болмайды. Сондықтан мәселенің анық-қанығын білу үшін бұл тақырыпты кәсіби деңгейде саралап жүрген саяси сарапшыларды іздегенбіз. Тілдесудің сәті түскен белгілі саясаттанушы Дәурен Пірімбетов бұл пікірлермен толықтай келіспеді. Оның айтуынша, дамушы ел болғандықтан заң шығарушы ұйымның қос Палатадан болуы өте қажет. Өйткені, заңдар кәсіби деңгейде, жан-жақты зерделеніп, қаралады. Осал тұсы ширатылып, кем-кетігі толтырылады. Мәжілістегі депутаттардың өмірлік тәжірибесі, біліктілігі жете бермейді. Өйткені, олар 25 жастан бастап сайланады. Олар енді-енді саясатқа араласып жатқан болуы мүмкін. Бұл өмірлік тәжірибеден алыс жатқан заңдардың қабылдануына алып келіп жатпасына кім кепіл? Ал, Сенаттағы депутаттардың жасы, тәжірибесі, саяси салмағы жоғары. Бұл – әлемдік тәжірибе. Дамыған елдердің барлығында заң шығарушы ұйым екі палатадан тұрады. Мысалы Англияда лордтар мен қоғамдастықтардың палатасы бар. Сол секілді Американың Конгресі де екі Палатаға бөлінген. Бұл заңдарды дайындау ісінің барынша сапалы жүруін қамтамасыз ететін жүйе. Сонымен қатар, бізде бірқатар сенаторларды Президент тағайындайды. Бұл Парламент пен атқарушы билік арасындағы балансты сақтауға мүмкіндік береді. Кейбір мәселелерде Президент бір жаққа, халық бір жаққа, Парламент бір жаққа тартса халықтың жағдайы қиындап кетуі мүмкін. Сондықтан Президенттің ұстанымын қолдайтын, тепе-теңдікті сақтайтын топ болу керек. Өйткені, біздегі заң шығару институты толық қалыптаспаған яғни, әлі даму үстінде. Зейнет жасындағылардың көбірек сайлану үрдісі, депутаттардың тек қол көтеріп қана отыруы, көбіне Президент әкімшілігі, Үкіметтен келген тапсырмалардың орындалуы еліміздің әлі парламенттік мемлекетке айнала алмай отырғанының айғағы. Сонымен қатар, заң шығару ісінде тәуелсіздіктің толық қалыптаспай отырғандығын көрсетеді. Бұған біртіндеп келе жатырмыз. Парламенттің құзыретін арттырсақ, депутаттардың да жауапкершілігі көбейеді. Қазір бізде 17 облыс болды. Өңірдегі халықтың үнін жеткізу үшін олардан екі адам сайлаған дұрыс. Коалиция құрылса да артық болмас еді. Себебі, біздегі өзекті мәселелердің бәрі аймақтарда туындап жатады ғой. Әсіресе, республикалық маңызы бар қалалар үшін бұл өте қажет. Келесі респондентіміз – сенатор Әли Бектаев, әрине, бұл пікірді қолдады.Түркістан аймағынан сайланған Бектаев мырза жалпы Сенаттағы депутаттардың негізінен өңірлерден сайланатынына назар аудартты. Мәслихат депутаттары сайлайтын сенаторлар заңдарды қарау барысында өңірлік қағидаттың басым болуына, ондағы халықтың мұң-мұқтажының үнемі ескеріліп отыруына мүдделі болады. Халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылда тұрып жатқанын ескерер болсақ, өңірлерге қатысты осындай ұстанымның болуы елдің дамуындағы тепе-теңдіктің сақталуын қатамасыз ететін жүйе. Жалпы бір аймақта кемінде 2 миллион адам болса, олардың жоғарғы заң шығарушылық ұйымда екі өкілінің болуы артық та емес, кем де емес. Қазіргі таңда бұған қосымша депутат сайланайын деп жатқан жоқ. Уәкілеттігі біткен сенаторлардың орны толықтырылмақ. Бұл тәжірибе барысында өзін ақтаған жүйе. Сенат көбіне қаралған заңдардың олқы тұсын анықтап, кері қайтарып отырады. Заңдардың сапасын арттыру үшін мұндай тиянақтылық, жете зерттеп, зерделеу екі деңгейлі жүйесіз мүмкін емес.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


