12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕЖЕЛГІ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ЖАЗА ТҮРЛЕРІ

Көне дәуірлерден бастау алған жаза түрлерін сөз еткенде, қазақтың төл жазалау түрлеріне тоқталмай өтуге болмайды. Қазақ даласында да жазаның небір түрі болған. Бұл жазалар әдет заңына қарай қолданылған. Кісінің ұрлығы, тентектігі, кінә, күнәлары үшін қолданылатын шара.

Билер кеңесінің немесе бидің өзінің кесімімен жазаға ұшыраған адамға дүре соғылады, қара есекке теріс мінгізіліп, ел аралатады. Өзіне қол салғандар мәйіті қорымнан жүз қадам жерге бөлек қойылады, оларға намаз шығарылмайды. Егер жаза алған әйел болса, бетіне күйе жағылады («қара бет болды» деген сөз тіркесі осыдан шыққан). XV-XVII ғасырларда қазақтың жаза түрлері мынаған саяды: а) ру аумағынан қудалау; ә) кінәліні жәбірленушінің туыстарына беру; б) адамның жеке басына қарсы жасалған қылмыстар мүліктік қылмыстар үшін айыппұл тағайындау; в) денеге ауыр жарақат салғаны үшін, кісі өлтіргені үшін құн тағайындау; г) өлім жазасы өте сирек қолданылды; ғ) әке-шешесін сыйламаған, құрметтемеген балаларға және антты бұзғандарға тән жазасы мен моральдық тұрғыда ел алдында масқаралау жазалары қолданылған. Қазақтың түрлі жазалау әдістері де көпшілікке танымал. Мәселен, олардың қатарына: 1) бетіне күйе жағып, мойнына құрым киіз ілу; 2) қолын артына байлап, қара есекке немесе сиырға теріс мінгізу; 3) ат құйрығына байлап өлтіру; 4) әйелдің шашын кесіп, талақ ету; 5) мал-мүлкін талауға салу; 6) үйін ауылдан бөлек тігу; мал сияқты көгендеп қою; 7) тас атып өлтіру, бетке түкіру, т.б. жатады. Енді осылардың кейбіріне толығырақ тоқталып өтсек дейміз. ДҮРЕ СОҒУ. Жазаның ең ауыр әрі масқаралау түрі. Көбінесе кінәлінің құйрығын жалаңаштап түріп қойып, жазасына қарай 25, 50, 75, 100 қамшы дүре соғылады, яғни ұрады. Дүре үстінде өліп кеткендерге құн төленбейді. Мұндай ауыр жаза ұрыларға, опасыздарға, ауыр қылмыскерлерге, қолға түскен барымташыларға, өшті-қасты адамдарға берілген. Дүре ел алдында соғылады және оның әлеуметтік, тәрбиелік, заңдық та атқаратын қызметтері бар. Мұндай жазаны көрген адамдар қылмысқа көп бара бермейтіні кәдік. БЕТКЕ ТҮКІРУ. Бұл – ұрмайсоқпай, балағаттамай қылмысы үшін қорлаудың немесе масқаралаудың бір жолы. Кейде әлі келмеген, есе қайтара алмаған, амалы құрып, зығырданы қайнаған адамдар да өздерін жәбірлеген адамның бетіне түкіреді. Бұл да көпшілік алдында болатын жазалау түрі. «Қыз Жібек» кино фильмінде Бекежанды найзаға салып, тізе бүктіріп, ел-жұрт оның бетіне түкіретін эпизод бар. БЕТ СЫЗУ ЖАЗАСЫ. Ертедегі қазақ даласында әдеттен тыс тәртіп бұзған әйелдердің бетін тіліп қоятын қатал заң болған. Әлеуметтік желілерде қазақтың өте сирек қолданатын жазалары туралы сөз етіліп тұрады. Солардың бірсыпырасы мынаған саяды. (Бұл материалдар әлеуметтік парақшалардан алынғанын ескерте кетсек дейміз): ҚАСҚА ЖАЗАСЫ. Бұл жазаға ұшыраған адамға өшпес таңба салынып, елден қуылады. «Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға қатты мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Содан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайынан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тымақ, үстіне