Еліміз мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасауға тырысуда. Соның дәлелі еліміздің барлық аймақтарының қоғамдық орындарында пандустар салынып, олардың жететін жеріне тез жетуіне жағдай жасалып, арнайы тасымал құралдары іске қосылып, жәрдемақылары артып, олардың қолжетімді біліммен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беріліп, жыл сайын арнайы сауықтыру шаралары бекітіліп көптеген жағдай жасалуда. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта бұл бағыттағы шараларды жетілдіре түсу көзделуде. Яғни мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту заң жүзінде де көрініс табуда.
Мәселен соңғы жылдары еліміз Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдаған болатын.
Аталмыш заң аясында еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыратын бірнеше заң нормалары қамтылған. Яғни алдағы уақытта инклюзивті білім беруді арттыру, кедергісіз орта құру, емді қолжетімді ету, жыл сайын оңалту емдік шараларын алу бағытында заң аясында бірнеше шаралар қамтылған. Еліміздің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі де назардан тыс қалмай, оларға сол мекемелерде қолайлы өмір сүру жағдайын жасап беру қарастырылған. Яғни бас бостандығынан айрылса да олардың қолайлы өмір сүруге құқығы бар екені ескерілуі керек. Қоғамымыздың барлық мүшесінің құқығы мен мүмкіндіктерін тең дәрежеде қарастыруға тырысып отырған еліміздің бастамасы ел тұрғындарын қуантып отыр.
Жалпы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандар бұл заңнан үлкен өзгеріс күтіп отыр. Осы орайда үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Самат Әлішов «еліміздің мүмкіндігі шектеулі жандарына жасалып жатқан жағдайды жоғары бағалайтынын» жеткізді.
Самат Әлішев, ІІІ топтағы мүгедек:
— Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде пандустардың өзі үлкен мәселе болатын. Барлық қоғамдық орындар, мекемелерге пандустар болуы талап етілгеннен кейін жаппай пандустар қойыла бастады. Бірақ олардың кейбіреуі қоларба түгілі, дені сау адамның өз аяғымен жүруіне де қолайсыз болатын. Қазір олардың бәрі талапқа сай өзгертіліп, жаңартылуда. Енді мүмкіндігі шектеулі жандардың басқа да құқықтарына көңіл бөліне бастауы қуантады. Қазір өз қалауымен мүмкіндігі шектеулі жандар, білім де алып, жұмыс та істеп, мемлекет ұсынған басқа игіліктерді де сезіну үстінде. Мектептерден ашылған инклюзивті балаларға арналған сыныптарды балалар білім алуда. Яғни сен мүгедексің, үйден шықпа пиғылы өзгеріп, олардың өздерін осы қоғамның толыққанды мүшесі сезінуіне жағдай жасалуда. Бұл еліміздің әрбір мүшесінің құқығы қорғалып, барлық мүмкіндіктер тең қарастырыла бастағанын аңғартады. Заң алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етсе әлі талай игі шара жүзеге асатын түрі бар. Қоғамымыздағы мұндай өзгерістер қатты қуантып отыр.