айналдырған тон кигізіп қолына таяқ ұстатады. «Енді қайда барсаң онда бар, сендей арам ағайыннан адал арым артық» деп, теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыстың ауыры теріс бата, жазаның үлкені қасқа етіп әйгілеп, елден қуып қаңғыртып жіберу болыпты ғой» (Б. Момышұлы, «Ұшқан ұя»). Мұндай ауыр жазаға ұшырағандарға жұрт қараң батсын, келмеске кет деп қарғыс айтып, артынан топырақ шашқан. МЫҒАУ ЖАЗАСЫ. Ол опасыздарға, сатқындарға қолданылған. Жазаға ұшыраған адамның аяқ-қолын байлап, ағашқа (керегеге) таңған, ал соғыс кезінде найза астына керген. Барлық жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағнет айтып, қарғыс жаудырған. Қарттар теріс батасын беріп, ел-жұрт оны адам қатарына қоспай, қаңғыртып жіберген. Олардың отбасы болмаған. Көбінде олар жасырынып, аты-жөнін жасырып, шын атын айта алмаған, олар көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп қалуға тырысқан. Туған-туыстары да іздемеген. БӘЖІ БАСУ ЖАЗАСЫ. Қызған темірді адамның майқұйрығына басқан. Ол қылмыскердің ар-ұятына басылған өлмес, өшпес таңба. Бәжі басу дегеніміз сол. Ел арасында мұндай оқиғалар өте сирек ұшырасқан. Сондықтан, оны ел ауыздан ауызға таратып, әңгіме ететін болған. Ол қылмыскердің ұрпақтарына да зор таңба. Бар туысының арасында айтылып, күлкі етеді. Арқада Тұрлыбай деген беделді кісі бір әдепсізді тәртіпке шақырса, ол оның өзіне тиісіпті. Сонда Тұрлыбай: «Шырағым, мен сені қарауыз дедім бе, нанжарым құйрығына бәжі басылған дедім бе, байдың тоқалы тепкен дедім бе?» деп әлгінің бүкіл «атақ-абыройын» жіпке тізіп, өзін ұятқа қалдырған екен. Мұны естіп тұрған би тәртіпсізге 20 дүре қамшы соғуды бұйырыпты. Дүре соғайын деп оның шалбарын шешкенде оның құйрығына шынымен де таңба басылғаны белгілі болады. КЕРЕГЕГЕ КЕРУ ЖАЗАСЫ. «Арсыз адам арсаңдап арсылдайды, Әр жерде керегеге таңылса да» деп жырлаған екен хакім Абай. Керегеге керу – тәртіптік әрі құқықтық жазаның бірі. Ол өліммен тең жаза. Ұрлық, зина жасағандар, елдің шырқын бұзған адамдар билер мен ақсақалдардың шешімімен іздеушілер келгенше киіз үйдің керегесіне таңылады. Аяқ қолын керегеге керіп байлап қояды. Бірнеше күнге дейін ас-ауқат та берілмейді. Олар ақталмайды және ауыр жазаланады. Оның ұяты сосын оның бүкіл туыс-туғаны, жақынына, тіпті, рулас ағайындарына да келеді. Сондықтан олар да туысының бетіне түкіріп, елден аластайды. Кейде оларды жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолынан керіп байлап тастайды. Оны қазыққа керу деп атайды. КӨГЕНГЕ ТҮСУ ЖАЗАСЫ. Қолға түскен ұрылар мен барымташыларды жазалаудың бір түрі – көгенге түсу. Оның қолын артына қайыра байлап, оларды кәдімгі қойды көгендегендей етіп ұстау. Көгенге түскендер қара таңба басылғандай күлкіге ұшырап, ар-ұятынан айырылған қадірсіз адам есебінде болады. Өле өлгенше көгенге түскен аты ұмытылмай, еңсесін тіктей алмай, төменшіктеп жүреді. ШОШАЙ ЖАЗАСЫ. Отанын, дінін сатқандарға, құдайға, пайғамбарға, аруаққа тіл тигізгендерге, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға ауыр жаза түрін қолданған. Оның аты – шошай. Ондай адамды дінбасылар мен ақсақалдар қауымы шақырып алып, қылмыс жасаған-жасамағанына көз жеткізеді. Егер онысы дәлелденсе, оны елдің алдында айып салып елден қуады немесе шошай етеді. Яғни, үйін ауылдан жарты шақырым аулаққа апарып бөлек тігеді. Ол үйдің малын да, адамын да ауыл адамдарымен араластырмайды. Ол отауды – шошай үй, оның иесін – шошай қазақ деген. Оларды ешкім қонаққа, тойға, қуанышқа шақырмайды, құрмет көрсетпейді. Бұл материалдық емес, рухани жазалау. Адам ешкіммен араласпай, масқараға ұшыраған соң өзіақ күйзеліп, қылмысының қаншалықты ауыр болғанын түсінеді, қателігіне өкінеді. ШАҢ БАСТЫ ЖАЗАСЫ. Меншікті жердің өз бақылаушы күзетшілері болған. Оған рұқсатсыз ешкім аяқ баспаған. Алыстан көрінген жолаушылар болса жол бойындағы ауылдарға соқпай, елдің жаңалықтарын айтып, әңгіме шертіспей өтпеген. Бұл тәртіпті бұзған адамдар ұры, қарақшы, күдікті адам саналған. Мұндай жағдайда ел, ауыл басқарушылары оларды ұстап алып, тергеп-тексеріп, айып салған. Мұндай заңды елімізде шаң басты жазасы дейді. Ел маңынан шаңдатып өту де әдепсіздік саналған. ДІНИ ЖАЗАЛАР. Ежелгі қазақ жеріне ислам діні тек таза дінді уағыздап қана қоймай, ұлттық әдет құқығы қатарына діни шариат сықылды қазылық институтты да енгізгені белгілі. Үкiм, шешiм шығарарда шешендік өнерге сүйенген қазылар даугерлер жағы қисынға тоқтайтын уәждi дәлелдемелер келтiрiп, әдемi тiлмен әспеттеген. Iрiлi-уақты қылмыс жасаған адам мұсылмандардың қасиеттi кiтабы – Құраннан бастау алатын шариат заңы бойынша жауапқа тартылды. Ел iшiндегi қылмысты iстердi шариат, дiн мәселелерi тұрғысынан шешiм шығару құқығын қазылар атқарған. Соңғылары өз шешiмiнiң негiзiне қасиеттi Құран кiтабын және Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) хадистерiн басшылыққа алған. Мәселен, «Құран Кәрiмнiң» «Ниса» сүресiнде мұрагерлiк, қылмыс туралы, «Мәида» сүресiнде ұрлық, өтiрiк, «Талақ» сүресiнде ерлi-зайыптылық, неке ережелерi (заңдары) анық айтылған. Мұндай құқықтық, шариғат заңдары басқа сүрелерде де кең орын алған. «Шариат заңы бойынша («шариат» араб сөзi, мағынасы – заң, кодекс, мұсылмандардың «Құранға» негiзделген заңы) құқық бұзушылық 3 топқа бөлiнедi. Бiрiншi топ – Алла құқығына қол сұғушылық, ол нақты хадд (шек) түрiмен жазаланады. Екiншi топ – жеке адамдардың құқығына қол сұғушылар, қысастық жасаушылар. Олар қауад не дийа түрiмен жазаланады. Үшiншi топқа жататындар – қалған қатаң жаза қолданылмайтын iс-әрекеттер, ол тәзiрмен жазаланады», – дейдi өзiнiң зерттеу еңбегiнде белгiлi арабтанушы ғалым Нұралы Өсеров. Ғалым хадд тобына 7 түрлi аса қауiптi (қоғамды ыдырататын) қылмыстарды жатқызады. Олар: жезөкшелiк, арақ-шарап iшушiлiк, ұрлық, тонаушылық, дәлелденбеген (жалған) өтiрiк, жалақорлық, дiннен безу және өкiметке қарсы көтерiлiс жасау. Екiншi топқа қысастық қылмыстар жатады. Жәбiрленушi жағы iстелiнген қылмысқа (жанға-жан, қанға-қан, көзге-көз секiлдi) орай жаза қолдана алған. Өлiм жазасы көбiне таспен ұрып өлтiру, дарға асу, басын шабу, т.б. жолдармен орындалған. Ал үшiншi топта отбасыға қатысты iстер қаралған. Жалпы, ислам дiнiнiң, шариат нормаларының да көшпелi қазақтардың заң кодексi болған «Жетi Жарғыға» да ықпал еткенi анық. Академик С. Зиманов пен шығыстанушы заңгер ғалым Н.Өсеров бұл жөнiнде былай дейдi: «Кейбiр шариат тәртiптерi әдет-ғұрып нормаларымен астарласып, күшiне бiрте-бiрте ене бастады. Бiз шариат заңдарының өлiм-жiтiмге, құнға, ант беру, дiннен безу, неке және отбасы дәстүрлерiне, сенiм-нанымдарына араласып, әсерi тигенiн айта аламыз». Шариаттың фикћ iлiмi ерекше назар аударарлық. Ғалым Нұралы Өсеров сөзiмен айтсақ, «Фикћ – түсiнiк, бiлiм, ғылым, кейiннен хұқықтану – мұсылмандардың азаматтық тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты қағида-ережелер деген ұғымды бiлдiреді екен. Бұл iлiмдi түрлi дау-дамай, талас-тартысты шешетiн сот, заңгерлер, қазылар өте жақсы игерулерi тиiс. Ертеде қазақ билерi өз халқының әдет-ғұрып нормаларын ғана емес, осы шариат заңдарын да жетiк бiлген». Мәселен, Абайдың әкесi аға сұлтан Құнанбай ел iшiндегi әңгiмелер бойынша жер мәселесiн өз пайдасына шешу үшiн шариат заңдарын шебер пайдаланған. Кейiннен бұл деректердi М.Әуезов әйгiлi «Абай жолы» эпопеясында Қодар төңiрегiндегi сюжет желiсiнде жүзеге асырған. Үкiм, шешiм шығарарда шешендік өнерге сүйенген қазылар даугерлер жағы қисынға тоқтайтын уәждi дәлелдемелер келтiрiп, әдемi тiлмен әспеттеген. Қазіргі күні жазаның түрлері мынаған саяды: 1) айыппұл салу; 2) белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру; 3) қоғамдық жұмыстарға тарту; 4) түзеу жұмыстары; 5) әскери қызмет бойынша шектеу; 6) бас бостандығын шектеу; 7) қамау; тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру; 9) өлім жазасы. Сотталғандарға негізгі жазалардан басқа мынадай қосымша жазалар бар: 10) арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру; 11) мүлкін тәркілеу, т.б. Жазаның мақсаты түпкілікті әлеуметтік нәтижелерден туындайды. Оған жазаны қолдану мен жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады. Жазаның мақсаттары мынадай: а) әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Ол кінәлі адамға жазаны қолдану қылмыстық әрекет жасау нәтижерінде бұзылған жеке және қоғамдық мүдделерді қалпына келтіруді және қол сұғу объектісіне келтірілген зиянды өтеуді білдіреді. ә) Сотталушыны түзеу. Бұл мақсат кінәлінің теріс бағдарын өзгертуге бағытталған. Егер адам басқа жаңа қылмыстаp жасамаса және қылмыстық заңның сақталуының қажеттілігін сезіне бастаса, түзеуге қол жеткізеді. б) Жаңа қылмыстардың жасалуының алдын алу. Бұл мақсатқа әрбір нақты қылмыс үшін қылмыстық жауапты бекітуді және жаза тағайындау мен оның орындалуын бұлтартпауды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізіледі. Жазамен сескендіру адамдардың санасы мен әрекетіне әсер етеді.

Елеужан СЕРІМОВ,

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің (ЖПБ) ІжСКБ-нің жетекші маманы

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті

Астанадағы "Қазақ елі" монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері ешқашан ұмытылмайды — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта қазақстандықтарды құттықтады.

Мы с особым вниманием подошли к 80-летию Победы — Президент

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев выступил на параде в Астане,...

Қазақстан мен Вьетнам қандай құжаттарға қол қойды?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Қазақстандағы ең танымал спорт түрі аталды

2024 жылы Қазақстанда қандай спорт түрлері ең көп сұранысқа ие болғаны айтылды.